Материалы отфильтрованы по дате: Ақпан 2018

Елімізде Елбасының «Мәңгілік ел» идеясының шеңберінде 2014 жылдан бері «Серпін-2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға» атты әлеуметтік жоба жұмыс жасай бастағаны баршамызға белгілі.

Жобаның басты мақсаты еңбек ресурстарының мол артықшылығы орын алып отырған республикамыздың оңтүстік өңірі (Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары) жастарын еңбек ресурстарына сұраныс көп батыс және солтүстік аймақтарда білім алуға, кейін сол жерлерде жұмысқа орналастыруға мүмкіндік жасау болатын.
Бүгінде бұл жоба жүзеге асуда. Өйткені «Серпін-2050» – жарқын болашақ жобасы. Осындай жарқын жобаның жүзеге асуына бүгінде мен және оңтүстіктік достарым білім алып жүрген еліміздегі іргелі жоғары оқу орындарының бірі әрі бірегейі Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты мол үлес қосып жүр десек, артық айтқандық болмас. Мен мұнда келгеніме өкінбеймін. Әрқашанда Елбасымызға рахмет айтып отырамын. Егер осындай жоба дүниеге келмесе, осында білім алып жүрген жастар Қостанай қаласына білім іздеп келер ме едік, келмес пе едік?!
Мұнда бізге барлық жағдай жасалған. Тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк. Жатын орнымыз да даяр. Спорт сарайы да, Мәдениет сарайы да бар. Кітап қоры мол кітапханадан іздегеніңді табасың. Ұстаздарымыз шетінен керемет кісілер.
Қазір мен мемлекеттік «Серпін» бағдарламасымен конкурстық негізде (грант иегері) Қостанай педагогикалық институты «Құқық және экономика негіздері» мамандығы бойынша білім алып жүрген 2-курс студентімін.
Мен Ю.Гагарин атындағы орта мектептің 2016 жылғы түлегімін. Негізі, айтарым, өткен жылдары және биылғы оқу жылын бітіретін түлек-жерлестерімді Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтына шақырамын. Келіңіздер, өкінбейсіздер дер едім.

Нұрдәулет Есенпұлов,
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының 2-курс студенті.

Бөлім:  Білім

Таяуда Гагарин атындағы орта мектепте «Мәңгілік Ел» тәрбие және білім беру орталығының ұйымдастыруымен «Виртуалды тәуелділік – жастар үшін қауіпті» атты аудандық семинар-тренинг өтіп, оған 20 мектептен 26 мұғалім қатысты. Онда «Мәңгілік Ел» тәрбие және білім беру орталығының директоры Жаннұр Дүйсенова семинар бағдарламасымен таныстырғаннан соң аудан әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Әлия Омарова сөз сөйледі. Ол сөзін Елбасының «Жастарымыз салт-дәстүрімізді көздің қарашығындай бағып жүретін, көптің көкейіне үміт отын жағып жүретін, адамзаттың озық ой көгінде ағып жүретіндей болуы тиіс» деген ұлағатты сөзімен бастады. Бұдан кейін қатысушыларға «Виртуалды тәуелділік – жастар үшін қауіпті» тақырыбында дайындалған слайд ұсынылды.
Заманауи мектеп оқушыларының өзін-өзі рухани жетілдіруде қабілеттері мен қажеттіліктерін қалыптастыруды, оқушылардың виртуалдық әлемге тереңдеу қаупінің алдын алып, ғаламтор желісін қауіпсіз пайдалану икемдігін жетілдіруді, оқушылардың жоғары адамгершілік және моральдық қасиеттер негізінде қарым-қатынас қабілеттерін қалыптастыруды мақсат еткен семинар барысында орталық маманы «Виртуалды тәуелділіктің адам өміріне әсері», Ә.Ысмайылұлы атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Бейсенова «Рухани жаңғыру – мәңгілікке бастар жол», Ә.Әйтиев атындағы орта мектеп директорының құқық ісі жөніндегі орынбасары Дінеш Мамыралиева «Рухани жаңғыру – жеке тұлғаға адамгершілік тәрбие берудің негізі» тақырыптарында баяндама жасады. Орталық мамандары Ұлдана Орынбаева мен Мереке Жаппасова «Әлемді билеген ғаламтор» тақырыбында тренинг жүргізді. «Интернеттегі балалар», «Жанұяңа уақыт бөл, сотка ұстаған отбасы» тақырыптарында бейнеролик көрсетіліп, ұстаздар өз ойларымен бөлісті.
Семинар-тренинг көпшілік көңілінен шықты. Қатысушылар семинардан алған әсерлерін бағалау парағы арқылы толтырып, бүгінгі таңда адамдарды толғандырып жүрген мәселелер жайында сөз қозғады. Ұстаздар арасындағы сыйластық, түсінушілік, ынтымақтастықты орнықтыруда, білім мен біліктілікті шыңдауда бұл басқосудың жағымды ықпалы мол болды.
Семинар соңында Жаннұр Нұрланқызы қонақтарға рахмет айтып, еңбекте шығармашылық табыс тіледі.
Зарина ДОСТАЕВА,
«Мәңгілік Ел» тәрбие және білім беру орталығының маманы.

Бөлім:  Семинар
Сенбі, 24 Ақпан 2018 00:00

Жыр алыбы ұлықталған күн

Қазақтың маңдайына біткен, XX ғасырдың Гомері атанған Жамбыл Жабаевтың рухқа толы өршіл өлеңдері бүгінгі ұрпақ үшін мол мұра, асыл қазына. Жыр алыбының өлеңінен нәр алып, оның рухты жырларынан сусындап жүрген жас буынның қарасы қалың. Мұны біз жыр дүлдүлінің 172 жылдығына орай Амангелді атындағы орта мектепте ұйымдастырылған «Жамбыл оқулары» атты аудандық байқау кезінде тағы бір мәрте байқадық. Жыр алыбына арналған байқауға жалпы саны 24 үміткер қатысты.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай айтқандай, қатысушылар Жамбылға арнаған арнау өлеңдері бойынша сынға түсті. Осы кезеңде өлең жазуға бейімі бар, поэзияның ауылына ат байлағысы келетін ынталы өрендердің бар екенін байқадық. Кейбір «бір қайнауы кем» жыр жолдарын көріп, әттеген-ай десек, енді бірде шумақтары шымыр, ұйқастары жұмыр өлеңдерді көріп «бәрекелді» десіп сүйсіндік, риза болдық. Бастысы, әрбір талапкердің жазған өлең шумақтары жыр жампозына деген ерекше сезімнен туып, шынайы жүректен шыққаны көрініп тұрды.  
Байқаудың екінші кезеңінде үміткерлер Жамбылдың жауһар жырларын мәнерлеп жатқа оқудан бақ сынады. Ұлы ақынның отты жырларын нақышына келтіре оқыған жасөспірімдер жиналған қауымды бір серпілтіп тастады. Дүлдүл ақынның өміршең өлеңдері көпшілікті әдемі әсерге бөлеп, асқақ рухқа жетеледі.
Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Гүлхан Әлімбекова мен аудан әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Әлия Омарова бастаған қазылар алқасы қатысушылардың сахналық мәдениетіне, сөз саптауына баса мән беріп, жіті назар аударды. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Т.Тоқтаров атындағы орта мектептен келген Бекжан Кенжебек еншілесе, I орынды Амангелді атындағы орта мектептің оқушысы Ерсұлтан Алпысбай, ал II орынды Макаренко атындағы орта мектептен келген Қайсар Амантай иеленді. Жүлделі III орын Ә.Әйтиев атындағы орта мектептің оқушысы Ғалия Бекмағамбетоваға бұйырды. Сондай-ақ, арнайы тағайындалған «Көркемсөз шебері» номинациясымен Аяжан Бейбітова (Ә.Тарази атындағы орта мектеп), «Жырымды саған арнаймын» номинациясымен Алина Кәрім (Абай атындағы орта мектеп) және «Жас талапкер» аталымы бойынша Тыныс Омаров (№3 орта мектеп) марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілсе, қалған барлық қатысушыларға арнайы Алғыс хаттар берілді.
Екі ғасырдың көзін көріп, қос дәуірді басынан өткерген абыз ақынның есімі мен оның артында қалған құнды дүниелері Жамбыл жырынан нәр алған осындай  жастар барда ешқашан ұмытылмақ емес.

Құрбанәлі Шахабай,

«Шұғыла».

Бөлім:  Мәдениет

«Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді» деген. Алайда татулығы мен жасампаздығы жарасқан елімізде отбасы жағдайы тағдыр тәлкегімен жайсыз күйге ұшырап, ата-ананың яки баланың құқық бұзушылыққа бой алдыруы бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. «Қырсық қырық ағайынды» дегендей, ішкілікке салынған осындай отбасының үйінде қандай береке болмақ, жәбір көрген баланың болашағы кімді алаңдатады? Әрине, әр кіші отанның ұйытқысы, берекесі ата-ана екені даусыз. Сондықтан әр баланың келешегі, ең бірінші, үй тұтқасын ұстайтын әкенің тікелей міндетіне айналуы тиіс. Сонда ғана орынсыз әдет пен келеңсіз құбылыстарға тосқауыл қоя аласыз.
«Еңселі еліміздің ертеңі болашақ жастарға байланысты» деген Елбасының сөзін назарға алған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қызметкерлері, партия мүшелері Аса ауылындағы жайсыз отбасы, яғни аудандық ішкі істер бөлімінде тіркеуде тұрған азаматтардың үйлеріне барып қайтты. Нақтырақ айтқанда, партия аудандық филиалының консультанты Төленді Көпбергенов, «Жас Отан» жастар қанатының бөлімше басшысы Жандар Тоқсаба, аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскер-психологы Жеңіс Мейрамбеков, АІІБ ЖПҚ ЮПТ УПИ полиция капитаны Темірхан Бейсекеев пен полиция лейтенанты Орынбасар Жапаров және «Шұғыла» бастауыш партия ұйымының мүшелері партияның «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» жобасы аясында жайсыз отбасылардың үйлеріне арнайы барып, Елбасының Жолдауындағы басты тетіктерді, сондай-ақ партия тарапынан оларға көрсетілетін құқықтық көмектер жайында кеңінен түсінік берді. Балалары мектеп бітіріп жатқан жағдайда оларға мемлекет тарапынан қандай қолдаулар бар екенін, жаңадан қабылданып жатқан бағдарламалар арқылы жоғары оқу орындарына еркін түсуге болатынын айтқан топ мүшелері белгілі сұраныспен немесе көкейдегі сауалдармен партия аудандық филиалына жүгіне алатынын жеткізді.

Мақсат ЖҰМАБАЕВ,
«Шұғыла».

Бөлім:  Нұр Отан
Сенбі, 24 Ақпан 2018 00:00

Жырлары қалды жүректе

Бейсенбі күні Жастар ресурстық орталығының үлкен залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында танымал ақын Совет Әлімқұловтың туғанына 80 жыл толуына орай «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты байқау өтті. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі (директоры Аида Қалисаева), аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған әдеби кеш оқырмандарды балалар ақыны С.Әлімқұловтың өмірімен, шығармашылығымен таныстырып, жастарға патриоттық рух беріп, адамгершілік қасиеттерге баулуды, ақын өлеңдері арқылы халқына, тілге, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін оятуды, поэзияға деген қызығушылығын арттыруды мақсат етті.
Ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған «Жырымен жас ұрпақты тербеткен» атты кітап көрмесі қойылып, «Балалармен сырласқан сырбаз ақын» атты слайд ұйымдастырылған кеш «Көкіл» домбырашылар ансамблі орындаған Сүгірдің «Бозінген» күйімен басталды. Осылайша, келген қонақтар, өнер мен білімге жаны құмар, жырсүйер оқырман қауым ауданымыздың құтты ордасында тамаша бір кездесудің куәсі болды. Киелі поэзия әлемінде өзіндік үн, өзіндік сыр, өзіндік бояу, ажары бар, сырлы да нәзік өлеңдерімен жұртшылықты жырмен тербеген, өлеңін баласындай мәпелеген, алты алаштың баласына піскен жемістей үзіліп тұрған жырдан мол сыбаға берген дарынды ақын Совет Әлімқұловтың өлеңдері бұл кештің шырайын келтірді. Автордың «Тұңғыш кітап», «Өрімтал», «Күн көсем» кітаптары – оны нағыз балалар ақыны, ал басқа жинақтары тамаша лирик ақын ретінде танытты.
1938 жылы 22 ақпанда Тұрар Рысқұлов ауданында дүниеге келген Әлімқұлов Совет Рақымбайұлы Тараз қаласындағы мәдени-ағарту училищесін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Меркі, Қордай аудандық газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, 1977-1991 жылдары Жамбыл аудандық «Шұғыла» газеті редакторының орынбасары, 1991-1992 жылдары «Әулиеата» газетінің редакторы болып қызмет істеді. Лирик ақынның алғашқы өлеңдер жинағы «Тұңғыш кітап» деген атпен 1969 жылы шықты. Содан бері  оның «Жазушы» және «Жалын» баспаларынан «Жайсаң жер», «Күн көсем», «Қыран», «Еліктің лағы», «Өрімтал», «Қол айна», «Сыбызғы», «Ықылас», «Ораласың ба, көктемім?» жыр жинақтары мен театрға арналған бір актілі «Нұрлы дүние» пьесасы жарық көрді.
Совет ағаның шымыр шумақтары оқырманын құштарлықпен оқуға ынтықтыра түседі. «Кіндік жұрт» деп аталатын өлеңінде:
Қасиетті кіндік жұрт, пір тұтамын,
Күліп атсын әрқашан нұрлы таңың.
Менің де бір қабырғам кетті дей бер,
Сынса сенің мезгілсіз бір бұтағың.

Мен қуанам бір гүлің жұлынбаса,
Сендегі егін бұршаққа ұрынбаса.
Сықырлайды менің де сай-сүйегім,
Төсіңде бір балапан шырылдаса.

Мен қуанам сенде күн күлімдесе,
Арналады өзіңе жырым неше.
Мен қуанам үмітпен сеніп қосқан
Сәйгүлігің бәйгеде сүрінбесе.

Кіндік жұртым жазира даласы кең,
Жүрегімнің іңкәрі, дауасы ма ең.
Маған сенің шекер-бал қара суың,
Маған сенің жеріңнің ауасы да ем, – дейді.
Кездесу кешінің қонақтары – ақынның жары Сара Ахметова, қарындасы Серікгүл Әлімқұлова, кітапхана ардагері Зәуре Саттарова, ақын Байтанағали Төлентаев, аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің бас редакторы Сансызбай Махамбетқұлов, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқар Байдалиев ақын жайлы тамырлы да танымды әңгіме қозғады. Естелік айтушылардың барлығын кітапхана қызметкерлері үлкен экрандағы бейнебаянмен толықтырып отырды. Ал, аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының жанынан құрылған «Бұлақ көрсең, көзін аш» әуесқой жас ақындар клубының мүшесі, Б.Момышұлы атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Даяна Мәлік ақын атасына  жүрегінен жарып шыққан жыр жолдарын арнады.
«Көкіл» домбырашылар ансамблі «Турецкий попурриді», «Елигай» қобызшылар ансамблі «Танец» шығармасын, аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері Ғарифулла Лұқманов пен Нұрила Исаева ақын сөзіне жазылған әндерді орындады.
Аудан орталығындағы үш мектептің оқушылары қатысқан байқауға келсек, талапкерлер «Мен кітапхананың тұрақты оқырманымын», «Ақыннан өлмес жыр қалған», «Портрет галереясы» кезеңдері бойынша сынға түсті. Өздерін алдымен кітапхана оқырманы ретінде таныстырып, содан соң ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, соңында портреттегі бейненің кім екенін анықтаған сайыскерлер білгірлігімен, ынталылығымен көпшілік ықыласына бөленді. Қазылар алқасының ұйғарымымен Б.Момышұлы атындағы орта мектептің оқушысы Аяжан Шалабек бірінші орынға, Нұрила Құлбатырова (Ю.Гагарин) мен Айгерім Орынбасар (Б.Момышұлы) екінші орынға, Нұрай Қарабек (Ю.Гагарин) мен Нұрай Раджапова (Ю.Гагарин) үшінші орынға лайық деп танылып, арнайы жүлделерге ие болса, Айбибі Сарықбаева, Динара Нұртай, Динара Тетер (үшеуі де Ю.Гагарин атындағы орта мектептен), Ақмерей Сәрсен (№1 орта мектеп), Дәурен Бабық (Б.Момышұлы) Алғыс хаттармен марапатталды.
Үлкен жүректі, бала мінезді ақынның балауса жырларына арналған байқау өте әсерлі өтті. Өзі кеткеннен соң атағын аспандатуды емес, ақын рухын асқақтатуды, мұрасын, өсиетін, артында қалған дүниесін дәріптеуді көздеген іс-шарадан жас ұрпақ рухани азық, өнеге алды деп сеніммен айта аламыз. Бар-жоғы 54 жыл ғұмыр кешкен ақын жырлары бар жүректе жатталып қалары анық.

Замира Хожамкулова,
аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы.

Сенбі, 24 Ақпан 2018 00:00

Көпшілік көңілінен шықты

Аса ауылындағы орталық алаңда аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің ұйымдастыруымен ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде сауда сөрелері картоп, қант, сұйық май, күріш, ұн, сәбіз, пияз, тауық жұмыртқаларымен толығып, сауда қызу жүрді. Қарасы қалың аудан жұртшылығы жәрмеңке барысында өзіне қажетті өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алып жатты. Барлық тауар түрі базар нарқынан әлдеқайда төмен бағамен сатылды. Жәрмеңкені аралап жүріп онда халыққа қажетті дүниенің көп екендігін байқадық. Жергілікті халық «Тараз сауда-саттық компаниясы» ЖШС әкелген 15 тонна картоп, 9,4 тонна қант, 500 литр сұйық май, 100 келі күріш, 200 келі ұн, 250 келі сәбіз, 480 келі пияз, 1000 дана жұмыртқа, тағы басқа өнімдерді керектерінше сатып алды.
Жәрмеңкеде арзандатылған бағамен сатылған азық-түліктер түгелдей өтіп кетті. Үлкенді-кішілі өнім тиеп келген көліктер жәрмеңке алаңынан бос қайтты. Аудан тұғындары үшін ұйымдастырылған жәрмеңке көпшіліктің көңілінен шықты.

Ильяс Қалыбеков,
«Шұғыла».

Бөлім:  Кәсіпкерлік
Сенбі, 24 Ақпан 2018 00:00

Тарихи маңызға ие оқиға

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшу мәселесін көтеріп, тиісті сала басшыларына нақты тапсырма берген болатын. Негізі, қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру мәселесі қоғамда қызу талқыға түсіп, бірқатар латын әліпбиінің нұсқалары ұсынылды. Елбасымыз «жеті рет өлшеп бір рет кес» деген қағиданы ұстанып, еліміздің қоғам қайраткерлері мен ғалымдарынан құралған жұмысшы топтың ерен еңбегінің арқасында бұл межені де бағындырды. 2018 жылдың 19 ақпанында Елбасы қазақ тілінің жаңа әліпбиі туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – тарихи маңызға ие оқиға.
Президентіміздің қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшіреміз деген бастамасына және латын әліпбиінің жаңа нұсқасын әзірлеуде жастар да өз ойларын белсенді білдірді. Себебі, бұл біздің әлемдік өркениетпен ықпалдасуымызға, әлемдік технологиялар мен ағылшын және интернет тілін үйренуімізге жағдай жасайды.
Латын әліпбиінің жаңа нұсқасы жазуға ыңғайлы, технологияларды қолдануда өте тиімді. Бұған дейін ұсынылған әліпбилердің ішіндегі ең ыңғайлысы және тиімдісі осы екеніне жаңа әліпбиді қолданып жазғанда көзім жетті.
«Көз – қорқақ, қол – батыр» деп дана халқымыз айтқандай, ендігі кезекте жаңа әліпбимен жарқын болашаққа нық қадам басатын кез келді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жаңа әліпбиіміз арқылы биік белестерді бағындыруымыз керек.

Бақытжан Құтжан,
аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы.

Бейсенбіде аудан әкімдігінің мәжіліс залында Жамбыл ауданында міндетті зейнетақы қорына жарнасын аудармай жұмыс істеп жүрген жұмыскерлердің еңбек қатынастарын заңдастыру мәселесі бойынша семинар-кеңес өтті. Облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Серғали Айдапкелов, аудандық мәслихаттың хатшысы Рүстем Бегалиев, аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Алпысбай Жұмаханов, бейресми жұмыспен қамтылған халықты заңдастыру жөніндегі аудандық штабтың мүшелері, жергілікті полиция қызметінің, ауылдық округтерде құрылған жұмысшы топтардың өкілдері қатысқан семинарды аудан әкімі Бақыт Қазанбасов ашты.
Кеңесте сөз алған Серғали Өмірзақұлы:
– Ағымдағы жылдың 15 қаңтарында Үкіметтің хаттамалық тапсырмасымен жергілікті атқарушы органдарға міндетті зейнетақы қорына жарнасын аудармай жұмыс істеп жүрген тұлғалардың еңбек қатынастарын заңдастыру мәселесі жүктелді. Осы орайда облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы облыс аумағындағы елді мекендерде үй-үйді аралау барысында міндетті зейнетақы қорына жарнасын аудармай жұмыс істеп жүрген жалдамалы жұмыскерлердің еңбек қатынастарын заңдастыруға бағытталған қадамдық жоспар бекітті. Жоспар облыстық штаб отырысына ұсынылып, бүгінде қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалардың еңбек қатынастарын заңдастыру, оларды әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер. Міндетті зейнетақы қорына жарнасын аудармай жүрген жұмыскерлер еңбек қатынастарын заңдастырып, зейнетақы және міндетті медициналық сақтандыру қорларына жарналарын аударуға тиіс. Жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында еңбек шарттарының рәсімделуі қамтамасыз етілуі керек. Жұмыс берушілердің жұмыскерлерге әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын аударуы бақылауда болуы қажет, – деді.
Жиында аталған басқарманың инспекторы Мухаметқали Туғанбаевтың аудандағы міндетті зейнетақы қорына жарнасын аудармай жұмыс істеп жүрген жұмыскерлердің еңбек қатынастарын заңдастыру мәселесі бойынша жасаған хабарламасы тыңдалды. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалының сарапшысы Дәурен Бурханов міндетті медициналық сақтандыру қоры жайында кеңінен сөз қозғаса, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Жамбыл аудандық қызмет көрсету орталығының бастығы Жамбыл Абдибеков зейнетақы қорына жарна аудару мәселесін егжей-тегжейлі баяндап, қатысушылардың қойған сұрағына нақты жауап берді.
Түс ауа облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Серғали Айдапкелов Аса ауылдық округінде жергілікті жеке кәсіпкерлерді қабылдап, оларға міндетті зейнетақы және міндетті медициналық сақтандыру қорларына жарна аудару, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек шарты туралы тарқата түсіндірді. Қабылдауға Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшымбетов, аудандағы әлеуметтік сала мамандары қатысып отырды.
Еңбек қатынастарын заңдастыру мәселесі бойынша сұрақтарды облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының телефон нөмірлеріне (8 (726) 243-01-96, 8 (726) 243-04-12, 8 (726) 251-01-10) қоңырау шалу арқылы және Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра. электронды поштасына, enbek.zhambyl.kz сайтына жолдауға болады.

Ильяс Қалыбеков,
«Шұғыла».

Бөлім:  Семинар
Сәрсебі, 21 Ақпан 2018 00:00

Ақбұлым – алтын бесігім

Өткен жылғы сәуір айындағы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қазақ халқының мәдени тамырына бой ұруға және жастарды рухани жұтаңдықтан сақтайтын салмақты ойға жетелеуде. Осы мақаладағы «Туған жер» бағдарламасы болашақ ұрпақтың рухани азығына айналатыны сөзсіз. Туған жер дегеніміз – кіндік қаның тамған алтын бесік ауылың. Осындай терең де мағыналы түйінге қарасақ, қандай да бір ақыл-ой туындысы тек ұлтқа қызмет еткенде ғана құнды.
Бабаларымыздың данышпандығы да осында, ұрпақ тәрбиелеудің басты құралына айналған осындай ұлағатты кесім қай кезеңде болса да өз жемісін берген. Ата-бабаларымыздың сара жолын ұмыт қалдырған кейбір жастарымыз, айдың-күннің аманында басқа ағымның жетегінде кетіп, адасуының бірден-бір мәнісі осында деген ойда қаласың. Қалай болғанда да бабаларымыз қаншама қайғы-қасіретті, алмағайып заманды басынан өткерсе де, діні мен ділін берік ұстағанына таң қаласың. Туған жерді дәріптеп-насихаттау қасиетті қазақ тілі арқылы іске асатыны бәрімізге белгілі жәйт. Қазақтың ауызша тарихы – ел-жұртты, ұлт пен ұлысты танудың әліппесі, көнеден жеткен көне тарихымыздың айнымас айнасы. Жастарды атамекенінің тұнық тарихының мәйегімен ауыздандырмайынша біз еліміздің нағыз патриоттарын тәрбиелей алмаймыз.
Рухани жаңғыру барысында «Туған жер» бағдарламасы жалпы ұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналуы үшін бабаларымыздан қалған көне асыл мұраларымызды, сонау ежелден бізге жеткен тарихи құндылықтарымызды жан-тәнімізбен қастерлеуіміз керек. Елбасының бағдарламалық мақаласы осыны меңзейді емес пе?
Бұл тұрғыда асыл қазынамызға жататын менің туған ауылым да жалпы ұлттың қасиетті рухани құндылықтарына жататын орынға айналуға толық құқылы деп есептеймін. Алдымен Ақбұлым деп аталу тарихына байланысты көне тарихқа үңілетін болсақ, II ғасырда қытай тарихшысы Сьюань-Цзань мынадай жазба қалдырған. Талас өзенінің жағасында «Долосы» сауда қаласы орналасқан (қытайлықтар Тараз қаласын осылай атаған). Ал, осы қаланың шығыс қақпасы жағында Талас өзенінің арғы беткейінде тау қыраттары етегіндегі 300-ге жақын шаңырағы бар үстін ақ тұман басып тұрған елді мекен бар деп жазып кеткен. Ол – біздің Ақбұлым ауылы. Осы жазбаға сүйенсек, күнгей Алатаудың төменгі сілеміндегі Ақтаудың етегіндегі Қамыстыбұлақ шатқалынан шыққан бұлақтан және Сарыбұлақтан аққан сулар қосылып бір тоған су болып ағып, Талас өзеніне құйылып отырған. Ықылым заманнан бері Ақбұлымның тұрғындары осы суды өз қажеттеріне пайдаланып келген, қазіргі кезде су аққан сай-саланың орны жатыр. Жылдың төрт мезгілінде таңғы уақытта бұлақтан аққан судың және Талас өзенінің буынан ауылды «ақ» бу басып, бұлыңғыр тартып тұрған, осыған байланысты «Ақбұлым» аталған.
Ақбұлым – көне мұраларға бай тарихи ауыл. Солтүстігінде «Жетітөбе», арыда «Ақыртас», оңтүстік-шығысында  «Ботамойнақ» пиктограммасы, «Қарауылтөбе», «Қарасай», «Қамыстыбұлақ» шатқалындағы тастарға салынған таңба бейнелер (петроглифтер), таңбалар мен сурет жазулар (пиктография), солтүстік-батысында «Төменгі Барысхан» қаласының орны, батысында жеті-сегіз шақырым жерде Тараз қаласы ауылымызды қоршап тұр. Ал, Қарасайдың аталуына шатқал толығымен қара гранит тастармен көмкерілгені себеп болған. Онда қола дәуірі кезеңіне жататын мыңдаған петроглифтерді кездестіруге болады.
Қамыстыбұлақ шатқалының табаны бұлақтан аққан судан әжептеуір көлге айналғанын көрдік. Ежелде бұл көлдің көлемі үлкен болып, айналасына қамыс өскен. Қамыстыбұлақ аталғаны осыдан. Бұл шатқалдан қола дәуірі кезеңінен бізге жеткен таңба, сурет жазулар мен ежелгі тарихи-мәдени мұралар сақталған. Олар көне замандағы ата-бабаларымыздың бүкіләлемдік мәдениетке қомақты үлес қосқан өркениетті халық болғанын дәлелдейді.  
   Ботамойнақ шатқалы ботаның мойнына ұқсас ирелеңдеп күнес жағына қарай созылған. Шaтқaлдың бoйымeн ұзыннaн-ұзaқ ecкi cүpлey жaтыp. Ocы cүpлey тay бeткeйiнe кeлiп тipeлeдi. Тay бeткeйiнiң coл жaғымен ciлeмe қыpaттapын бoйлaй oтыpып, тayдың мaңдaйынa шығaмыз. Қaтпap-қaтпap тacтapдың iшiндe жapық cызықшaғa ұқcac тap үңгipдiң ayзын көpeмiз. Бip aдaм зорға cығылыса кipep ayзы бар қapaңғы қaпac үңгipдiң iшiндe eкi жaқ қaбыpғaны бoйлaй төмeн ылдилaп түceтiн жoл бap. Қaбыpғaлapдa көптeгeн eжeлгi aдaмдapдың caлғaн жaзбa тaңбaлapы көптеп кeздeceдi. Бұлapдың қaй дәyipгe жaтaтындығын жәнe жaзy нeмece тaңбa eкeндiгiн aнықтay – ғaлымдapымыздың құзырындa.
Осындай тарихи мұралар бізге кімнен, қалай жетті? Халық бір күнде тумайды, тарихи кезеңдерді бастан өткере отырып, қалыптасу жолына түседі. Көне мұралардың ақиқатын ашып, оларды көзіміздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа сол қалпында жеткізе білсек, бұл біздің тағылымы биік тарихымызды танығанымыз. Біз рухани санамызды осындай жауһар мұралармен жаңғыртпасақ, бабалар алдындағы парызымызды өтей алмағанымыз. Мәселе – сонда!
Түк білмей босқа өткен уақытың,
Өмірдің мәнісі жоқ бос емес пе?
Кең байтақ даламыздың тарихымен,
Жастарды тәрбиелеу  хош емес пе?
Бабалардың мұрасын танып білсек,
Рухани жаңғыруымыз осы емес-пе?..

Жамбыл Бесбаев,
ардагер ұстаз.
Ақбұлым ауылы.

Сәрсебі, 21 Ақпан 2018 00:00

Ойыншықтар табыс етілді

Жуырда «Айналайын» қоғамдық бірлестігінің мүшелері мен волонтер-білімгерлер аудандағы оңалту орталығында қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырды. Іс-шарада матадан жасалған жұмсақ ойыншықтардың жасалу технологиясы бойынша шеберлік сабағы өтті.
– Біз – Тараз қаласындағы педагогикалық колледж студенттеріміз. «Айналайын» орталығында болашақ мамандығымызға қажетті тәжірибеден өтуге келдік. Волонтер ретінде қайырымдылық шараларына қатысып, балалармен жұмыс жүргізген ұнады, – дейді волонтерлар Шапағат Сүйен, Аружан Ералиева, Айжан Айтқұл.
Іс-шара соңында оңалту орталығының балаларына волонтерлар жасаған 25 жұмсақ ойыншық табыс етілді.
Күнзипа Ситалиева,
«Шұғыла».

Бөлім:  Қайырымдылық
Бет 1 -ші 5 беттен

Серіктестер