Материалы отфильтрованы по дате: Ақпан 2018
Сәрсебі, 07 Ақпан 2018 00:00

Ортақ мақсатқа жұмылдырады

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында жүзеге асырылуға тиіс 10 негізгі міндет айқындалды. Соның ішінде, Елбасы атап көрсеткен жетінші міндет – адами капиталдың жаңа сапасын қалыптастыруға бағытталған. Мұнда білім беру мен ғылыммен айналысудың тың тетіктері анықталған. Жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға кірістіруге ықпал ететін заманауи технологияларды енгізу ісі де назардан тыс қалмаған.

Білім берудің барлық саласы экономиканың қажеттілігін өтеуге тиіс, бұл тұрғыда жауапкершілік мұғалімдерге жүктелетіні белгілі. Елбасының Жолдауында ұстаздар қауымының мәртебесін көтеру жағы да қарастырылған. Елбасының Жолдаудағы «Мұға­лім­дердің жалақысы біліктілігінің расталуына байла­нысты тұтастай алғанда 30 проценттен 50 процентке дейін өседі» деген сөзі ұстаздар қауымының көңіліне медеу болып отыр.
Ұлт Көшбасшысының мұғалімдерге деген қамқорлығы мемлекеттің болашағы – жастарға деген қамқорлығы деп білемін. Өйткені, табысты ел болудың басты факторы білім екені баршамызға мәлім.
Бүгінде мектебімізде 30 мұғалім білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде оқыту курстарынан өтіп, жаңартылған білім беру мазмұны аясында сабақ беріп жүргенін де тілге тиек еткім келеді. 
Қорыта айтқанда, Елбасының биылғы Жолдауы барша халықты ортақ мақсат жолында жұмылдыратын, болашаққа деген қадамымызды айқындайтын маңызды құжат екені даусыз.

Дәметкен Бегманова,
Б.Момышұлы атындағы орта мектептің директоры.

Бөлім:  Жолдау

Таяуда облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Серғали Айдапкелов 2017 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы және алға қойған мақсаттары туралы есеп берді. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысқан есепті кездесуде Серғали Өмірзақұлы басқарманың еңбек қатынастары тараптарының құқықтары мен мүдделерін қорғау барысында атқарған жұмыстары туралы кеңінен баяндады.
Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек испекциясы атқарған кешенді жұмыстардың нәтижесінде 5590 кәсіпорында ұжымдық шарттар мен меморандумдар қабылданып, жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің құқықтары мен міндеттері, әлеуметтік әріптестіктің тетіктері заң талаптарына сәйкес іске асырылуда. Бұл көрсеткіш жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 72,8 пайызын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға жоғары болып қалыптасты. Нәтижеде бас­қармаға жеке және заңды тұлға­лардан келіп түскен арыз-шағым­дардың саны өткен жылмен салыс­тырғанда  571 бірлікке азайып отыр.
8 кәсіпорынның 1159 жұмыскер алдындағы 143,0 млн теңге жалақы қарыздарын өтеу үшін заң талаптарына сәйкес жұмыс берушілер орындауға міндетті нұсқамалар беріліп, әкімшілік шаралар қолданылды, 135,2 млн теңге өндіріліп, 983 жұмыскердің құқықтары қорғалды. 
Жалпы, мемлекеттік еңбек инспекторларымен 312 кәсіпорын мен мекеме тексеріліп, Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын бұзған жұмыс берушілерге оларды жою туралы 153 нұсқама беріліп, 84 әкімшілік шара қолданылды.
Еңбек саласындағы негізгі мәселелердің бірі – еңбек қауіпсіздігі. Жазатайым оқиғаның алдын алудың басты көрсеткіштері – кәсіпорынның өндірістік объектілерінде еңбек жағдайлары бойынша аттестаттаудың сапалы өткізілуі, жұмыс берушілер тарапынан еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдардың оқытылуы, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестердің құрылуы мен өз дәрежесінде жұмыс атқаруы.
Есепті мерзімде өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау мониторингі бойынша 910 жұмыс орындары бар 159 өндірістік нысанда аттестация өткізілді, жұмыс берушілердегі еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты 808 адамның білімі тексерілді. Облыс кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі 913 өндірістік кеңес құрылып, онда еңбекті қорғау жөніндегі 1152 техникалық инспектор, еңбек дауларын қарайтын 926 келісім комиссиясы жұмыс атқаруда.   
Жоғарыда көрсетілген проблемаларды шешу мақсатында өткен жылы басқарма еңбек ұжымдарында «Ашық есік күндерін» және бірнеше тақырыптық семинар-тренинг өткізді. Іс-шаралар барысында жұмыс берушілерге ІТ рыногындағы жаңа технологиялық процестерді енгізу туралы бірқатар нақты ұсыныстар берілді. Нәтижесінде, «Алтыналмас АК» АҚ Ақбақай филиалының «Ақбақай» кенішінде «Цифрландырылған кеніш» атты өндірістік процестерді толық цифрлық жүйеге көшіріп автоматтандыру жобасын 2018-2020 жылдары іске асыру қолға алынды. IT рыногында жаңа технологияны қолданудағы халықаралық тәжірибені зерделей отырып, дайын өнімнің өзіндік құнын 15 пайызға төмендетуге, еңбек өнімділігін арттыруға, ресурстарды тиімді пайдалануға қол жеткізуге болатын жобаны іске асыруға 2018-2020 жылдары 4 миллиард теңге қаражат бөлінді. Цифрлық жүйе «Қазфосфат» ЖШС-нде де енгізілген.
Еңбек кодексінде қаралғандай, жұмыс берушілер қызметі өлшем­дерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының талап­та­ры­на сәйкестігі олардың декларациялауға қатысу шарты болып табылады. Кәсіпорындардың өтініштері негізінде мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек қатынастарының заң талаптарына сәйкестігін тексеріп, тексеру қорытындысын облыстық декларациялау комиссиясының қарауына ұсынады. Ұсынылған­дардың ішінде 9 жұмыс берушінің қызметі Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес деп танылып, үш жыл мерзімге сенім сертификаттары берілді.
Дегенмен, 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, облыс кәсіпорындары мен мекемелерінде 63 жазатайым оқиға  орын алып, одан 67 адам зардап шегіп, 16 адамның өліміне әкеп соққан. Көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға өсіп отыр. Бұл мәселе өткен жылдың желтоқсан айында облыс әкімдігі жанындағы үш жақты комиссияда қаралып, жұмыс берушілерге нақты тапсырмалар берілді.
Жазатайым оқиғалар бойынша заң талаптарына сәйкес арнайы тергеп-тексеру комиссиялары құрылып, жұмыс берушілердің жауапты тұлғаларының қылмыстық жауапкершілігін қарау үшін ішкі істер органдарына материалдар уақытылы жолданып тұрды.
Басқарма өз уәкілеттілігі шеңберінде, ішінара және Жамбыл облысы прокуратурасымен бірлесіп халықты жұмыспен қамту туралы заңнаманың орындалуы бойынша 94 тексеру жүргізіп, 36 заң бұзушылық фактісін анықтады, жұмыс берушілерге ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 98-бабымен 476490 теңгені құрайтын 21 айыппұл салынып, толығымен өндірілді.
Республикада бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көтеру мақсатында «Парыз», жұмыс берушілер арасында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша «Сенім» конкурстары жыл сайын өткізілуде. Бұл конкурстарға Жамбыл облысының кәсіпорындары да қатысып, жеңімпаз атанды.
Еңбек саласының проблемаларын анықтау және алдын алу мақсатында, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен жыл қорытындысы бойынша жасалынған еңбек тәуекелі картасы бойынша Жамбыл облысы өңірлер арасында бірінші орында тұр.
Кездесуде шығып сөйлеушілер жұмыскерге қолайлы жағдай туғызу елеулі экономикалық табыстардың кепілі болып табылатынын айтып, басқарма басшысының жыл ішіндегі жұмысын оң бағалады.

Мақсат ЖҰМАБАЕВ,
«Шұғыла».

Бөлім:  Саясат

Елбасының биылғы Жолдауындағы жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін ұсынған 10 міндетінің жетіншісі «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталып, онда білім берудің жаңа сапасына қалай жетуді нақтылап берген. Мәселен, «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс», – деген Елбасы білім беру саласындағы дара даму, ерекше оқыту сапасы, білім бәсекелестігін арттыру жолындағы өзгерістер мен жаңартылған мазмұны туралы нақты қадамдарды анық жеткізген.
Бұл бағытта ауданымызда білім беру үдерісін жетілдірудің барлық жағдайлары мен мүмкіндіктері бар.
Білім беру саласында қаржыландыру көлемі 5 млрд 789 млн 405 теңгені құрады, оның 608 млн 648 мың теңгесі құрылысқа бөлінді. Биыл Бірлесу-Еңбек орта мектебінің құрылысы басталды. 2018  жылы Аса ауылында 75 орындық, Ақбұлым ауылында 50 орындық, Гродеково және Жасөркен ауылдарында 100 орындық  жекеменшік  балабақшаларын  ашу  жоспарлануда.
Мемлекет басшысы Жолдауда орта білім беру саласының жаңартылған мазмұнға көшуі туралы өте ұғынықты жеткізіп, бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар деп дәл түсінік қалыптастырады.
Бұдан бөлек, тіл меңгерудің қазақстандықтардың болашағы екендігін, терминология туралы көзқарасын, латын әліпбиіне көшу мәселесін, цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу және мектептерімізді бейнеқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарын дамыту туралы да жан-жақты айтылған.
2017 жылы ауданға қарасты 9 мектепке 9 дана EV -3 маркалы лего робот конструкторлары алынды. Биыл 2 мектепке 2 дана 20 робот комплектілері мен қосалқы бөлшектері және 3D принтері бар робототехника кабинеттерін алу жоспарлануда. Интернет жылдамдығын жоғарылатуға 19 млн 500 мың теңге қаралған. Сондай-ақ, мектептерді интерактивті құрылғылармен жабдықтауға 34 млн 205 мың теңге қаржы бөлініп отыр.
Елбасы өз Жолдауында 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатындығын атап өтті. Үш тілде оқытуға көшу бойынша ауданда информатика, физика, биология, химия пәндерінен 56 мұғалім А1, А2 деңгейіндегі, 2 мұғалім  В1 деңгейіндегі сертификаттарды иеленді. Оның ішінде 7 мұғалім 8-сыныптарда информатика, физика, биология, химия пәндері бойынша элективті курстарды ағылшын тілінде жүргізеді.
Елбасы: «Елімізге экономикалық және қоғамдық жаңартудың талап-тілектеріне жауап беретін заманауи білім беру жүйесі қажет», – деген. Бұл тапсырманы алдымен мектеп жасына дейінгі балаларға көңіл бөлмей орындау мүмкін емес. Жолдауда 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу керектігі сөз болды. Мектеп жасына дейінгі балаларға тиімді тәрбие беру, заман өлшеміне сай оқыту мәселелері ұлттық дамумен тығыз байланысты және мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі.
Егемен еліміздің болашағы, оның жаһандық өркениеттегі өз орны білім мен тәрбиенің бастауы болатын ұстаздарымыздың қолында.
Раушан Қожамжарова,
аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы.

Бөлім:  Жолдау
Сәрсебі, 07 Ақпан 2018 00:00

Сессия болып өтті

Дүйсенбі күні аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында алтыншы шақырылған Жамбыл аудандық мәслихатының кезектен тыс жиырма үшінші сессиясы болып өтті.
Аудандық мәслихат хатшысы Рүстем Бегалиев қатысқан сессияға депутат Нұрсұлтан Сматов төрағалық етті.
Сессияда «Аудандық аумақтық, аудандық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі округтік және учаскелік сайлау комиссияларындағы босаған мүшелерінің орындарына комиссия мүшелерін сайлау туралы»; «Жамбыл аудандық мәслихатының 2014 жылғы 19 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі аудандық комиссия құру туралы» №36-07 шешіміне өзгеріс енгізу туралы»; «Жамбыл аудандық мәслихатының 2016 жылғы 30 қарашадағы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын денсаулық сақтау және әлеуметтік даму саласында түсіндіру жөніндегі Штаб (Үйлестіру кеңесін) құру туралы №6-14 шешіміне өзгеріс енгізу туралы»; «Жамбыл аудандық мәслихатының 2016 жылғы 18 қазандағы «Жамбыл ауданы әкімдігі жанындағы Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі комиссия құру туралы» №5-15 шешіміне өзгеріс енгізу туралы»; Жамбыл ауданы әкімдігінің жанындағы «Жастар ісі жөніндегі Кеңес құру туралы» мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың аудан халқы алдындағы есепті кездесулерінде жұртшылық 2017 жылы атқарылған шаруалар мен алдағы жұмыстардың жоспарына қанығуда. Жұма күні Ақбұлым, Қарой, Бесағаш ауылдық округтерінде жалғасқан жиындарда да Бақыт Алпысбайұлы халыққа қажетті ақпараттарды нақты, ұғынықты тілде жеткізген. Тұрғындар қойған сұрақтар бойынша өзі ғана емес, сала басшыларының да жауап қайтаруына тура келген.

Ақбұлым

Көшелер жөнделсе деген тілек бар

Осында өткен жиында алдымен ауылдық округ әкімі Сағынбек Жанысбаев есепті мерзімде атқарылған жұмыстар мен перспективалық жоспарлар жайында баяндап берсе, аудан әкімі Бақыт Қазанбасов ауданның 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы уақытта атқаратын жұмыстары жайында кеңінен әңгіме қозғады.
Ауыл, аудан әкімдерінің есептеріне құлақ түрген ауыл тұрғыны А.Әбілдаев: – Баяндамаларда халық игілігі үшін атқарылған жұмыстар толық қамтылған. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігі жылдан-жылға жақсаруда. Дегенмен ауылымызда шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Мәселен, Ақбұлым-Тараз бағытында жүретін №42 автобустың қозғалысына халықтың көңілі толмайды, – деді ол.
Ауыл тұрғындары Б.Қарасартованың, Р.Сырғабаеваның, М.Түлеубековтің, Н.Гүлиеваның да айтары бар екен. Бірі осындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу керек десе, бірі К.Органов, А.Төлебеков, Т.Дүйсенбаев көшелерін жөндеуге көмектессеңіз деген. Енді бірі Абай көшесінің 2-ші бұрылысына газ жүргізіп беруін сұранды.

Қарой

Мектепке көңіл бөлінсе...

Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов пен ауылдық округ әкімі Жақсыбек Исақовтың сөздерін мұқият тыңдаған ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Баталов басшылардың жұмысын оң бағалап, Ә.Әйтиев атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтсе деген ұсынысын жеткізді. Ауыл имамы А.Абилов ауылдық Мәдениет үйінің жоқтығын тілге тиек етті. Кәсіпкер Н.Даврушев ауыл халқының саны өсуіне орай дәрігерлік емдеу амбулаториясын соғу керек деген ұсынысын білдірсе, ауылдың тағы бір кәсіпкер азаматы А.Мадалиев кәріз жүйесін жүргізу қажеттігін сөз етті.
Олардың бұл ұсыныс, сауалдарына орай мектепті жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар дайындалғаны, Мәдениет үйі бойынша облыстық мәдениет басқармасына ұсыныс берілгені, дәрігерлік амбулаторияға қатысты жобалық-сметалық құжаттарға қаржы қарастырылғаны, кәріз жүйесін жүргізу мәселесі зерделенетіні туралы жауаптар қайтарылды.

Бесағаш

Автобус сатып алынады

Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов пен ауылдық округ әкімі Бейбіт Нигматуллаевтың баяндамаларынан кейін ауыл тұрғындары ойларындағы мәселелерді бүгіп қалмаған. Түрксіб ауылының тұрғыны С.Досановтың «Ауылда жаңа мектеп құрылысы қашан басталады?» деген сауалына аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Р.Қожамжарова: – Мектеп құрылысы бойынша сараптама жасалынып, құжаттар облысқа ұсынылды, – деп жауап қатты.
Ауылдағы бағаналарға тартылған электр сымдары ескірген, трансформатор керек деген Б.Байдуевтің уәжіне аудандық электр жүйесінің басшысы Ә.Несіпбеков электр сымдарын жүргізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Ауыл тұрғыны Ә.Сапиев көтерген ауызсу мәселесі 2018 жылға жоспарланғаны белгілі болды.
Аудан әкімінің жылдық есебіне оң баға берген ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Бөрібеков ауыл жастарына клубтың керек­тігін, «Арал» саяжайынан балалар­ды тасымалдауға жаңа автобус қажеттігін айтты. Оған жауап қай­тарған ауыл әкімі: «Клуб бойынша алдағы уақытта ұсыныс береміз. Ал автобус мәселесіне келсек, 2018 жылға жаңа автобус алу үшін 9 млн 825 мың теңге бөлінген», – деді.
Аудан әкімінің бұл күнгі есепті кездесулеріне аудандық мәслихат хатшысы Рүстем Бегалиев, аудан әкімдігі бөлімдері мен  мекеме-ұйым басшылары қатысып отырды.

Дүйсенбек Орманов,
«Шұғыла».

Бөлім:  Саясат
Сенбі, 03 Ақпан 2018 00:00

Қоржында бір күміс, екі қола

Жуырда Тараз қаласындағы №6 спорт мектебінде 2001-2002 жылдары туылған жасөспірімдер арасында бокстан облыстық чемпионат өтті. Тараз қаласы мен аудандардан келген спортшылардың бәрі де кіл мықтылар. Талай додада топ жарып жүрген жамбылдық жігіттердің бұл жарыста мерейі үстем болды. А.Қыдыралиев басшылық ететін Түрксіб спорт мектебінің шәкірті Д.Әбумомынов 81 келіде ақтық сынға шығып, қарсыласына есе жіберіп (жаттықтырушысы А.Нұрахынов) күміс медальға қол жеткізсе, 75 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Т.Тоқтарбаев (жаттықтырушысы Б.Рахымбеков) пен 56 келіде жұдырық түйістірген Ж.Дүйсенбек қола медальды қанағат тұтты.
Құрбанәлі Шахабай,
«Шұғыла».

Бөлім:  Спорт
Сенбі, 03 Ақпан 2018 00:00

Жат ағым жарға жығады

Жуырда Ақбастау ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратында «Діни сауатсыздық – діни экстремизмнің бастауы» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өтті.

Ауыл тұрғындары қатысқан жиында сөз алған Ақбастау ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-әскери есеп жүргізушісі Фарида Танатова түрлі діни ағымдардың жетегінде жүрген азаматтар асыл дінімізге күйе жағып, талай қаракөз қазақ баласын тура жолдан тайдырып жатқанын тілге тиек етті. Ал, аудан әкімдігі «Жастар ресурстық орталығының» теолог маманы Еркебұлан Құрманбеков еліміздің болашағы – жалынды жастардың кейбірі діни сауатсыздықтың салдарынан ислам дініне қарама-қайшы жат ағымдардың соңынан жүргенін жеткізді. Осы ағымдардың жастарға тигізетін кері әсері мен адам психикасын өзгертетін тұстары туралы кеңінен мағлұмат берді.
Басқосуда өзге азаматтар да тақырып төңірегінде пікір алмасып, ХХІ ғасырдың қасіретіне айналған көкейтесті мәселеге көпшілік болып қарсы тұру керектігін сөз етті. 
Динара Салықбаева,
Ақбастау ауылдық округі әкімінің жастар ісі жөніндегі кеңесшісі.

Бөлім:  Дін
Сенбі, 03 Ақпан 2018 00:00

Мұғалімдер – мұражайда

Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Ұлттық құндылықтар – ел бірлігі» жобасы аясында аудандық тарихи-өлкетану мұражайында «Ұлт тарихы – ұрпаққа өнеге» атты экскурсия өтті.
Аудан тарихымен аудандық тарихи-өлкетану мұражайындағы жәдігерлердің мәдени құндылығымен таныстыруға арналған экскурсияға мектеп мұғалімдері келді.
Жоба жетекшісі аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Г.Әлімбекова, аудандық тарихи-өлкетану мұражайының меңгерушісі Г.Бекжанова келушілерді қызықтырған сауалдарға жауап беріп, пікір алмасты.
Мұражай қызметкері И.Мыңжасарова құнды жәдігерлер туралы мол мағлұмат берді.
Күнзипа Ситалиева,
«Шұғыла».

Сенбі, 03 Ақпан 2018 00:00

Келелі кездесу

Айшабибі ауылдық кітапханасында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Қазақ әліпбиінен латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы» тақырыбында жастармен кездесу кеші өтті. Кездесуге қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімдері, айшабибілік жастар қатысты.
Басқосуда қазақ тілі және әдебиет маманы Шолпан Көпбаева «Латын әліпбиі жазудан басталады» атты тақырыпта баяндама жасады. Баяндама­шы өз сөзінде «Әліпбиімізді латын жазуына көшіру – бүгінгі күннің талабы» екенін баса айтты. Жастарға қазақ тілін латын қарпіне көшірудің артықшылығы, оның білім мен мәдениетімізге тигізетін оң әсері туралы жете түсіндірді. Кітапхананың Диас, Ақерке, Әділет, Аружан, Асхан, Аяулым, Әлихан сынды тұрақты жас оқырмандары «Латын әліпбиіне көшу қажет пе?» деген сауалға жауап беріп, өз ойларымен бөлісті. «Шабыт» қызығушылық клубының мүшесі Айбек Әбдиев көпшілікке «Рухани жаңғыру» атты өлеңін тарту етті.
Кездесу соңында қатысушылар «Латын әліпбиінің құндылықтары» атты кітап көрмесіне үңілді.
Сәуле Мусралиева,
Айшабибі ауылдық кітапханасының меңгерушісі.

Сенбі, 03 Ақпан 2018 00:00

Танымдық кеш

Шайқорық ауылдық клубында кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Ауылым – алтын шаңырағым» тақырыбында танымдық кеш өтті.

Шайқорық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Рысбаев пен ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Р.Нұрманова шақырылған шараға кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты.
Шара барысында кітапхана меңгерушісі Жанат Ақшалова бағдарламалық мақала аясында атқарылып жатқан игілікті істерге және туған жерді көркейтуге аянбай тер төгіп жүрген азаматтардың еңбегіне кеңінен тоқталды.
– Елбасы мақаласы аясында ауылда бірқатар игілікті істер атқарылды. Атап айтсам, өткен жылы осы ауылдың тумасы, жеке кәсіпкер Мадияр Отыншиевтің демеушілігімен КСРО спорт шебері Бақытжан Ташметов атын­дағы спорт кешені ел игілігіне берілді. Заман талабына сай жабдық­талған спорт нысанында бүгінде талай бала жаттығып жүр. Ал, мектеп мұғалімдері оқушы­ларға аудан аумағында және ауыл­да орна­ласқан тарихи-мәдени ескерт­кіштер жайында кеңі­нен мағлұ­мат беріп, арнайы сая­хат күн­дерін ұйымдастыруды әдет­ке айналдырған, – деді Жанат Ақшалова.
Жиында оқырмандар да тақырып төңірегінде тамырлы әңгіме өрбітіп, «Ауылым – құтты мекенім» атты кітап көрмесін тамашалады.

Мақсат Жұмабаев,
«Шұғыла».

Бет 3 -ші 4 беттен

Серіктестер