Материалы отфильтрованы по дате: Сәуір 2018
Сенбі, 14 Сәуір 2018 00:00

Көшпелі семинар-тренинг

Сәрсенбі күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында «Қоғамдық қатынастар жүйесіндегі саяси билік» тақырыбында көшпелі семинар-тренинг өткізілді.
Әр ауданнан бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен мүшелері қатысқан басқосуда «Нұр Отан» партиясы Саяси менеджмент Академиясының аймақтық лекторы Ш.Кенжебаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі он бағытты кеңінен түсіндірді. Семинарда СМА-ның аймақтық лекторы, партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Несіпбеков слайд арқылы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру – елді табысты жаңғырту шарты» тақырыбында баяндама жасады.
Бұдан кейін Ш.Кенжебаев қоғамдық қатынастар жүйесіндегі саяси билік, саяси билік ұғымдары, белгілері, субъектілері мен типтері жайында түсіндіріп, қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауаптар берді. Ал, лектор Н.Несіпбеков «кейспен» жұмыс жүргізіп, қатысушылардың ой-пікірін жасаған жұмыстары арқылы саралады.
Семинар соңында қатысу­шыларға тест парақтары таратылып, белсенді қатысқан бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен мүшелеріне сертификаттар табысталды.

Мақсат ЖҰМАБАЕВ,
«Шұғыла».

Бөлім:  Нұр Отан
Сенбі, 14 Сәуір 2018 00:00

Қызылша себігі басталды

«Көктемнің әр күні қарбаласқа толы» деген сөз рас. Қазір қай ауылға бармаңыз, бос жүрген жанды көрмейсіз. Бірі айыр, кетпенін арқалап егістік алқабына бет алып бара жатса, екіншісі жер жыртып, дән сеуіп әуре. Сол сайын далада жүрген диқан-механизаторлардың еңбегі өлшеусіз. Оларда тыным жоқ. Таңның атысынан күннің батысына дейін осында. Тіпті әр күн, әр сағатты тиімді пайдаланамыз деген ниетпен түннің бір уағына дейін тракторларының жарығымен тірліктерін тиянақтап жүр.
Осындай тірлікті атқарып жүрген Нуритдин Бегманов жетекшілік ететін «Қызылдихан» өндірістік кооперативінің диқандары күні кешеге дейін 420 гектарға жаздық арпа, 30 гектарға пияз, 4 гектарға ноқат егіп үлгерген. Оған ерте күзде 700 гектарға орналастырылған күздік бидайды, 2-3 жыл бұрын егілген 500 гектар жоңышқаны қосыңыз. 10-15 күннен кейін 100 гектарға егілетін жүгері мен 10 гектарға орналастырылатын бақша өнімдері тағы бар.
Қызылдиқандықтар үшін маңызды жұмыстардың бірі 100 гектарға қант қызылшасының тұқымын себу болатын. Бұл тұрғыда шаруашылық диқандары осыдан үш күн бұрын себік жұмысын бастап кеткен. Осы үш күн ішінде 50 гектарға Германиядан жеткізілген «Акация», «Виорика» сортты тұқымды қант зауыты арқылы алып, сеуіп үлгерді.
Қызылдиқандықтардың қарқынына риза көңіл танытқан аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы: – Қант қызылшасын егудегі жоспарымыз биылғы жылға аудан бойынша 2000 гектар. 70-тен аса шаруа қожалықтары қызылша егуге ниеттеніп отыр. Алайда, кейбір шаруа қожалығының төрағалары қант зауытынан өткен жылы өткізген шикізаттар үшін төленетін қаражатты әлі күнге дейін ала алмай жүргенін алға тартып, биыл ексек, тағы да шығынға ұшыраймыз ба деп қынжылыс білдіруде. Сол үшін де олар қызылша себігін кешеуілдетіп отырған секілді. Бірақ, сыныққа сылтау іздемеген «Қызылдихан» өндірістік кооперативінің төрағасы Нуритдин Бегманов «қызылша себігін бүгіннен бастамасақ, ертең кеш болады» деген оймен қызылша жұмысын осыдан үш күн бұрын бастап кетті. Нуритдиннің бұл ісінен өзгелер үлгі алса керек. Негізі, аудан қылшашылары биыл Германияның «Акация», «Виорика», француздық «Авантаж», «Эйдар», «ФД Бункер», «Тиссерин» сорттарын егуді көздеп отыр. Биыл алынған өнімнің 8 теңгесін қант зауыты төлесе, Үкімет 12 теңге субсидия береді. Сондай-ақ, минералдық тыңайтқыш пен гербицидтерге де 50х50 пайыз есебінде субсидия төленеді. Жанар-жағармай да жеңілдетілген бағамен босатылады. Облыс, аудан әкімдерінің бақылауындағы қант қылылшасын өсіру жұмысы бір сәт те тоқтамауы қажет. Балтамырға бап керек. Сондықтан «Не ексең, соны орасың» деген қағиданы әрдайым есте ұстауға тиіспіз, – деді. 
Ерлан Қыдыралыұлының айтқанын ешкім теріске шығара алмас. Әр күнді пайдалана білген қызылдиқандықтар – шаруашылық төрағасының орынбасары Жақсынбек Жамансариев, механизаторлар Николай Ивкин, Қанат Майлыбаев, Қуаныш Жамансариев, Бекежан Қошайбаев себік жұмысын күн райы оң қабақ танытып тұрса, 4-5 күнде аяқтаймыз деп сеніммен айтып отыр.
Дүйсенбек Орманов,
«Шұғыла».

Сенбі, 14 Сәуір 2018 00:00

Болашаққа бес бағдар

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев наурыз айында халықтың әл-ауқатын арттыратын «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуін жариялады. Бес әлеуметтік бастаманың әрқайсысы халық үшін, әсіресе, жастар үшін үлкен берекенің бастауы болмақ.
Мемлекет басшысының «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты бірінші бастамасы әр жас отбасы үшін үлкен мүмкіндік туғызды. Қарапайым халықтың мүддесіне бағытталған екінші қадам – «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту». Ел Президентінің жыл сайынғы Жолдауларының басым бағыттары жастармен тікелей байланысты. Келешегіміздің келбеті, болашағымыздың баянды болуы бүгінгі жастардын қолында. Өйткені олар – ертеңімізді жасайтын бүгініміз. Сондықтан да келешек ұрпақ сапалы білім, саналы тәлім-тәрбие алып, осы жолда еңбек етуіне жағдай жасалуы маңызды. Осы орайда бес бастаманың үшінші бағыты «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» еліміздің одан әрі дамуына айтарлықтай үлесін қосары анық. Сонымен қатар, Елбасының төртінші бастамасы: «Шағын несие беруді көбейту» ауылдық өнірлерде шағын бизнестердің ашылуына, одан әрі дамуына зор үлесін қосады деп сенемін. «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» бесінші бастамасы болашақта өндірістердің дамуына және экологиялық жағдайдың жақсаруына мүмкіндік туғызбақ.
Жандар Тоқсаба,
аудан әкімдігі «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары.

Бөлім:  Елбасы
Сенбі, 14 Сәуір 2018 00:00

Қаулылар орындалуымен құнды

Аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманованың жетекшілігімен өткен аудан әкімдігі жанындағы ведомствоаралық сипаттағы мәселелер бойынша консультациялық-кеңесші орган отырысында екі мәселе талқыланды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – аудан әкімдігінің білім бөліміне қарасты мекемелердегі деректеме тілі туралы хабарлама жасаған жұмысшы топ хатшысы Гүлхан Әлімбекова білім беру мекемелеріндегі деректемелер тілі мен көрнекі ақпарат құралдарына жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысын жариялады. Хабарламашы Қазақстан Республикасының тіл туралы Заңы мен ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 22 қарашадағы №1371 «Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау және оларды әкімшілік ғимараттарда орналастыру қағидаларын бекіту туралы» қаулысының орындалуы зерделенгенін, мекемелерге әдістемелік көмек көрсетілгенін айтты.
Өкініштісі сол, мекемелердің барлығында дерлік кемшіліктер анықталды. Заң талаптары сақталмаған, орфографиялық және пунктуациялық қателіктер орын алған. Бұл, әрине, жауапсыздықтың, жете мән бермеушіліктің салдары.
Бұл мәселе бойынша Үміткен Қапанқызы мектеп директорларынан қатаң сұрап, алдағы күнге нақты тапсырмалар жүктеді.
Келесі кезекте ҚР Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы №281, 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 және 2011 жылғы 22 қарашадағы №1371 қаулыларының Гродиково, Жамбыл, Көлқайнар, Полатқосшы ауылдық округтерінде орындалу барысы туралы аталған округ әкімдерінің есептері тыңдалды.
Аудан әкімдігі жанындағы ведомствоаралық сипаттағы мәселелер бойынша консультациялық-кеңесші орган ретінде әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне, физикалық-географиялық объектілерге атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту мәселелері бойынша ұсыныс енгізу жөніндегі жұмысшы тобы ҚР тіл туралы Заңын, ҚР Үкіметінің тиісті қаулыларын орындауды, Елбасының жергілікті жерлерде кездейсоқ кездесетін идеологиялық тұрғыдан өзгерген және қайталанатын атауларды, тарихи жер-су атаулары және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгерту, сондай-ақ кісі аттарына мейлінше шектеу қою туралы тапсырмасын қатаң бақылауға алу, атау беру және қайта атау кезінде ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілген «Тарихи тұлғалар», «Тарихи жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдерін басшылыққа алу, көрнекі ақпарат мәтіндерін орналастыру тәртібінің сақталуын қадағалау, көше аншлагтарын орналастыруға қаржы қарастыру, көрнекі ақпараттардың сауаттылығына назар аударып біріздендіру туралы қорытындыға келді.
Эльмира Түркменова,
«Шұғыла».

Бөлім:  Тіл
Сенбі, 14 Сәуір 2018 00:00

«Эрекенің» берекелі тірлігі

Кезінде кіші Швейцарияға баланған Жасөркен ауылы бүгінде сол қалпынан айнымай, жасыл желек жамылып, қырғыз елімен шекараласқан тұсқа рең беріп тұр. Әсіресе, айырқалпақты ағайындар екі ел арасына тартылған тікенек темірдің арғы жағынан қарап «Қазақтар, қай уақытта демаласыңдар?» деп таңырқайтын көрінеді.
Көршілердің таңырқана, тамсана қарайтын жөні бар. Осын­дағы «Эреке» шаруашы­лығының екпінді еңбегі кім-кімді де қызықтыратыны анық.
Кеше аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Еркебай Рсалиевке ере жүріп, тірлігінен береке тапқан эрекеліктердің қам-қаракетіне куә болғанбыз.
Шекара заставасының төңі­регі тракторлардың әуеніне бөленіп, аймақта өзгеше ахуал қалып­тасқан. Бір МТЗ-80 тракторы тырма тартып бара жатса, екі К-700 тракторы жер жыртып барады. 1997 жылы ресейлік «Белинскисельмаш» зауытынан шыққан СЗ-3.6 А дәнсепкішімен тұқым сеуіп бара жатқан екі  МТЗ-80 тракторында тыным жоқ.
«Эреке» шаруа қожалығының басшысы Нұржан Тасхожаев: – Бұл тұсқа 1000 гектар жерге мақсары егудеміз. Бүгінгі күнге дейін 400 гектарға тұқым сеуіп үлгердік, – деді. Төрағаның сөзін жалғаған жалгер Қалдыбек Ысмайлов: – Егін егіп, жер-анаға бас иген адам табыстың қайнар көзін табады, яғни аты бәйгеден келіп байлыққа кенеледі. Биыл алғаш рет 1000 гектар жерді жалға алып, мақсары орналастырудамын. Нұрекеңе рахмет! Жер бөліп, трактор, техникаларымен көмек беріп отыр. Механизаторларға да риза­мын. Әйтсе де, дәнсепкіштердің ескі болып тұрғаны. «Ескі есіңді кетіреді» деген сөз рас екен. Дегенмен, 8-10 күннің ішінде себік жұмысын толық аяқтаймыз деген үмітім бар, – деді.
Жалгер Қалекең риза көңіл та­нытқан эреке­лік механизаторлар Зәкіржан Төлегенұлы, Камал Тастанбеков, Кәрім Жақсынбетов, Николай Штраух және дән себуші Бақыт Сағындықовтың қимыл-әреке­тінен жалгердің үміті ақталатынына күмән келтіре алмайсың.

Дүйсенбек Орманов,
«Шұғыла».

Президент биылғы Жолдаудың «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты жетінші басымдығында білім берудің жаңа сапасы туралы кеңінен айтып, отандық жоғары оқу орындарының алдына тың міндеттер қойды. Онда педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау қажеттігі жайында, еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамытуға тоқталды. Сонымен қатар, білім берудің барлық деңгейінде математика мен жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту қажеттігіне де назар аударылды. 
Адами капиталдың сапасын арттыру – мемлекет дамуын қамтамасыз етудің негізгі алғышарты. Қоғамның зияткерлік әлеуетін ілгерілетуді жүзеге асыру педагог кадрларға тікелей байланысты. Осы орайда Елбасы Жолдаудың жетінші негізгі міндетінде білім беру жүйесінің барлық деңгейі заман шындығы мен экономика сұраныстарына жауап беруі тиіс екендігін және бұл арада мұғалім мамандығының беделін арттыру қажеттігін алға тартты.
Мектепке дейінгі білім берудегі мемлекет-жекеменшік серіктестігінің үлгісі салмағын арттырды. Жобада төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту деп мектепке дейінгі білім беруден бастауды басты назарда болуында. Балаларды ерте жастан мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтудың қажеттігін ескертеді. Осы жастағы балалардың дамуындағы сензитивтік кезеңдігі, қазіргі балалардың дамуының өте қарқындығы, қабылдау бейімділігінің тездігін ескеріп, жеткіншектердің өздігімен дамуына мүмкіндік жасауды, еркін дамуын қолдайды. Әрбір жастың білім алуға, қоршаған ортаны тануға бейімін, өздігімен дамуына, сыни тұрғыдан ойлауын дамытуды нақ осы кезеңнен бастау тиістігін меңзейді. Бізді ерекше қуантатыны, ойы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен 2020 жылға қарай жүз пайыз қамту мәселесін мемлекет пен бизнес бірлесе шешуді жалғастыру жалпыұлттық міндеттердің бірі деп көрсетеді. Халқының болашағы бүгінгі өскелең ұрпақ деп білген Елбасы саясаты өміршең, жаңа жағдайда дамуға мүмкіндік беретініне сеніміміз зор. Мемлекет басшысы ұсынған елімізді төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамытуға арналған 10 негізгі міндет Қазақстан дамуының жаңа бағытын көздейді.
Жаңа Жолдау Мемлекет басшысының өткен жылдың қаңтарында жария еткен Үшінші жаңғыру басымдықтарымен, сондай-ақ, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен етене сабақтас. Президенттің биылғы Жолдауы бізді жігерлендіреді және келешек үшін жауапкершілікті арттырады. Бұл – бүгінгідей алмағайып уақытта қоғамның мүддесі мен негізгі мақсатын ескеретін стратегиялық тұрғыдан маңызды құжат.

Қарлығаш Тоқтанбекқызы,
«Тілдерді оқыту орталығы» Жамбыл аудандық бөлімше оқытушысы.

Бөлім:  Жолдау
Сенбі, 14 Сәуір 2018 00:00

Семинар-кеңес өтті

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Респуб­ликасының Бюджет заңнама­сындағы өзгерістерге орай 4-деңгейлі бюджеттің енгізілуіне байланысты аудан әкімінің орынбасары Жалғас Мұртазаның, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Қанат Ормановтың бастамасымен семинар-кеңес өтті.
– Қазіргі таңда департамент бөлімдерінің басшылары ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап 4-деңгейлі бюджеттің енгізілуіне байланысты бюджет және мемлекеттік сатып алу заңнамаларына енетін өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру мақсатында жүйелі іс-шаралар ұйымдастыруда. Сонымен қатар, халық саны 2000-нан асатын ауылдық округ әкімдері аппараттарының бюджеттерін басқарудың 4-деңгейлеріне ауысуларына байланысты туындаған сұрақтарға жауап алу мүмкіндіктеріңіз бар. Әзірге аталған өзгерістер мен толықтырулар жоба ретінде қарастырылғанымен, жақын арада заңды күшіне енбек, – деп хабарлады Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Қанат Орманов. 
Семинар-кеңесте ауылдық округ әкімдері мен есепшілеріне түсіндірме жұмыстарының тәртібімен таныстыру мақсатында аталған департаменттің №1 мемлекеттік сектор аудиті бөлімінің басшысы Ерболат Жетпісбаев және мемлекеттік сатып алу аудиті бөлімінің басшысы Ләйлә Сапаралиева баяндама жасады.
Ауылдық округ әкімдері мен аудан әкімдігі бөлімдерінің басшылары тақырыпқа байланысты сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды.  
Күнзипа Ситалиева,
«Шұғыла».

Сенбі, 14 Сәуір 2018 00:00

Болашағы зор жылыжай

Жеміс-жидек, көкөніс түрлері адам ағзасына пайдасы мол, дәруменге бай өсімдіктер тобына жататынын ғалымдар мен дәрігерлер әлдеқашан дәлелдеген. Соңғы 12-15 жылдың көлемінде ауданымыздың бірқатар шаруашылықтары жылыжайда қызанақ, қияр өсіруге ден қойған. Тіпті кейбір ауыл тұрғындары да аула ішіне жылыжай орналастырып, қысы-жазы дастархандарын жайнатып, қияр, қызанақтан айырмай отыр. Артылып бара жатса сатып, одан түскен табысын керек-жарағына жұмсап жүрген жайлары бар.
Бұл да кәсіп. «Кәсібің – нәсібің»  дегеніміз осы шығар.
Негізі, көкөніс өсірумен айналысатындардың көбі Жалпақтөбе ауылында шоғырланған. Сол көптің бірі – өткен жылдан іске кіріскен аудандық мәслихаттың депутаты Рамазан Ашировтың жетекшілігіндегі «Талас» шаруа қожалығы.
Сәрсенбінің сәтінде «Жақсыны көрмек үшін» деген ниетпен аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашов, аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлымен бірге көкөніс өсірумен айналысатын осы жылыжайда болып, шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен танысқанбыз.
Келгендегі мақсатымызды айтқызбай ұққан Рамазан Тофикұлы: – Бұл істі өткен жылы қолға алғанымызбен, биылғы жылдың басында өзімізге тиесілі 10,5 гектардың 1 гектарына қызанақ еккенбіз. Оның жемісін жейтін күн алыс емес. Алдағы уақытта 10,5 гектарға түгел орналастыруды көздеп отырмыз. Дегенмен, мемлекет тарапынан жылуға, электр энергиясына жеңілдік көрсетілсе құба-құп болар еді. Өйткені, өз күшімізбен жылыжайымызға кіргізілген газ бен жарықтың шығыны көп болып тұр. Осы жағы шешілсе, көпке ұзатпай қалған жылыжайларды да тұрғызар едік, –  деді.
 – Шындығында, қолға алған ісіңіз көңілімізге қонып тұр. Айтқан ұсыныс-пікірлеріңізді облыс әкімі Асқар Исабекұлына жеткіземін, – деп жауап қатқан облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Болатұлы.
Расында, шаруашылық басшысы дұрыс айтады. Жалпақтөбе ауылы Тараз қаласымен шекаралас жатыр. Тіпті қаланың нәміндегі «Солнечный» поселкесі атанып кеткен тұс ауыл ішіне кірігіп кеткендей әсер қалдырады. Таяқ тастам жерде аты елімізге белгілі Жамбыл ГРЭС  орналасқан.
Осы тұста аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлы: – Тап осы ГРЭС-тен жылуды да, электр энергиясын да алуға болар еді. Мен Русланның ұсынысын қолдаймын. Көріп тұрғандарыңыздай, ГРЭС пен жылыжайдың арасы көп болса 2 шақырымды құрайтын шығар. Ілкімді істі қолға алған Русланға өз тарапымыздан көмек береміз, – деді.
Өңір басшысының сөзін ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы да қоштаған.
Жиын-терімді бес-алты күнде бастайтын шаруашылықта қазіргі таңда 8 жұмысшы жүрсе, науқан кезінде адам саны 15-ке дейін артпақ. Жылыжай саны жоспарға сәйкес 100 жылыжайға жеткізілсе, адам саны көбейе түсетіні даусыз. Себебі болашағы зор жылыжайдың оған мүмкіндігі бар.

Дүйсенбек Орманов,
«Шұғыла».

Бөлім:  Кәсіпкерлік
Сәрсебі, 11 Сәуір 2018 00:00

Денсаулық күнін атап өтті

Бұл күн өзге елдерде 1948 жылдың 7 сəуірінен бастау алса, біздің елімізде тəуелсіздік алған жылдан бері аталып келеді. Яғни, халықты өз денсаулығын жақсартуға жəне оның құндылығын түсініп, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Демек, денсаулық күнін атап өту – қалың жұртты денсаулығына назар аудартып, оның маңыздылығын ескеріп, адам денсаулығын сақтау үшін не істеу қажет екендігін жеткізу үшін өткізілетін іс-шара.
Міне, биыл «Сау дене, азат ақыл, адал көңіл – үшеуімен бақытты болады өмір» демекші, денсаулық күні аясында аудандық орталық емхана жанындағы «Сенім» жастар орталығы мен «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдас­тыруымен «Салауатты болу – ғасыр талабы» атты ұранмен акция өтті. Акцияны аудандық орталық аурухана бас дəрігерінің орынбасары Сəуле Сұлтанқызы мен аудан əкімдігі білім бөлімінің бас маманы Əлия Омарова ашып, жас ұрпақты зиянды əдеттерден бойын аулақ ұстап, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Акцияға жиналғандар алдымен таңғы жаттығу гимнастикасын жасады. Сонан соң, Ю. Гагарин, Б.Момышұлы жəне №1 орта мектептерінің шəкірттері өздері дайындаған флешмоб биледі. Ал, спорт мектебінің спортшылары күрес, бокс жəне футбол ойындарының əдіс-тəсілдерінен жаттығу көрсетті.
Сондай-ақ, акция барысында қатысушылар арасында «Көңілді старт» эстафеталық ойыны ұйымдастырылды. «Баскетбол добымен айналып өту», «Секірмекпен секіре жүгіру» жəне «Доп тепе-теңдігін бақылай жүгіру» кезеңдері бойынша өткен эстафета ойынына 3 команда қатысты. Жылдамдық пен ептілік көрсетілген жарыс қорытындысында үздік шыққан №1 орта мектептің командасы жеңімпаз атанды. Ал, Б.Момышұлы атындағы орта мектеп 2-орынды иеленсе, жүлделі 3-орын Ю.Гагарин атындағы орта мектептің  командасына бұйырды.
Қатысушы командаларға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, іс-шараға белсене қатысқаны үшін спорт мектебінің спортшылары Алғыс хатпен марапатталды.
Денсаулық күні мерекесі соңында қатысушыларға дене белсенділігі тақырыбында пайдалы кеңестер жазылған ақпараттық оқыту құралдары таратылды.
Тəуелсіз ел тірегі – дені сау, санасы уланбаған, білімді ұрпақ. Сондықтан, салауатты өмір салтын орнықтырған ұрпақтан болашақта дені сау, мықты да шымыр, отбасына тірек бола алатын азаматтар шығатынына сенімдіміз.

Эльмира Туркменова,
«Шұғыла».

Бөлім:  Денсаулық

«Жасыл ел» жастар еңбек жасағы 2005 жылы Елбасының «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты халыққа Жолдауы негізінде құрылған көшбасшы жастар ұйымы болып табылады. Сол жылы «Жасыл ел» еңбек жасағының республикалық штабы өз жұмысын бастаған болатын. Елімізді көгалдандыру, абаттандыру арқылы білімгерлер мен жұмыссыз жастарды ақылы еңбекпен қамтамасыз ету – «Жасыл ел» еңбек жасағының басты мақсаты. Бұл мақсатты орындау барысында еліміздің барлық облыстарында жасақ қызметі жанданып, әр аймақтың жастары өскен өлкелерін абаттандыру жолында біраз тындырымды тірліктер тындырды.
Біздің ауданда да «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысы жоғары деңгейде. Биыл аудан көлемінде құрылған «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері Аса, Өрнек, Пионер, Қарой ауылдық округтерін күл-қоқыстан тазартып, ауылдарға көрік берер гүлдер мен түрлі талдарды егіп, күтіп-баптайды. Тазалық және абат жұмыстарына төрт жасақ жұмылдырылады. Әр жасақта – тоғыз адамнан. «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысы мамыр айының соңына дейін жалғасады.
Бұл туралы аудан әкімдігі «Жастар ресурстық орталығының» директоры Маханбет Рақымжанов «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары маусымының ашылуында айтты. Жылы лебіздер легін Жамбыл облысы «Жасыл ел» штабының төрағасы Берік Өскенбаев, Өрнек ауылдық округінің әкімі Қанат Темешбаев жалғап, жасақ мүшелеріне ізгі тілектерін жеткізді. Аудандық ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Дәуренбек Нұралиев жиылған көпшілікке бата берді.
Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Ильяс Қалыбеков,
«Шұғыла».

Бөлім:  Жастар
Бет 1 -ші 2 беттен

Серіктестер