Super User

Super User

Venenatis vitae, justo. Nullam dictum felis eu pede mollis pretium. Integer tincidunt. Cras dapibus. Vivamus elementum semper nisi. Aenean vulputate eleifend tellus. Aenean leo ligula

Сайт URL-ы: http://www.joomshaper.com

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кезекті Жолдауында «Біз жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек» дегені бүкіл қазақстандықтар үшін өте маңызды. Әрине, бұл жолда педагогтардың үлесі қомақты болуға тиіс.
Мемлекет басшысы жыл сайын халыққа арнаған Жолдауларында білім беру саласын шет қалдырмай, мұғалімдердің алаңсыз еңбек етуіне бар жағдайды жасап келеді. Биылғы жылғы Жолдауында да білім берудің сапасы жаңаша тұрғыда өрбитінін байқау қиын емес.
Елбасының «...Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады. Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады» деген сөзі мұғалімдерге де, оқушыларға да үлкен ой салғаны ақиқат.
Біз, ұстаздар қауымы, осы жолда біліміміз бен біліктілігімізді сарқа жұмсайтын боламыз. Т.Тоқтаров атындағы орта мектептің мұғалімдері осылай дейді.
Жолдаудағы «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» деген тапсырма арман қуған жастар үшін бағдаршам секілді. Осыдан-ақ бүкіл қазақстандықтар біртұтас ұлт болатынымызға үлкен үмітпен, зор сеніммен қарайтынын түсінуге болады.
Рахман Төлеков,
Т.Тоқтаров атындағы орта мектептің директоры.

Сәрсебі, 17 Қаңтар 2018 00:00

Білім саласы жан-жақты қамтылған

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім саласы жан-жақты қамтылғаны ерекше қуантты. Өйткені, он басымдықтан тұратын биылғы басты бағдарламалық құжаттың ең негізгі ерекшелігі – интеллектуалды ұлт қалыптастыру жолында ақпараттық технологияларға негізделген инновациялық дамыған қоғам құруды мақсат етуде жатыр.
Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің барлығы білім, оқу мен тоқу арқылы жасалған. Осы орайда, білім саласы Мемлекет басшысының назарынан ешқашан тыс қалған емес. Мұндай қамқорлықты Елбасы Жолдауға қатысты мәлімдемесінде де айқын аңғартты. Онда Президент «Қазақстан әлемдегі түрлі сынақтарға төтеп беріп, қарқынды экономикалық Даму стратегиясы жолына бет алды. Жүз нақты қадам Ұлт жоспары аясында біз реформаларды жүргізіп келеміз. Рухани жаңғыру бағыты бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қабылданды. Бұл Жолдау жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды» деген сөзі арқылы білдірді.
Бұл Жолдауда білім қоғамын дамытуға арналған құндылықтар бірнеше басымдықта жарияланғанын байқаймыз.
Мәселен, Жолдауда Елбасы «Соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған. Осындай аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек. Латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге көмектеседі. 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесі әзірленеді» деген сөздерінде латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын айқындап, нақты бағыт-бағдарын көрсетіп берді. Бүгінгі таңда кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Ал қалған мемлекеттердің көбі латын әліпбиін қолданады. Демек, бұл – кең таралған жазу. Қарапайым ғана мысал келтірер болсам, қазір ұялы телефонда латын қарпінде жазу оңай, ал кириллицада қазақша тере алмай қиналып жататындар баршылық.  Себебі, латын әліпбиінің базасы қалыптасқан әрі ауқымы кең. Өкінішке қарай, латын әліпбиінің қазақ тарихындағы ғұмыры ұзақ болмағаны да белгілі. Десе де, он шақты жылдың ішінде бұл жазу сол уақыттағы қазақ тілінің құлдырауын біршама тоқтатты. Себебі, латын әліпбиінің басым бөлігі фонетикаға негізделді, яғни, сөздің таза айтылуын сақтап қалды. Түркі дүниесіне ортақ заңдылықты сақтады. Меніңше, біз енді сол үрдісті жалғастырып, заманға сай лайықтап, бейімдеп, ары қарай дамуына ықпал етуіміз қажет. Бұл – заман талабы.
Сонымен қатар, Елбасының «Орта мектеп пен кол­ледж­дер және жоғары оқу орындары үздік оқытушыларының видеосабақтары мен видеолек­ция­ларын интернетте орналастыру керек. Бұл барлық қазақстан­дықтарға, оның ішінде шалғайдағы елді мекен тұрғындарына озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізуге жол ашады» деген сөздері маған және менің әріптестеріме, республикалық «Үздік педагог»  бай­қауының жеңімпаздарына өз іс-тәжірибесімен ауқым­ды көлемде бөлісуге тиімді мүмкіндік деп ойлаймын.
Әрине, Елбасының мұғалім мамандығының беделін арттыру мақсатында жасап жатқан игілікті істері көп. Қазақстан Республикасы өзінің Тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап-ақ мектептің дамуына қолдау көрсетуді назарда ұстап келеді. Елбасы Қазақстанда жас ұрпақтың әлемдік стандартқа сай білім алуы үшін қажетті жағдайлардың жасалғанын айта келе, «бұл – мемлекеттің даму саясатының басым бағыттарының бірі», – деп атап көрсетті. Бұл орайда, мемлекетіміз мектеп мұғалімдерінің беделін көтеруге жан-жақты қолдау көрсетіп, білім саясатына басымдық берді.
Қазақстан бүкіләлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстар жағдайында да халықтың әл-ауқатының артуына мүмкіндігінше қолдау жасап келеді. Соның ішінде мектеп мұғалімдерінің жалақысы жылма-жыл сатылап өсіп жатқанына бәріміз де куәміз. Биылғы Жолдауда да Елбасымыз мұғалімнің еңбек жалақысының оқу бағдарламаларының жаңартылған мазмұны аясында оқудан өткен мұғалімдердің лауазымдық жалақысы  біліктілігін дәлелдеуіне байланысты 30-дан 50 пайызға дейін өсетінін айтты.
Қорыта айтқанда, биылғы Жолдау мемлекетімізді баянды белестерге бастайды.
Зухра Үсенбаева, 
Б.Бесбаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Сәрсебі, 17 Қаңтар 2018 00:00

Жетістікке жету жолы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауы – әрдайым қазіргі заманның сын тегеуріндерінен туындайтын ілгері міндеттерді іске асыруға бағытталған іс-қимылдардың нақты жоспары.
Елбасының биылғы, яғни, 10 қаңтарда жариялаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы осындай маңызды әрі құнды құжат деп білемін. Себебі, Жолдауда жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігі нақты айқындалып көрсетілген. Бүгінгі таңда ел халқының айрандай ұйып, тілін, мәдениетін сақтау арқылы Елбасының маңына топтасу, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, ұлттығымызды сақтап қалу ең басты да мәнді мәселе екенін естен шығармағанымыз жөн. Сондықтан да, бұл Жолдау – осы бірқалыпты дамып келе жатқан Қазақстан мемлекетінің одан әрі де өркендеп, көркейе түсуі үшін жасалып жатқан бағыт-бағдар.
Жолдаудың үлкен мәні бар. Елбасы жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін маңызды міндеттерді нақты даралап берді. «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» деген. Бұл міндетте Мемлекет басшысы аграрлық ғылымды дамыту мәселесін басты назарда болуға тиіс екенін айтқан. Сондықтан қай сала маманы болмайық, өркендеу жолына бағыт сілтейтін саяси маңызы зор құжатты шын көңілмен ұғынып, талап-міндеттерді жауапкершілікпен орындауымыз қажет.

Дильдар ТОЙБЕКОВА,
Полатқосшы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-іс жүргізушісі.

Сәрсебі, 17 Қаңтар 2018 00:00

Өзгерістер кезеңіне қадам бастық

«Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салаларда терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді», – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында. Сонымен қатар Жолдауда елімізге барлық азаматтардың күш-жігерін біріктіруге ерекше мән берілетін 10 саланы даралап берді.
Мемлекет басшысы отандастарын барлық қауіп-қатерлерді еңсеру үшін және экономикада, қоғам мен мемлекет дамуында жаңа сапалық тұрғыдағы деңгейге көтерілу үшін ой-ниеттер мен іс-әрекеттерді біріктіруге шақырды. Тәуелсіздік алғалы бері заман талабына сай жаңғырып, мемлекетіміз дамыған, көші ілгері елдермен иық тіресе алатын жағдайға жетті. Мұны біз айтылған тапсырмалардың дер кезінде орындалып, уақытында іске асырудың арқасы деп ұққанымыз жөн. Жылдан-жылға ел әлеуеті артып, әлеуметтік жағдайымыз жақсарды. Зейнеткерлердің зейнетақысы жыл сайын көтеріліп, қызметкерлердің жалақысы өсуде.
Тағы бір айта кетерлігі, Президентіміз білім мен денсаулық саласына ерекше назар аударған. Нағыз білім мен ғылым бар жерде оған сұраныс саяси, қаржылық, құқықтық рәсімделгенде жаңа технологиялар түзілмей тұрмайтынын айтқан. Ал халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетінін атап көрсетті. Бұл, әрине, өркениет үдесіне сай Елбасының қабылдаған шешімі. Біз келер күніміз бұдан да жақсаруы үшін көкейкесті ойларды жүрек түкпірінен өткізіп, соған қарай нақты іс-әрекеттер қолдануымыз керек. 
Мұндай мол көмектің көрсеті­летінін естіген әр қазақстандық Жолдауға қолдау білдіре отырып, көрсетілген міндеттерді жұмыла атқаруға барынша атсалысады деп ойлаймын. Өйткені жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін Қазақстанда қажетті нәрсенің бәрі бар. «Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінің барлығын толықтай орындайды» деп Елбасы тегін айтып отырған жоқ. Алдағы уақытта Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді барша ардагерлер де абыроймен атқаруға күш жұмсайтынына сенімдімін.
Бақыт Сырлыбаев,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Сәрсебі, 17 Қаңтар 2018 00:00

Көделіде қар қалың

Желтоқсан айы ұйытқи соққан желімен болмаса, қара суығы жұртты онша әбігерге сала қоймаған. Қаңтар айының бірінші онкүндігі де осы қалыпта болды.
Қарбалас шақ екінші онкүндіктің басында туып, халық әп-сәтте әбігерге түсті де қалды. Төртінші күн өңірімізде қар жауып тұр. Осындай күн райын диқандар құптаса, малшылар қауымы онша жақтыра қоймасы анық. Ауылдағы ағайындар болса ауласын күніне 3-4 мәрте күреп әуре.
Биылғы қардың жаууы 2005 және 2012 жылдардағы ауа райына ұқсап келеді. Сол жылдары жерге бір мезетте 70-80 сантиметрге дейін қар түскен болатын. Оның соңы саршұнақ аязға ұласқаны айтпаса да түсінікті. Әйтсе де оған халық шыдап бақты. «Күннің жаманы кетер» деп өздерін сабырға шақырған.
Аудан әкімінің тапсырмасы бойынша ауыл әкімдері ауыл көшелерін, мектеп, емхана, аурухана маңын қардан тазарту жұмысына белсене кірісіп кеткен. Қарапайым халық та қарап отырған жоқ.
Қар басталған күні-ақ аудан басшысы арнайы тапсырмамен малшылар мекен еткен өңірлерге жол салу, қора-жайдың маңын тазартуға техниканы жұмылдыру секілді жұмыстарды ұйымдастыру үшін арнайы топ құрып жіберген-ді. Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы бастаған топқа БАҚ өкілдері де қосылып, Көделі мал жайылымын бетке алғанбыз.
Көделіге табан тірегеннен-ақ мұнда жауған қар аудан орталығынан қалыңдау ма деп қалдық. Орталықта шамамен қардың қалыңдығы 20-25 сантиметр болса, мұнда топ басшысының өзімен бірге ала шыққан өлшегіш құралымен есептегенде «Райсов» шаруа қожалығының тұсы 37 сантиметрді көрсетіп тұрды.
Бір Көделі мал жайылымының өзінде Қаракемер ауылдық округіне тән 31 қожалық мал қыстатып отыр, ал оған Аса, Өрнек, Ерназар, Пионер ауылдық округтеріне қарасты мал өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарын қоссақ, мұнда 100-ге жуық отар-отар қой, үйір-үйір жылқы, табын-табын мүйізді ірі қара жайылым тапқанын ескерсек, мына ауа райы малға да, малшыға да оңай тимесі анық. Мал түгелімен қолға қарап қалған.
Біз тоқтаусыз алға жылжып келеміз. Алдымызда Жамбыл ауылдық округінің механизаторы Орман Қалмамбетов жол ашып келеді. Барған жердің бәрінде де үй, қора, шөп, құдық маңын тазартып беріп отырды.
Қар тоқтар емес. Көделінің тереңіне енген сайын қар қалыңдай түскен. Өрнектіктер мекен еткен тұсқа келгенімізде Ерлан Қыдыралыұлы қардың қалыңдығын тағы бір өлшеп көрген. 42 сантиметрді көрсетіп тұр. Қар болса әлі жауып тұр.
Әркімнің көкейінде әртүрлі ой, әртүрлі сұрақ. Бірі қар жаууын қашан тоқтатар екен десе, енді бірі ауа райы 2005 және 2012 жылдардағы көріністерді қайталамаса екен деп тілейді. Десек те, «Күннің жаманы кетер...» деген аталы сөзді ұмытпаған жөн шығар.

Дүйсенбек Орманов,
«Шұғыла».

Мемлекет басшысының таяуда жариялаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы – қазіргі заман талабының сын тегеуріндерінен туындайтын жоғары міндеттерді іске асыруға бағытталған іс-қимылдардың нақты жоспары. Бұған дейін де талай сыннан сүрінбей өткен Қазақ елінің ұстанар бағыты мен жүрер жолы Елбасының жаңа Жолдауында жан-жақты көрсетілді. Бұл Жолдауда біздің ұзақ мерзімді мақсаттарымыз өзгеріссіз қала беретінін айтқан Елбасы маңызды 10 мәселені атап берді.
Заманға сай тарихи өрлеу дәуіріне бастайтын, Қазақстанның барша халқын ортақ мақсат жолында жұмылдыратын, әрбір азаматты нақты іс-әрекетпен өсуге жетелейтін, біртұтас ұлт болу қадамымызды айқындайтын өте құнды құжаттағы бағыттарды жүзеге асыру жұмыстарын пысықтау мақсатында аудан активінің жиналысы шақырылды.
Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысқан жиналыста аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы Елбасы Жолдауының мемлекетіміздің даму жолын нақтылап берген бағыттары бойынша баяндама жасады. Сөзін Елбасының «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» деген тұжырымынан бастаған баяндамашы өңірдегі өнеркәсіп саласына назар аударды. Сала бойынша шығарылған өнім көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір артты. Бұл табыста «Амангелді газ өңдеу зауыты», «Кнауф Гипс Тараз», «БиномСтройДеталь», «СуперФарм» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің үлесі зор. Алдағы уақытта бюджет қаражаты есебінен 5 жобаны, жеке қаражаттар есебінен 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Ауданда агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеруде қабырғалы тірліктер тиянағын табуда. Жылыжайлар саны мен олардан жиналған өнім көлемі артты. Биыл ауыл шаруашылығы бойынша 14 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Олардың ішінде фермерлік үлгідегі жылыжай кешенін салу, қарқынды алма бағын отырғызу, тамшылатып суару технологиясын енгізу, лизинг жүйесі арқылы техника сатып алу, тауарлы-сүт фермасын, құрама жем зауытын, жеміс-жидек қоймасын, мал бордақылау алаңын салу жобалары бар.
Аумағымызда ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемі артып келеді. Бұған қоса, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жетілдіру мәселесі мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде сәтімен шешімін табуда.
Елбасы білім берудің жаңа сапасына ерекше назар аударғаны белгілі. Бұл бағытта өңірімізде білім беру үдерісін жетілдірудің барлық жағдайлары мен мүмкіндіктері бар. Жекеменшік балабақшалар ашу, үш тілде оқытуға көшуге дайындық, робототехника кабинеттерін жабдықтау, интернет жылдамдығын жоғарылату, мектептерді интерактивті құрылғылармен жабдықтау – басты назарда.
Халықты жұмыспен қамту саласы бойынша бекітілген кешенді жоспардың, уәкілетті органдар арқылы жұмыспен қамтудың, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» орындалуы маңызды міндет болып қала бермек.
Елбасы халыққа арнаған Жол­дауы­ның тоғызыншы бағытында заңның үстемдігі мен жемқорлықпен күресу – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Бұл ретте ауданда келеңсіздіктің алдын алу мақсатындағы іс-шаралар өз нәтижесін беріп отыр. Қауіпті құбылысқа төзбеушілік көзқарасын қалыптастыруға қоғамдық ұйымдар мен аудан жастары кеңінен тартылуда.
Жолдаудағы оныншы бағыт «Ақылды қалалар» – «ақылды ұлт» үшін технологияларын енгізу болса, бұл орайда Елбасының «Рухани жаңғыру – Жамбыл ауданында» атты мобильдік қосымшаны іске қосу жобасы әзірленуде.
Жиналыста баяндамадан соң жарыссөзге шыққан «Амангелді» өндірістік кооперативінің төрағасы Қасымхан Қанаев, «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС-нің бас директоры Мырзабай Бекназаров, Гродеково орта мектебі химия пәнінің мұғалімі Венера Рахымбердиева Жолдау жүктеген міндеттерге қатысты ой-тұжырымдарын ортаға салды.
Актив жиналысын қорытын­дылаған Ерқанат Манжуов Жолдауда айтылған басым бағыттардың маңызы мен мәнін халыққа түсіндіру қажет екенін, құжатты қолдап қана қоймай, жүзеге асыруға күш жұмсау керектігін айтты.
Жиналыс соңында ауданда құрылған ақпараттық топтар ертең елді мекендерге шығатынын жеткізген аудан әкімі Бақыт Қазанбасов өңірімізге арнайы келген Ерқанат Нұрбапаұлына және ол бастаған облыстық насихаттық топ мүшелеріне рахмет айтты.

С. БЕРТАЙҰЛЫ.

Сенбі, 13 Қаңтар 2018 00:00

Төрағаның көмекшілері

Алты ай жазын Көделі көктеуінде, алты ай қысын Мойынқұм өңірінде өткізетін пионерлік шопандардың ісіне қайран қалғандайсың. Олардың іс-қимылын ерлікке баласаң да жарасар.
Сондайда, аптап ыстықтың, аязды күннің өтінде жүрген шопандарға сүйеу болатын, дер кезінде керек-жарағын жеткізіп беретін, қуанышы мен қайғысына ортақтаса білетін, керек кезінде қасынан табылатын жанашыр жанның қатар жүргені қандай ғанибет.
Алпысбай Жұмаханов төрағалық ететін «Пионер» өндірістік кооперативінде өз істеріне адал берілген ондай мамандар бар екен. Қысы-жазы, күндіз-түні шопандардың қасынан табылатын мал шаруашылығының меңгерушісі Сейдуалы Қабылов, зоотехник-селекционер Бақытжан Сейдахметов, мал шаруашылығының маманы Мұрат Дәуітбаев төрағаның нағыз көмекшілеріне айналған.
Жиырма жылға жуық мал шаруашылығына басшылық етіп жүрген Сейдуалы Қабылов; – Бұл үрдіс шаруашылықта бұрыннан қалыптасқан. Білгенімізді айтамыз, үйретеміз, көмек қолын созамыз. Күнделікті шопандардың үйлеріне бас сұғып, хал-жағдайын сұрап, керекті жем-шөбін, дәрі-дәрмектерін, азық-түліктерін сол күні-ақ жеткізіп тұруға тырысамыз. Бір сөзбен айтқанда, малшыларымыз қайда жүрсе, біз де сонда жүреміз. Олардың мекені біздің екінші үйіміз секілді, – деп ағынан жарылған оның сөзін Бақытжан мен Мұрат та қоштаған.
Расында, біз аудан басшыларымен бірге жылдың қай мезгілінде барайық, алдымыздан осы үшеуі шығады. Айтпақшы, үшеуі демекші Сейдуалы, Бақытжан, Мұратты сол тұста аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы болған, қазір аудан әкімінің кеңесшісі қызметінде жүрген Аманалы Құрбанов әдеттегі қалжыңымен «олар шаруашылықтың үш нояны» дегені бар.
Әр қалжыңның астарында шындық тұрады. Демек, пионерлік «үш ноян» – шаруашылық төрағасының нағыз көмекшілері.

Дүйсенбек Орманов,
«Шұғыла».

Жамбыл ауданының құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында хабарлама жасаған аудан әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімшесінің басшысы Жомарт Телеуов ауданда құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыспен күрес бойынша 2017 жылы атқарылған жұмыстар туралы кеңінен баяндады.

Есепті мерзімде ауданда қылмыстың алдын алу мақсатында аудандық ішкі істер бөлімімен қылмысқа қарсы күрес және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бекітілген кешенді іс-шаралар жоспарларына сәйкес ауқымды жұмыс жүргізілді. Ішкі істер бөлімі мен жергілікті полиция кызметі жұмысының сапасын арттыру, халықтың полиция қызметкерлеріне деген сенімін жоғарылату, жергілікті органдармен және халықпен өзара байланысты күшейту бағытында пәрменді жұмыс атқарылды.
Аудан халқына қызмет етуге жергілікті полицияға 27 учаскелік полиция инспекторы, олардың 4 көмекшісі және 2 жол-патрульдік полиция штаты берілген. 27 учаскелік инспектордың 8-і өздері қызмет атқаратын аумақта тұрса, қалғандары қатынап қызмет атқарады. Олардың барлығы қызметтік телефонмен, 15-і радиобайланыспен, 6-уы автокөлікпен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда учаскелік полиция инспекторларының барлығы өз қызметінде компьютер пайдаланады. Жергілікті полиция қызметінің басшысы жылына екі рет, учаскелік инспекторлары әр тоқсан сайын халық алдында есеп береді.
Аудан аумағында жасалған қылмыс жайын сөз етсек, 2017 жылы тіркелген қылмыс саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,3 пайызға төмендеген. Оның ішінде ауыр қылмыс 17,4 пайызға, аса ауыр қылмыс 50 пайызға, онша ауыр емес 6,5 пайызға, алаяқтық 6 есеге өскен. Қоғамдық орындарда, оның ішінде көшелерде жасалған, бұрын сотты болғандар жасаған қылмыстар санының да өскені байқалады. Ал, орта дәрежелі қылмыс саны, мал ұрлығы, мас күйінде және топтасып жасаған қылмыс саны төмендеп отыр. Жасы кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар санының да төмендегенін атап көрсетуге болады.
Бүгінде бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы әрекет ету – өзекті мәселелердің бірі. Бұл тұрғыда «Көршінің бақылауы» салалық бағдарламасына сәйкес іс-шаралар жоспары бекітіліп, бірқатар жұмыс атқарылуда. Сонымен қатар ауданда жедел жағдайды тұрақтандыру, қоғамдық қауіпсіздікті және қылмыспен күресті күшейту деңгейін арттыруға бағытталған «Құқықтық тәртіп», «Жасөспірім», «Қауіпсіз жол», «Есеп», «Мектеп», «Бала мен отбасы», «Тұрмыс» және басқа жедел-профилактикалық шаралар өткізілуде. Жасы кәмелетке толмағандармен, қоғамдық тәртіпті бұзушылармен, маскүнемдік дертіне шалдыққандармен, заңсыз балық аулағандармен, әйелдерге зәбір көрсеткендермен тұрақты жұмыс жасау назардан тыс қалмаған.
Өңірде жол-көлік оқиғаларының жиілегені, апаттар салдарынан қаза тапқандар мен жарақат алғандар санының едәуір өсіп отырғаны барша халықты алаңдатады. Бұл бағытта аумақта «Жаяу жүргінші», «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Жас жүргізуші» сияқты алдын алу шаралары ұдайы жүргізілгеніне, жол қозғалысы ережелерін бұзушылар жауапкершілікке тартылғанына, жолдардың жыл сайын жөнделіп жатқанына қарамастан жол-көлік оқиғаларының көбейіп кеткені қынжылтады.
Комиссия отырысында аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Жарас Тоқабаев пен жергілікті полиция қызметінің бастығы Дархан Нұралиев өткен жылы атқарған жұмыстары туралы есеп берді.
Отырыста Жамбыл ауданының құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының 2018 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті шешім қабылданды.

Жамбыл ауданының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша комиссия отырысына аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округтердің әкімдері, мекеме басшылары шақырылды.
Комиссия отырысында аудан әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімшесінің басшысы Жомарт Телеуов сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың 2017 жылы Жамбыл ауданында орындалуы туралы хабарлама жасады.
Хабарламашының айтуынша, комиссия жыл ішінде 4 отырыс өткізген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы және оның алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар мен комиссияның хаттамалық шешімдерінің жылдық жоспары бекітіліп, аудан әкімінің ресми сайтында жарияланған. 12 айда аудан әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысында 83 азамат, ауылдық округтерге шығу кезінде 45 азамат жеке қабылдауда болып, олардың барлығына заң шеңберінде түсініктемелер мен жауаптар берілген.
Жыл ішінде 6 акция, 1 брифинг, 31 «дөңгелек үстел» отырысы, 9 семинар өткізілген, 4 рет дәріс оқылған, 20 рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ішкі талдау іс-шаралары жүргізілген. Ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында жергілікті басылым беттерінде мақалалар тұрақты жарияланып тұрған. Аудан аумағында осы тақырыпта 13 билборд және банер орнатылған.
Жоғарыда аталған пәрменді іс-шаралар мен арнайы құрылған жұмыс тобының қызметіне қарамастан, өткен жылы ауданымызда сыбайлас жемқорлық сипатындағы 28 қылмыстық іс тіркелді. Бұл қылмыстық істер негізінен аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, аудандық ішкі істер бөлімінің, «Жамбыл ауданы әкімдігінің ветеринариялық қызметі» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының қызметкерлеріне қатысты болып отыр. Кінәлілер жазасын алды.
Ендігі кезекте жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында «мүлдем төзбеушілік» қағидасын қамтамасыз ету жөніндегі жоспарды жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыру қажет. Ақпараттық «Заң» нормативтік актілер базасын жаңартып отырған жөн. Бұл ретте «Сенім телефоны» мен өтініштерге арналған жәшіктердің маңызы зор екенін ұмытпаған абзал.
Комиссия отырысында аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Сәкен Нұржаубаев пен аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Еркін Келесовтің есептері тыңдалды.
Комиссия мүшелерінің ұсыныс-пікірлері қаперге алынған отырыста ауданда сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстардың өсу себебін талдау, азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдауларды тұрақты жүргізу, қызметкерлердің құқықтық білімі мен кәсіби біліктілігін жетілдіру, мемлекеттік қызмет көрсетуде заң талаптарын бұлжытпай орындау, келеңсіз көріністерге қарсы көзқарасты қалыптастыру, тіркелген заң бұзушылық фактілеріне қайталап жол берілмеуіне қосымша шаралар қабылдау туралы хаттамалық шешім қабылданды.

Сенбі, 13 Қаңтар 2018 00:00

Сауалдар жауапсыз қалмады

Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесі мүшелерінің аудан тұрғындарымен кездесуінде сөз бастаған аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова қонақтардың өңірімізге бүгінгі таңдағы мәнді мәселелер – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, әйелдер үшін зейнеткерлік жастың өзгеруі, атаулы әлеуметтік көмек, латын әліпбиіне көшу жайын түсіндіру мақсатында келіп отырғанын айтты.
Кездесуде сөз алған облыстық Қоғамдық кеңестің хатшысы Сембек Сейдазимов дәл осы күні баспасөз бетінде жарияланған Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына тоқталып, кешенді құжатта көрсетілген он басымдықтың қазіргі замандағы сын-тегеуріндерге толық жауап беретінін, ендігі кезекте баршаның Жолдауда жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға атсалысуы қажеттігін атап өтті. Бүгінгі басқосудың мазмұны мен мәніне назар аударды.
Елімізде Елбасы қабылдаған өркениетті шешімнің бірі – ол латын әліпбиіне көшу. Ойын осылай түйіндеген облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова бұл мәселенің маңызына терең үңілді. Халқымыз үшін латын әліпбиін қолданысқа енгізудің берері мол. Бұл өзгеріс тіліміздің фонологиялық, лексикологиялық және терминологиялық тұрғыда дамуына, жастарымыздың ағылшын тілін жеңіл игеруіне жол ашады. Бәріміз бұл процесті қолдауға тиіспіз.
Кездесуде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жайында сөз қозғаған облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық мемлекеттік медициналық сақтандыру қорының жауапты қызметкері Абай Нұржанов жүйе бойынша жарналар мен аударымдарды төлеу тәртібі, мерзімі және мөлшері туралы нақты ақпарат берді. Экономикалық реформа болып табылатын бұл жүйеде әсіресе өзін-өзі жұмыспен қамтитындар статусын анықтағаны және жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені шешуші рөл атқармақ.
Биылғы жылдан бастап елімізде осал топтардың өрлеуіне мүмкіндік беретін атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы өмірге жолдама алғаны көпшілікке аян. Оның мақсаты – кедейшілік деңгейін төмендетіп, жұмыссыздықты азайту. Бұл мәселенің мәнісін облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Марал Ділдәбекова кеңінен түсіндірді. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек бұған дейін қолданыста болған жәрдемақылардың үш түрін алмастырады. Ол шартсыз және шартты ақшалай көмекке бөлінеді. Шартсыз көмек еңбекке жарамды мүшелері жоқ отбасыларға, шартты ақшалай көмек отбасында кем дегенде бір еңбекке жарамды мүшесі бар отбасыларға әлеуметтік келісімшартқа қол қойып, отбасының еңбекке жарамды мүшесі жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан кезде ғана беріледі.
2018 жылдың 1 қаңтарынан әйелдердің зейнеткерлік жасының 2027 жылға дейін кезең-кезеңмен көтерілуін көздейтін норма туралы сөз қозғаған еңбек, әлеуметтік даму және көші-қон комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әлімқұл Тұрысов зейнеткерлік өтілге не кіретіні, зейнетақы есептеу әдістемесі, зейнеткерлік жасты көтерудің кімдерге қатысты болмайтыны, зейнетақы рәсімдеуге өтініш беру мерзімдері жайында байыппен баяндады.
Басқосу барысында аудан тұрғындары қойған сан түрлі сауалдар жауапсыз қалған жоқ. Пікір-ұсыныстар да назарға алынды.
Кездесуді Сембек Әбетайұлы қорытындыласа, Үміткен Қапанқызы бүгінгі күні халықты толғандырған өзекті мәселелердің мәнін ашып берген қонақтарға тұрғындар атынан рахмет айтты.

С. БЕРТАЙҰЛЫ.

Серіктестер