Материалы отфильтрованы по дате: Қаңтар 2018
Сенбі, 06 Қаңтар 2018 00:00

Рухымызды көтеретін күш

Білім саласында жұмыс жасайтын біз үшін рухани жаңғыру деген сөз жағымды естілді. Өйткені, білім алу үшін адамның бойы мен салмағы, түр-келбеті маңызды емес, керісінше, рухани дүниесі мен санасы маңызды.
Экономикамыздың қуатты, қорғанысымыздың мығым, тәуелсіздігіміздің мәңгілік болуы үшін санасы биік, өрісі кең, өскелең ұрпақ тәрбиелеуіміз керек.
Мемлекет басшысы елімізге қай кезде не керек екенін дөп басып, дұрыс талдау жасай білетін, жасампаз көшбасшы екенін тағы да дәлелдеді. Расында, тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап еліміз алдымен экономиканы көтеруге ден қойды. Мемлекеттің барлық тарапы ел экономикасын аяқтан тұрғызу үшін жұмылдырылды. Егемендік алған 26 жыл ішінде бұл ұлы мақсат орындалды. Елдің еңсесі көтеріліп, қаржылық қиындықтарды жеңдік. Қазақстанның ел ішіндегі өзіндік экономикалық жолы қалыптасты.
Ендігі мақсат рухани жаңғыру болмақ. Елбасы елімізді рухани жаңғыртудың бірегей бағдарламасын ұсынып, осы бағытты айқындап берді. Бағдарламаның кіріспесінде рухани жаңғырудың маңыздылығына қысқа да нұсқа тоқтала кеткен Елбасымыз рухани жаңғырудың ХХ ғасырда да болғанын айтты. Бірақ, ол кездегі батыстық жаңғырудың басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында деп көрсетті. Халқымыздың өзімізге тән рухани жаңғыруы керек екенін жеткізді.
Елбасы елімізді рухани жаңғыртудың бірегей бағдарламасында орындалмайтын арман мен бұлыңғыр мақсаттан аулақ болуға шақырды. «Тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді» деп турасын айтты. Шындығында, өткеніңе қарап сабақ алмасаң, келешектің кемел болуы мүмкін емес. Елбасы айтқандай, нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, салауатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы.
Рухани жаңғыртудың бірегей бағдарламасында ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін көздеген маңызды бір бөлігі – ұлттық бірегейлікті сақтау деп айтылды.
Елбасымыз ұлттық бірегейлікті сақтаудың өзін екі бөлікке бөлді. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту.
Кез келген ұлттың салт-дәстүрлерінің ішінде озығы мен тозығы қатар жүреді. Егер ұлтымыздың дәстүрін сақтаймыз деп өткенін түгел қабылдасақ, онда ілгерілеушіліктен айырыларымыз ақиқат. Біз мәдениетті ұлт ретінде өзіміздің озық тұстарымызды одан әрі дамыта түсіп, сонымен қатар заман талабына сай жаңа көзқарастардан да қашпауымыз керек. Бұл бағдарламада осы жағы басты назарға ұсталған. Бізге қатты әсер еткен тұсы «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана». Міне, осыдан артық не айтуға болады. Егер ел болып осы мақсат жолында жүретін болсақ, халқымыздың болашағы жарқын болары сөзсіз.
Ғылым саласында жұмыс жасайтын біз үшін де рухани шабыттың орны бөлек. Егер ұлттық құндылықтардан іргемізді аулақ салатын болсақ, роботқа айналып шыға келеміз. Сондықтан, Елбасымыз айтқандай, тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани кодымызды сақтай отырып, әлемнен өз орнымызды табамыз.
Сондай-ақ, Елбасымыз рухани жаңғыртудың бірегей бағдарламасында прагматизм ұғымына кеңінен тоқталды. «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді».
Әсіресе, оқу-ағарту саласында прагматизмнің алар орны бөлек болмақ. Егерде уақыт талабына сай қызмет жасамайтын болсақ, қалыптасқан үрдістен аспайтын болсақ, дамудың ауылы алыс болмақ. Сондықтан, білім беру саласында білек түріп қызмет жасап жатқан әрбір маман Елбасымыздың осы бағдарламасын оқып, терең түсінуі керек. Егер осы бағдарлама негізінде санамызды жаңғыртып, ойымызды дұрыс бағыттайтын болсақ, еліміздің ертеңі ертегідей нұрлы болмақ. Тарихтың талай сынағынан өткен халқымыздың ендігі қиындықтарға төтеп беруінің бірден-бір жолы осы. Рухани жаңғыру – рухымызды көтеретін күш.

Рауан Төлендиев,
Жеңістің 30 жылдығы атындағы орта мектептің мұғалімі.

Сенбі, 06 Қаңтар 2018 00:00

Бағдарлама аясында

«Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деген болатын Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында. 
Бұл мақала жарық көрген сәттен бастап әр аймақта қызу қолдау тауып, мақаладан туындаған мақсат-міндеттер іске асырылып келеді. Мәселен, Қаракемер ауылдық кітапханасында оқырмандарға «Рухани жаңғыру – жарқын болашақ кепілі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда келген әрбір оқырман өзіне қажетті мәліметтер мен кітаптарын алып тұрды. Сондай-ақ, «Латын әліпбиіне көшу – әлемдік бәсекеге қабілеттілік» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы ұйымдастырылып, жастарға кеңінен насихатталды. Ал, қазақ қолөнерін насихаттауда кітапхана жанынан құрылған «Шебер қолдар» клубы мүшелерінің қолдан жасалған «Атадан қалған асыл мұра» атты қолөнер туындылары қойылды.
Бұдан бөлек, «Өссе тілім, мен де бірге өсемін» поэзия кеші мен «Әдеби серуен» өткізілді. Шара барысында ауылдың тарихы мен ауылдың еңбегі сіңген белді азаматтардың игілікті істері жайлы ақпараттар берілді.

Шолпан Шайдаева,
Қаракемер ауылдық кітапханасының меңгерушісі.

Сенбі, 06 Қаңтар 2018 00:00

Жастар кеші

Жаңа жыл қарсаңында Аса ауылындағы орталық алаңда аудан әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері аудан жастарына арналған «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты мерекелік кеш өткізді. Аудандық Мәдениет үйінің музыка жетекшісі Ғарифулла Лұқмановтың әуелеткен әнімен басталған кеште жастар хормен ортаға Аяз ата мен Ақшақарды шақырып, шырша шамын жақты. Тауық жылын жылы лебіздерімен шығарып салып, Ит жылын қарсы алған жастар барлығы бірге шеңбер болып, шыршаны айнала биледі. Аяз атаға тақпақтар айтып беріп, тәтті сыйлықтар алды. Орталық ұйымдастырған лотерея ойынына қатысып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Сахнадан жас өнерпаздардың әндерін тыңдап, билеген билерін тамашалады.
Соңынан аталмыш орталықтың директоры Маханбет Рақымжанов аудандағы мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік сыйқалталар табыс етіп, ата-аналардың алғысына бөленді.
Мерекелік кештің қызықты өтуіне аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері, Ю.Гагарин атындағы орта мектептің мұғалімдері өз үлесін қосты.
Ильяс Қалыбеков,
«Шұғыла».

Бөлім:  Жастар

Өткен жылға лайықты баға беріп, болашаққа тың қадам жасайтын, адамзат баласына рухани серпіліс беретін, жарқын өмірге жол сілтейтін айтулы мереке бұл.
2017 жыл еліміз үшін берекелі әрі жемісті жыл болды. Тарих қойнауына еніп бара жатқан Тауық жылына еш өкпе жоқ. Себебі, бұл жылы еліміз айтарлықтай мол жетістікке қол жеткізді. Еуразияның алып кеңістігінде әлемге танылған құдіретті мемлекет атанды. Шапағаттың шарапатын көрген Жамбыл ауданы да осындай жақсылықтардан кенде емес.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында көрініс тапқан Қазақстанның үшінші жаңғыруы бастау алып, қоғамдық санаға серпіліс әкелген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тарихи мақаласымен жарасымды жалғасын тапты. Даму мен өркендеуді көздеген Ұлт Жоспарының екінші жылы аса зор табыспен аяқталды.
Қуаныш пен шаттыққа, балғындардың бал күлкісіне толы думанды күні, яғни 31 желтоқсанда орталық алаңға жиналған көпшілік жеті қазынаның бірі саналатын Ит жылын ерекше ықыласпен қарсы алды. Көңіл тебірентер «Жыр думан» дуэтінің «Жаңа жыл» әнінен кейін сахнаға көтерілген аудан әкімі Бақыт Қазанбасов аудан халқын Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
– Сіздерді төрімізге шыққалы тұрған Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын. Өтіп бара жатқан жыл ауданымыз үшін де табысты болды деп сеніммен айтуға негіз бар. Жылды әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысында оң көрсеткіштермен қорытындылап отырмыз...
Барлық жетістік – сіздердің ынта-жігерлеріңіз бен еңбектеріңіздің нәтижесі, бейбітшілік пен тұрақтылықтың, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің жемісі. Біз мұны бәрінен де биік қоямыз. Келе жатқан жылда да осы мақсатта қызмет ете бермекпіз. Жаңа 2018 жылы елімізде тыныштық, әлемде бейбітшілік, әрбір отбасында шаттық пен қуаныш болсын! Ортақ шаңырағымыздың жарқын келешегі үшін еңбектеніп жүрген барша жамбылдықтарға амандық пен мол жақсылық тілеймін, – дегені сол еді аспанға атылған отшашулар көздің жауын алып, ерекше назар аудартты. Қызылды жасылды отшашуларды тамашалаған жұрттың қуанышы олардың дауыстап қошемет көрсетуінен байқалып тұрды.
Бұдан кейін сахнада өнер көрсеткен Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің ұжымы ескі жылды есіркеп, жаңа жылды кәдесыймен қарсы алды. Аяз ата мен Ақшақар көпшілікке ізгі тілектерін айтып, бүлдіршіндерге сыйлықтар үлестірді. Сонымен қатар аудандық Мәдениет үйі жанынан құрылған «Дарын» халықтық театры «Төрлет, Жаңа жыл!» атты көрініс қойса, «Сәуле» балабақшасының ұжымы «Жап-жаңа жыл» атты қойылым ұсынды. Ал, бүкіл аң атаулы жиналып, жасыл шыршаны безендіріп, Тауық жылын шығарып салған «Балдырған» балабақшасының қойылымы ең әсерлі және көңілді шықты.
Көпшілікті мерекемен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова «Жаңа 2018 жыл» атты аудандық мерекеде керемет көрініс көрсеткені үшін Б.Момышұлы, Жеңістің 30 жылдығы атындағы орта мектептер мен «Сәуле», «Балдырған» балабақшаларын және сахна сыртында «Частушка» айтып, орыс халқының биін билеген Ю.Гагарин атындағы орта мектепті арнайы дипломдармен марапаттады.
Мереке аудандық Мәдениет үйі әншілерінің әсем әндерімен жалғасын тапты.
Жаңа жылды біз іргесі берік, мемлекеттігі бекем, аты әлемге танылған қуатты ел ретінде қарсы алдық. Осының барлығы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатының жеңісі мен жемісі деп білеміз.

Мақсат ЖҰМАБАЕВ,
«Шұғыла».

Бөлім:  Қоғам
Бет 5 -ші 5 беттен

Серіктестер