Super User

Super User

Venenatis vitae, justo. Nullam dictum felis eu pede mollis pretium. Integer tincidunt. Cras dapibus. Vivamus elementum semper nisi. Aenean vulputate eleifend tellus. Aenean leo ligula

Сайт URL-ы: http://www.joomshaper.com
Сәрсебі, 31 Қаңтар 2018 11:14

Тұрғындар тілегін тыңдады

Еліміздің оңтүстік аймағына бұрын-соңды болмаған суық түсіп, қаңтар айы өзінің қаһарлы мінезін танытуда. Әсіресе, бұл суық қарапайым жұрт пен шаруашылықпен айналысып жүрген тұрғындарды әбігерге салуда.
Осы тұрғыда сейсенбі күні көкейде жүрген сұрақтарын арқалаған азаматтар мен көмекке мұқтаж тұрғындар «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың қабылдауында болды. Нақтырақ айтқанда, қабылдау партия аудандық филиалының мәжіліс залында өтіп, жеке сұрақтарымен келген тұрғындар кезегімен кіріп жатты.
Бес баласы бар, оның үшеуі мүгедек екенін айтып қынжылған көпбалалы ана Есенгүл Нұрманова тұрғын үйге мұқтаждығын немесе үй салуға Аса ауылынан жер телімін алып беруін өтінсе, Ардақ Алипчеев 27-разъезд тұрғындары газ бен ауыз суға зәру екенін жеткізді. Ал, Құлжан Әбибулла Қаратау қаласынан аудан орталығына қатынап жұмыс жасайтынын айтып, жақын аумақтан жер учаскесін алуына ықпал етуін сұрады. Сондай-ақ жеке кәсіпкер Гуля Жүнісбекова балабақшаларды азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша сауалдарын қойып, өтініштерін жолдады.
Тұрғындарды мұқият тыңдаған Бақыт Алпысбайұлы әрқайсысына орнықты жауап қайтарып, қабылдауға қатысқан жауапты сала басшылары мен ауыл әкімдеріне көтерілген мәселелерді тез арада шешу үшін нақты тапсырмалар берді.
Мақсат Жұмабаев,

«Шұғыла».

Сәрсебі, 31 Қаңтар 2018 11:13

Жыл көрсеткіштері қуантады

Аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың төрағалығымен өткен аудан әкімдігінің мәжілісінде аудан әкімдігі эконо­мика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қуаныш Бүркітәлиев 2017 жылдың әлеуметтік-эконо­микалық қорытындылары туралы хабарлама жасады.
Өткен жылдың қаңтар-желтоқсанында өнеркәсіпте 8 млрд 744 млн теңгенің, ауыл шаруашылығы саласында 27 млрд 302,8 млн теңгенің өнімі өндірілген.
Индустрияландыру картасы шеңберінде жаңадан іске қосылған «Аса Даму» құс фабрикасы күніне 145 мың дана жұмыртқа шығаруда.
Ауданда 25 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. «Агробизнес-2020» бағдарламасы шеңберінде есепті кезеңде «Алтын асық» бағдарламасымен 1467 бас (132,5%), «Сыбаға» бағдарламасымен 746 бас (322,9%), «Құлан» бағдарламасымен 294 бас (408,3%) мал алынды, «Жайылымды суландыру» бағдарламасымен 17 ұңғыма қазылды (425%).
Аудан шаруашылықтары 175,9 млн теңгеге 27 дана ауыл шаруашылығы техникаларын, оның ішінде: лизингтік жүйе арқылы 15,9 млн теңгеге 2 шаруашылық 4 техника, өз қаражаттары есебінен 159,9 млн теңгеге 14 шаруашылық 23 техника сатып алды.
Ауданда 2017 жылға арналған эпизоотияға қарсы атқарылатын іс-шаралар жоспары жасалып, осы шараларды жүргізуге 93,2 млн теңге бөлініп, игерілді.
Құрылыс жұмыстары 5 млрд 621,6 млн теңгеге жүргізіліп, нақты көлем индексі 122,8 пайызды, бөлшек сауда айналымының көлемі 2 млрд 726 млн теңгеге жетіп, 2016 жылмен салыстырғанда  нақты көлем индексі 148 пайызды, негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 23 млрд 701 млн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 117,7 пайызды құрады.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағалы жалпы сомасы 3 млрд 400,5 млн теңгені құрайтын 54 жобаға, оның ішінде 2017 жылы – сомасы 1 млрд 046,4 млн теңгеге 16 жобаға қолдау көрсетілді.
Өткен жылы аудандық және ауылішілік жергілікті мәндегі автомобиль жолдарын жөндеуге және қалыпты ұстап тұруға бюджеттен 441,7 млн теңге бөлініп, игерілді.
2017 жылдың қаңтар-желтоқсанында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде және жұмыспен қамтудың кешенді жоспары бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен барлығы 2868 адам қамтылды.
Хабарламашы келесі кезекте денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларындағы көрсеткіштерге кеңінен тоқталды.
Мәжілістің күн тәртібіндегі бұл мәселе бойынша «Индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасына 2017 жылы енгізілген жобаның жүзеге асырылуын қатаң бақылауға алып, 2018 жылы ұсынылатын жобалар тізімін қарастыру; биыл негізгі капиталға салынатын инвестиция көздерін анықтау бойынша жұмыстар ұйымдастыру; шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысын жандандыру; биылға жоспарланған дақылдарды, оның ішінде қант қызылшасын егу жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру; ауыл шаруашылығы саласы бойынша салынатын инвестиция көздерін анықтау; ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің айналымға тартылған үлесін ұлғайту бойынша жұмыстарды ұйымдастыру; аудандағы құрылыс нысандарының сапалы жүргізілуін және алдағы уақытта құрылыс жұмыстары жүргізілетін нысандардың жобалық-сметалық құжаттарын сапалы әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізіп, құрылысқа қаржы қарастыру үшін облыстық тиісті басқармаға өтінім беру; жөндеу жұмыстары жүргізілетін аудандық мәндегі және ауылдың ішкі автомобиль жолдарының сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қамтамасыз ету; жұмысқа орналасу мәселесі бойынша жүгінген адамдар арасынан жұмысқа орналасқандардың үлесін арттыру және әлеуметтік көмек алушылар арасынан жұмысқа жарамды адамдардың үлесін төмендету бойынша жұмыс жүргізу; қан қысымымен науқастанғандар және наркологиялық тәуелділікке душар болғандар көрсеткішінің жоғарылауын бақылауға алу; қылмыстың және жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларын ұйымдастыру туралы қаулы қабылданды.
Мәжілісті қорытындылаған Бақыт Алпысбайұлы инвестиция тарту мәселесіне және құрылыс саласына жете көңіл бөлу қажеттігін ескертіп, тиісті сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Сәрсебі, 24 Қаңтар 2018 09:35

Турнир ұйымдастырылды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Ю.Гагарин атындағы орта мектепте аудан әкімдігі «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен футболдан жолдастық турнир өткізілді. Турнирге аудандық Мәдениет үйінің ұжымы, айтыскер ақындар, «Жастар ресурстық орталығының» ұжымы, облыстық баспасөз саласының қызметкерлері, Ю.Гагарин атындағы орта мектептің оқушылары және ұстаздарынан құралған жалпы саны 6 команда қатысты.
Турнир басталар сәтте «Жастар ресурстық орталығының» директоры Маханбет Рақымжанов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жеребе бойынша жұпталған командалар бір-бірімен тартысты әрі қызықты кездесулер өткізді.
Шара соңында қатысушы командаларға арнайы дип­лом­дар мен кубоктар табыс етілді.

Құрбанәлі Шахабай,
«Шұғыла».

Сәрсебі, 24 Қаңтар 2018 09:34

Ұстазға артылған міндет ауқымды

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді Даму стратегиясы жүзеге асып жатқаны және Қазақстанның әлемдегі түрлі сынақтарға төтеп беріп, қарқынды экономикалық даму жолына бет алғаны баяндалды. Ел егемендігін алғалы бері – еліміз осылайша биіктерге құлаш сермеп келеді. Елдің  болашағы жастар десек, оларды мектеп қабырғасынан сауатты, білімді етіп тәрбиелеу қашан да ұстаздар қауымына жүктелетін жауапты міндет. Мемлекет басшысы да жыл сайын Жолдауында ұстаздар еңбегін ерекше атап, оларға қамқорлық жасап келеді.
Елбасының биылғы Жолдауында жаңа әлем көшбасшыларының қатары­на қосылу үшін қажетті бірнеше міндеттерді атап, оларға жекелей тоқталды. Жолдаудағы «Адами капи­тал – жаңғыру негізі» атты жетін­ші міндеттің жүгі педагогтарға бағыт­талған. Бұл жүктемеде: «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдар­ла­маларының негізгі басым­дығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамы­ту болуға тиіс», – деп атап көрсетті.
Елбасы биылғы Жолдауында білім беру саласындағы басқа да мәселелерге арнайы тоқталды. Мәселен, педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдары, математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту, балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру, жөнсіз терминология, латын әліпбиіне көшу мәселесі, цифрлық білім беру ресурстары секілді өзекті мәселелерді шешуде ұстаздар аянып қалмай, жұмыла еңбек ететініне сенім білдірді. Сонымен қатар, Елбасы Жолдауда «Мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға көбейтуді тапсырамын», – деп педагогтар қауымын бір қуантып тастады.

Жеңіскүл БЕРКІМБАЕВА,
Б.Кейкиев атындағы орта мектептің биология пәнінің жоғары санатты ұстазы.

Сәрсебі, 24 Қаңтар 2018 09:34

Маңызды құжат түсіндірілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына жолдаған Жолдауы елімізді баянды болашаққа бастайтын маңызды құжат. Осы Жолдауда көрсетілген 10 бағытты талқылау мақсатында Қарой ауылдық округі әкімі аппаратында мекеме қызметкерлерінің қатысуымен жиын болып өтті.

Басқосуды ашып, тарихи құжаттың маңыздылығына тоқталған ауыл әкімі Жақсыбек Исақов өз сөзінде Жолдау жаһандық өнеркәсіптік революция кезеңіндегі еліміздің бағытын белгілейтін, алдағы жоспарын айқындайтын негізгі құжат екенін жеткізді.
– Бүгінгі күнге дейін Қазақстанның жетістігі үшін көптеген қадамдар жасалды. Елімізге дамудың жаңа сапасы керектігін бәріміз жақсы білеміз. Бұл Жолдау – төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында біздің одан әрі жасайтын іс-қимылдарымызды белгілейді. Қазақстандық әрбір азамат Мемлекет басшысының тәуелсіздік мерейін үстем ететін кемел бастамаларын әрдайым қолдап, қуаттауы қажет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді, сондықтан еліміздің ертеңі баянды, дамыған 30 елмен терезесі тең болу үшін әрбіріміздің қажырлы қайратымыз керек, – деді Жақсыбек Сағымбекұлы. Ал, ауыл әкімінің орынбасары Гүлшат Инкашева Елбасының дәстүрлі Жолдауы тарихи құжат екенін, оның қайсысын алып қарасақ та стратегиялық маңыздылығымен қоса, белгілі бір мерзімде нақты міндеттердің шешілуін қамтамасыз етіп отыратынын сөз етті.
Жиын соңында мекеме қызметкерлері Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыратындарын жеткізді.

Нұрасыл СҰЛТАНБАЕВ,
«Шұғыла».

Сәрсебі, 24 Қаңтар 2018 09:33

Жаңа тарихи дәуірдің бастауы

Елбасымыз халыққа «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жариялап, өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделудің және табысқа жетудің 10 міндетін атап көрсетті. Оның ішінде, ең алдымен, индустрияландыруға, әсіресе, кәсіпорындарды жаңғыртуға және цифрландыруға, кешенді ақпараттық-технологиялық платформаларды белсенді түрде енгізуге, «Ақылды технологиялар» арқылы аграрлық ғылымды дамытуға, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыруға, құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізуге, қаржы секторын қайта жаңғыртуға айрықша назар аударылып отыр.
Осы мақсатта Пионер ауылдық кітапханасында жастар арасында «Рухани жаңғыру аясында» тақырыбында Елбасы Жолдауы ауыл тұрғындарына насихатталды. Сонымен қатар «Жарқын болашақ кепілі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Жолдауда жастарды жаңа технологиялық жағдайға дайындаудың маңызды шарттары айтылып, білім берудің жаңа сапалық көрсеткіштері айқындалды.
Елбасының заманауи даму жолдарын ескере отырып, қазақ тілінің өркендеуіне, рухани жаңғыруға, халықтың денсаулығын нығайтуға баса назар аударғаны – Президентіміздің халқының бар қадір-қасиетін бойына жинаған ұлттық рухын көрсетті. Сонымен бірге алдағыны болжап, ертеңгісін де оза ойлайтын, барша қазақстандықтарды, бүкіл мемлекетті әлемдік өркениетке жетелейтін көреген көшбасшы, саяси қайраткер, тарихи тұлға екендігін тағы бір дәлелдеді. Сондықтан Елбасының биылғы Жолдауы – заманға сай тарихи өрлеу дәуіріне бастайтын, барша қазақстандықтарды ортақ мақсат жолында жұмылдыратын, әрбір азаматты нақты іс-әрекетпен өсуге жетелейтін, біртұтас ұлт болу қадамымызды айқындайтын өте маңызды құжат екені түсіндірілді. Соңынан кітап көрмесіне шолу жасалды.
Елбасы Жолдауын жүзеге асыру әрқайсымызға зор жауапкершілік жүктейді. Оны абыроймен атқару – баршамыздың абыройлы міндетіміз.
М. Ордабаева,
Пионер ауылдық кітапхананың кітапханашысы.

Сәрсебі, 24 Қаңтар 2018 09:33

Ел қорғау - ердің ісі

Кәмелеттік жасқа толған жастарды әскер қатарына шақыру ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға сәйкес өтеді. Елімізде ҚР Қарулы күштерінің және басқа әскери құрылымдардың бөлімдері мен мекемелерін жас сарбаздармен толықтыру үшін наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында іріктеу жүргізіледі. Өткен жылдың күзгі шақырылымында ауданнан 128 жігіт азаматтық борышын өтеуге аттанған. Оның 16-сы – Жамбыл ауылдық округінің тумасы.
Түрлі ұлт өкілдері тұратын округ жастарының бірі туған жерден жырақтап, Отанын, елін қорғауға аттанса, енді бірі әскери міндетін абыроймен өтеп, туған-туыстарымен дін-аман қауышуда.
Жуырда Шайқорық ауылдық клубында Жамбыл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-әскери есеп жүргізушісі Мейрамкүл Исмайлова ұйымдастырған кездесуге Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен өтеп қайтқан сарбаздармен қатар, аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді қабылдау және әскерге шақыру бөлімшесінің басшысы, капитан Мұхамед-Али Бекбауов, келісімшарт бойынша қабылдау инспекторы Айжан Қарабаева, Ақбастау және Ақбұлым ауылдық округі әкімі аппараттарының бас маман-әскери есеп жүргізушілері Фарида Таңатова мен Гүлдерайым Асқарова және Шайқорық, Ысмайылұлы атындағы орта мектептің жоғары сынып оқушылары арнайы шақырылды.
«Әскери міндет – абырой» атты тақырыпта өткен жиында ауыл әкімінің орынбасары Медет Нұрмаханов ел қорғау – ердің ісі екенін айтып, арамызға әскерден оралған жастарға сәттілік тіледі.
– Ежелден халқымыз қиын-қыстау заманда отансүйгіштігінің, бірлігінің арқасында елін, жерін қорғауға бір адамдай жұмылған. Соның арқасында небір қанды соғыстарда жеңіске жетті. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен ауған жерінде интернационалдық борышын абыроймен өтеп қайтқан жауынгер жерлестеріміздің ерлігі сіздерге үлгі болуы керек. Нағыз ер азаматтың Отан алдындағы борышы – елінің, жерінің, халқының тыныштығын қорғау. Осынау қасиетті борышты абыроймен өтеп қайтқан сіздермен біз мақтанамыз, – деген Медет Сәбитұлы антына адалдық танытқан Искандер Фазлиевті, Мұрат Мамедовты, Елнар Дүйсебаевты, Еркебұлан Әбдірахмановты және Қарағанды қаласында әскери борышын өтеп, келісімшартпен қызметте қалған Болат Ошақбаевтың анасы Меруерт Жұбайділдаеваны ауыл әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Бұдан кейін сөз алған ауылдық ардагерлер кеңесінің торағасы Орынбай Рысбаев жас патриоттардың әскери міндетті мінсіз атқарғаны қариялар үшін үлкен қуаныш екенін жеткізіп, аталық ақ батасын берді.
– Бір жыл деген қас-қағым сәт. Өтеді де кетеді. Бүгінде әскерге барудан жалтаратын жастар бар. Сендердің бүгінгі істерің – арттарынан ерген інілеріңе өнеге-үлгі – деді ардагер.
Жиында Мұхамед-Али Бекбауов пен Айжан Қарабаева аудандағы күзгі және көктемгі мерзімді әскерге шақыру кезінде ауыл-ауылдарды аралап, әскерге жарамды азаматтарды іріктейтіндерін жеткізді.
Жиын соңы мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасына ұласты.

Нұрасыл СҰЛТАНБАЕВ,
«Шұғыла».

Сәрсебі, 24 Қаңтар 2018 09:33

Кеңес беру кабинеті ашылды

«Қазақстан 2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру барысында аудан әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығы» жастарға кеңес беру кабинетін (үйлестірушісі Нұрбек Сәкенов) ашты. Кабинеттің ашылу рәсімінде сөз алған аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Белғали Сергеев: «Бүгін аудандық «Жастар ресурстық орталығында» жастарға кеңес беру кабинеті ашылды. Енді аудан жастары дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері құқықтық, психологиялық, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар бойынша кеңес ала алады. Жастарға аудан әкімдігі білім бөлімінің, аудандық орталық аурухананың, халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары кеңес беретін болады», – деді өз сөзінде.
Жастарға кеңес беру кабинетінің ашылуына аталған орталықтың ауылдық округтердегі кеңесшілері, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары,  аудан жастары қатысты.

Ильяс Қалыбеков, «Шұғыла».

Сәрсебі, 24 Қаңтар 2018 09:32

Азаматтар кеңес алды

Жуырда аудандық Әділет басқармасының басшысы Назира Құлманованың басшылығымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және Қазақстан Республикасы кейбір заңнамалық актілеріне бағалау қызметі мәселелері, қоғамдастық пен Қылмыстық процессуалдық кодексінің 122-бабының 3-бөлігімен көзделген қылмыстық іске дәлелдемелерді тіркеу талабын және тәртібін реттейтін түзетулерді іске асыру мақсатында тиісті үлгілерді және нұсқаулықтарды әзірлеудің мақсатына сай екендігі туралы, Адвокаттық қызметті реттейтін заңдарды талқылау, «Құқық қорғау қызметін процестік негіздерін жаңғырту сұрақтары бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасының шеңберінде адвокаттардың процессуалдық өкілеттіктерін кеңейту мәселелеріне арналған «дөңгелек үстел» отырысы өтті.
Отырысқа аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімшесінің басшысы Ж.Телеуов, аудандық мәслихат аппаратының басшысы М.Сәмбетов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының консультанты Т.Көпбергенов, аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Б.Тоқтасынов, аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы М.Байдалиев, облыстық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының менеджері Қ.Арынбеков, Жамбыл облысы адвокаттар алқасының адвокаты Ф.Бекмухамбетова, жеке сот орындаушының көмекшісі Д.Каленов, Жамбыл облысы нотариалдық палатасының нотариусы М.Смағұлов қатысты.
Басқосуға қатысушылар аудан азаматтарына кеңес берді.

Күнзипа Ситалиева,
«Шұғыла».

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша жергілікті атқарушы органдар басшылары мен түрлі деңгейдегі әкімдер, сондай-ақ ұлттық жоғары оқу орындарының ректорлары жыл ішінде атқарған жұмыстары жайлы халық алдында есеп беруі қажет. Осыған байланысты өткен сәрсенбі күні басталған ауданға қарасты ауылдық округ әкімдерінің халық алдындағы есеп беру кездесулері жалғасуда. Кездесулерде жергілікті тұрғындар округ әкімдерінің өткен жылғы атқарған жұмыстары туралы есебін тыңдап,  өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Ауылдың өзекті мәселелерін сөз етті.

Мектеп мәселесі көтерілді

Гродиково ауылдық округінің әкімі Болат Қожабековтің халық алдындағы есеп беру кездесуі Қызылдихан ауылында өтті. Аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қуаныш Бүркітәлиев қатысқан кездесуде ауыл тұрғындары округ әкімінің өткен жылда атқарған жұмысы мен алдағы жоспарлары жайлы баяндамасын тыңдап, көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Зейнеткер Алыбай Качканаков ауылдағы мектептің жалға алынып отырғанын, оқушылардың көптігіне байланысты көрші елді мекенде орналасқан мектепке қатынап оқып жүргенін айтып, осыған байланысты жұмыс жүргізуді сұрады. Өз кезегінде округ әкімі көтерілген мәселенің өте маңызды екенін айтып, алдағы уақытта осыған байланысты тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.

Қоңыртөбеліктердің айтары бар

Жамбыл ауылдық округінің әкімі Бақыт Садырбаев халық алдындағы есеп беру кездесуін Қоңыртөбе бастауыш мектебінде өткізді. Кездесуге аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Болат Бабашев қатысып отырды. Өткен жылы атқарылған жұмыстар жайында есеп беріп, алдағы жылдың жоспарларымен бөліскен округ әкімі тұрғындардың талап-тілектерін де елеусіз қалдырмады. Ауыл тұрғыны Бағила Манапова көшеде қаңғыбас иттердің көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, оларды жоюды сұраса, тағы бір тұрғын Алла Кривашова тұрмыс қалдықтарын пакетке салып шығарғанда қоқыстар шашылып кететінін, сол себепті халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты. Айтылған мәселелердің барлығы назардан тыс қалмайтынын айтқан ауыл әкімі оларды шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді. Жиын соңында ауыл тұрғыны Құралай Ошақбаева әкімнің есебіне оң бағасын беріп, жұмысына табыс тіледі.

Ауыз су жайы сөз болды

Жамбыл ауылындағы Жамбыл атындағы бастауыш мектепте Көлқайнар ауылдық округінің әкімі Дәрмен Дәулетовтың халық алдындағы есеп беру кездесуі өтті. Алдымен округ басшысы өткен жылы тындырылған жұмыстардың есебін беріп, жамбылдықтардың ұсыныс-тілектеріне ден қойды. Ауыл тұрғыны Адилби Усипбеков әкімнен жаңа мектеп ғимаратын соғуға ықпал етуді сұраса, Марат Сағынбеков Б.Еспенбетов көшесіне таза ауыз су жүйесі тартылса деген тілегін жеткізді. Дәрмен Дәулетов айтылған ұсыныс-тілектер жерде қалмайтынын айтты.

Тұрғындар тілегі елеусіз қалмайды

Көлқайнар ауылдық округінің әкімі Дәрмен Дәулетовтың есепті кездесуі Қостөбе ауылында жалғасты. Округ әкімінің есепті баяндамасын тыңдаған тұрғындар бірқатар мәселелерді сөз етті. Атап айтқанда, зейнеткер Тәжікүл Бозымбекова көше бойын жарықтандыруды өтінсе, жергілікті тұрғын Рзакүл Базарбекова ауылға балабақша салу мәселесін көлденең тартты. Ауыл әкімі қойылған сұрақтарды жауапсыз қалдырмады.
Есепті кездесуге аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітов қатысып отырды.

Құрбанәлі Шахабай,
«Шұғыла».

Серіктестер