Материалы отфильтрованы по дате: Қаңтар 2018
Сәрсебі, 17 Қаңтар 2018 00:00

Жаңғыруға жаңа серпін берді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы ұлттық сананы жаңаша қалыптастыру, басқа елдердің озық тәжірибесін, жетістіктерін бойға сіңіріп, пайдамызға асыру туралы айтқанын қуана қабылдадым. Білімге ұмтылу, жақсыны үйрену, жаманнан жиренуді ата-бабаларымыз баяғыда айтқан. Бұл енді ұлттық идеологиямызға айналып отыр. Мемлекет басшысы:  «Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек», – деп қадап айтты. Ұлттық сананы жаңғыртқанда өзіміздің, қазақстандық дербес даму үлгісін қалыптастыруымыз керек екендігін айтып отыр Елбасымыз. Бұл дегеніміз – қазақтың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, ең бастысы, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, қазақи рухымызды жаңғырту. Бұл ретте, Президенттің жаңғыру ұғымының мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдыларымыз бен әдеттерден арылуымыз керек деген сөзінің жаны бар. Өйткені бұл – өмір заңы, даму заңдылығы. ХХІ ғасырдағы адамзаттың басты, негізгі құндылықтары білімнен басталатын болады. Жастарды әлемдік білім ошақтарынан тереңдетілген білім алып, халқымыздың игілігіне жұмыс істеуге баулумыз керек. Мемлекет басшысының Үндеуіндегі «Білімнің салтанат құруы» бөлімінде осыны меңзеп, халықты жаппай білім алуға шақырады. «Таяу жылдардағы міндеттер» деген екінші бөлімінде алдағы уақытта жүзеге асырылатын нақты жобалар көрсетілген. Мұнда айтылған қазақ тілін латын қарпіне көшіру – заман талабы. Латын қарпіне көшу туралы Елбасы өзінің мақаласында «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процестерінің ерекшеліктеріне байланысты» деп атап көрсетті. Бұл әлемдік ғылым саласын игеру үшін жасалып жатқан оқу бағдарламасына сәйкес бүкіл әлем қарым-қатынас жасайтын ағылшын тілін жастарымыздың тезірек игеруіне мүмкіндік жасайды.
Жалпыұлттық патриотизм ұғымын кеңейтуге бағытталған «Туған жер» бағдарламасы туралы Елбасы өзінің мақаласында жан-жақты түсініктер берген. Бұл бағдарламаның халқымызға жаңа рух, жаңа серпін беретіні анық. Бұл бағдарламаның аясына тарихымыз да, руханиятымыз да кіріп кетеді. Соның нәтижесінде болашақта елін, жерін, халқын сүюге қазақша тәрбиеленген нағыз қазақстандық жаңа буын пайда болады. Бұған мен кәміл сенемін, себебі мен де сол білім мен ғылым жолында жастарды тәрбиелеп келемін.

Талап Әбдібеков,
№17 Жамбыл колледжінің директоры, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы депутаттық фракциясының мүшесі.

Сәрсебі, 17 Қаңтар 2018 00:00

Ұлт тірегі – мәдениет

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы «халқымыздың ұлттық рухани тамырынан нәр алып, сол негізде дамып, тереңдеуі тиіс» деген байламға негізделген. Рухани жаңғыру дегеніміз, менің пайымдауымша, бұл ұлттық болмысты сақтап, өзіміздің қазақи менталитетімізден ауытқымай, дала дарындарын дәріптеу арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулу. Елбасы өз мақаласында ұлттық кодты сақтау жайлы сөз етті. Ал енді ұлттық код дегеніміз не? Бұған әркім әрқалай жауап берері сөзсіз. Шұрайлы, бай ана тіліміз, ата дәстүр, салт-санамыз, мәдениетіміз, өнеріміз, Ұлы даланы әнмен, жырмен тербеген дарын иелері, сөзі мірдің оғындай ойшылдарымыз – осылардың барлығы ұлттық код бола алады.
Дағдарыстан дамудың даңғыл жолына түскен Қазақ елінің толағай табыстары мен жетістіктерін әлем жоғары бағалайды. Біз тәуелсіздікке қол жеткізген тұста өз болашағымызды дұрыс бағамдап, алдымызға мақсат қоя білдік. Бүгінде соның жемісін көріп отырмыз. Мен жоғарыда айтып өткен ұлттық кодтардың бірі – мәдениет жайлы Ұлт көшбасшысы өз мақаласында кеңінен тоқталды. «Біз XXI ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз», – деп қадап айтты.
Шүкір, қазақ ұлт болып жаралғалы дарын­дардан кенде болып көрген емес. Сонау Париж төрінде жұртты аузына қаратқан бұлбұл Әміре, одан бертін келе Роза, Жамал сынды жезтаңдай әншілеріміз, он саусағынан өнер тамған шеберлеріміз, суретшілеріміз, домбыраның құлағында ойнайтын небір күйшілеріміз – осылардың қай-қайсысы болмасын Ұлы дала елінің мәдениет пен өнер жағынан ешкімнен кем емес екенін дәлелдеп тұр.
Әрине, бұл дала дарындарының бір парасы ғана. Ширек ғасырдан бері небір талантты ұл-қыздарымыз айдай әлемге Отанымызды өнерімен танытып келеді. Әлі де ашылмай, танылмай жатқан таланттарымыз қаншама. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дейді дана халқымыз. Еліміздегі өн бойынан өнер саулаған дарын иелерін таныту мақсатында Елбасы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын ұсынды. Бұл жоба да сәтімен жүзеге асты. Осы идея талай жасқа серпін беріп, алға жетеледі. Жастарды қолдап, демеу берсе, олардың ел игілігі үшін аянбай тер төгері анық. Себебі, ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын?!
Мәдениет – мемлекеттің тірегі. Әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 елдің сапынан көріну үшін басты алғышарттардың бірі – осы мәдениет пен өнерді дамыту. Сол арқылы біз алпауыт мемлекеттердің көшіне ілесіп, ғаламдық мәдениеттің биігіне шыға аламыз. Сөзімнің соңын Елбасының сөзімен қорытындылағым келіп отыр. «Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек».
Нұрила ИСАЕВА,
аудандық Мәдениет үйінің әдістемелік бөлме меңгерушісі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кезекті Жолдауында «Біз жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек» дегені бүкіл қазақстандықтар үшін өте маңызды. Әрине, бұл жолда педагогтардың үлесі қомақты болуға тиіс.
Мемлекет басшысы жыл сайын халыққа арнаған Жолдауларында білім беру саласын шет қалдырмай, мұғалімдердің алаңсыз еңбек етуіне бар жағдайды жасап келеді. Биылғы жылғы Жолдауында да білім берудің сапасы жаңаша тұрғыда өрбитінін байқау қиын емес.
Елбасының «...Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады. Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады» деген сөзі мұғалімдерге де, оқушыларға да үлкен ой салғаны ақиқат.
Біз, ұстаздар қауымы, осы жолда біліміміз бен біліктілігімізді сарқа жұмсайтын боламыз. Т.Тоқтаров атындағы орта мектептің мұғалімдері осылай дейді.
Жолдаудағы «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» деген тапсырма арман қуған жастар үшін бағдаршам секілді. Осыдан-ақ бүкіл қазақстандықтар біртұтас ұлт болатынымызға үлкен үмітпен, зор сеніммен қарайтынын түсінуге болады.
Рахман Төлеков,
Т.Тоқтаров атындағы орта мектептің директоры.

Бөлім:  Жолдау
Сәрсебі, 17 Қаңтар 2018 00:00

Білім саласы жан-жақты қамтылған

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім саласы жан-жақты қамтылғаны ерекше қуантты. Өйткені, он басымдықтан тұратын биылғы басты бағдарламалық құжаттың ең негізгі ерекшелігі – интеллектуалды ұлт қалыптастыру жолында ақпараттық технологияларға негізделген инновациялық дамыған қоғам құруды мақсат етуде жатыр.
Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің барлығы білім, оқу мен тоқу арқылы жасалған. Осы орайда, білім саласы Мемлекет басшысының назарынан ешқашан тыс қалған емес. Мұндай қамқорлықты Елбасы Жолдауға қатысты мәлімдемесінде де айқын аңғартты. Онда Президент «Қазақстан әлемдегі түрлі сынақтарға төтеп беріп, қарқынды экономикалық Даму стратегиясы жолына бет алды. Жүз нақты қадам Ұлт жоспары аясында біз реформаларды жүргізіп келеміз. Рухани жаңғыру бағыты бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қабылданды. Бұл Жолдау жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды» деген сөзі арқылы білдірді.
Бұл Жолдауда білім қоғамын дамытуға арналған құндылықтар бірнеше басымдықта жарияланғанын байқаймыз.
Мәселен, Жолдауда Елбасы «Соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған. Осындай аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек. Латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге көмектеседі. 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесі әзірленеді» деген сөздерінде латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын айқындап, нақты бағыт-бағдарын көрсетіп берді. Бүгінгі таңда кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Ал қалған мемлекеттердің көбі латын әліпбиін қолданады. Демек, бұл – кең таралған жазу. Қарапайым ғана мысал келтірер болсам, қазір ұялы телефонда латын қарпінде жазу оңай, ал кириллицада қазақша тере алмай қиналып жататындар баршылық.  Себебі, латын әліпбиінің базасы қалыптасқан әрі ауқымы кең. Өкінішке қарай, латын әліпбиінің қазақ тарихындағы ғұмыры ұзақ болмағаны да белгілі. Десе де, он шақты жылдың ішінде бұл жазу сол уақыттағы қазақ тілінің құлдырауын біршама тоқтатты. Себебі, латын әліпбиінің басым бөлігі фонетикаға негізделді, яғни, сөздің таза айтылуын сақтап қалды. Түркі дүниесіне ортақ заңдылықты сақтады. Меніңше, біз енді сол үрдісті жалғастырып, заманға сай лайықтап, бейімдеп, ары қарай дамуына ықпал етуіміз қажет. Бұл – заман талабы.
Сонымен қатар, Елбасының «Орта мектеп пен кол­ледж­дер және жоғары оқу орындары үздік оқытушыларының видеосабақтары мен видеолек­ция­ларын интернетте орналастыру керек. Бұл барлық қазақстан­дықтарға, оның ішінде шалғайдағы елді мекен тұрғындарына озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізуге жол ашады» деген сөздері маған және менің әріптестеріме, республикалық «Үздік педагог»  бай­қауының жеңімпаздарына өз іс-тәжірибесімен ауқым­ды көлемде бөлісуге тиімді мүмкіндік деп ойлаймын.
Әрине, Елбасының мұғалім мамандығының беделін арттыру мақсатында жасап жатқан игілікті істері көп. Қазақстан Республикасы өзінің Тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап-ақ мектептің дамуына қолдау көрсетуді назарда ұстап келеді. Елбасы Қазақстанда жас ұрпақтың әлемдік стандартқа сай білім алуы үшін қажетті жағдайлардың жасалғанын айта келе, «бұл – мемлекеттің даму саясатының басым бағыттарының бірі», – деп атап көрсетті. Бұл орайда, мемлекетіміз мектеп мұғалімдерінің беделін көтеруге жан-жақты қолдау көрсетіп, білім саясатына басымдық берді.
Қазақстан бүкіләлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстар жағдайында да халықтың әл-ауқатының артуына мүмкіндігінше қолдау жасап келеді. Соның ішінде мектеп мұғалімдерінің жалақысы жылма-жыл сатылап өсіп жатқанына бәріміз де куәміз. Биылғы Жолдауда да Елбасымыз мұғалімнің еңбек жалақысының оқу бағдарламаларының жаңартылған мазмұны аясында оқудан өткен мұғалімдердің лауазымдық жалақысы  біліктілігін дәлелдеуіне байланысты 30-дан 50 пайызға дейін өсетінін айтты.
Қорыта айтқанда, биылғы Жолдау мемлекетімізді баянды белестерге бастайды.
Зухра Үсенбаева, 
Б.Бесбаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Бөлім:  Жолдау
Сәрсебі, 17 Қаңтар 2018 00:00

Жетістікке жету жолы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауы – әрдайым қазіргі заманның сын тегеуріндерінен туындайтын ілгері міндеттерді іске асыруға бағытталған іс-қимылдардың нақты жоспары.
Елбасының биылғы, яғни, 10 қаңтарда жариялаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы осындай маңызды әрі құнды құжат деп білемін. Себебі, Жолдауда жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігі нақты айқындалып көрсетілген. Бүгінгі таңда ел халқының айрандай ұйып, тілін, мәдениетін сақтау арқылы Елбасының маңына топтасу, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, ұлттығымызды сақтап қалу ең басты да мәнді мәселе екенін естен шығармағанымыз жөн. Сондықтан да, бұл Жолдау – осы бірқалыпты дамып келе жатқан Қазақстан мемлекетінің одан әрі де өркендеп, көркейе түсуі үшін жасалып жатқан бағыт-бағдар.
Жолдаудың үлкен мәні бар. Елбасы жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін маңызды міндеттерді нақты даралап берді. «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» деген. Бұл міндетте Мемлекет басшысы аграрлық ғылымды дамыту мәселесін басты назарда болуға тиіс екенін айтқан. Сондықтан қай сала маманы болмайық, өркендеу жолына бағыт сілтейтін саяси маңызы зор құжатты шын көңілмен ұғынып, талап-міндеттерді жауапкершілікпен орындауымыз қажет.

Дильдар ТОЙБЕКОВА,
Полатқосшы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-іс жүргізушісі.

Бөлім:  Жолдау
Сәрсебі, 17 Қаңтар 2018 00:00

Өзгерістер кезеңіне қадам бастық

«Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салаларда терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді», – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында. Сонымен қатар Жолдауда елімізге барлық азаматтардың күш-жігерін біріктіруге ерекше мән берілетін 10 саланы даралап берді.
Мемлекет басшысы отандастарын барлық қауіп-қатерлерді еңсеру үшін және экономикада, қоғам мен мемлекет дамуында жаңа сапалық тұрғыдағы деңгейге көтерілу үшін ой-ниеттер мен іс-әрекеттерді біріктіруге шақырды. Тәуелсіздік алғалы бері заман талабына сай жаңғырып, мемлекетіміз дамыған, көші ілгері елдермен иық тіресе алатын жағдайға жетті. Мұны біз айтылған тапсырмалардың дер кезінде орындалып, уақытында іске асырудың арқасы деп ұққанымыз жөн. Жылдан-жылға ел әлеуеті артып, әлеуметтік жағдайымыз жақсарды. Зейнеткерлердің зейнетақысы жыл сайын көтеріліп, қызметкерлердің жалақысы өсуде.
Тағы бір айта кетерлігі, Президентіміз білім мен денсаулық саласына ерекше назар аударған. Нағыз білім мен ғылым бар жерде оған сұраныс саяси, қаржылық, құқықтық рәсімделгенде жаңа технологиялар түзілмей тұрмайтынын айтқан. Ал халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетінін атап көрсетті. Бұл, әрине, өркениет үдесіне сай Елбасының қабылдаған шешімі. Біз келер күніміз бұдан да жақсаруы үшін көкейкесті ойларды жүрек түкпірінен өткізіп, соған қарай нақты іс-әрекеттер қолдануымыз керек. 
Мұндай мол көмектің көрсеті­летінін естіген әр қазақстандық Жолдауға қолдау білдіре отырып, көрсетілген міндеттерді жұмыла атқаруға барынша атсалысады деп ойлаймын. Өйткені жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін Қазақстанда қажетті нәрсенің бәрі бар. «Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінің барлығын толықтай орындайды» деп Елбасы тегін айтып отырған жоқ. Алдағы уақытта Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді барша ардагерлер де абыроймен атқаруға күш жұмсайтынына сенімдімін.
Бақыт Сырлыбаев,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Бөлім:  Жолдау
Сәрсебі, 17 Қаңтар 2018 00:00

Көделіде қар қалың

Желтоқсан айы ұйытқи соққан желімен болмаса, қара суығы жұртты онша әбігерге сала қоймаған. Қаңтар айының бірінші онкүндігі де осы қалыпта болды.
Қарбалас шақ екінші онкүндіктің басында туып, халық әп-сәтте әбігерге түсті де қалды. Төртінші күн өңірімізде қар жауып тұр. Осындай күн райын диқандар құптаса, малшылар қауымы онша жақтыра қоймасы анық. Ауылдағы ағайындар болса ауласын күніне 3-4 мәрте күреп әуре.
Биылғы қардың жаууы 2005 және 2012 жылдардағы ауа райына ұқсап келеді. Сол жылдары жерге бір мезетте 70-80 сантиметрге дейін қар түскен болатын. Оның соңы саршұнақ аязға ұласқаны айтпаса да түсінікті. Әйтсе де оған халық шыдап бақты. «Күннің жаманы кетер» деп өздерін сабырға шақырған.
Аудан әкімінің тапсырмасы бойынша ауыл әкімдері ауыл көшелерін, мектеп, емхана, аурухана маңын қардан тазарту жұмысына белсене кірісіп кеткен. Қарапайым халық та қарап отырған жоқ.
Қар басталған күні-ақ аудан басшысы арнайы тапсырмамен малшылар мекен еткен өңірлерге жол салу, қора-жайдың маңын тазартуға техниканы жұмылдыру секілді жұмыстарды ұйымдастыру үшін арнайы топ құрып жіберген-ді. Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы бастаған топқа БАҚ өкілдері де қосылып, Көделі мал жайылымын бетке алғанбыз.
Көделіге табан тірегеннен-ақ мұнда жауған қар аудан орталығынан қалыңдау ма деп қалдық. Орталықта шамамен қардың қалыңдығы 20-25 сантиметр болса, мұнда топ басшысының өзімен бірге ала шыққан өлшегіш құралымен есептегенде «Райсов» шаруа қожалығының тұсы 37 сантиметрді көрсетіп тұрды.
Бір Көделі мал жайылымының өзінде Қаракемер ауылдық округіне тән 31 қожалық мал қыстатып отыр, ал оған Аса, Өрнек, Ерназар, Пионер ауылдық округтеріне қарасты мал өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарын қоссақ, мұнда 100-ге жуық отар-отар қой, үйір-үйір жылқы, табын-табын мүйізді ірі қара жайылым тапқанын ескерсек, мына ауа райы малға да, малшыға да оңай тимесі анық. Мал түгелімен қолға қарап қалған.
Біз тоқтаусыз алға жылжып келеміз. Алдымызда Жамбыл ауылдық округінің механизаторы Орман Қалмамбетов жол ашып келеді. Барған жердің бәрінде де үй, қора, шөп, құдық маңын тазартып беріп отырды.
Қар тоқтар емес. Көделінің тереңіне енген сайын қар қалыңдай түскен. Өрнектіктер мекен еткен тұсқа келгенімізде Ерлан Қыдыралыұлы қардың қалыңдығын тағы бір өлшеп көрген. 42 сантиметрді көрсетіп тұр. Қар болса әлі жауып тұр.
Әркімнің көкейінде әртүрлі ой, әртүрлі сұрақ. Бірі қар жаууын қашан тоқтатар екен десе, енді бірі ауа райы 2005 және 2012 жылдардағы көріністерді қайталамаса екен деп тілейді. Десек те, «Күннің жаманы кетер...» деген аталы сөзді ұмытпаған жөн шығар.

Дүйсенбек Орманов,
«Шұғыла».

Мемлекет басшысының таяуда жариялаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы – қазіргі заман талабының сын тегеуріндерінен туындайтын жоғары міндеттерді іске асыруға бағытталған іс-қимылдардың нақты жоспары. Бұған дейін де талай сыннан сүрінбей өткен Қазақ елінің ұстанар бағыты мен жүрер жолы Елбасының жаңа Жолдауында жан-жақты көрсетілді. Бұл Жолдауда біздің ұзақ мерзімді мақсаттарымыз өзгеріссіз қала беретінін айтқан Елбасы маңызды 10 мәселені атап берді.
Заманға сай тарихи өрлеу дәуіріне бастайтын, Қазақстанның барша халқын ортақ мақсат жолында жұмылдыратын, әрбір азаматты нақты іс-әрекетпен өсуге жетелейтін, біртұтас ұлт болу қадамымызды айқындайтын өте құнды құжаттағы бағыттарды жүзеге асыру жұмыстарын пысықтау мақсатында аудан активінің жиналысы шақырылды.
Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысқан жиналыста аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы Елбасы Жолдауының мемлекетіміздің даму жолын нақтылап берген бағыттары бойынша баяндама жасады. Сөзін Елбасының «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» деген тұжырымынан бастаған баяндамашы өңірдегі өнеркәсіп саласына назар аударды. Сала бойынша шығарылған өнім көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір артты. Бұл табыста «Амангелді газ өңдеу зауыты», «Кнауф Гипс Тараз», «БиномСтройДеталь», «СуперФарм» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің үлесі зор. Алдағы уақытта бюджет қаражаты есебінен 5 жобаны, жеке қаражаттар есебінен 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Ауданда агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеруде қабырғалы тірліктер тиянағын табуда. Жылыжайлар саны мен олардан жиналған өнім көлемі артты. Биыл ауыл шаруашылығы бойынша 14 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Олардың ішінде фермерлік үлгідегі жылыжай кешенін салу, қарқынды алма бағын отырғызу, тамшылатып суару технологиясын енгізу, лизинг жүйесі арқылы техника сатып алу, тауарлы-сүт фермасын, құрама жем зауытын, жеміс-жидек қоймасын, мал бордақылау алаңын салу жобалары бар.
Аумағымызда ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемі артып келеді. Бұған қоса, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жетілдіру мәселесі мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде сәтімен шешімін табуда.
Елбасы білім берудің жаңа сапасына ерекше назар аударғаны белгілі. Бұл бағытта өңірімізде білім беру үдерісін жетілдірудің барлық жағдайлары мен мүмкіндіктері бар. Жекеменшік балабақшалар ашу, үш тілде оқытуға көшуге дайындық, робототехника кабинеттерін жабдықтау, интернет жылдамдығын жоғарылату, мектептерді интерактивті құрылғылармен жабдықтау – басты назарда.
Халықты жұмыспен қамту саласы бойынша бекітілген кешенді жоспардың, уәкілетті органдар арқылы жұмыспен қамтудың, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» орындалуы маңызды міндет болып қала бермек.
Елбасы халыққа арнаған Жол­дауы­ның тоғызыншы бағытында заңның үстемдігі мен жемқорлықпен күресу – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Бұл ретте ауданда келеңсіздіктің алдын алу мақсатындағы іс-шаралар өз нәтижесін беріп отыр. Қауіпті құбылысқа төзбеушілік көзқарасын қалыптастыруға қоғамдық ұйымдар мен аудан жастары кеңінен тартылуда.
Жолдаудағы оныншы бағыт «Ақылды қалалар» – «ақылды ұлт» үшін технологияларын енгізу болса, бұл орайда Елбасының «Рухани жаңғыру – Жамбыл ауданында» атты мобильдік қосымшаны іске қосу жобасы әзірленуде.
Жиналыста баяндамадан соң жарыссөзге шыққан «Амангелді» өндірістік кооперативінің төрағасы Қасымхан Қанаев, «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС-нің бас директоры Мырзабай Бекназаров, Гродеково орта мектебі химия пәнінің мұғалімі Венера Рахымбердиева Жолдау жүктеген міндеттерге қатысты ой-тұжырымдарын ортаға салды.
Актив жиналысын қорытын­дылаған Ерқанат Манжуов Жолдауда айтылған басым бағыттардың маңызы мен мәнін халыққа түсіндіру қажет екенін, құжатты қолдап қана қоймай, жүзеге асыруға күш жұмсау керектігін айтты.
Жиналыс соңында ауданда құрылған ақпараттық топтар ертең елді мекендерге шығатынын жеткізген аудан әкімі Бақыт Қазанбасов өңірімізге арнайы келген Ерқанат Нұрбапаұлына және ол бастаған облыстық насихаттық топ мүшелеріне рахмет айтты.

С. БЕРТАЙҰЛЫ.

Бөлім:  Жолдау
Сенбі, 13 Қаңтар 2018 00:00

Төрағаның көмекшілері

Алты ай жазын Көделі көктеуінде, алты ай қысын Мойынқұм өңірінде өткізетін пионерлік шопандардың ісіне қайран қалғандайсың. Олардың іс-қимылын ерлікке баласаң да жарасар.
Сондайда, аптап ыстықтың, аязды күннің өтінде жүрген шопандарға сүйеу болатын, дер кезінде керек-жарағын жеткізіп беретін, қуанышы мен қайғысына ортақтаса білетін, керек кезінде қасынан табылатын жанашыр жанның қатар жүргені қандай ғанибет.
Алпысбай Жұмаханов төрағалық ететін «Пионер» өндірістік кооперативінде өз істеріне адал берілген ондай мамандар бар екен. Қысы-жазы, күндіз-түні шопандардың қасынан табылатын мал шаруашылығының меңгерушісі Сейдуалы Қабылов, зоотехник-селекционер Бақытжан Сейдахметов, мал шаруашылығының маманы Мұрат Дәуітбаев төрағаның нағыз көмекшілеріне айналған.
Жиырма жылға жуық мал шаруашылығына басшылық етіп жүрген Сейдуалы Қабылов; – Бұл үрдіс шаруашылықта бұрыннан қалыптасқан. Білгенімізді айтамыз, үйретеміз, көмек қолын созамыз. Күнделікті шопандардың үйлеріне бас сұғып, хал-жағдайын сұрап, керекті жем-шөбін, дәрі-дәрмектерін, азық-түліктерін сол күні-ақ жеткізіп тұруға тырысамыз. Бір сөзбен айтқанда, малшыларымыз қайда жүрсе, біз де сонда жүреміз. Олардың мекені біздің екінші үйіміз секілді, – деп ағынан жарылған оның сөзін Бақытжан мен Мұрат та қоштаған.
Расында, біз аудан басшыларымен бірге жылдың қай мезгілінде барайық, алдымыздан осы үшеуі шығады. Айтпақшы, үшеуі демекші Сейдуалы, Бақытжан, Мұратты сол тұста аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы болған, қазір аудан әкімінің кеңесшісі қызметінде жүрген Аманалы Құрбанов әдеттегі қалжыңымен «олар шаруашылықтың үш нояны» дегені бар.
Әр қалжыңның астарында шындық тұрады. Демек, пионерлік «үш ноян» – шаруашылық төрағасының нағыз көмекшілері.

Дүйсенбек Орманов,
«Шұғыла».

Жамбыл ауданының құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында хабарлама жасаған аудан әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімшесінің басшысы Жомарт Телеуов ауданда құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыспен күрес бойынша 2017 жылы атқарылған жұмыстар туралы кеңінен баяндады.

Есепті мерзімде ауданда қылмыстың алдын алу мақсатында аудандық ішкі істер бөлімімен қылмысқа қарсы күрес және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бекітілген кешенді іс-шаралар жоспарларына сәйкес ауқымды жұмыс жүргізілді. Ішкі істер бөлімі мен жергілікті полиция кызметі жұмысының сапасын арттыру, халықтың полиция қызметкерлеріне деген сенімін жоғарылату, жергілікті органдармен және халықпен өзара байланысты күшейту бағытында пәрменді жұмыс атқарылды.
Аудан халқына қызмет етуге жергілікті полицияға 27 учаскелік полиция инспекторы, олардың 4 көмекшісі және 2 жол-патрульдік полиция штаты берілген. 27 учаскелік инспектордың 8-і өздері қызмет атқаратын аумақта тұрса, қалғандары қатынап қызмет атқарады. Олардың барлығы қызметтік телефонмен, 15-і радиобайланыспен, 6-уы автокөлікпен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда учаскелік полиция инспекторларының барлығы өз қызметінде компьютер пайдаланады. Жергілікті полиция қызметінің басшысы жылына екі рет, учаскелік инспекторлары әр тоқсан сайын халық алдында есеп береді.
Аудан аумағында жасалған қылмыс жайын сөз етсек, 2017 жылы тіркелген қылмыс саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,3 пайызға төмендеген. Оның ішінде ауыр қылмыс 17,4 пайызға, аса ауыр қылмыс 50 пайызға, онша ауыр емес 6,5 пайызға, алаяқтық 6 есеге өскен. Қоғамдық орындарда, оның ішінде көшелерде жасалған, бұрын сотты болғандар жасаған қылмыстар санының да өскені байқалады. Ал, орта дәрежелі қылмыс саны, мал ұрлығы, мас күйінде және топтасып жасаған қылмыс саны төмендеп отыр. Жасы кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар санының да төмендегенін атап көрсетуге болады.
Бүгінде бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы әрекет ету – өзекті мәселелердің бірі. Бұл тұрғыда «Көршінің бақылауы» салалық бағдарламасына сәйкес іс-шаралар жоспары бекітіліп, бірқатар жұмыс атқарылуда. Сонымен қатар ауданда жедел жағдайды тұрақтандыру, қоғамдық қауіпсіздікті және қылмыспен күресті күшейту деңгейін арттыруға бағытталған «Құқықтық тәртіп», «Жасөспірім», «Қауіпсіз жол», «Есеп», «Мектеп», «Бала мен отбасы», «Тұрмыс» және басқа жедел-профилактикалық шаралар өткізілуде. Жасы кәмелетке толмағандармен, қоғамдық тәртіпті бұзушылармен, маскүнемдік дертіне шалдыққандармен, заңсыз балық аулағандармен, әйелдерге зәбір көрсеткендермен тұрақты жұмыс жасау назардан тыс қалмаған.
Өңірде жол-көлік оқиғаларының жиілегені, апаттар салдарынан қаза тапқандар мен жарақат алғандар санының едәуір өсіп отырғаны барша халықты алаңдатады. Бұл бағытта аумақта «Жаяу жүргінші», «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Жас жүргізуші» сияқты алдын алу шаралары ұдайы жүргізілгеніне, жол қозғалысы ережелерін бұзушылар жауапкершілікке тартылғанына, жолдардың жыл сайын жөнделіп жатқанына қарамастан жол-көлік оқиғаларының көбейіп кеткені қынжылтады.
Комиссия отырысында аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Жарас Тоқабаев пен жергілікті полиция қызметінің бастығы Дархан Нұралиев өткен жылы атқарған жұмыстары туралы есеп берді.
Отырыста Жамбыл ауданының құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының 2018 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті шешім қабылданды.

Бөлім:  Құқық
Бет 3 -ші 5 беттен

Серіктестер