Материалы отфильтрованы по дате: Қаңтар 2018

Өткен жыл ауылдарымыз үшін өте табысқа толы жыл болды. Бұған біз ауданға қарасты округ әкімдерінің халық алдындағы есеп беру кездесулерінде көз жеткіздік. 17 қаңтар күні басталған есеп беру кездесулері жұма күні аяқталды. Ауыл тұрғындары көкейде жүрген көп сауалды ортаға салып, түйткілді мәселелерді көтерді. Округ әкімдері де өз кезегінде тұрғындардың тілегін елеусіз қалдырмай, әр сұраққа жіті назар аударып, тұщымды жауаптар берді.

Әкімнің жұмысына – оң баға

Өрнек ауылдық округінің әкімі Қанат Темешбаев өзінің есеп беру кездесуін Жұма стансасы тұрғындары алдында өткізді. Аталмыш кездесуге аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспар­лау бөлімінің басшысы Қуаныш Бүркітәлиев, аудандық мәслихат депутаты Талап Әбдібеков қатысып отырды. Округ әкімі өткен жылы тындырылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары жөнінде баяндама жасап, жұмалықтардың талап-тілектеріне көңіл аударды. Зейнеткер Жақсыберген Есембеков стансадан бейітке дейін жол салынса деген ұсыныс білдірсе, ардагерлер кеңесінің төрағасы Оңласын Атыхаев әкімнің жұмысына оң бағасын беріп, ел игілігі жолында жасап жатқан қызметі үшін алғысын білдіріп, рахметін айтты.

Мектеп жайы алаңдатады

Бесжылдық ауылының тұрғындары алдында Жамбыл ауылдық округінің әкімі Бақыт Садырбаев есеп берді. Бұл кездесуге бесжылдықтықтар өте көп жиналды. Алдымен өткен жылдың қорытындысы туралы баяндама жасаған округ әкімі шығып сөйлеушілерге кезек берді. Алғаш боп сөз алған жергілікті тұрғын Күлжамила Байбекова ауылдағы шағын орталықта балалар санының көбеюіне байланысты қосымша бөлмелер қосып беруді сұрады. Бұған жауап берген Бақыт Садырбаев аталған мәселе бойынша аудан әкімдігі білім бөліміне хат жолданып, шешу жолдары қарастырылатынын айтты. Одан соң ауыл тұрғыны Шаяхмет Болысбаев ауыл тұрғындарын алаңдатқан өткір мәселені қаузады. «Бесжылдық ауылындағы Ә.Ысмайылұлы атындағы орта мектептің 4-корпусы апаттық жағдайда тұр. Ол жердегі спортзал, асхана және акт залының жұмыстары тоқтауда. Осы мәселені қозғап келе жатқанымызға біраз уақыт болды, бірақ ешқандай нәтиже болмағаны бәріміздің жанымызға батады. Сондықтан осы мәселені облыс, аудан және ауылымыздан сайланған мәслихат депутаттарымен бірге жұмыс жүргізіп, биылдан қалдырмай шешіп берулеріңізді көпшіліктің атынан сұранамын», – деді ол. Жиын соңында зейнеткер Құлынбет Жүндібаев округ әкімінің есебіне жақсы бағасын берді.

Электр бағандары ауыстырылса...

Тоғызтарау ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Абилаш Жапарқұлованың 2017 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп беру кездесуі Құмсуат ауылында жалғасты. Есепті баяндамасынан соң Абилаш Дәулетқызы тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға назар аударды. Ауыл тұрғыны Мадыхан Мәмбеталиев ауыл ішіндегі электр бағандары мен сымдарының ескіруіне байланысты ауыстырып берсе деген тілегін жеткізді. Жергілікті тұрғынның алаңдайтындай жөні бар. Тозығы жеткен электр сымдары мен бағандары тұрғындардың өміріне қауіп төндіруі әбден мүмкін. Сондықтан бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Алдағы уақытта бұл ұсыныс оң шешімін табады деген сенімдеміз.
Есеп беру жиынына аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Сәкен Нұржаубаев қатысты.

Жолға асфальт керек

Қаракемер ауылдық округінің әкімі Ердос Бейсенов  Сеңгірбай ауылы тұрғындарының алдында 2017 жылы атқарған жұмыстары бойынша есебін берді. Есепті баяндамадан соң Ердос Елібайұлы тұрғындар ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ауыл тұрғыны Ерғазы Альжанов Сеңгірбай мен Шайдана ауылдарының арасындағы 3 шақырым жолды асфальттап беруді сұраса, көпбалалы ана Жаңакүл Мұсабаева: «Мен көпбалалы анамын, қолымда анасы қайтыс болып кеткен төрт немерем бар. Осы немерелерім жартылай жетім болғандықтан, мемлекет тарапынан берілетін тұрғын үй кезегіне тұрғызуға ықпал жасауыңызды сұраймын», – деді.
Жиынға аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасынов қатысты.
Құрбанәлі Шахабай,
«Шұғыла».

Бөлім:  Саясат
Сәрсебі, 31 Қаңтар 2018 11:18

Заңның үстемдігі — маңызды

Жуырда аудан әкімдігінің мәжіліс залында Елбасының биылғы Жолдауда жүктеген міндеттері бойынша жиын өтті. Ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, аудандық мәслихаттың депутаттары, мектеп директорлары мен медицина саласының қызметкерлері қатысқан отырыста аудан әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлім­шесінің басшысы Жомарт Телеуов құнды құжатта айтылған мәсе­лелер туралы кеңінен сөз қозғады.
– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауының тоғызыншы бағытында заң үстемдігін жетілдіруге, жемқорлықпен күрес жүргізуге тиісінше назар аударылған, – деді Жомарт Тешебайұлы. – Кон­ституция бойынша Қазақстан – құқықтық мемлекет. Сол құқықтық мемлекеттің өркен жаюына өзіндік кедергі, зиян келтіріп жатқан мәселе – жемқорлық. Жолдауда атап көрсетілгендей, соңғы 3 жылда республика көлемінде жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды. Осы уақыт ішінде олардан 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді.
Ал, ауданымызда 2017 жылдың 12 айында 28 қылмыстық іс бойынша 9 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды және олар келтірген 12000000 теңге залалдың 9000000 теңгесі мемлекет пайдасына өндірілді.
Мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналады. Атап айтқанда, азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуға тиіс.
Бүгінде сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылуда. Заңнамаға қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшейтуді, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілді. Адвокаттардың құқықтары мен сотқа дейінгі сатыдағы сот бақылауының аясы кеңейді. Құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік шегі айқындалды.
Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстары жалғаса бермек. Қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету сала­сын­да көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелер белсенді түрде енгізілмек.
Біз саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің арқасында экономикамызды, саясатымызды және санамызды жаңғыртуға кірістік. Технологиялық және инфрақұрылымдық тұрғыдан дамудың жаңа кезеңіне тың серпін берілді. Конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы балансты нақтылай түсті. Біз ұлттық сананы жаңарту үдерісін бастадық. Бұл базалық үш бағыт Қазақстан жаңғыруының жүйелі үш тұғыры болып саналады.
Сыбайлас жемқорлық сипатын­дағы келеңсіз көріністермен күрес жүргізу – ұзақ мерзімге арналған мемлекеттік шара. Осы кеселге қатаң бағытталған мемле­кеттік бағдарлама жоғары деңгейде жауап­тылықпен іске асырылуға тиіс. Сонда ғана Елбасы өз Жолдауында жүктеген міндеттер жүзеге аспақ.
Жиынға қатысушылар да өз ой-тұжырымдарын ортаға салды.

Ерлан ҚАЛИСАЕВ,
аудан әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімшесінің бас маман-заңгері.

Бөлім:  Жолдау
Сәрсебі, 31 Қаңтар 2018 11:14

Тұрғындар тілегін тыңдады

Еліміздің оңтүстік аймағына бұрын-соңды болмаған суық түсіп, қаңтар айы өзінің қаһарлы мінезін танытуда. Әсіресе, бұл суық қарапайым жұрт пен шаруашылықпен айналысып жүрген тұрғындарды әбігерге салуда.
Осы тұрғыда сейсенбі күні көкейде жүрген сұрақтарын арқалаған азаматтар мен көмекке мұқтаж тұрғындар «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың қабылдауында болды. Нақтырақ айтқанда, қабылдау партия аудандық филиалының мәжіліс залында өтіп, жеке сұрақтарымен келген тұрғындар кезегімен кіріп жатты.
Бес баласы бар, оның үшеуі мүгедек екенін айтып қынжылған көпбалалы ана Есенгүл Нұрманова тұрғын үйге мұқтаждығын немесе үй салуға Аса ауылынан жер телімін алып беруін өтінсе, Ардақ Алипчеев 27-разъезд тұрғындары газ бен ауыз суға зәру екенін жеткізді. Ал, Құлжан Әбибулла Қаратау қаласынан аудан орталығына қатынап жұмыс жасайтынын айтып, жақын аумақтан жер учаскесін алуына ықпал етуін сұрады. Сондай-ақ жеке кәсіпкер Гуля Жүнісбекова балабақшаларды азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша сауалдарын қойып, өтініштерін жолдады.
Тұрғындарды мұқият тыңдаған Бақыт Алпысбайұлы әрқайсысына орнықты жауап қайтарып, қабылдауға қатысқан жауапты сала басшылары мен ауыл әкімдеріне көтерілген мәселелерді тез арада шешу үшін нақты тапсырмалар берді.
Мақсат Жұмабаев,

«Шұғыла».

Бөлім:  Нұр Отан
Сәрсебі, 31 Қаңтар 2018 11:13

Жыл көрсеткіштері қуантады

Аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың төрағалығымен өткен аудан әкімдігінің мәжілісінде аудан әкімдігі эконо­мика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қуаныш Бүркітәлиев 2017 жылдың әлеуметтік-эконо­микалық қорытындылары туралы хабарлама жасады.
Өткен жылдың қаңтар-желтоқсанында өнеркәсіпте 8 млрд 744 млн теңгенің, ауыл шаруашылығы саласында 27 млрд 302,8 млн теңгенің өнімі өндірілген.
Индустрияландыру картасы шеңберінде жаңадан іске қосылған «Аса Даму» құс фабрикасы күніне 145 мың дана жұмыртқа шығаруда.
Ауданда 25 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. «Агробизнес-2020» бағдарламасы шеңберінде есепті кезеңде «Алтын асық» бағдарламасымен 1467 бас (132,5%), «Сыбаға» бағдарламасымен 746 бас (322,9%), «Құлан» бағдарламасымен 294 бас (408,3%) мал алынды, «Жайылымды суландыру» бағдарламасымен 17 ұңғыма қазылды (425%).
Аудан шаруашылықтары 175,9 млн теңгеге 27 дана ауыл шаруашылығы техникаларын, оның ішінде: лизингтік жүйе арқылы 15,9 млн теңгеге 2 шаруашылық 4 техника, өз қаражаттары есебінен 159,9 млн теңгеге 14 шаруашылық 23 техника сатып алды.
Ауданда 2017 жылға арналған эпизоотияға қарсы атқарылатын іс-шаралар жоспары жасалып, осы шараларды жүргізуге 93,2 млн теңге бөлініп, игерілді.
Құрылыс жұмыстары 5 млрд 621,6 млн теңгеге жүргізіліп, нақты көлем индексі 122,8 пайызды, бөлшек сауда айналымының көлемі 2 млрд 726 млн теңгеге жетіп, 2016 жылмен салыстырғанда  нақты көлем индексі 148 пайызды, негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 23 млрд 701 млн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 117,7 пайызды құрады.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағалы жалпы сомасы 3 млрд 400,5 млн теңгені құрайтын 54 жобаға, оның ішінде 2017 жылы – сомасы 1 млрд 046,4 млн теңгеге 16 жобаға қолдау көрсетілді.
Өткен жылы аудандық және ауылішілік жергілікті мәндегі автомобиль жолдарын жөндеуге және қалыпты ұстап тұруға бюджеттен 441,7 млн теңге бөлініп, игерілді.
2017 жылдың қаңтар-желтоқсанында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде және жұмыспен қамтудың кешенді жоспары бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен барлығы 2868 адам қамтылды.
Хабарламашы келесі кезекте денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларындағы көрсеткіштерге кеңінен тоқталды.
Мәжілістің күн тәртібіндегі бұл мәселе бойынша «Индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасына 2017 жылы енгізілген жобаның жүзеге асырылуын қатаң бақылауға алып, 2018 жылы ұсынылатын жобалар тізімін қарастыру; биыл негізгі капиталға салынатын инвестиция көздерін анықтау бойынша жұмыстар ұйымдастыру; шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысын жандандыру; биылға жоспарланған дақылдарды, оның ішінде қант қызылшасын егу жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру; ауыл шаруашылығы саласы бойынша салынатын инвестиция көздерін анықтау; ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің айналымға тартылған үлесін ұлғайту бойынша жұмыстарды ұйымдастыру; аудандағы құрылыс нысандарының сапалы жүргізілуін және алдағы уақытта құрылыс жұмыстары жүргізілетін нысандардың жобалық-сметалық құжаттарын сапалы әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізіп, құрылысқа қаржы қарастыру үшін облыстық тиісті басқармаға өтінім беру; жөндеу жұмыстары жүргізілетін аудандық мәндегі және ауылдың ішкі автомобиль жолдарының сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қамтамасыз ету; жұмысқа орналасу мәселесі бойынша жүгінген адамдар арасынан жұмысқа орналасқандардың үлесін арттыру және әлеуметтік көмек алушылар арасынан жұмысқа жарамды адамдардың үлесін төмендету бойынша жұмыс жүргізу; қан қысымымен науқастанғандар және наркологиялық тәуелділікке душар болғандар көрсеткішінің жоғарылауын бақылауға алу; қылмыстың және жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларын ұйымдастыру туралы қаулы қабылданды.
Мәжілісті қорытындылаған Бақыт Алпысбайұлы инвестиция тарту мәселесіне және құрылыс саласына жете көңіл бөлу қажеттігін ескертіп, тиісті сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Сәрсебі, 24 Қаңтар 2018 09:35

Турнир ұйымдастырылды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Ю.Гагарин атындағы орта мектепте аудан әкімдігі «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен футболдан жолдастық турнир өткізілді. Турнирге аудандық Мәдениет үйінің ұжымы, айтыскер ақындар, «Жастар ресурстық орталығының» ұжымы, облыстық баспасөз саласының қызметкерлері, Ю.Гагарин атындағы орта мектептің оқушылары және ұстаздарынан құралған жалпы саны 6 команда қатысты.
Турнир басталар сәтте «Жастар ресурстық орталығының» директоры Маханбет Рақымжанов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жеребе бойынша жұпталған командалар бір-бірімен тартысты әрі қызықты кездесулер өткізді.
Шара соңында қатысушы командаларға арнайы дип­лом­дар мен кубоктар табыс етілді.

Құрбанәлі Шахабай,
«Шұғыла».

Бөлім:  Спорт
Сәрсебі, 24 Қаңтар 2018 09:34

Ұстазға артылған міндет ауқымды

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді Даму стратегиясы жүзеге асып жатқаны және Қазақстанның әлемдегі түрлі сынақтарға төтеп беріп, қарқынды экономикалық даму жолына бет алғаны баяндалды. Ел егемендігін алғалы бері – еліміз осылайша биіктерге құлаш сермеп келеді. Елдің  болашағы жастар десек, оларды мектеп қабырғасынан сауатты, білімді етіп тәрбиелеу қашан да ұстаздар қауымына жүктелетін жауапты міндет. Мемлекет басшысы да жыл сайын Жолдауында ұстаздар еңбегін ерекше атап, оларға қамқорлық жасап келеді.
Елбасының биылғы Жолдауында жаңа әлем көшбасшыларының қатары­на қосылу үшін қажетті бірнеше міндеттерді атап, оларға жекелей тоқталды. Жолдаудағы «Адами капи­тал – жаңғыру негізі» атты жетін­ші міндеттің жүгі педагогтарға бағыт­талған. Бұл жүктемеде: «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдар­ла­маларының негізгі басым­дығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамы­ту болуға тиіс», – деп атап көрсетті.
Елбасы биылғы Жолдауында білім беру саласындағы басқа да мәселелерге арнайы тоқталды. Мәселен, педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдары, математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту, балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру, жөнсіз терминология, латын әліпбиіне көшу мәселесі, цифрлық білім беру ресурстары секілді өзекті мәселелерді шешуде ұстаздар аянып қалмай, жұмыла еңбек ететініне сенім білдірді. Сонымен қатар, Елбасы Жолдауда «Мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға көбейтуді тапсырамын», – деп педагогтар қауымын бір қуантып тастады.

Жеңіскүл БЕРКІМБАЕВА,
Б.Кейкиев атындағы орта мектептің биология пәнінің жоғары санатты ұстазы.

Бөлім:  Жолдау
Сәрсебі, 24 Қаңтар 2018 09:34

Маңызды құжат түсіндірілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына жолдаған Жолдауы елімізді баянды болашаққа бастайтын маңызды құжат. Осы Жолдауда көрсетілген 10 бағытты талқылау мақсатында Қарой ауылдық округі әкімі аппаратында мекеме қызметкерлерінің қатысуымен жиын болып өтті.

Басқосуды ашып, тарихи құжаттың маңыздылығына тоқталған ауыл әкімі Жақсыбек Исақов өз сөзінде Жолдау жаһандық өнеркәсіптік революция кезеңіндегі еліміздің бағытын белгілейтін, алдағы жоспарын айқындайтын негізгі құжат екенін жеткізді.
– Бүгінгі күнге дейін Қазақстанның жетістігі үшін көптеген қадамдар жасалды. Елімізге дамудың жаңа сапасы керектігін бәріміз жақсы білеміз. Бұл Жолдау – төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында біздің одан әрі жасайтын іс-қимылдарымызды белгілейді. Қазақстандық әрбір азамат Мемлекет басшысының тәуелсіздік мерейін үстем ететін кемел бастамаларын әрдайым қолдап, қуаттауы қажет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді, сондықтан еліміздің ертеңі баянды, дамыған 30 елмен терезесі тең болу үшін әрбіріміздің қажырлы қайратымыз керек, – деді Жақсыбек Сағымбекұлы. Ал, ауыл әкімінің орынбасары Гүлшат Инкашева Елбасының дәстүрлі Жолдауы тарихи құжат екенін, оның қайсысын алып қарасақ та стратегиялық маңыздылығымен қоса, белгілі бір мерзімде нақты міндеттердің шешілуін қамтамасыз етіп отыратынын сөз етті.
Жиын соңында мекеме қызметкерлері Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыратындарын жеткізді.

Нұрасыл СҰЛТАНБАЕВ,
«Шұғыла».

Бөлім:  Жолдау
Сәрсебі, 24 Қаңтар 2018 09:33

Жаңа тарихи дәуірдің бастауы

Елбасымыз халыққа «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жариялап, өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделудің және табысқа жетудің 10 міндетін атап көрсетті. Оның ішінде, ең алдымен, индустрияландыруға, әсіресе, кәсіпорындарды жаңғыртуға және цифрландыруға, кешенді ақпараттық-технологиялық платформаларды белсенді түрде енгізуге, «Ақылды технологиялар» арқылы аграрлық ғылымды дамытуға, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыруға, құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізуге, қаржы секторын қайта жаңғыртуға айрықша назар аударылып отыр.
Осы мақсатта Пионер ауылдық кітапханасында жастар арасында «Рухани жаңғыру аясында» тақырыбында Елбасы Жолдауы ауыл тұрғындарына насихатталды. Сонымен қатар «Жарқын болашақ кепілі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Жолдауда жастарды жаңа технологиялық жағдайға дайындаудың маңызды шарттары айтылып, білім берудің жаңа сапалық көрсеткіштері айқындалды.
Елбасының заманауи даму жолдарын ескере отырып, қазақ тілінің өркендеуіне, рухани жаңғыруға, халықтың денсаулығын нығайтуға баса назар аударғаны – Президентіміздің халқының бар қадір-қасиетін бойына жинаған ұлттық рухын көрсетті. Сонымен бірге алдағыны болжап, ертеңгісін де оза ойлайтын, барша қазақстандықтарды, бүкіл мемлекетті әлемдік өркениетке жетелейтін көреген көшбасшы, саяси қайраткер, тарихи тұлға екендігін тағы бір дәлелдеді. Сондықтан Елбасының биылғы Жолдауы – заманға сай тарихи өрлеу дәуіріне бастайтын, барша қазақстандықтарды ортақ мақсат жолында жұмылдыратын, әрбір азаматты нақты іс-әрекетпен өсуге жетелейтін, біртұтас ұлт болу қадамымызды айқындайтын өте маңызды құжат екені түсіндірілді. Соңынан кітап көрмесіне шолу жасалды.
Елбасы Жолдауын жүзеге асыру әрқайсымызға зор жауапкершілік жүктейді. Оны абыроймен атқару – баршамыздың абыройлы міндетіміз.
М. Ордабаева,
Пионер ауылдық кітапхананың кітапханашысы.

Бөлім:  Жолдау
Сәрсебі, 24 Қаңтар 2018 09:33

Ел қорғау - ердің ісі

Кәмелеттік жасқа толған жастарды әскер қатарына шақыру ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға сәйкес өтеді. Елімізде ҚР Қарулы күштерінің және басқа әскери құрылымдардың бөлімдері мен мекемелерін жас сарбаздармен толықтыру үшін наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында іріктеу жүргізіледі. Өткен жылдың күзгі шақырылымында ауданнан 128 жігіт азаматтық борышын өтеуге аттанған. Оның 16-сы – Жамбыл ауылдық округінің тумасы.
Түрлі ұлт өкілдері тұратын округ жастарының бірі туған жерден жырақтап, Отанын, елін қорғауға аттанса, енді бірі әскери міндетін абыроймен өтеп, туған-туыстарымен дін-аман қауышуда.
Жуырда Шайқорық ауылдық клубында Жамбыл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-әскери есеп жүргізушісі Мейрамкүл Исмайлова ұйымдастырған кездесуге Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен өтеп қайтқан сарбаздармен қатар, аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді қабылдау және әскерге шақыру бөлімшесінің басшысы, капитан Мұхамед-Али Бекбауов, келісімшарт бойынша қабылдау инспекторы Айжан Қарабаева, Ақбастау және Ақбұлым ауылдық округі әкімі аппараттарының бас маман-әскери есеп жүргізушілері Фарида Таңатова мен Гүлдерайым Асқарова және Шайқорық, Ысмайылұлы атындағы орта мектептің жоғары сынып оқушылары арнайы шақырылды.
«Әскери міндет – абырой» атты тақырыпта өткен жиында ауыл әкімінің орынбасары Медет Нұрмаханов ел қорғау – ердің ісі екенін айтып, арамызға әскерден оралған жастарға сәттілік тіледі.
– Ежелден халқымыз қиын-қыстау заманда отансүйгіштігінің, бірлігінің арқасында елін, жерін қорғауға бір адамдай жұмылған. Соның арқасында небір қанды соғыстарда жеңіске жетті. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен ауған жерінде интернационалдық борышын абыроймен өтеп қайтқан жауынгер жерлестеріміздің ерлігі сіздерге үлгі болуы керек. Нағыз ер азаматтың Отан алдындағы борышы – елінің, жерінің, халқының тыныштығын қорғау. Осынау қасиетті борышты абыроймен өтеп қайтқан сіздермен біз мақтанамыз, – деген Медет Сәбитұлы антына адалдық танытқан Искандер Фазлиевті, Мұрат Мамедовты, Елнар Дүйсебаевты, Еркебұлан Әбдірахмановты және Қарағанды қаласында әскери борышын өтеп, келісімшартпен қызметте қалған Болат Ошақбаевтың анасы Меруерт Жұбайділдаеваны ауыл әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Бұдан кейін сөз алған ауылдық ардагерлер кеңесінің торағасы Орынбай Рысбаев жас патриоттардың әскери міндетті мінсіз атқарғаны қариялар үшін үлкен қуаныш екенін жеткізіп, аталық ақ батасын берді.
– Бір жыл деген қас-қағым сәт. Өтеді де кетеді. Бүгінде әскерге барудан жалтаратын жастар бар. Сендердің бүгінгі істерің – арттарынан ерген інілеріңе өнеге-үлгі – деді ардагер.
Жиында Мұхамед-Али Бекбауов пен Айжан Қарабаева аудандағы күзгі және көктемгі мерзімді әскерге шақыру кезінде ауыл-ауылдарды аралап, әскерге жарамды азаматтарды іріктейтіндерін жеткізді.
Жиын соңы мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасына ұласты.

Нұрасыл СҰЛТАНБАЕВ,
«Шұғыла».

Бөлім:  Қоғам
Сәрсебі, 24 Қаңтар 2018 09:33

Кеңес беру кабинеті ашылды

«Қазақстан 2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру барысында аудан әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығы» жастарға кеңес беру кабинетін (үйлестірушісі Нұрбек Сәкенов) ашты. Кабинеттің ашылу рәсімінде сөз алған аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Белғали Сергеев: «Бүгін аудандық «Жастар ресурстық орталығында» жастарға кеңес беру кабинеті ашылды. Енді аудан жастары дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері құқықтық, психологиялық, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар бойынша кеңес ала алады. Жастарға аудан әкімдігі білім бөлімінің, аудандық орталық аурухананың, халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары кеңес беретін болады», – деді өз сөзінде.
Жастарға кеңес беру кабинетінің ашылуына аталған орталықтың ауылдық округтердегі кеңесшілері, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары,  аудан жастары қатысты.

Ильяс Қалыбеков, «Шұғыла».

Бөлім:  Жастар
Бет 1 -ші 5 беттен

Серіктестер