Super User

Super User

Venenatis vitae, justo. Nullam dictum felis eu pede mollis pretium. Integer tincidunt. Cras dapibus. Vivamus elementum semper nisi. Aenean vulputate eleifend tellus. Aenean leo ligula

Сайт URL-ы: http://www.joomshaper.com

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің Жамбыл ауданындағы жұмыс сапары Қызылқайнар ауылдық округіне қарасты Қызылқайнар елді мекеніне қауіп төндіріп отырған Талас өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарымен танысудан басталды. Өткен жылы аудандық бюджеттен қарастырылған 39 миллион теңгеден астам қаржыға өзен жағалауындағы бөгеттер нығайтылды. Ағымдағы жылы өзеннің оң және сол жақ беттерінің 9353 метр қашықтығына жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат бөлу мәселесі туындап отыр.
Келесі сәтте өңір басшысы «Алтын белгі» өндірістік кооперативінде болып, 22 шаруа қожалықтың басын біріктірген кооперативтің тыныс-тіршілігімен танысты. Өткен жылдың наурыз айында құрылған өндірістік бірлестіктің иелігінде 275 бас ірі қара мал бар. Оның 148 басы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы сатып алынған. Құрылғаннан бері кооператив мүшелері 100 тонна сүт өндірген.
Асқар Исабекұлы Айшабибі ауылдық округінде орналасқан «Super Pharm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бір реттік қолданылатын медицина бұйымдарын шығаратын зауытының да жұмыс барысымен танысты. Медициналық мекемелерді халат, бинт, бахил мен бетперде, төсеніш секілді бұйымдармен қамтамасыз ететін кәсіпорын 2011 жылдың желтоқсан айында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы іске қосылды. 2017 жылы 1 миллиард 200 миллион теңгенің өнімін өндірген серіктестікте 250 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Сондай-ақ, өткен жылы зауыт жанынан жаңа өндірістік нысанның құрылысы басталды. Ағымдағы жылдың қазан айында пайдалануға берілетін зауыттың әзірге Орталық Азия мемлекеттерінде баламасы жоқ. Өңір басшысы нысан жұмысына оң бағасын беріп,  аудан әкімі мен салалық басқарма басшыларына өнім өндіру көлемінің артуына байланысты зауыт аумағынан шағын подстанция салу мәселе­сін реттеуге тапсырма берді.
Келесі сәтте облыс әкімі Айшабибі шипажайында болды. Өткен жылдың қыркүйегінде іске қосылған емдеу-сауықтыру кешені бір мезгілде 120 емделушіге қызмет көрсетеді. Шипажайда тірек-қимыл аппараты және жүйке жүйесі, тері ауруларымен сырқаттанғандарға сапалы медициналық қызмет көрсетіледі. Өңір басшысы жауапты тұлғалардың назарын шипажайды облыс тұрғындарының денсаулығын нығайтуда оңтайлы пайдалану жайына аударды. 
Сонымен қатар, облыс әкімінің ауданға жұмыс сапарында Бектөбе ауылындағы «Оңтүстік Халал тағамдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі жұмыстың барысы да таныстырылды. 2016 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы іске қосылған кәсіпорынның өндірістік әлеуеті тәулігіне 40 тонна етті құрауға қауқарлы. Өткен жылдың тамыз айында серіктестік өз өнімдерін Кувейт, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері сынды мемле­кеттерге экспорттау мақсатында келіссөздер жүргізген.  Өнімді аталмыш мемлекеттерге шығаруда ондағы санитарлық нормаларға икемделу ұзақ уақытты алған. Соған қарамастан кәсіпорын Иранға өнімді экспорттауды бастады.
Мұнан соң, өңір басшысы Аса ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектепке ат басын бұрып, білім беру ошағының бүгінгі жай-күйін көзбен көрді. Қазір мектепте 788 оқушы білім алып жатыр. Оларға білім беру, тәрбиелеу ісіне 72 педагог тартылған. Білім беру ошағының көп уақыттан бері пайдаланылмай тұрған бір корпусы күрделі жөндеуді қажет етеді. Ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болса, онда бастауыш сыныптарын көшіруге мүмкіндік бар.
Облыс әкімі Аса ауылындағы «Амангелді газ өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Тараз филиалында да болды. Кәсіпорында 372 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Негізгі шикізат қоры Қызылорда облысындағы «Құмкөл» және «Ақкөл» кен орындарынан жеткізілетін зауытта АИ-80 маркалы бензин, дизель отыны, керосин, мазут және жеңіл дестилятор өңделеді. Дегенмен қазіргі нарықтағы мұнай бағасының құбылмалы болуына байланысты шикізат жеткізушілерімен келісім қысқа мерзімге жасалынған. Соның салдарынан мұнай өңдеу зауыты бүгінде шикізат тапшылығын айқын сезініп отыр. Тағы бір айта кетерлігі, зауытта 40 мың тонналық жоғары октандық бензин шығаратын тұрақтандыру блогын және сыйымдылығы 4160 тонна болатын сұйытылған газ сақтау қоймасын салу жобалары іске асырылып жатыр.
Асқар Мырзахметов өңірге жасаған сапарының қорытындысы бойынша аудан активімен жиын өткізді. Әуелі өңір басшысы қант қызылшасының зауытқа өткеруде туындаған түйткілге қатысты салалық басқарма басшылары мен жауапты тұлғаларды сұрақтың астына алды. Алайда, олардың ешқайсысы аудан бойынша 2000 гектар жерге егілген қант қызылшасының зауытқа небәрі 37 пайызының өткерілу себебін түсіндіре алмады. Мұнан бөлек, аудандағы денсаулық сақтау саласында да мәселе шаш-етектен. Аймақ тұрғындары білікті дәрігерлердің көмегіне зәру. Сонымен бірге, кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласының да жай-күйі сын көтермейді. Себебі, қазіргі таңда ауданда 49 кәсіпкерлік нысан жұмыс істемей тұрған көрінеді.
Жалпы, Жамбыл ауданында ауыл шаруашылығы мен кәсіп­керлік салаларының дамытуға мүмкіндік мол. Тек, жергілікті атқарушы билік өз жұмысын тиімді атқара білсе болғаны. Аудан атқамінерлерінің назарын дәл осы жайтқа аударған Асқар Мырзахметов өңір әлеуетін арттыруда экономикаға ден қою қажеттігін тілге тиек етті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Сенбі, 10 Ақпан 2018 00:00

Ақиық ақынға арналды

Т.Рысқұлов атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зульфия Қалматаеваның ұйымдастыруымен «Поэзияның биік шыңы – Мұқағали Мақатаев» атты мектепішілік байқау болып өтті.
Байқау үш кезеңнен тұрды: «Ғасырда бір туатын дарабоз» деп аталған бірінші кезеңде оқушылар ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқудан сынға түсті. Екінші «Жырлайды жүрек» кезеңінде ақынның сөзіне жазылған әндерді орындаса, «Әлі талай жыр болып жазыларсың» атты үшінші кезеңінде қатысушылар ақиық ақынға арнаған өлеңдерін оқыды.
Байқау барысында Зульфия Қалматаева ақын туралы естеліктер айтып, арнау өлеңін тарту етсе, ауыл кітапханашысы Ақмарал Қалабаева кітап көрмесін ұйымдастырды.
Байқау нәтижесі бойынша «Ғасырда бір туатын дарабоз» бөлімінде І орынды 6-сынып оқушысы Еркін Өтеген, ІІ орынды 10-сынып оқушысы Лаура Тұрсынбай мен 9-сынып оқушысы Нұрлан Эмиров, «Жырлайды жүрек» бөлімінде І орынды 9-сынып оқушысы Тоғжан Бекжанқызы, ІІ орынды 8-сынып оқушысы Аружан Сұлтанова иеленді.
«Әлі талай жыр болып жазыларсың» атты кезең барысында өлең жазуға қабілетті бірнеше оқушының бар екенін аңғардық. Бұл бөлімнің қорытындысында 10-сынып оқушысы Лаура Тұрсынбай бас жүлдені жеңіп алса, І орынды 8-сынып оқушысы Аяулы Рәпілбек, ІІ орынды тағы бір 8-сынып оқушысы Ақылай Мырзахан, ІІІ орынды 7-сынып оқушысы Ерсұлтан Андабай олжалады.
Марапаттау сәтінде мектеп директоры Асылбек Қонаров ақын өмірі мен шығармашылығынан сыр шертіп, марапатталған оқушыларға ізгі тілегін білдірді.

Зоя Ходжалепесова,
Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің әлеуметтік педагогі.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру және «Қазақстан-2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында аудан әкімдігі «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Саламатты Қазақстан» атты  спорттық шара өтті. Шара басталар сәтте «Жастар ресурстық орталығының» директоры Маханбет Рақымжанов сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аталмыш жарысқа ауданға қарасты ауылдық округтерден 100-ден аса қатысушы асық ату, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, үстел теннисі сынды спорт түрлерінен сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады. Жарыс қорытындысы бойынша асық атудан I орынды өрнектік Қ.Райымбек, үстел теннисінен асалық Ж.Ағайдаров, тоғызқұмалақ ойынынан Ақбастау округінен келген А.Әбілқас алса, шахмет пен дойбыдан I орынға Д.Мұқашхан мен Д.Жаманқұл лайық деп танылды. Жарыста жүлделі орынға ие болған қатысушыларға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.
Құрбанәлі Шахабай,
«Шұғыла».

Сенбі, 10 Ақпан 2018 00:00

Жас домбырашылар байқауы

Сәрсенбінің сәтті күнінде Жеңістің 30 жылдығы атындағы орта мектептің акт залында М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің ұйымдастыруымен «Атадан қалған мұрамыз» атты домбырамен күй орындаудан аудандық іріктеу байқауы өтті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған байқауға қатысушы үміткерлер әр қазақтың төрінен орын алатын киелі домбырамен күй атасы Құрманғазы мен Дина секілді өнер иелерінің күйлерін бар ынтамен орындап шықты. Әуелі сахна төріне көтерілген жас домбырашылар мен қобызшылар ансамбльдері сайысқа түссе, кіші топтар мен үлкен топтар жеке күй орындаудан бақ сынады.
Ұлтымыздың дәстүрлі өнеріне ден қойған жас өнерпаздарды қазылар алқасы сахналық мәдениетіне, орындаушылық қабілетіне және киім үлгісіне қарай бағалады. Нәтижесінде, кіші топ бойынша «Көрұғлы», «Ақ қайың» күйлерін орындаған Нұрзат Рахманберді бас жүлдеге лайық деп танылып, облыстық байқауға жолдама алды. Сондай-ақ Бақдәулет Жанатбек бірінші орынды жеңіп алса, Толғанай Жақсығұл екінші орынды иеленіп, Нұрдәулет Жақсығұл мен Дариға Орынбай үшінші орынға тұрақтады. Ал, үлкен топтан Құрманғазының «Қайран шешем» күйін орындаған Сұлтан Әлімқұл жүзден жүйрік шығып бас жүлдеге қол жеткізді. Көркемдігімен, орындаушылық шеберімен көзге түскен Жұлдызай Кеңгесбаева бірінші орынды иемденсе, Нұрсұлтан Келгенбайға екінші орын бұйырып, Нұрдәулет Әлімқұл үшінші орынды қанағат тұтты. Ал «Елигай», «Балауса», «Балбұлақ», «Көкіл», «Ақжелең» ансамбльдері арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Байқау соңында қазылар алқасының төрайымы, аудан әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Әлия Омарова, «Жастар ресурстық орталығының» директоры Маханбет Рақымжанов жеңімпаздарды құттықтап, ұлттық аспапта ойнап, толайым табыстарға жете берулеріне тілектестігін жеткізді.

Мақсат Жұмабаев,
«Шұғыла».

Сенбі, 10 Ақпан 2018 00:00

Ардагерлер жиыны өтті

Ардагерлер – қоғамның ақылшысы. Ел өмірінде болып жатқан елеулі оқиғалардан ардагерлер қауымы сырт қалып көрген емес. Маңызды бастамалар мен ел игілігі жолында жасалып жатқан жұмыстарға қашанда қолдау көрсетіп, үн қосып келеді. Елбасы да ардагерлерді ұлықтап, оларды кейінгі жастарға үлгі ету керектігін жиі айтып жүр. Жыл сайын зейнетақыны көбейтіп, зейнеткерлерді қуанышқа бөлеуі – Ұлт Көшбасшысының ардагерлерге деген қамқорлығының белгісі.
Елбасының биылғы Жолдауын ардагерлер ерекше ықыласпен қабылдады. Жолдауда айтылған базалық зейнетақыны, жалпы алғанда 29 процентке, ынтымақты зейнетақыны 32 процентке көтеру жайы көңілдеріне медеу болып отыр.
Сәрсенбі күні Аса ауылындағы Ардагерлер үйінде Елбасының биылғы Жолдауына байланысты үлкен жиын өтті. Жолдаудың мән-маңызын түсіндіруді мақсат еткен басқосуға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев, аталған кеңестің төралқа мүшесі Оңласын Есіркепов, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сансызбай Жорабеков және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев пен бір топ ауыл ардагерлері қатысты. Жиын барысында Жолдаудың маңызы жан-жақты түсіндіріліп, айтылған тың жобалар мен игі бастамалар сөз болды. «Елбасы Жолдауы еліміздің жарқын болашағына жол сілтейтін маңызды құжат», – деген Еркімбек Солтыбаев Жолдаудағы негізгі 10 міндетке жеке-жеке тоқталып, оның қаншалықты маңызға ие екенін атап өтті. Жиын соңында ауыл ардагерлері де Жолдауға қатысты өз ойларын ортаға салды.
Ардагерлер жиыны бұдан соң Өрнек ауылында жалғасты. Ауылдық клубқа өрнектік ардагерлер көп жиналды. Құнды құжатта айтылған 10 міндетке тоқталған Оңласын Есіркепов Жолдау жүктеген міндеттерді орындаудан ардагерлер қауымы да тыс қалмау керектігін айтты. «Елбасы Жолдауын кеңінен насихаттап, оның орындалуына бәріміз біркісідей атсалысуымыз керек», – деді төралқа мүшесі.
Өрнектік ардагерлер де Жолдау­ды қолдайтындарын жеткізіп, арда­гер­лерге жасап жатқан қамқорлығы үшін Елбасына ризашылығын білдірді.
Құрбанәлі Шахабай,
«Шұғыла».

Аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың ауылдық округ тұрғындары алдындағы есеп беру кездесулері жалғасуда. Аудандық мәслихаттың хатшысы Рүстем Бегалиев, аудан әкімдігінің бөлімдері мен мекеме-ұйым басшылары қатысқан жиындарда өңір басшысымен бірге есеп берген Жамбыл, Қаратөбе, Айшабибі, Полатқосшы, Гродиково, Қызылқайнар ауылдық округтерінің әкімдері Бақыт Садырбаев, Қайрат Жатқанбаев, Райымбек Сеитов, Ержан Данаев, Болат Қожабеков, Зайнилда Сматовтың жұмысын ауыл тұрғындары лайықты бағалады. Өз кезегінде сөз алған ауыл тұрғындары жеке бастың мүддесін емес, ауылда шешімін таппай тұрған мәнді мәселелерге мән берді.

Жамбыл

Зауыт қалдығынан қауіп бар

Есепті кездесуде сөз алған Бесжылдық ауылының тұрғыны, ардагер-ұстаз Шаяхмет Болысбеков Ә.Ысмайылұлы атындағы орта мектептің спорт және акт залы мен асханасы жұмыс істемей тұрғанын жеткізді. Бұл мәселе бойынша сөз алған аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова спорт және акт залы мен асхананың жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға 5 млн 500 мың теңге бөлініп, конкурс өткізіліп жатқанын тілге тиек етті. Ал, Танты ауылының тұрғыны Зиябек Жанбаев Ә.Молдағұлова көшесінде жарық жиі өшетінін алға тартып, қосымша трансформатор қойып беруін өтінсе, Болат Орынтаев биылдан бастап егінсудың тарифі қымбаттағанын сөз етіп, осы мәселенің оң шешім табуына ықпал етуін сұранды. Бесжылдық ауылының тұрғыны Құлынбет Жүндібаев ауылдан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тасжолына шығатын жолды жөндеп беруін өтінсе, Шайқорық ауылының тұрғыны Жанат Иманалиев тау болып үйілген фосфор және гипс зауыттарының күл-қалдықтары жел тұрған күндері ауылды шаң-тозаңға көметінін, осы мәселені жылдамырақ шешпесек, ертең өсіріп отырған ұрпағымызға қауіп төндіретінін жеткізді.

Қаратөбе

Каналдар мен арықтар тазаланады

Кесдесуде Ы.Алтынсарин атындағы бастауыш мектептің меңгерушісі Г.Ниетбаева Бәйтерек ауылына газ тартылғанын айтып, білім беру мекемесінің ғимаратына «көгілдір отын» қосып беруін өтінді. Қызылшарық ауылының тұрғыны Ермек Мырзалиев №27 бағыттағы қоғамдық көліктің Тоқтаров көшесімен жүрмейтінін жеткізді. Бұл мәселе бойынша сөз алған ауыл әкімі: – Биыл Досымбек көшесіне асфальт төселеді. Содан кейін қоғамдық көліктерді Тоқтаров және Досымбек көшесімен жүргіземіз, – деді. Ал, зейнеткер З.Ахметжанова пайдаланған газдың төлемақысы жалпы сомадан жоғары болып келетінін алға тартты. Ауыл тұрғыны Қ.Қасымовтың көктем және күз айларында жер асты суы көтеріліп, көпшілікті әбігерге салады деген уәжіне ауыл әкімі үлкен каналдар (дренаж) мен арықтарды тазалауға биыл 9 млн 635 мың теңге бөлінгенін, наурыз айында жұмыс басталатынын айтты.

Айшабибі

Тұрғындар тілегі назарға алынды

Аудан және ауыл әкімінің жұмысын жоғары бағалаған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Райымбек Мұсатаев аудандық пошта байланыс торабының қызметіне көңілі толмайтынын, мерзімді газет-журналдар уақытылы келмейтінін тілге тиек етіп, осы мәселенің оң шешілуіне ықпал етуін сұрады.
Ауыл тұрғыны Мырзабай Артықбаев Қ.Бүрлібаев және С.Әбішұлы көшелеріне асфальт төселсе деген тілегін білдірді. Тағы бір тұрғын Оразкүл Шайхова Төле би көшесінде кешкісін электр жарығы төмендеп кететінін, салдарынан кейбір тұрғындардың тұрмыстық техникалары күйіп жатқанын айтып, қосымша трансформатор қойып беруін өтінді.
Тұрғындардың бұл тілектері назарға алынды.

Полатқосшы

Заманауи аялдама қажет

Жиында сөз алған ауыл тұрғындары – Рахымберді Саламатов ауылдан жастарға арнайы кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орны ашылса десе, Асан Ізбасаров орталық көшедегі аялдамалар заман талабына сай келмейтінін айтып, төбесі және қабырғалары жабық аялдама орнатып беруін өтінді. Ал, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Абдухалил Маюфи аудан және ауыл әкімінің жұмысын жоғары бағалап, алдағы уақытта ел игілігі жолында атқаратын жұмыстарына сәттілік тіледі.

Гродиково

Трансформатордың қуаты жетпейді

Зейнеткер Айтбибі Омарова қыс мезгілінде Жиделі көшесінде табиғи газдың қысымы төмендеп кететінін жеткізсе, ауыл тұрғыны Николай Тарада Жамбыл, Гагарин, Ақбұлақ көшелерін электр қуатымен қамтамасыз етіп тұрған трансформатордың қуаты жетпейтінін, салдарынан жарық жиі өшетінін сөз етті. Ауылдың тағы бір тұрғыны Халия Асқарова Гродеково орта мектебінің талай жылдан бері күрделі жөндеу көрмегенін жеткізді. Бұл мәселе бойынша сөз алған аудан әкімі Бақыт Қазанбасов: – Гродеково орта мектебін күрделі жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттары дайын. Биыл 131 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деді. «Алтын белгі» өндірістік кооперативінің төрағасы Берік Сапарбаев ауылдық округте құрылған өндірістік кооперативке жемшөп дайындау үшін аудан аумағынан жер сұрады.

Қызылқайнар

Жер телімі берілсе

Қызылқайнар ауылының тұрғыны, қауымдастық кеңесінің төрағасы Бегалы Сқақов пен зейнеткер Қалан Бағысбаев 23 жылдан бері ауыл тұрғындарына тұрғын үй салу үшін жер телімі берілмегенін, салдарынан қаншама азамат үйсіз жүргенін айтып, «Эреке» шаруа қожалығының үлескерлері өздеріне тиесілі жерлерін беруге қарсы емес екенін жеткізді. Осы мәселені тұрғындарға тиімді етіп шешіп беруін өтінді. Қызылқайнар ауылының тұрғыны, зейнеткер Өлмесқамал Сейтқасымова аудан және ауыл әкімдерінің жұмысын жоғары бағалап, Жасөркен орта мектебінің асханасындағы орындықтар мен мектептің сыртқы қоршауын ауыстыру керектігін тілге тиек етті.

Нұрасыл СҰЛТАНБАЕВ,
«Шұғыла».

Мамандандырылған халықаралық ЭКСПО көрмесінің игіліктері туралы әлі талай жыл айтылады. Сол көрмеде төрт жарым мыңға жуық волонтер қатарында облыстан іріктеліп алынған 100 жас еңбек еткен. Үш тілді білетін, шетелдік туристерге мәдениетіміз бен тарихымыздан жан-жақты мағлұмат бере алатын қабілеті бар талаптылар арасынан таңдалып алынған жастардың ішінде ауданымыздың өкілдері де болды. Солардың бірі – Аса ауылының түлегі Бекзат Темірхан.
– Тарих беттерінде алтын әріптермен жазылатын оқиғалардың куәгері болу маған да бұйырғанына қуанамын. Осындай кең көлемді, ауқымды іс-шаралардың жастарға берері мол екеніне волонтер сапында жүрген бір жарым айда анық көз жеткіздім. Халықаралық көрмеде жүріп мәдениет пен білімнің жоғары деңгейіне тәнті болдым. Көп жылдарға жетерлік азық болар дүниелерді көкейіме тоқып келдім. Ер азамат үшін сенімді ақтай білу деген зор міндет. Елімнің, ата-анамның үмітін ақтағым келеді, – дейді ол.
«Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме жұмысына атсалысып, көшбасшылық қабілеттерін көрсете білгені үшін Жамбыл облысынан 8 волонтер облыс әкімінің Құрмет Грамотасымен марапатталса,  солардың қатарында жерлесіміз Бекзат Темірхан да бар.     

Күнзипа Ситалиева, «Шұғыла».

Сәрсебі, 07 Ақпан 2018 00:00

Болашақ — жастардың қолында

Бүгінде жекелеген жастарымыз батысқа еліктеуде. Бұл дұрыс емес. Мұның алдын алу керек. Ұлттық руханиятымызды жоғалтып алмауымыз қажет. Ұлттық рухты сезінбесек, оны ұмыт қалдырсақ, ұлт дербестігінен айырылады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы соны меңзейді. Сондықтан да жастар рухани жаңғырып, елдің абыройын, ұлттық және мемлекеттік мүддені ойлағандары абзал.
Қазірдің өзінде қазақ жастары түрлі салада жемісті еңбек етіп келеді. Елбасы бастамаларына, Жолдауларына қолдау білдіріп, белсенділік көрсетуде. Әрбір жас шама-шарқынша еңбек етуі арқылы еліміздің дамуына өз үлесін қосады. Өз ісін ашамын деген жастарға Үкімет тарапынан үлкен қолдау бар. Ағымдағы жылы Өрнек ауылында 3 жас мемлекеттен несие алып, жеке кәсіппен айналысса, 2 жас өз қаражатына кәсібін ашты. Бұдан бөлек 21 жас жергілікті мекемелерде ауыл игілігіне жұмыс жасауда.
Елбасы бір сөзінде: «Болашақ – жастардың қолында», – деп жастарға сенетіндігін айтты. Біз, яғни жастар, бәріміз жұмыла тірлік етсек, Ұлы дала елін «Мәңгілік Ел» ете аламыз.
Нұрсұлтан Алтынбеков,
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы «Өрнек» БПҰ төрағасы.

Сәрсебі, 07 Ақпан 2018 00:00

Білім беру жаңа арнаға бұрылды

Елбасының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы елімізді одан әрі дамытудың жаңа жоспары десек те болады. Онда әр сала бойынша міндеттер айқын көрсетілген. Әсіресе, білім саласындағы міндет әр мұғалімге ой салғаны ақиқат.
Мемлекет басшысының негізгі тапсырмасын жақсы түсінген әріптестерім дүниежүзілік стандартқа сай оқыту жолында құлшына іске кіріскен. Яғни, білім беру жаңа бағытта бұрылды.
Жолдауда «Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруде. Орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі әзірленіп енгізілуде. Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет» деген сөзінің жөні бар. Рас, қазір заң да, заман да басқа. Біз ұлы көштен қалмауымыз керек. Біз қайтсек те дамыған 30 елдің қатарына қосылуымыз қажет.
Бұл жолда мұғалімдер үлесінің мол болуы – заман талабы. Өйткені барлығы білім арқылы тиянақталады. Сол үшін де Чкалов атындағы орта мектептің ұстаздары шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін бойындағы бар білімі мен қабілетін сарқа жұмсауға бар. Солай еңбек етіп те жүр.
Елбасының 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасауды міндеттеуі көңілімізді бір серпілтіп тастады. Қазірдің өзінде латын әліпбиіне көңіл аудара бастадық. Біріміз өздігімізден үйреніп жүрсек, біріміз үйірмелерге барып жүрміз. Себебі латын әліпбиіне ауысу – уақыт талабы.

Сайдула Тажиев,
Чкалов атындағы орта мектептің мұғалімі.

Сәрсебі, 07 Ақпан 2018 00:00

Дамудың даңғыл жолы

10 қаңтар күні Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. Жолдауда Елбасы маңызды 10 міндетті атап өтіп, еліміздің жарқын болашағына бағыт-бағдар сілтеді.
Шайдана ауылында ауылдық клуб пен кітапхананың ұйымдастыруымен өткен шараға ауыл тұрғындары мен Шайдана бастауыш мектебінің мұғалімдері қатысты. Ауылдық клубтың мәдени ұйымдастырушысы Бақыт Саршаев: «Жолдауда білім саласы – басты назарда. Әсіресе, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты 30 пайыздан 50 пайызға дейін өсетіні туралы хабарды халық ерекше ықыласпен қабылдады. Жолдаудың бір ерекшелігі, мұнда білім саласының барлық сатылары айқындалған. Сондай-ақ, Елбасы Жолдауы еліміздің дамуына жасаған үлкен қадамы», – деп Жолдау жайлы пікірін жеткізді.
Шайдана ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлмира Байболова «Дамудың даңғыл жолы» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасап, «Еліміздің дамуына, осы Жолдаудың тиісті дәрежеде орындалуына бірге атсалысайық», – деді.

Құрбанәлі Шахабай,
«Шұғыла».

Серіктестер