Материалы отфильтрованы по дате: Қаңтар 2018
Сәрсебі, 24 Қаңтар 2018 09:32

Азаматтар кеңес алды

Жуырда аудандық Әділет басқармасының басшысы Назира Құлманованың басшылығымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және Қазақстан Республикасы кейбір заңнамалық актілеріне бағалау қызметі мәселелері, қоғамдастық пен Қылмыстық процессуалдық кодексінің 122-бабының 3-бөлігімен көзделген қылмыстық іске дәлелдемелерді тіркеу талабын және тәртібін реттейтін түзетулерді іске асыру мақсатында тиісті үлгілерді және нұсқаулықтарды әзірлеудің мақсатына сай екендігі туралы, Адвокаттық қызметті реттейтін заңдарды талқылау, «Құқық қорғау қызметін процестік негіздерін жаңғырту сұрақтары бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасының шеңберінде адвокаттардың процессуалдық өкілеттіктерін кеңейту мәселелеріне арналған «дөңгелек үстел» отырысы өтті.
Отырысқа аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімшесінің басшысы Ж.Телеуов, аудандық мәслихат аппаратының басшысы М.Сәмбетов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының консультанты Т.Көпбергенов, аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Б.Тоқтасынов, аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы М.Байдалиев, облыстық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының менеджері Қ.Арынбеков, Жамбыл облысы адвокаттар алқасының адвокаты Ф.Бекмухамбетова, жеке сот орындаушының көмекшісі Д.Каленов, Жамбыл облысы нотариалдық палатасының нотариусы М.Смағұлов қатысты.
Басқосуға қатысушылар аудан азаматтарына кеңес берді.

Күнзипа Ситалиева,
«Шұғыла».

Бөлім:  Қоғам

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша жергілікті атқарушы органдар басшылары мен түрлі деңгейдегі әкімдер, сондай-ақ ұлттық жоғары оқу орындарының ректорлары жыл ішінде атқарған жұмыстары жайлы халық алдында есеп беруі қажет. Осыған байланысты өткен сәрсенбі күні басталған ауданға қарасты ауылдық округ әкімдерінің халық алдындағы есеп беру кездесулері жалғасуда. Кездесулерде жергілікті тұрғындар округ әкімдерінің өткен жылғы атқарған жұмыстары туралы есебін тыңдап,  өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Ауылдың өзекті мәселелерін сөз етті.

Мектеп мәселесі көтерілді

Гродиково ауылдық округінің әкімі Болат Қожабековтің халық алдындағы есеп беру кездесуі Қызылдихан ауылында өтті. Аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қуаныш Бүркітәлиев қатысқан кездесуде ауыл тұрғындары округ әкімінің өткен жылда атқарған жұмысы мен алдағы жоспарлары жайлы баяндамасын тыңдап, көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Зейнеткер Алыбай Качканаков ауылдағы мектептің жалға алынып отырғанын, оқушылардың көптігіне байланысты көрші елді мекенде орналасқан мектепке қатынап оқып жүргенін айтып, осыған байланысты жұмыс жүргізуді сұрады. Өз кезегінде округ әкімі көтерілген мәселенің өте маңызды екенін айтып, алдағы уақытта осыған байланысты тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.

Қоңыртөбеліктердің айтары бар

Жамбыл ауылдық округінің әкімі Бақыт Садырбаев халық алдындағы есеп беру кездесуін Қоңыртөбе бастауыш мектебінде өткізді. Кездесуге аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Болат Бабашев қатысып отырды. Өткен жылы атқарылған жұмыстар жайында есеп беріп, алдағы жылдың жоспарларымен бөліскен округ әкімі тұрғындардың талап-тілектерін де елеусіз қалдырмады. Ауыл тұрғыны Бағила Манапова көшеде қаңғыбас иттердің көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, оларды жоюды сұраса, тағы бір тұрғын Алла Кривашова тұрмыс қалдықтарын пакетке салып шығарғанда қоқыстар шашылып кететінін, сол себепті халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты. Айтылған мәселелердің барлығы назардан тыс қалмайтынын айтқан ауыл әкімі оларды шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді. Жиын соңында ауыл тұрғыны Құралай Ошақбаева әкімнің есебіне оң бағасын беріп, жұмысына табыс тіледі.

Ауыз су жайы сөз болды

Жамбыл ауылындағы Жамбыл атындағы бастауыш мектепте Көлқайнар ауылдық округінің әкімі Дәрмен Дәулетовтың халық алдындағы есеп беру кездесуі өтті. Алдымен округ басшысы өткен жылы тындырылған жұмыстардың есебін беріп, жамбылдықтардың ұсыныс-тілектеріне ден қойды. Ауыл тұрғыны Адилби Усипбеков әкімнен жаңа мектеп ғимаратын соғуға ықпал етуді сұраса, Марат Сағынбеков Б.Еспенбетов көшесіне таза ауыз су жүйесі тартылса деген тілегін жеткізді. Дәрмен Дәулетов айтылған ұсыныс-тілектер жерде қалмайтынын айтты.

Тұрғындар тілегі елеусіз қалмайды

Көлқайнар ауылдық округінің әкімі Дәрмен Дәулетовтың есепті кездесуі Қостөбе ауылында жалғасты. Округ әкімінің есепті баяндамасын тыңдаған тұрғындар бірқатар мәселелерді сөз етті. Атап айтқанда, зейнеткер Тәжікүл Бозымбекова көше бойын жарықтандыруды өтінсе, жергілікті тұрғын Рзакүл Базарбекова ауылға балабақша салу мәселесін көлденең тартты. Ауыл әкімі қойылған сұрақтарды жауапсыз қалдырмады.
Есепті кездесуге аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітов қатысып отырды.

Құрбанәлі Шахабай,
«Шұғыла».

Бөлім:  Саясат

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлт мүддесіне, болашақ ұрпақ игілігіне қажетті бірқатар маңызды әрі мәнді мәселелерді сөз етті. Әсіресе, латын әліпбиіне көшу мәселесі – өте орынды шешім. «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, XXI ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деген Елбасы сөзінің жаны бар. Латын әліпбиі бізге таңсық дүние емес. Себебі, халқымыз 1929-1940 жылдары осы әліпбиді қолданған болатын. Кезінде ұлт ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы да латын әліпбиіне көшу мәселесін көтеріп, әлемге осы әліпби арқылы танылуға болатынын дәлелдеген болатын.
Елбасының бұл жайлы айтуы бірінші рет емес. Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолауында осы латын алфавитін сөз еткен болатын. Осыған байланысты арнайы комиссия құрылып, латын әліпбиінің жаңа нұсқасы халыққа таныстырылды. Қоғамдық қызу талқылаудан өткен жаңа алфавит нұсқасы елдің көңілінен шықты. Осыны ескерген Елбасы 2017 жылы 27 қазанда жаңа әліпбиді бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Осылайша Мемлекет басшысы ұрпақ үшін өте дұрыс таңдау жасады.
Латын әліпбиінен шошудың қажеті шамалы. Әрине, жаңа әліпбиге бейімделгенше, кириллицаны қолданатынымыз белгілі. Мұны Ұлт көшбасшысы да қадап айтты. Латын әліпбиіне ауысу – уақыт талабы. Сол арқылы сандық және ақпараттық жүйені меңгеру жеңіл болады. Адами капиталдың да сапасын жақсартуға зор мүмкіндік туғызады. Атомдық жылдамдықпен дамып жатқан алпауыт мемлекеттердің көшінен қалмай, жаһандық өркениеттің шыңына шығу үшін осы жолды таңдағанымыз өте орынды. Бұл заман талабы екенін уақыттың өзі дәлелдеп тұр.

Гүлдар АЙДАРБЕКОВА,
Айшабибі ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы.

Сәрсебі, 24 Қаңтар 2018 00:00

Қамданған қапы қалмайды

Өткен жылдың көктемі Билікөл жағалауындағы Жаңаөткел жұртшылығына жайсыз тиген-ді. Елдің әлі есінде болар, осындағы бірнеше үйдің ауласына кірген су ауыл тұрғындарының мазасын қашырған. Тіпті, аудан басшыларының пәрменімен құрамында 100-ге жуық адам, бірнеше техника жұмылдырылып, ұйқысыз түндерін осында өткізгенін кім ұмытсын? Әбүйір болғанда адам да, мал да шығын болған жоқ. Әрине, бұл аудан басшыларының дер кезінде ұйымдастырған жұмысының нәтижесі деп ұғынсақ жөн болар.
«Әре­кет болмай, берекет болмайды», «Қамданған қапы қалмайды» деген бабалар сөзін қаперге алған аудан әкімі Бақыт Қазанбасов «Келісіп пішкен тон келте болмайды» де­ген ұғыммен осы салаға тікелей жауап­ты өзінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлын, аудандық ТЖ бөлімінің басшысы Расул Сұлтановты, «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы Аса өндірістік бөлім­шесі басшысының орынбасары Жәнібек Әуелбаевты, Тоғызтарау ауылдық округінің әкімі Еркебай Рсалиевті жұмыс бөлмесіне шақырып:
– Өткен жылдың көктемінде болған Жаңаөткелдегі су тасқыны – бізге үлкен сабақ. Енді бір айдан кейін өңірімізге көктем де жетеді. Былтыр жіберген олқылықтардың орнын толтыру үшін бүгіннен бастап әрекетке көшпесек, ертең кеш болады. Не істеуіміз керек? Билікөлден аққан су елді мекенге қарай бағытын неге бұрды? Судың өз ағысымен ағуына не кедергі болды? Мүмкін бір жерді жауып, бір жерді тазалауымыз керек шығар? – деген ойды ортаға салған аудан басшысы жауапты мамандармен бірге атқа қонып, Жаңаөткел ауылын бетке алған. Оларға біз де ілескенбіз.
Бардық. Көрдік. Жергілікті тұрғын, осы көлдің жағасында ұзақ жылдан бері мекен ететін Петр Кривошеевтің айтуынша, көл көмейінен Аса өзеніне су құйылатын тұсын қамыс басқан. Оның судың еркін ағуына кедергі болып тұрғаны сөзсіз. Сондай-ақ Тараз-Қаратау теміржолының екінші бетіндегі автожолға салынған көпір құлауға шақ тұр. Тіпті, көпірдің тіреуіштері де қисайып, бір тұсы төмен түскен. Тап осы жерге ағып келген су тіреліп, кері тебеді. Кептеліп кері аққан су жоғары көтеріліп, өзеннің бір жерінен саңылау табатыны тағы анық. Өткен жылғы жағдай осындай олқылықтардан орын алғанына мен сенімдімін, – деді.
Оның айтқан тұстарын да көзбен көріп, шындыққа көзіміз жетті.
Аудан басшысы өзімен еріп барған сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар беріп, жуық арада іске кірісуді міндеттеді.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,
«Шұғыла».

Сәрсенбі күні ауданға қарасты ауылдық округ әкімдерінің халық алдындағы есеп беру кездесулері басталды. Кездесулерде жергілікті тұрғындар округ әкімдерінің есебіне құлақ түріп, көкейкесті сауалдарын жолдап, ұсыныс-пікірлерін, талап-тілектерін жеткізді. Елге ортақ өзекті мәселелерді қаузады.

Клуб жөнделсе деген сұраныс бар

Ақбастау ауылдық округінің әкімі Нұрсұлу Дүзееваның халық алдындағы есеп беру кездесуі Октябрь-Жеміс орта мектебінде өтті. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Белғали Сергеев қатысқан кездесуде ауыл тұрғындары округ әкімінің өткен жылда атқарған жұмысы туралы есепті баяндамасын мұқият тыңдап, көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Ауыл ақсақалы Мәмбеталы Зарпулов ауылға таза ауыз су құбыры қашан тартылатынын сұраса, зейнеткер Мұрат Тілеубердиев ауылдық клубты күрделі жөндеуден өткізу мәселесін тілге тиек етті. Зейнеткер Бекзатхан Қожабеков округ әкімінің жұмысын жақсы деп бағалады.

Тұрғындар тілегін тыңдады

Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшымбетов халық алдындағы есеп беру кездесуін Рахат бастауыш мектебінде өткізді. Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Садыров қатысқан жиынға рахаттықтар көптеп жиналды. Округ әкімі тұрғындарға есепті кезеңде ауыл аумағында атқарылған жұмыстар туралы баяндап, талап-тілектеріне құлақ түрді. Ауыл тұрғыны Дулат Ахметовтің ауылға мектеп салу, зейнеткер Айша Дәрібаеваның ауылға табиғи газ тарту, ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Бейсенбек Асқаровтың ауылдағы көшелерді жарықтандыру мәселелері бойынша жолдаған сауалдарына ауыл әкімі тұщымды жауаптар қайтарды.
«Оспанов П» шаруа қожалығының басшысы Пердебек Оспанов округ әкімінің есебіне қанағаттанатынын айтты.

Ауыл қажетін өтеу – міндет

Айшабибі ауылдық округінің әкімі Райымбек Сейітовтің округке қарасты Қаратау ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектепте өткізген есепті кездесуіне аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасынов, жергілікті тұрғындар қатысты. Қаратаулықтар округ әкімінің есебін тыңдап болған соң ауылға қажет нәрселерді сөз етті. Ауыл тұрғыны Салтанат Лепбаева әкімге ауылдағы көшелердің жарығы туралы айтып, ескірген электр сымдары жаңартылып берілсе, ауылға табиғи газ кірсе, қаңғыбас иттер жойылса деген өтінішін жеткізсе, Оразғали Абдреев егін егу үшін жер телімін сұрады. Ауыл ақсақалы Нұрғали Панапов округ әкімінің есебін оң бағалады.

Электр желілері мәселесі шешіледі

Айшабибі ауылдық округінің әкімі Райымбек Сейітовтің есепті кездесуі округке қарасты Қызылтаң ауылындағы мектепте жалғасты. Округ әкімінің есебіне құлақ түрген қызылтаңдықтар кездесуде ауылды электр жарығымен қамтамасыз етуде қиындықтар туып отырғанын, электр желілері кеңестер одағы тараған уақыттан бері ауыстырылмағандығын алға тартып, осы мәселенің оң шешілуіне ықпал етуін өтінді. Өз  кезегінде әкім тұрғындарға бұл мәселені алдағы уақытта шешетінін жеткізді.

Сұрақтар жауапсыз қалған жоқ

Жамбыл ауылдық округінің әкімі Бақыт Садырбаев Қапал бастауыш мектебінде өткен кездесуде жыл қорытындысы бойынша жергілікті тұрғындар алдында есеп берді. Округ әкімі есепті баяндамасынан кейін қапалдықтардың өтініш-тілектерін тыңдады. Ауыл тұрғыны Ахмет Сұрановтың Қапал бастауыш мектебіне газ тартылса, ауылдағы интернет жүйесі түзелсе деген тілегін қаперге алды. Зейнеткер Үсен Сауытбековтің ауыз су, жер телімі бойынша қойған сұрақтарын жауапсыз қалдырмады.
Есепті кездесуге аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Төлендиев қатысып отырды.

Өтініштер назарға алынды

Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Қайрат Жатқанбаевтың есепті кездесуі Бәйтерек ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы бастауыш мектепте өтті. Округ әкімі есебі алдында Елбасының биылғы Жолдауына тоқталып, жыл құжатындағы негізгі 10 міндетті сөз етті. Өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, тұрғындардың көкейде жүрген сауалдарына, ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Ауыл тұрғыны Ырысбек Бижановтың мектепке газ тартылып, спортзал соғылып берілсе, зейнеткер Тұрсынбет Спаналиевтің ауылдағы О.Сүйінбай көшесі асфальтталып, жарықтандырылса деген өтініш-тілектерін назарға алды. Есепті кездесуге аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Сәкен Нұржаубаев қатысты.

Мәнді мәселелер көтерілді

Бесағаш ауылдық округінің әкімі Бейбіт Нигматуллаев есепті кездесуін Түрксіб ауылындағы А.Макаренко атындағы орта мектептің акт залында өткізді. Аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Еркін Келесов, жергілікті тұрғындар қатысқан кездесуде округ әкімі есепті мерзімде атқарылған жұмыстар туралы баяндаған соң түрксібтіктер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Ауыл тұрғыны Сейсенбай Қожақов әкімнен мектеп жаңындағы жаяу жүрушілердің жолын жөндеп беруді, осы жылы Түрксіб ауылына 90 жыл толуына орай мерекелік шараларды ұйымдастыруды сұраса, Зайт Шайхасымов мал ауруларына қарсы екпе егу мәселесін қозғады. Зейнеткер Шабден Байқабылов әкімнің жұмысын жоғары бағалады.
Ильяс Қалыбеков,
Құрбанәлі Шахабай,
«Шұғыла».

Бөлім:  Саясат
Сенбі, 20 Қаңтар 2018 00:00

Баспасөз конференциясы өтті

Аудандық сотта 2017 жылдың 12 айында атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы өтті. Конференцияда сот төрағасы Досжан Төленбеков тілшіге аудандық сот атқарған жұмыстардың статистикасын мәлімдеді.
– Өткен жылы аудандық сотпен 158 тұлғаға қатысты 113 қылмыстық іс қаралып, оның ішінде үкім шығару арқылы 108 тұлғаға қатысты 84 іс қаралған, 29-на қатысты 16 қылмыстық іс медиация тәртібімен қысқартылған. Сонымен қатар 577 тұлғаға қатысты 577 әкімшілік іс қаралды.
Осы мерзімде 1567 азаматтық іс қаралған, оның ішінде 529 азаматтық іс бойынша шешім (сырттай шешім шығарылмаған), 904 іс бойынша сот бұйрығы шығарылып, 89 іс қыс­қартылған (оның ішінде 52-і медиация тәртібімен, 10-ы бітім­гершілік келісіммен), 35 іс қараусыз қалдырылған, соттылығы бойынша 10 іс жолданған, – деді төраға.
Сонымен бірге, баспасөз конференциясында Досжан Қанатбекұлы тілшінің барлық сұрақтарына нақты жауаптар қайтарды.
Мақсат ЖҰМАБАЕВ,
«Шұғыла».

Бөлім:  Құқық

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынып, отансүйгіштік сезімнің кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын қадап айтты.
Тәуелсіз еліміздің жастарын отансүйгіштікке тәрбиелеудің сан алуан жолы бар. Солардың бірі – тарихи-өлкетану жұмыстарын пайдалану арқылы тәрбиелеу. Қазақ елінің кез келген аймағынан ежелгі, ортағасырлық және жаңа заманға қатысты тарихи жәдігерлерді немесе деректерді көптеп кездестіруге болады.
«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деген Елбасы «Туған жер» бағдарламасының мәнін түсіндіре келе, білім беру саласында өлкетану жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына назар аударды.
Елімізге танымал тарихшы Мәмбет Қойгелдиев «Туған жер» бағдарламасын ауылдық жердегі мектептерде ұйымдастырудың төмендегідей қызықты бағдарламасын ұсынды. Мектептегі тарихшы мұғалімдер: «Жалпы ауыл қашан пайда болған? Негізін қалаған кімдер? Бұл ауыл қандай жолдан өтті? Ауылда қандай мықты әулеттер бар? Олардың тарихы қалай жалғасты?» деген сұрақтар төңірегінде зерттеулер жүргізуі керек деп пайымдады. Осыған орай, мектепте 8-сынып оқушыларымен «Туған өлке тарихы» сабағы өткізілуде. Сабақ барысында оқушылар өз өлкесіндегі ерте заманнан қалған тарихи ескерткіштермен қатар құнды жәдігерлермен танысады. Енгізілген сабақ оқушылардың тарихқа деген қызығушылығын арттырады.
Өлкетану арқылы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің бір жолы – өңірдегі археологиялық ескерткіштермен таныстыру. Даладан табылған көлемі үлкен, ауыр салмақты ескерткіштерді мұражайға әкеліп қоя алмайтынымыз белгілі. Оларды сол орналасқан жерлерге барып қана көре аламыз. Әрбір жас өзінің ауылында тарихтан қалған қандай жәдігерлер барын, олардың мән-маңызын білгенде ғана туған өлке тарихын білуге, құрметтеуге деген сезімі оянады.

Индира Шыныбаева,
Б.Момышұлы атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі.

Сенбі, 20 Қаңтар 2018 00:00

Келелі кездесу

Сейсенбіде аудан әкімдігі «Жастар ресурстық орталығының» мәжіліс залында Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын түсіндіру бойынша облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Бекежан Мамажанов аудан тұрғындарымен кездесті. Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшымбетов, аудан әкімдігі бөлімдерінің мамандары, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, мұғалімдер қатысқан кездесуде Бекежан Самижанұлы баяндама жасап, Елбасының Жолдауда белгілеп берген негізгі 10 міндетке кеңінен тоқталды.
– Төртінші өнеркәсіптік революция кезеңі елімізге дамудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынып отыр. Оны тиімді пайдаланудың жолдарын Елбасы нақты көрсетіп берді. Жолдауда халықтың тұрмысын жақсартып, ел экономикасын көтеруге басым бағыт берілді. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап жәрдемақы, зейнетақы мөлшері ұлғайтылып, ұстаздардың жалақысы өседі. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады. Адами капиталдың жаңа сапасына, мектеп бағдарламаларының мазмұнын жаңғыртуға, креативті тұлғаны тәрбиелеуге, ортақ идеялар мен мақсаттарға ортақтаса алатын ұстаздарға мән беріледі. Мұның бәрі – Жолдау жүктеген міндеттер. Бұған бәріміз атсалысып, қолдау көрсетуіміз қажет. Бірлік бар жерде, тірлік бар, – деді ол өз сөзінде.
Келелі кездесуде Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшымбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Рақым Жапаров Жолдау турасында салмақты сөз сабақтады.
Облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Бекежан Мамажановтың аудан тұрғындарына Жолдауды түсіндіру бойынша кездесуі Шайқорық ауылында жалғасты.

Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ,
«Шұғыла».

Бөлім:  Жолдау
Сенбі, 20 Қаңтар 2018 00:00

Міндеттер орындалуы керек

Сәрсенбі күні Төле би атындағы орта мектептің акт залында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы «Қаракемер» бастауыш партия ұйымының жалпы жиналысы өтті. Партия аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, Саяси кеңестің мүшесі, аудандық мәслихаттың хатшысы Рүстем Бегалиев, партия облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат қатысқан жиында бастауыш партия ұйымының төрайымы Шолпан Шайдаева Қазақстан Республикасының Президенті, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттер туралы баяндама жасаса, партия мүшелері Сәрсен Қыдырбаев, Ділбархан Оразқұлова, Төле би атындағы орта мектептің директоры Жанат Шардарбекова жарыссөзге шығып, Жолдау бойынша ой-тұжырымдарын ортаға салды.
Жиналыста сөз алған Шәбден Тоқтасынұлы Жолдау бойынша келелі әңгіме өрбітіп, осы жылдың маңызды құжатындағы негізгі 10 міндетке жеке-жеке тоқталды.
– «Нұрлы жолмен» «Мәңгілік Елге» бет алған еліміз дамыған елу елдің қатарына еніп, енді озық отыз елдің сатысынан көрінуді мақсат етіп қойды. Елбасы Жолдаулары өзінің жүйелілігімен ерекшеленеді. Биылғы Жолдауы тұтас бір дәуірдің ауқымындағы мемлекет атқаратын мақсаттар мен міндеттерді қамтып, айқындап берді. Алдымыздағы бағындырар биіктер мен алынар асулар айшықталды. Жолдау оптимистік мәнге ие. Әлемде жаппай цифрландыру процесі жүріп жатыр. Осы орайда Қазақстан бұл ірі өзгерістерге сай тұруы тиіс. Мемлекет цифрландыру процестеріне айрықша мән беріп отыр. Бұл Жолдау жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды. Ендігі жерде баршамыз ынтымақ пен бірлікті ту етіп, Жолдау жүктеген міндеттерді орындауымыз керек. Баршамыздың міндетіміз – осынау асқақ мұрат-мақсаттарды жүзеге асыру үшін аянбай еңбек ету, – деген ол біздің ортақ мақсатымыз – «Қазақстан-2050» Стратегиясын орындау екенін айтты.
Жолдау бойынша жиналыстар «Орталық», «Айшабибі», «Тоғызтарау», «Өрнек», «Аурухана», «Бесағаш», «Қызылқайнар», «Ақбастау», «Шайқорық», «Жетітөбе», «Қарой» бастауыш партия ұйымдарында болып өтті.
Ильяс Қалыбеков,
«Шұғыла».

Бөлім:  Жолдау
Сәрсебі, 17 Қаңтар 2018 00:00

Айшабибілік Арайлымның алтыны

Бокс – бұл әлемдегі кең тараған спорт түрлерінің бірі. Кезінде осы спорт түрінен әлемдегі үшінші держава атанған елімізде бокс қарқынды түрде дамып, кеңге қанат жайды. Талай байрақты бәсекелерде ел мерейін үстем етіп жүрген боксшы оғландарымыз жетерлік. Ерлермен қатар, дүбірлі додаларда намыс туын жықпай, атой салып жүрген қыздарымыз да баршылық. Солардың бірі – айшабибілік ару Арайлым Бегділда. Арайлым жақында Үндістанда қыздар боксынан жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатынан алтын жүлдемен оралды. 38 мемлекеттен, 150 былғары қолғап шебері қатысқан жаһандық додада Арайлым қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ел намысын қорғаған 10 боксшының ішінде жалғыз алтын медальға ие болған да осы Арайлым. Айшабибілік арудың бұл, әрине, алғашқы әрі жалғыз жетістігі емес. Ол бұған дейін Түркия, Сербия, Украина мемлекеттерінде өткен халықаралық жарыстарда топ жарып, ел мерейін асқақтатты. Жастар арасында Қазақстанның 3 дүркін чемпионы деген дардай атағы тағы бар.
Алғашында каратэмен айналыса бастаған Арайлым кейін боксқа ауысқан. Бапкері – Мейірбек Чингильбаев. Айшабибі орта мектебінен түлеп ұшқан Арайлым қазіргі таңда Тараз мемлекеттік университетінде «дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алуда.
–  «Жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанғаннан кейін, ересектер құрамасына қабылдандым. Әлі алда талай дүбірлі додалар күтіп тұр. Ендігі мақсатым – сол байрақты бәсекелерде топ жарып, көк байрағымызды көкте желбірету, – дейді алтын қыз.
Арайлымның әлі талай биікті бағындырып, болашағының жарқын боларына сеніміміз мол.
Құрбанәлі Шахабай,
«Шұғыла».

Бөлім:  Спорт
Бет 2 -ші 5 беттен

Серіктестер