Super User

Super User

Venenatis vitae, justo. Nullam dictum felis eu pede mollis pretium. Integer tincidunt. Cras dapibus. Vivamus elementum semper nisi. Aenean vulputate eleifend tellus. Aenean leo ligula

Сайт URL-ы: http://www.joomshaper.com
Жұма, 29 Желтоқсан 2017 00:00

Бақытқа бөлеген думанды кеш

Жаңа жыл – қуанышқа толы мерекелердің бірі. Өткен жылға тәубе десіп, келер күнге зор үмітпен қадам басар кез. Бір жылда жеткен жетістіктеріміз бен жіберген кемшіліктерімізді ой елегінен өткізіп саралайтын сәт бұл. Келе жатқан жыл жақсылық сыйлайды деп кеудемізге сенім ұялатып, үміт отын жағу. Бұл күні шаттықтың бесігінде тербелмейтін жан қалмайды. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін осы бір кезді тағатсыздана тосады.
Көңіл тебірентер әсем әуен, көркі көзді арбайтын, тамаша безендірілген  жасыл шырша, Аяз ата, Қарша қыз, әртүрлі ертегі кейіпкерлері, бақыттан жүздері бал-бұл жайнаған балалар. Осылардың барлығына біз Тараз қаласындағы “Арай-Плаза” бизнес орталығында өткен аудан әкімінің шыршасында куә болдық. Аудан әкімінің дәстүрлі Жаңа жылдық шырша­сына биыл аз қамтылған әрі көпба­лалы отбасылардан шыққан 75 ұл, 75 қыз, жалпы саны 150 бала қатысты.
Мадагаскар еліне саяхат жасаған балдырғандар жолда небір таңғажайып оқиғаларға тап болды. Мультхикая кейіпкерлері Фиксиктер де, Әтеш те балалармен бірге алыс сапарға аттанды. Орман перісі Малифесентаның зұлымдығына ұшырап, маймыл Джулианның тұтқынына түсті. Алайда, ертегіге еліткен жеткіншектер бұл тығырықтан да шығудың жолын тапты. Олар Аю Панданы көмекке шақырды. Панда келіп, Малифесентаның сиқырынан құтқарғанда бөбектердің қуанышында шек болмады. Әйгілі мультфильм қаһармандары керік Мелмон, сусиыр Глория, зебра Мартилердің келуі кеш көркін одан сайын қыздыра түсті. Ортаға көптен күткен Аяз Ата мен Ақшақар шыққанда Жаңа жылдың лебі бірден сезілді. Аяз Ата бүлдіршіндерге жұмбақтар жасырып, сыйлықтарын берді.
Осы сәтте аудан әкімі Бақыт Қазанбасов бал бөбектерді мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жолдады. Ертеңгі күні елдің тұтқасын ұстар азамат болу үшін қазірден сабақты жақсы оқып, тек биікке ұмтылу керектігін айтқан өңір басшысы жеткіншектерге сыйлықтарын тарту етті. Бұдан соң карнавалдық костюмдер шеруі ұйымдастырылып, балдырғандар Аяз Ата мен Қарша қызды шығарып салды.
Әннен де, биден де шашу шашылды бұл күні. Шыршаға келген әр баланың көзінде қуаныш, езуінде күлкі тұрды. Мұны жасыру әсте мүмкін емес. Біразға дейін бұл шырша тойының балалардың жадынан өшпейтіні анық. Себебі, бақытқа бөленген жеткіншектерге осы думанды кеш естен кетпес ерекше сезім сыйлап, әдемі әсерге бөледі. Бұл мерекелік шараның қай деңгейде өткенін жасөспірімдердің бұлақтай таза күлкісі мен жанарларындағы шаттық ұшқыны аңғартып тұрғандай.
Кеш соңында барлығы мерекелік дастарханнан дәм татты.

Құрбанәлі Шахабай,
«Шұғыла».

«Мал – баққанға бітеді» деп жата­­мыз. Ол рас тегінде. Десек те, төрт түлікке ерекше күтім керек. Дер кезінде ем-домын жасап, сол мал­­дың кеселі асқынып кетпеуі үшін мал дәрігерлердің көмегі қажет.
Аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Сәкен Нұржаубаев осылай дейді. Биыл мал қыстатуға аудан бойынша 38852 бас мүйізді ірі қара, 228439 бас қой-ешкі, 15516 бас жылқы, 56 бас түйе түсіп отырғанын ескерсек, ветеринариялық қызметке жүктелер міндет ауырлай түседі.
Таяуда жұмыс сапарымен Мойынқұм өңіріне мал қыстатып отырған шопандардың тыныс-тірші­лі­гімен танысу үшін барғанымызда мал дәрігерлері мен мамандарының тиянақты тірлігіне куә болғанбыз. Олар жоспарлы негізде түліктерге вакцина егуде екен.
– Бұл өңірді малшылар ауылы десе де болғандай. Шалғайда жатқан құмды өлке біз үшін туған ауылымыздай болып кеткен. Осында жиі келеміз. Әрине, мал үшін. Малды емдеу, аурудың алдын алу – басты мақсатымыз. Мұнда ветеринария бөлімінің маманы Ерлан Болмашевпен келгенімізге екі күн болды. Қазір ғана «Пионер» өндірістік кооперативінің аға шопаны Сандыбай Сәрсенбаевтың бағымындағы 520 бас саулықты емдеуге келдік, – деді осында көмек қолын соза келген Қарой ауылдық округінің аға мал дәрігері Әбдібек Әбдіраманов.
Мал дәрігерінің ақ сөйлеп тұрғанын сөзінен ғана емес, ісінен де байқадық. Оның жұмысы аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Сәкен Әбілханұлының да көңілінен шыққан.

Дүйсенбек Орманов,
«Шұғыла».

Сенбі, 23 Желтоқсан 2017 00:00

Тарихи кеш тартымды өтті

Тәуелсіздік ұғымы әрбір ұлтжанды азаматтың көкірегінде алау болып лаулап тұрмақ...
Аса дайындық білім беру орталығында «Тәуелсіздік – ата-баба арманы» атты өскелең ұрпаққа ұлағатты тәрбие беруге арналған іс-шара аудандық орталықтандырылған кітапхана мен Аса дайындық орталығының ұйымдастырумен өтті.
Тәуелсіздік тарихы мен жетістігіне арналған іс-шараға жергілікті ақын, жазушы, кітапхананың тұрақты оқырманы Байтанағали Төлентаев, Б.Момышұлы атындағы орта мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Есенбаева, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Индира Жоланова, орыс тілі пәнінің мұғалімі Гүлсара Өмірзақова, мұғалім Ақерке Балқыбекова арнайы келіп, «Желтоқсан жаңғырығы» тақырыбы аясында өмір естеліктерінен сыр шертті.
«Тәуелсіздік – ата-баба арманы» деп айдар таққан кеш балалар хорымен ашылып, жүргізушілер – орталық кітапхана қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Құралай Асхатаева мен оқушы Медет Сәткен Желтоқсан құрбандарын еске алу үшін үнсіздік жариялаумен бастады.
Іс-шара барысында «Тарих беттерін парақтасақ» тақырыбында кітапханашы Ақдана Құрымбаева мен Құралай Асхатаева мазмұнды баяндама жасады.
Желтоқсан ақтаңдақтары туралы «Тәуелсіздік» атты сахналық қойылым көрсетіліп, орталық тәрбие­лену­шілері Қазбек Шаханов, Абай Якупов, Әділ Бейназар, Жаңабек Сабыров өлең-жырлар оқып, көріністің әсерін тереңдете түсті.
Кеш соңында Тәуелсіздік тақырыбына арналған кітап көрмесімен танысқан оқушылар әдебиеттерді оқуға жаздырып алды.

Күнзипа Ситалиева,
«Шұғыла».

Сенбі, 23 Желтоқсан 2017 00:00

Мерекелік медаль – таңдаулыларға

Биыл Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының құрылғанына – 25 жыл. Осыған орай, елімізде түрлі салтанатты жиындар өтіп, ел тыныштығын күзетіп жүрген тәртіп сақшыларына құрмет көрсетілді. Сонымен қатар, осы салада абыройлы қызмет етіп жүрген азаматтар мен зейнет жасындағы полиция ардагерлері «Қазақстан полициясына 25 жыл» мерекелік медальмен марапатталды.
Күні кеше Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған салтанатты жиында аудандық мәслихаттың хатшысы Рүстем Бегалиев пен аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Талғатбек Татенов аудан прокурорының міндетін атқарушы Алмас Асылбековтің және осы сала қызметі жайында қалам тербеп жүрген аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің бөлім меңгерушісі Дүйсенбек Ормановтың омырауына «Қазақстан полициясына 25 жыл» мерекелік медалін тақты.
Нұрасыл СҰЛТАНБАЕВ,
«Шұғыла».

Сенбі, 23 Желтоқсан 2017 00:00

Ерен еңбек бағаланды

Өткен жаз айы ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерін аптап ыстығымен ғана емес, үйірлі Марокко шегірткесімен де мазалағаны даусыз.
Шегіртке шабуылына жерден де, көктен де тойтарыс берілді. Қанатты зиянкестерге қарсы олар жайлаған 63830 гектарға химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді, физио­логиялық өсуіне қарай ұшақ­тармен, бүріккіштермен қыруар тірлік тынды­рылды. Бұл іске аудан басшы­ла­рынан бастап ұшқыштар, механи­заторлар, ауыл еңбеккерлері белсене қатысты. Аудан егістіктеріне зиян келген жоқ. Негізі, үйірлі шегірткелер аудан аумағындағы Шатура тауы мен Көделі мал жайылымында көптеп кездесті.
Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өткен жиында Марокко шегірткесін жою жолындағы іс-әрекеттер жайында кеңінен сөз еткен ҚР АШМ АӨК МИК Жамбыл облыстық аумақтық инспекция­сының басшысы Нұрби Жігітеков:
– Биылғы жылы аудан аумағында аса қауіпті үйірлі шегірткелердің кесірінен мал жайылымдарына айтарлықтай зиян келді. Шегірткенің қарасы өткен жылдардағыдан көп болды. Келер жылы да болжам бойынша тағы да сол зиянкестердің қарасы молая түспек. Сол үшін жер иеленуші шаруа қожалықтары ерте көктемнен жер өңдеуге келісімен үйірлі шегірткелерге қарсы механикалық жолмен күресті бастау қажет. Жер жырту, ауыр тырмамен тырмалау, қопсытқыш және 900 диск салу арқылы күбіршектер жер бетіне шығарылса, ішіндегі жұмыртқалар ауа райының әсерінен бұзылып, шегіртке болып шығуға жарамай қалады. Осындай жолмен шегірткелердің аз көлемде шығуына ықпал жасалады. Тағы бір ерекшелігі, осы жерлерде химиялық өңдеу жасаудың қажеттігі болмай қалады, яғни, жайылым удан таза болады, – деген ол Марокко және Итальян шегірткелерін жою науқанында белсенділік танытқан аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлына ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Алғыс хатын табыстады. Осындай Алғыс хатпен «Талас-Аса» МКК басшысы Есенбек Қалдыбеков те марапатталды. Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясының Алғыс хаты Ерназар ауылдық округінің әкімі Мырзахан Әбдіқұлов пен «Пионер» өндірістік кооперативінің төрағасы Алпысбай Жұмахановқа табысталды. Ал, аудандық аумақтық инспекция басшысының Алғыс хатына «Құлбатыр» шаруа қожалығының төрағасы Марат Жақсылықов, «Жолдығұл» шаруа қожалығының жетекшісі Аяпберген Үрістембекұлы және ұшақ командирі Дмитрий Веретков ие болды.
Жиынға ҚР АШМ АӨК МИК Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясы астық және өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы Е.Атамбаев, ҚР АШМ АӨК МИК аудандық инспекциясының басшысы С.Қошмағанбетов, ҚР АШМ АӨК МИК «РОФДжБӘО» аудандық филиалының директоры, тиісті мамандар, ауыл әкімдері және БАҚ өкілдері қатысып отырды.
Дүйсенбек ОРМАНОВ,
«Шұғыла».

Жұма, 15 Желтоқсан 2017 00:00

Құрмет – ардагер ұстаздарға

Әрбір баланың жүрегінде мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәтте мейірлене күліп қарсы алған ұстазы мәңгіге қалады. Ойын баласы атанып жүріп мектепке аяқ басқанда «тарыдай болып кіріп, таудай болып шығасың» дегендей, мектеп пен ұстаздың адам өмірінде алар орны үлкен.
Бүгінде саналы ғұмырын бала тәрбиелеуге арнаған ардагер ұстаздарды еңбек еткен ұжымына, қимас ұя мектебіне шақырып құрметке бөлеу игі дәстүрге айналып келе жатқаны қуантады. Осындай сый-құрметтің үлгісін көріп өскен өскелең ұрпақ ұлтымыздың рухани құндылықтарын бойына сіңіріп, кемелденетініне сенеміз.
Жуырда Б.Момышұлы атындағы орта мектепте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында «Жаныңда жүр жақсы адам» атты ардагер ұстаздар Үміт Мұсалиева, Аманкүл Тоқбергенова, Ұлдаркүл Егембердиевамен кездесу кеші өтті. 
Кеш шымылдығы мектептің музыка пәнінің мұғалімі Гүлшарат Ысқақова орындаған «Бір тілек» әнімен ашылып, қадірлі қонақтар сахна төріне озды.
Сол жерде қазіргі таңда ұрпақ тәрбиесіне байланысты Елбасының бастамасымен көптеген бағдарламалардың игілігі туралы баяндама жасалып, мектеп оқушылары Ж.Жанель, Ғ.Оңал, Ф.Керімқұл, М.Жамбыл тақырып аясында өлеңдер оқып, кеш сыр-сұхбатқа ұласты.
Ардагер ұстаздар оқушыларға ора­лымды ойларын айта отырып, Ел­ба­сының жастарға деген үмітін ақтау үлкен жауапкершілікті қажет ететі­нін тағылымды сұхбатқа арқау етті. 
Кеш соңында ардагер ұстаз­дар ұйымдастырушылар – мек­теп директорының тәрбие ісі жөнін­дегі орынбасары И.Жоланова, тәлім­гер З.Абсаматова, психолог С.Бердалиева, мұғалімдер Ж.Бибазарова, А.Үмбетова, Г.Көшербай мен «Жасұлан» ұйымы­ның мүшелеріне алғыстарын айтты.

Күнзипа Ситалиева,
«Шұғыла».

Жұма, 15 Желтоқсан 2017 00:00

Тазалық жұмысы тоқтамайды

Тазалық және абат жұмыстары біздің ауданда әрдайым басты назарда. Бұл бағытта ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде тұрақты түрде сенбіліктер өтіп, айналаны күл-қоқыстан арылту мақсатында талай тірлік тындырылды.
Соның бір көрінісі, Аса ауылдық округі әкімінің аппараты аудан әкімінің ағымдағы жылдың 14 тамыздағы  «Күзгі тазалық жұмыстары туралы» №385 қаулы­сына сәйкес ауылдағы орталық көше – Абай көшесінің бойына 28 түп арша (можжевельник) отырғызып, 12 қоқыс жәшігін орнатты.
Сонымен қатар қоғамдық жұмысқа тартылған қызметкерлеріміз өздеріне бекітілген аумақтарды күнделікті тазалап тұрады. Әр аптаның дүйсенбі-жұма күндері аралығында ауылдағы көшелерді арнайы қоқыс таситын көлік аралап, жергілікті тұрғындардың қоқысын жинайды.
Ауыл – бәрімізге ортақ. Осыны ауыл тұрғындары жете түсініп, әр жерге қоқыс тастамаса екен дегім келеді. Тазалық сақтап, әр жерге қоқыс тастамай, егілген талдарды сындырмай жүргеніміз жөн.

Ертай Бозымбеков,
Аса ауылдық округі әкімінің орынбасары. 

Жұма, 15 Желтоқсан 2017 00:00

Ізгі амалдар насихатталды

Жексенбіде Жасөркен ауылындағы мейрамханада жергілікті тұрғындар күллі мұсылман жұрты асыға күтетін Мұхаммед пайғамбардың туған күні – Мәуліт мейрамын атап өтті. Мерекелік дастархан басында тұрғындарды ауыл әкімі Зайнилда Сматов, облыстық мәслихаттың депутаты Махамбет Дүйсембаев айтулы мейраммен құттықтап, тілектерін айтты. Қасиетті мерекеде сөз алған ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Қуанышбекұлы: «Мұсылман жұртшылығы Алла Елшісі Мұхаммедтің (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) туған күніне орай əр жылдың рабиғул-аууали айының 12-күні Мəуліт мерекесін тойлап келеді. Бұл мереке Хақ Елшісіне деген ерекше сүйіспеншіліктен туындағаны айқын. Ұйымдастырылып отырған мерекелік отырыстың мақсаты Алла Елшісінің (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) өнегелі, ғибратты өмірін жақыннан тану. Сондықтан мұндай жиындардың тағылым-тәрбиесі зор», – деді.
Мерекелік шара аясында ауылдық округтерден келген имамдар Құран аяттарын, Мәуліт дұғаларын хормен дауыстап оқып, салауаттар айтты. Мұхаммед пайғамбардың ізгі амалдары насихатталып, ислам дінінің тарихынан сыр шертілді. Викториналық ойын ұйымдастырылып ислам дініне қатысты қойылған сұрақтарға дұрыс жауап бергендерге сыйлықтар табысталды.
Ильяс Қалыбеков, «Шұғыла».

Жұма, 15 Желтоқсан 2017 00:00

Шартты мерзімдегілермен кездесу

Сәрсенбіде аудандық ішкі істер бөлімінің мәжіліс залында аудан прокурорының міндетін атқарушы Алмас Асылбеков шартты мерзімде жүрген азаматтармен кездесті. Кездесуде прокурор аудандық пробация қызметі бөлімі бастығының міндетін атқарушы Бағдан Бибазаровтың аудандық пробация қызметі бөлімінің ағымдағы жылдың 11 айында атқарған жұмысы туралы баяндамасын мұқият тыңдады.
– Үстіміздегі жылы аудандық пробация қызметі бөліміне 108 сотталған азамат есепке тіркелді. Есептік кезеңнің соңында 98 сотталған азамат есепте қалып тұр. Олардың ішінде 28 азамат шартты сотталғандар болса, 53 азаматтың бас бостандығы шектелген. Белгілі бір қызметті атқару құқығынан 12 азамат айырылса, 2 азамат жаза өтеуін кейінге қалдырған. Қоғамдық жұмысқа 3 азамат тартылған. Қоғамнан оқшаулаусыз сотталған 5 азаматтың қылмыстық және теріс қылық жасауы тіркелсе, сот қаулысымен іздеу жарияланған 2 азамат іздеуде. Аудандық пробация қызметі бөліміне тіркелген 98 сотталған азаматтың 87-сі жұмысқа жарамды. Оның ішінде 71 азамат жұмыспен қамтылған болса, 16 азамат жұмыссыз жүр, – деген хабарламашы Алмас Әбдінұрұлының баяндама шеңберінде қойған сұрақтарына нақты жауап берді.
Өз кезегінде прокурор алда мерекелік күндер келе жатқанын еске салып, шартты мерзімде жүргендерді қатаң бақылауға алу керектігін алға тартты. Залда отырған шартты мерзімдегілермен ашық әңгімелесіп, проблемаларына құлақ түріп, кеңесін айтты.

Ильяс Қалыбеков,
«Шұғыла».

Жұма, 15 Желтоқсан 2017 00:00

Орталықтардың мерекелік кеші

Қазақстанның ең қастерлі құндылығы – ел Тәуелсіздігі. Бұл – Елбасының сөзі. Ұлт көшбасшысының сарабдал саясатының арқасында 26 жыл ішінде Тәуелсіздігіміздің босағасы бекіп, қабырғасы қатайып, керегесі кеңейе түсті. Қазіргі қазақ елі әлем таныған егемен елге айналды.
1986 жылдың 16 желтоқсанында Алматы қаласының орталығында болған Желтоқсан оқиғасы қазақта қайсар әрі ұлтжанды ұл-қыздардың бар екенін әйгілеген еді. Сол оқиға қазақтың санасын дүр сілкіндіріп, Тәуелсіздіктің қайнар көзіне айналды. Еліміз үшін тарихи датаны бүгінгі ұрпақ ұрандатып еске алып, Тәуелсіздік жолында күрескен батырларымызға әрдайым тағзым етеді.
Тәуелсіздік күні қарсаңында аудан әкімдігі «Жастар ресурстық орталығының» мәжіліс залында аталмыш орталық пен «Мәңгілік ел» тәрбие және білім беру орталығы бірлесіп «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты мерекелік кеш ұйымдастырды. Желтоқсан оқиғасының куәгерлері Жомарт Телеуов, Мейрамкүл Айнабекова, Гүлзат Ташымбетова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев, бірінші аталған орталық директорының орынбасары Жандар Тоқсаба, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының консультанты Төленді Көпбергенов, оқушылар қатысқан кеш Мемлекеттік Гимннің орындалуымен басталып, М.Төлебаев атындағы музыка мектебі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Кеш барысында сөз алған Бақыт Уәлиұлы Тәуелсіздік туралы тағылымды әңгіме айтса, оның сөзін жалғаған Жомарт Тешебайұлы, Мейрамкүл Сейділдәқызы, Гүлзат Қуатбекқызы Желтоқсан оқиғасы жайлы тебірене сыр шертті. Өз кезеңінде Жандар Тоқсаба залда отырған көпшілікті мерейлі мерекемен құттықтап, желтоқсан куәгерлеріне сыйқалталар табыс етті. Ал, Төленді Жексенбайұлы Тәуелсіздік шежіресіне жылнама бойынша шолу жасап, ширек ғасырда Елбасымен жеткен жетістіктерімізді тізіп айтып берді.
Тәуелсіздік күніне орай өткен шараны «Мәңгілік Ел» тәрбие және білім беру орталығының маманы Зарина Достаева қорытындылап, «Тәуелсіздік деп жырлайды жүрегі­міз» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары мен жүлде­герлерін дипломмен марапаттады.
Кеш марапатталған жас ақындар­дың Тәуелсіздікке, Алаш арыс­та­рына, Отанға арнаған жыр шумақ­тарын мәнерлеп жатқа оқуымен аяқталды.

Ильяс Қалыбеков,
«Шұғыла».

Серіктестер