Super User

Super User

Venenatis vitae, justo. Nullam dictum felis eu pede mollis pretium. Integer tincidunt. Cras dapibus. Vivamus elementum semper nisi. Aenean vulputate eleifend tellus. Aenean leo ligula

Сайт URL-ы: http://www.joomshaper.com
Сенбі, 03 Ақпан 2018 00:00

Балаларға арналған акция

Ақбұлым ауылдық кітапханасында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Мейірімді жүрек» атты мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған іс-шара ұйымдастырылды. «Қамқорлық» акциясы аясында өткен шара ақбұлымдық мүмкіндігі шектеулі 11 баланы қамтыды. Оларға арналып «Сказочная зима» атты ертегіден көрініс қойылды. Сайқымазақтар мен сиқыршылар сахнада өз өнерін паш етіп, мерекеге сай әндер шырқап, би биледі. Балалар өткен шараға дән риза болса, ата-аналары ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп жатты.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған шарада ақбұлымдық жеке кәсіпкер Бауыржан Жаппаров балаларға арнайы әкелген сыйлықтарын табыс етті.

Ильяс Қалыбеков,
«Шұғыла».

Сенбі, 03 Ақпан 2018 00:00

«100 кітап» жобасы аясында

Жамбыл аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен Б.Момышұлы атындағы орта мектептің акт залында «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша «100 кітап» жобасы аясында «Әлем әдебиетінің жауһарлары» атты кітап карнавалы өтті.
Кеш ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңдерінен құралған әдеби композициямен ашылып, таңдамалы шығармалары және өмір жолымен таныстырудан басталды. Кітап карнавалы барысында жастарға «100 кітап» жобасына енген әдебиеттер таныстырылып, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалары насихатталды.
Іс-шара барысында жиналған қауымның назарына ақын шығармаларынан кітап шеруі ұсынылды. С.Торайғыровтың «Зарландым» әңгімесінен сахналанған көрініс, «Қамар сұлу» романының кейіпкерлері Ахмет пен Қамарды сомдаған оқырмандардың өнері көп көңілінен шықты. Кеш барысында кітапхана оқырмандар Құрманғазының күйлерін орындады. «Ұлт рухын оятқан ақын» тақырыбында слайд көпшілік назарына ұсынылды.
Кітапханашылар «Кітап – мәдениет пен руханиятты қорғаудың теңдессіз қаруы» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, библиографиялық шолу жасады.
Кітап карнавалына Б.Момышұлы атындағы орта мектептің директоры Дәметкен Бегманова, мектеп оқушылары мен ұстаздары қатысты.

Күнзипа Ситалиева,
«Шұғыла».

Туған жер адам өмірінде киелі орын алады. Нақты осы жер оны елімен, өткенімен және болашақпен байланыстырады. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі. Осы орайда Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың: «Туған жердің қымбатын ғылым іздеп, кітап қарап сарылып, көзінің майын тауысқан, көшенің шаңын көп жұтқан шәкірт білмесе, кім біледі? Ыстық қой, шіркін туған жер!» деген сөзі есіме түседі.
Латын әліпбиіне көшу – Мәңгілік Елдің рухани жаңғыруының басы болса, «Туған жер» бағдарламасы жаңа ғасырдағы әлемдік, өңірлік, ішкі-сыртқы тәуекелдерге қарсы тұра алатын отаншылдық тәрбиенің, ұлтжандылықтың кепілі болмақ.
«Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға елім деген әр азамат үлес қосуы керек. Халқымыз:  «Отан отбасынан басталады» , – дейді. Яғни, Отанды сүюдің іргетасы алдымен туған жерге деген сүйіспеншіліктен қаланады. Сондықтан Мемлекет басшысы ұсынып отырған «Туған жер» бағдарламасын көп болып, қолдап алып кету керек. Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс. «Білімді – мыңды жығады, білекті – бірді жығады» дейді халық даналығы. Білім әлемдік, тәрбие ұлттық болуы керек. Латын қарпіне көшу туралы Елбасы өзінің мақаласында «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процестерінің ерекшеліктеріне байланысты» деп атап көрсетті. Бұл әлемдік ғылым саласын игеру үшін жасалып жатқан оқу бағдарламасына сәйкес бүкіл әлем қарым-қатынас жасайтын ағылшын тілін жастарымыздың тезірек игеруіне мүмкіндік жасайды. Сол үшін қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жүзеге асырылмақшы. Таяу онжылдықтың ұраны реализм мен прагматизм болуы керек дегенді меңзейді. Ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, өткеннің кейбір кертартпа тұстарынан арылуымыз керек дегенді айтады. Бұл – рухани жаңғырудың жалғыз шарты. Екі тарау мен алты тармаққа, алты тапсырмаға құрылған Елбасы бағдарламасы – рухани кеңістігіміздің жаңа жаңғыруының жарқын нышаны.
Туған жерге сүйіспеншілік туған тарихыңды тереңнен білуден басталады. Сондықтан, білім беру саласында өлкетану жұмыстарын жүргізіп, тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру қажет. Ел Президенті ұсынған «Туған жер» бағдарламасының мәні осында.
Айжан Тасыбекова,
Қостөбе бастауыш мектебінің мұғалімі.

Сенбі, 03 Ақпан 2018 00:00

Мы поддерживаем задачи

Ежегодное Послание Президента РК – одно из важных политических событий для нашего народа. Каждое новое обращение Главы государства народу давно уже стало этапным рубежом развития нашего государства, стратегически важным документом. Как отметил Президент страны Н.Назарбаев: «Сегодня мир вступает в эпоху Четвертой промышленной революции, эру глубоких и стремительных изменений: технологических, экономических и социальных». И мы, граждане Казахстана, считаем, что десять очередных задач, поставленных Президентом, являются следующим этапом развития нашего государства. Индустриализация на основе новых технологий, развитие ресурсного потенциала, внедрение «Умных технологий», повышение эффективности транспортно-логистической инфраструктуры, «перезагрузка» финансового сектора, несомненно, дадут новый импульс развития экономики, вырастет производительность труда, вырастут новые «умные» дома, а города и села приобретут свои неповторимые архитектурные облики.
Наш Президент всегда уделяет этому вопросу особое внимание. Нас, работников образования, особо интересует направление в образовании. Это внедрение в систему образования абсолютно новых программ, учебников и стандартов. Мы согласны с мнением Президента, что потребуется пересмотреть подходы к обучению и росту квалификации педагогов. Многие учителя уже прошли курсы по обновленному содержанию обучения и приступили к реализации внедрения новых технологий.
Время показывает, что владение одним или двумя языками уже недостаточно для изучения и внедрение в жизнь новых технологий. Мы поддерживаем идею, что будущее казахстанцев за свободным владением казахским, русским и английским языками. Это дополнительные возможности молодому поколению, найти себя в жизни.
Все нововведения в образовании в будущем должны дать положительные результаты. Время требует от нас творческого подхода к своей работе. И мы, преподаватели средних школ, чувствуем всю ответственность за решение поставленных задач.
Мы верим нашему Президенту и приложим все усилия, чтобы намеченные планы претворились в жизнь во благо нашей Родины.
С. Абдрахманова,
учитель русского языка и литературы средней школы имени Ю.Гагарина.

Сенбі, 03 Ақпан 2018 00:00

Болашаққа бастайтын жол

Елбасының «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы бәрімізді еліміздің жаңғыру жолындағы жарқын істерге жұмылдырып отыр.
Мемлекет басшысы бұл жолы да тәуелсіз Қазақстанды жарқын болашаққа бастайтын бастамалар мен міндеттерді алға қойды.
Ұлт Көшбасшысы биылғы Жолдауында жетінші басымдық – адами капиталдың жаңғыру негізі екенін атап көрсетті. Білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету арқылы білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту екенін алға тартты. Осы бағытта мамандардың аянбай жұмыс істеу қажеттігін міндеттеді. Үнемі ізденіп, жаңашылдыққа ұмтылу кез келген мұғалімнің кәсіби ұстанымы болуы тиіс. Қазіргі кезде еліміздің орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу жұмыстары басталып кеткен. Елбасымыз бұл үдерістің 2021 жылы аяқталатынын айтты.
Б.Кейкиев атындағы орта мектеп жаңартылған білім беру жүйесіне көшкен. Психолог ретінде ашық сабақтарға қатысқанда байқағаным, жаңа жүйе мұғалімдердің заман көшінен қалмай, бәсекеге қабілетті болуы үшін өз біліктіліктерін үнемі ұштап отыруды талап етеді. Толассыз еңбек, үнемі  ізденіс  өз  нәтижесін беріп отыр. Елбасы жаңартылған мазмұнға көшкен мұғалімдердің жалақысын 30 пайызға көбейтуді тапсырды.
Елбасымыз әрбір қазақ баласының үш тілді меңгергенін қалайды, латын әліпбиін жақтайды. Себебі, біріншіден, тіл тазаланады. Орыс тілінен енген кейбір әріптер, екіншіден, терминдер қысқартылады. Осындай  тәсілдерді қарастыра отырып қазақ тілін халықаралық деңгейге жеткізуге мүмкіндік аламыз.
Цифрлық білім беру ресурстары да назардан тыс қалмайды. Бүгінде ақпараттық коммуникациялық және цифрлық білім беру технологиялары ғаламдық дамудың көшбасшысына айналып отыр.
Цифрлық оқыту мектеп бағдарламасында да өз орнын тауып, нәтиже көрсетуде. Осы мәселенің бәрі мектеп залында өткен жиында сөз болды.
Елбасы Жолдауынан рухани күш алған ауыл тұрғындарымен бірге Б.Кейкиев атындағы орта мектептің ұжымы да үлкен күш-жігермен, жаңашыл талаппен сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында аянбай еңбек ететініне сенім білдірді. 

Бақыткүл Жолдасбаева,
Б.Кейкиев атындағы орта мектептің педагог-психологы.

Сенбі, 03 Ақпан 2018 00:00

Басқармадағы басқосу

Жуырда Жамбыл ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауындағы тоғызыншы міндетке арналған жиын өтті. Басқарманың бөлім басшылары мен мамандары қатысқан жиынды басқарма басшысы Қуаныш Тұрсынов жүргізді.
Басқосуда қатысушылар Елбасы Жолдауымен етене танысқандарын, еліміз үшін маңызды құжатқа қолдау білдіріп отырғандарын тілге тиек етті. Жолдаудағы негізгі 10 міндетке кеңінен тоқталып, ой-пікірлерін ортаға салды. «Қазақстан-2050» даму стратегиясын, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын, «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасын, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді стратегиялық жоспарын сөз етіп, бұл мемлекеттік бағдарламалардың сөзсіз орындалуы қажет екенін айтты.
Жиынды қорытындылаған Қуаныш Расылханұлы басқарма мамандарына салық қызметінің сапасын жақсарту үшін жаңа тех­нологиялар мен жаңа енгізілімдерді игере отырып, сапалы қолдануды тапсырды.
Ильяс Қалыбеков,
«Шұғыла».

Сенбі, 03 Ақпан 2018 00:00

Маңызды мәселеге мән берілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жүзеге асырылуға тиіс 10 негізгі міндетті атап көрсетті.
Жолдауда сапалы өзгерістерге әкелетін тапсырмалар мен міндеттер көп. Мәселен, бірінші кезекте өскелең ұрпақты мектепке дейінгі балалар мекемелерінен бастап дамытуды қамтамасыз ету ісі маңызды. Өйткені адам қабілетінің 80 пайызы 5 жасқа дейін қалыптасады.
Адами капитал сапасын жақсарту үшін білім беру саласында қазақ тілінің басымдығын арттыру – кезек күттірмес мәселе. Президент тек экономиканы ғана емес, сонымен қатар ғылым мен білім, денсаулық сақтау салаларын барынша дамытуға көңіл бөліп отыр. Өмірдің басты құндылығы – адам денсаулығы мен білімнің жетілуі. Жолдауда бұл салалар бойынша мынадай басымдықтар нақтыланған: білім беру жүйесінің барлық деңгейі заман шындығы мен экономика сұраныстарына жауап беруі тиіс. Бұл арада мұғалім мамандығының беделін арттыру керек. Ел болашағы – жастардың қолында дейміз. Елбасымыз әрбір іс пен тәжірибенің нәтижесін жастарға арнап, келелі ой салуда. Мақсат – жастарды келешекте жай ғалым, ғылым докторы емес, халықаралық деңгейде жұмыс істей алатын білікті маман болуға бейімдеу.
Адами капиталдың бір көрсеткіші – денсаулық. Елімізде өмір сүру ұзақтығы 4,5 жылға артып, орташа өмір сүру жасы 72,5 жасқа жеткені белгілі. Бұл – мемлекет тарапынан жүйелі түрде жасалған қамқорлықтың көрінісі. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да үздік денсаулық сақтау ісі мен дені сау ұлт қалыптастырудың нақты бағдарын белгілеп берді. Әлбетте, халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне байланысты медициналық қызмет көрсетуге сұраныс та арта түсетіні аян. Бұл ретте стационарлық емдеуден гөрі аурудың алдын алу анағұрлым тиімді. Сондықтан Елбасы қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейтуді тапсырып отыр.
Қорыта айтқанда, бұл Елбасымыздың ұтымды қағидасы, халқына деген үндеу өсиеті деп білемін. Кемеңгер Көшбасшы салған сара жолдан ауытқымай, биік шыңдарды бағындырайық.

 Маржанкүл Ақтанова,
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы Саяси кеңесі Бюросының мүшесі.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Орталық атқарушы органдар басшысының, әкімдердің, ұлттық жоғарғы оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығына сәйкес 2018 жылдың 17-26 қаңтары аралығында Жамбыл ауданы бойынша ауылдық округ әкімдерінің өз елді мекендерінде тұрғындар алдында есеп беру кездесулері өтсе, 31 қаңтарда аудан әкімінің ауылдық округтерде есеп беру кездесулері басталды.
Өмір шырайын ашқан әрбір жақсы істі, көңілге жаққан жаңалықты, өңір жетістігін, алда атқарылар қабырғалы жобаларды естіп, көрудің өзі бір ғанибет. Аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлы Қазанбасовтың есептік кездесуде жасаған баяндамасынан осыны байқадық. Сәрсенбі және бейсенбі күндері аудан басшысымен бірге халық алдында есебін берген Ерназар, Өрнек, Тоғызтарау, Көлқайнар, Пионер, Ақбастау ауылдық округтерінің әкімдері Мырзахан Әбдіқұлов, Қанат Темешбаев, Абилаш Жапарқұлова (әкімнің міндетін уақытша атқарушы), Дәрмен Дәулетов, Самат Селеубаев, Нұрсұлу Дүзееваның сөздерінен де олардың құрғақ уәде бермейтіні аңғарылып тұрды. Бұл кездесулер бұқара мен биліктің арасындағы байланыстың көрінісі десек те болғандай.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Рүстем Бегалиев, аудан әкімдігінің бөлімдері мен мекеме-ұйым басшылары қатысқан кездесулерде өңір басшысы жыл ішінде атқарылған жұмыстарды тілге тиек етіп, ауданда халық игілігі жолында тындырылған тірліктерді түгел қамтып, биыл атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Аудан әкімінің есебі нақты талдаулар мен сараптауларға, көпшілікпен ашық пікірлесуге құрылуымен ерекшеленді (Жамбыл ауданы бойынша ауылдық округ әкімдері есебінің тезистері мен ауданның 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша тезистері аудандық газет бетінде жарияланған).

Ерназар

Жол биыл жөнделеді

Ауыл тұрғыны Байсынқұл Сәлімов округте барлық тірліктер рет-ретімен, уақытында орындалып жатқанын сөз ете келе, елді мекенді газдандыру мәселесін көтерді, Тараз-Қаратау бағытындағы ауылдың үстімен өтетін автобустың тоқтап қалғанына қынжылыс білдіріп, оның қайта жүруіне ықпал етуін сұранды. Ол сондай-ақ көктем мезгілінде қаптайтын шегірткені жою жолдарын қарастыруға ұсыныс білдірді. Зейнеткер Керімбек Әбенов Ерназар-Қойгелді ауылдары арасында автожолды жөндеу жұмыстары қолға алынса деген уәжін айтқан. Оның бұл сұрағына жауап қайтарған аудан әкімі Бақыт Қазанбасов: – Биыл Ерназар-Қойгелді бағытындағы тоғыз шақырым автожолды орта жөндеу жұмыстарына 45 млн теңге бөлініп, асфальт төселетін болады, – деді.
Кездесуде сөз алған ауыл тұрғыны Қыдыр Бестереков те өз ойын ортаға салып, аудан, ауыл әкімдерінің жылдық есептеріне қанағаттанарлық деген баға берді. Осындай жоғары бағаны ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлепберген Рүстембеков те беріп, әкімдердің жұмысына сәттілік тіледі.

Өрнек

Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды


Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оңласын Атыхаев аудан және ауыл әкімдерінің есебін жоғары бағаласа, зейнеткер Қабыл Үсіпов А.Омаров көшесін жарықтандыруға қойылған трансформатор істен шығып жөндеуге жіберілгенін, бүгінде уақытша жеке адамның трансформаторын пайдаланып отырғанын жеткізіп, аудан әкімінен осы мәселенің оң шешілуіне ықпал етуін сұрады. Ал, ауыл тұрғыны Тастемір Бейжігітов ауылда әуе байланыс желісі жылдамдығы нашар екенін айтып, бұрынғы жер асты кабельдік жүйені қайта іске қосып беруін өтінсе, зейнеткер Болсынбек Сариев таза ауызсу Молдағұлова мен Кемелбай көшелеріне тартылмағанын, Омаров, Гагарин, Бекпенбет, Мұратбаев көшелеріне жетпейтінін жеткізіп, осы мәселенің тез арада шешілуіне ықпал етуін сұрады.

Тоғызтарау

Көптің көксегені – көгілдір отын

Жиында сөз алған ауыл тұрғыны Кендебай Оңғарбаев мектеп қабырғасындағы оқушылар санының жылдан-жылға артуына байланысты мектеп тарлық етіп жатқанын, осыған орай ауылдан заман талабына сай білім беру мекемесі салынса деген тілегін жеткізді. Ал, ауыл және аудан әкімінің жыл ішінде атқарған жұмысын жоғары бағалаған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рысбек Аптауов: – «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауылға таза ауызсу кірсе, көгілдір отын тартылса, – деді.

Көлқайнар

Ауылға газ келе ме?


Тастөбе ауылының тұрғыны, ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Омаров ауылішілік көше жарығын жүргізуге ықпал етуін сұраса, зейнеткер Қалдыбай Блешбаев ауылға 140 орындық балабақша қажеттігін, сонымен қатар тұрғындардың көптен бері күткен, үкілеген үміті – ауылға газ кіргізу мәселесін алға тартты. Балабақша мәселесі бойынша аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова: «Тастөбе ауылына арнайы балабақша салуға жер телімі, ЖСҚ, тағы басқа құжаттар әзірленген. Ендігі кезекте балабақша соғатын демеуші кәсіпкер іздестіру қажет», – деп жауап берсе, аудан әкімі Бақыт Қазанбасов Жамбыл ауданының 13 елді мекенін газдандыру мемлекеттік бағдарламаға енгізілгенін, жуық арада шешімін табатынын айтты. Ал, ауыл тұрғыны Қойшыбай Амандосов Тастөбе ауылында мал саны көбейіп келетінін айтып, Суперфосфатқа берілген жер телімін Көлқайнар ауылдық округіне кері қайтаруға ықпал жасауын сұрады. Бұл сұрақ бойынша аудан басшысы мәселе зерделеніп, тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.

Ақбастау

Ескі бағандар ауыстырылса...


Есепті кездесуде сөз алған Шоқай ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Мамбеталы Зарпулов «Ауылда мерекелік даталарға байланысты іс-шаралар өткізетін және спортпен балалардың шұғылдануына ғимарат жоқ. Сондықтан ауылға клуб соғылса және екі ауылдағы ескі бағандар мен ескірген электр сымдарын жаңалап бере аласыздар ма?» деген сауалын жолдады. Бірлесу-Еңбек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдімәжит Жанқоразовтың «Ауылдық клубқа табиғи газ қосу қажет» деген өтінішіне аудан әкімі Бақыт Қазанбасов клубқа газ қосуға қаражат қойылып, 2018 жылдың ІІ тоқсанында іске асырылатынын жеткізді.

Пионер

Шайданаға жаңа мектеп керек

Зейнеткер Х.Дүйсенова: «Жыл сайынғы аудан және ауыл әкімдерінің есепті кездесулерінде Пионер, Шайдана елді мекендеріне табиғи газ құбырын тарту мәселесі көтеріледі. Шын мәнінде ауылға қашан газ келеді?», – деді. Ал, Шайдана ауылының тұрғыны Ж.Әбілдаев: «Ауылдағы ескі мектеп қазіргі заман талабына мүлдем сай келмейді. Өздеріңізге белгілі, Шайдана ауылынан 100-ден аса оқушы Пионер ауылына барып білім алғандықтан, оқушылар тасымалдайтын арнайы екі автобус қарастырылған, дегенмен ол автобустардың жүргенінен бұзылғанын жиі көреміз. Балалардың мына суықта Пионер ауылындағы мектепке жаяу барып келуі ата-аналарды алаңдатады. Сондықтан осы екі автобусты жаңасына ауыстыру қажет, не болмаса Шайдана ауылына 9 сыныптық жаңа мектеп салу керек», – деді. Сондай-ақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Қоңырбаев Шайдана ауылындағы бұрынғы фельдшерлік пунктті қайта жаңғыртуға ықпал жасауын сұрады.

Өткен жыл ауылдарымыз үшін өте табысқа толы жыл болды. Бұған біз ауданға қарасты округ әкімдерінің халық алдындағы есеп беру кездесулерінде көз жеткіздік. 17 қаңтар күні басталған есеп беру кездесулері жұма күні аяқталды. Ауыл тұрғындары көкейде жүрген көп сауалды ортаға салып, түйткілді мәселелерді көтерді. Округ әкімдері де өз кезегінде тұрғындардың тілегін елеусіз қалдырмай, әр сұраққа жіті назар аударып, тұщымды жауаптар берді.

Әкімнің жұмысына – оң баға

Өрнек ауылдық округінің әкімі Қанат Темешбаев өзінің есеп беру кездесуін Жұма стансасы тұрғындары алдында өткізді. Аталмыш кездесуге аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспар­лау бөлімінің басшысы Қуаныш Бүркітәлиев, аудандық мәслихат депутаты Талап Әбдібеков қатысып отырды. Округ әкімі өткен жылы тындырылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары жөнінде баяндама жасап, жұмалықтардың талап-тілектеріне көңіл аударды. Зейнеткер Жақсыберген Есембеков стансадан бейітке дейін жол салынса деген ұсыныс білдірсе, ардагерлер кеңесінің төрағасы Оңласын Атыхаев әкімнің жұмысына оң бағасын беріп, ел игілігі жолында жасап жатқан қызметі үшін алғысын білдіріп, рахметін айтты.

Мектеп жайы алаңдатады

Бесжылдық ауылының тұрғындары алдында Жамбыл ауылдық округінің әкімі Бақыт Садырбаев есеп берді. Бұл кездесуге бесжылдықтықтар өте көп жиналды. Алдымен өткен жылдың қорытындысы туралы баяндама жасаған округ әкімі шығып сөйлеушілерге кезек берді. Алғаш боп сөз алған жергілікті тұрғын Күлжамила Байбекова ауылдағы шағын орталықта балалар санының көбеюіне байланысты қосымша бөлмелер қосып беруді сұрады. Бұған жауап берген Бақыт Садырбаев аталған мәселе бойынша аудан әкімдігі білім бөліміне хат жолданып, шешу жолдары қарастырылатынын айтты. Одан соң ауыл тұрғыны Шаяхмет Болысбаев ауыл тұрғындарын алаңдатқан өткір мәселені қаузады. «Бесжылдық ауылындағы Ә.Ысмайылұлы атындағы орта мектептің 4-корпусы апаттық жағдайда тұр. Ол жердегі спортзал, асхана және акт залының жұмыстары тоқтауда. Осы мәселені қозғап келе жатқанымызға біраз уақыт болды, бірақ ешқандай нәтиже болмағаны бәріміздің жанымызға батады. Сондықтан осы мәселені облыс, аудан және ауылымыздан сайланған мәслихат депутаттарымен бірге жұмыс жүргізіп, биылдан қалдырмай шешіп берулеріңізді көпшіліктің атынан сұранамын», – деді ол. Жиын соңында зейнеткер Құлынбет Жүндібаев округ әкімінің есебіне жақсы бағасын берді.

Электр бағандары ауыстырылса...

Тоғызтарау ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Абилаш Жапарқұлованың 2017 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп беру кездесуі Құмсуат ауылында жалғасты. Есепті баяндамасынан соң Абилаш Дәулетқызы тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға назар аударды. Ауыл тұрғыны Мадыхан Мәмбеталиев ауыл ішіндегі электр бағандары мен сымдарының ескіруіне байланысты ауыстырып берсе деген тілегін жеткізді. Жергілікті тұрғынның алаңдайтындай жөні бар. Тозығы жеткен электр сымдары мен бағандары тұрғындардың өміріне қауіп төндіруі әбден мүмкін. Сондықтан бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Алдағы уақытта бұл ұсыныс оң шешімін табады деген сенімдеміз.
Есеп беру жиынына аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Сәкен Нұржаубаев қатысты.

Жолға асфальт керек

Қаракемер ауылдық округінің әкімі Ердос Бейсенов  Сеңгірбай ауылы тұрғындарының алдында 2017 жылы атқарған жұмыстары бойынша есебін берді. Есепті баяндамадан соң Ердос Елібайұлы тұрғындар ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ауыл тұрғыны Ерғазы Альжанов Сеңгірбай мен Шайдана ауылдарының арасындағы 3 шақырым жолды асфальттап беруді сұраса, көпбалалы ана Жаңакүл Мұсабаева: «Мен көпбалалы анамын, қолымда анасы қайтыс болып кеткен төрт немерем бар. Осы немерелерім жартылай жетім болғандықтан, мемлекет тарапынан берілетін тұрғын үй кезегіне тұрғызуға ықпал жасауыңызды сұраймын», – деді.
Жиынға аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасынов қатысты.
Құрбанәлі Шахабай,
«Шұғыла».

Сәрсебі, 31 Қаңтар 2018 11:18

Заңның үстемдігі — маңызды

Жуырда аудан әкімдігінің мәжіліс залында Елбасының биылғы Жолдауда жүктеген міндеттері бойынша жиын өтті. Ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, аудандық мәслихаттың депутаттары, мектеп директорлары мен медицина саласының қызметкерлері қатысқан отырыста аудан әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлім­шесінің басшысы Жомарт Телеуов құнды құжатта айтылған мәсе­лелер туралы кеңінен сөз қозғады.
– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауының тоғызыншы бағытында заң үстемдігін жетілдіруге, жемқорлықпен күрес жүргізуге тиісінше назар аударылған, – деді Жомарт Тешебайұлы. – Кон­ституция бойынша Қазақстан – құқықтық мемлекет. Сол құқықтық мемлекеттің өркен жаюына өзіндік кедергі, зиян келтіріп жатқан мәселе – жемқорлық. Жолдауда атап көрсетілгендей, соңғы 3 жылда республика көлемінде жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды. Осы уақыт ішінде олардан 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді.
Ал, ауданымызда 2017 жылдың 12 айында 28 қылмыстық іс бойынша 9 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды және олар келтірген 12000000 теңге залалдың 9000000 теңгесі мемлекет пайдасына өндірілді.
Мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналады. Атап айтқанда, азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуға тиіс.
Бүгінде сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылуда. Заңнамаға қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшейтуді, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілді. Адвокаттардың құқықтары мен сотқа дейінгі сатыдағы сот бақылауының аясы кеңейді. Құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік шегі айқындалды.
Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстары жалғаса бермек. Қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету сала­сын­да көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелер белсенді түрде енгізілмек.
Біз саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің арқасында экономикамызды, саясатымызды және санамызды жаңғыртуға кірістік. Технологиялық және инфрақұрылымдық тұрғыдан дамудың жаңа кезеңіне тың серпін берілді. Конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы балансты нақтылай түсті. Біз ұлттық сананы жаңарту үдерісін бастадық. Бұл базалық үш бағыт Қазақстан жаңғыруының жүйелі үш тұғыры болып саналады.
Сыбайлас жемқорлық сипатын­дағы келеңсіз көріністермен күрес жүргізу – ұзақ мерзімге арналған мемлекеттік шара. Осы кеселге қатаң бағытталған мемле­кеттік бағдарлама жоғары деңгейде жауап­тылықпен іске асырылуға тиіс. Сонда ғана Елбасы өз Жолдауында жүктеген міндеттер жүзеге аспақ.
Жиынға қатысушылар да өз ой-тұжырымдарын ортаға салды.

Ерлан ҚАЛИСАЕВ,
аудан әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімшесінің бас маман-заңгері.

Серіктестер