Материалы отфильтрованы по дате: Қыркүйек 2017
Сенбі, 30 Қыркүйек 2017 00:00

Қарттар – біздің асыл қазынамыз

1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Бұл мереке аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін және ардагерлерге қамқорлық пен құрмет көрсететін күн. Үлкендерге деген құрмет пен оларға ұдайы қамқорлық мемлекетіміздің, Елбасымыздың әлеуметтік саясатының басым бағыты болып табылады.

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді халық даналығы. Сол айтқандай, үйінде қариясы бар жанұя – қазыналы, берекелі отбасы. Сондықтан да, қарияларға қамқор болу – жалпы қоғамның және әрбіріміздің міндетіміз. Өйткені жасы ұлғайған адамдар – мемлекетіміздің алтын қоры, ұлтымыздың, салт-дәстүріміздің, дініміз бен діліміздің сақтаушысы, жастарды отансүйгіштікке баулитын, ата-бабаның өнегелі жолын ұмыттырмайтын жалғастырушы. 
Қария болу деген сөз – елдің басы болу, ақылын айтар дана болу, ел төрінде құрметке бөлену. Ол – шаңырақтың шаттығын сақтаушы, бірлігін бекем етуші, ақылы мен нақылын айтар кемел ойдың иесі. Қария – үйдің берекесі мен мерекесі. Олардың әрбір айтқан гауһар тасқа бергісіз ақылы жас ұрпақтың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қоса бермек.
Дана халқымыз «Төріңнен қарт кетпесін» деп тілеген. Жасы үлкенге құрмет ету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ата дәстүріміз. Осы дәстүрді ұмытпайық. Бүгінгі жас – ертеңгі қария. Болашағымызды ойлайық.
«Бабаларым, рахмет сендерге!
Балаларым болмасын деп бос кеуде,
Қобызыңмен қосып ән мен тіл бердің,
Өмірге мен мылқау болып енгенде,
Бабаларым, рахмет сендерге!» – деп Мұқағали Мақатаев айтқандай, біз ата-әжелеріміздің алдында қарыздармыз. Ол қарызымызды тек жақсы тәрбие арқылы, адамгершілігі мол, мейірімді болу арқылы ғана, оларды көрген жерде құрметтеп сыйлау арқылы ғана қайтара аламыз.
Қарттарымызды ардақтайық, сыйлайық, қадірлейік.
Бақыт Сырлыбаев,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Бөлім:  Қоғам
Сенбі, 30 Қыркүйек 2017 00:00

Ардагерлер – дастархан басында

Ақсақалдар сарқылмас дариялар,
Әр сөзінен көңілге бақ ұялар.
Сіздерді құрметтейміз, қадірлейміз,
Аяулы ардагерлер, қариялар, – деген өлең жолдарымен өрнектеліп, қазыналы қарттарымызды ардақтауға арналған мерекелік шара Аса ауылдық округі әкімшілігі, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы, «Жастар ресурстық орталығы», аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мекемесі бірлесіп ұйымдастыруымен Аса ауылындағы «Береке» дәмханасында өтті. Дастархан басында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев бастаған бір топ ақсақалдар С.Ережепбаев, Ж.Сәлемов, С.Күзербаев, Р.Жапаров, А.Балқыбеков, Б.Асқаров, А.Сапарбеков, Б.Төлентаев, М.Қасымбеков, А.Сыдықов, Т.Туғанбаев бас қосып, өнегелі әңгімелерін айтып, өткен күннің естеліктерімен бөлісті. 
Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшымбетов, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Аида Қалисаева, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының консультанты Бақытжан Кикбаев, «Жастар ресурстық орталығының» директоры Жасұлан Үсенбаев ардагерлерге жылы лебіздерін арнап, мерекемен құттықтады. Кешті жүргізуші Құралай Асхатаева қарттарға сөз кезегін ұсынса, кітапханашылар А.Құрымбаева, А.Исаева танымал ақындардың өлеңдерін оқыды. Мереке барысында аудандық Мәдениет үйінің әншісі Айнұр Төлебекова ән салып, зейнеткер Ақан Сыдықов домбырамен күй тартты, жергілікті ақын Б.Төлентаев мерекелік арнау өлеңдерін оқыды. Ақсақалдар кешті ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, ақ батасын берді.
Күнзипа Ситалиева,
«Шұғыла».

Бөлім:  Қоғам
Сенбі, 30 Қыркүйек 2017 00:00

Болашақ бүгіннен басталады

Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогикадан, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім.
Ахмет Байтұрсынұлы.
Аудан орталығында орналасқан білім ошақтарының бірі – Аса дайындық білім беру орталығы. Санаулы жылдардың өзінде білім мен тәрбие ошағына айналып үлгерген орталықта бүгінде 40 шәкірт тәрбиеленуде. Білім мен тәрбиеге негізделген мекемеде бала үшін барлық жағдай жасалғанын естіп-білген ата-аналар сонау шалғайдан арнайы келіп, балаларының осы орталықта оқығандарын жөн көреді екен. Оған қоса, былтырғы жылы осы орталықтан түлеп ұшқан жеті түлектің бәрінің де оқу гранттарына ие болуы орталықтағы жұмыстың нәтижесін көрсетіп тұр.
Жуырда ғана мектеп директоры қызметін атқара бастаған Әскербек Нарқұлұлы Құрманбаев биылғы оқу жылының жаңалықтары мен алдағы жоспарлар туралы ой бөліскен еді.
– Ел арасында «бір жылыңды ойласаң – егін ек, он жылыңды ойласаң – тал ек, жүз жылыңды ойласаң – ұрпақ тәрбиеле» деген жақсы сөз бар. Мен ұстаздық жолымды Шымкент қаласында орналасқан Сабыр Рахымов атындағы «Жасұлан» әскери мектебінде бастадым. Мамандығым – география пәнінің мұғалімі.  Осы уақытқа дейінгі педагогикалық тәжірибемді таразылай келе, ұстаздық ең қадірлі мамандық екенін ұғындым. Себебі, ұстаз бала санасын тәрбиелейді. Ал сана-сезім тәрбиесі ұрпақтан ұрпаққа берілетіні анық. Осыдан-ақ, ұстаздық қандай жауапты мамандық екенін біле беруге болады.
Біз үшін орталықта тәрбиеленіп, білім нәрін бойына сіңіріп жүрген әрбір бала – ол болашақ мамандық иесі, ел азаматы, тұлға. Сондықтан, баланың қарым-қабілетінің дамуына, шығармашылық ізденістерінің айқындалуына барлық жағдай жасау мақсатында қазақ тілі, орыс тілі, математикалық сауаттылық, шет тілі, тарих, география, физика сабақтары тереңдетіліп оқытылады. Мұнда 8-11 сынып аралығындағы оқушылар Б.Момышұлы атындағы орта мектепте оқиды және орталықта сағат 15.30-18.30 аралығында қосымша сабақтарға дайындалады. Одан кейін бір сағат көлемінде оқу залында шәкірттер көркем шығармаларды оқып, тәрбиелік мәні мен мазмұнына талдау жасау арқылы тіл байлығын дамытып, ойын дәл жеткізе білуге дағдыланады. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында кіші футбол алаңы салынған, теннис үстелі қойылған, асхана, пәндік оқу кабинеттері, кітапхана, жатын бөлмелер, жуыну бөлмелері мен киімдерін жууға арналған бөлмелер бар. Мұнда балалар төрт мезгіл тамақпен қамтамасыз етіліп, үнемі тәрбиешілерінің қадағалауында болады. Жоғары санаттағы 7 мұғалім сабақ береді.
Жуырда ғана оқушыларды Айша бибі, Қарахан кесенелерінің тарихымен таныстырып, «Көне Тараз» мәдени-тынығу демалыс орнына саяхатқа апарып келдік. Себебі, мұнда шалғай облыстан келген оқушылар көп. Орталықта барлық маңызды даталарға арналған іс-шаралар, байқаулар ұйымдастырылып тұрады. Қайырымдылық акцияларына балаларды қатыстыру арқылы рухани тәрбие негіздерін: ата-ананы қадірлеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіру деген сияқты ұлттық тәрбиеміздің құндылықтарын жандандыру мақсатында еңбектенудеміз. Себебі, адамзат өркениетінің даму тарихында тек жақсы мектебі мен мұғалімдері бар мемлекет қана озып шыққан деген пікір бүгінгі күннің айғағына айналып отыр, – деді Аса дайындық білім беру орталығының директоры Ә.Құрманбаев.
Сонымен қатар, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі және әдебиетінің мұғалімі Гүлжан Үсіпбекова орталықта тәрбиеленуші жастардың көбі аудандық, облыстық, республикалық олимпиадалардың, байқаулардың жеңімпаздары екенін айтып:
– Орталықта Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облысынан және Тараз қаласынан келген балалар бар. Ауыл-аймақтағы жұрттың біреуі білсе, біреуі білмес. Бұл жердегі тәрбие мен білімнің көрсеткіші қалалардағы оқу орталықтарымен бірдей. Бұған дәлел, былтырғы оқу жылында да, арғы жылы да бітірген түлектер оқу гранттарын иеленді.
Биылғы оқу жылында білім алып жүрген оқушылардың ішінен «Ақберен» облыстық байқауының 2-орын иегері Н.Қанай, КИО интернет олимпиадаларының жеңімпаздары Э.Дүйсенбаев, М.Сәткен, Е.Мұсаев, М.Құрбанқожа, А.Құрбанқожа, «Махамбет оқулары» және «Мағжан оқулары» байқауларының бас жүлдегері А.Сұлтанбаев, «Жігіт сұлтаны» байқауының жеңімпазы Б.Шырбановты ерекше атап өткім келеді. Жылдағы дәстүрмен оқу-тәрбие жұмыстары жүйелі түрде іске асырылмақ. Осы бағытта пән мұғалімдері де, балалар да ынтымақтаса еңбектенетініне сенімдімін, – деп ойын қорытындылады.
Болашақтың белгісін бүгіннен көруге болады. Бүгінгі күн – ол адам баласының ертеңі. Сондықтан да, ғылым мен техника көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап дамыған заманға бейім жастарды тәрбиелеу, оларға қажетті бағыт-бағдар беру білікті ұстаз бен заманауи білім ордасының еншісінде екені анық.

Күнзипа Ситалиева,
«Шұғыла».

Бөлім:  Білім
Сенбі, 30 Қыркүйек 2017 00:00

Мерейі үстем қашанда

Ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік болған. Тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді жандарға ілтипат таныту – адамгершіліктің бір белгісі. Ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым ізетпен еске алғаны мәлім.
Осындай мамандығына деген сүйіспеншілігінің нәтижесінде көпке үлгі болып жүрген аяулы жандардың бірі – Қ.Сартбаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мәрзия Ержанова. Оның оқушыларына берген тәлім-тәрбиесі, махаббаты, жүрегінің тазалығы, көңілінің ақтығы шәкірттерді жоғары жетістіктерге жетелейді.
Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне аса көңіл аударып жүрген Мәрзия Сейіткерімқызының еңбегі зор деп білемін. Ол кісінің аудандық, облыстық, республикалық басылым беттерінде үздік ашық сабақтары, өзекті мәселелерді қозғаған «Жаңаша оқыту – заман талабы» мақаласы жарияланды.
Сонымен қатар ол шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жоғары белестерден көрінуін ұстаздық парызым деп санайды. Әрине, «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейді. Мұғалімнің тікелей жетелеуімен жүлделі орындарды бағындырған оқушыларының саны да бір төбе. Айта кетелік, Нұргүл Бектай, Әлішер Оңлабай, Қымбат Ерғалиқызы, Жәния Сағынбекқызы, Аруай Таңатар сынды шәкірттері ұстаз еңбегінің арқасында талай сынақтардан сүрінбей өтіп, дүбірлі сайыстардан жүлдемен оралды. Жаһандану заманында ұлттың бәсекеге қабілетті болуының көрсеткіші білім деңгейімен өлшенетіні анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр», – деген еді. Осы тұрғыда қашанда тынымсыз ізденіс жолында жүретін ұстаз еңбегінің жемісі мәуелі бола берсін деп тілеймін.

Күлипа ТҮЙІНШЕКОВА,
мектеп директорының ғылыми әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары.

Бөлім:  Білім
Сенбі, 30 Қыркүйек 2017 00:00

8350 азаматқа екпе егіледі

Қазан айының 1-ші жұлдызынан бастап тұрғындарға тұмауға қарсы екпе егу науқаны басталады. Елімізде тұмауға қарсы екпенің 3 түрі егіледі. Олар: «Ваксигрипп» (Франция), «Инфлювак» (Нидерланды) және «Гриппол-плюс» (Ресей Федерациясы). Аудан тұрғындарының 10 пайызын екпемен қамту жоспарланған. 
ҚР ҰЭМ 2015 жылғы 12 ақпандағы №194 бұйрығының 303-бабы 5-тармағына сәйкес эпидемия алдындағы кезеңде медицина қызметкерлерін, медицина ұйымдарында диспансерлік есепте тұрған балаларды, әлсіз және алты айдан асқан көп ауыратын балаларды, мүгедектерді, жүктіліктің екінші немесе үшінші триместрінде және эпидемиологиялық көрсетімдері бойынша жүкті әйелдерді жыл сайын тұмауға қарсы вакцинациялауды жүргізу қамтамасыз етіледі. Осыған орай ауданда осы жылы жоспар бойынша 8350 азаматқа екпе егіледі. Соның ішінде жүкті әйел – 650, 6-3 жас аралығындағы балалар – 1600, 3-14 жас аралығындағы жиі ауыратын балалар – 4900, 15-17 жастағы жасөспірімдер – 500, медицина қызметкерлері – 674, оңалту орталығындағы мүгедек балалар – 26.  Осы көрсетілген топтарға тұмауға қарсы екпе тегін егіледі. Сонымен қатар қамтылуға тиісті топтардан тыс азаматтар ақылы түрде тұрғылықты мекенжайы бойынша емханада екпе салдыруына болады.
Тұмаудың асқынулары өте ауыр түрде өтетіндіктен, алдын алу шараларының ең тиімдісі екпе егу болып саналады. 

Ж. ТОТАЕВА,
аудандық орталық аурухананың иммунолог-дәрігері.

Бөлім:  Денсаулық
Сенбі, 30 Қыркүйек 2017 00:00

Шайқорықта — жаңа спорт кешені

Спорт – қоғамдағы жалпы мәдениеттің бір бөлігі, адамның дене қабілеттерін дамыту мен денсаулығын нығайтуға бағытталған әлеуметтік қызметтің бір саласы. Мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын көрсеткіш. Жастардың жан-жақты дамуын спортсыз елестету мүмкін емес.
Кеше Шайқорық ауылында Кеңес Одағының спорт шебері Бақытжан Ташметов атындағы спорт кешені салтанатты жағдайда ашылды. Спорт кешенінің ашылуы рәсіміне аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков, Ұлттық олимпиада комитетінің спорттық директоры Арман Ташметов, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының вице-президенті Талғат Мәзімбаев, ҚР «Стрит Воркаут» федерациясының президенті Дамир Муминов, дзюдодан Бейжін олимпиадасының күміс жүлдегері Асхат Жіткеев, ауыл тұрғындары арнайы келді.
Салтанатты шарада алғашқы болып сөз алған Бақыт Алпысбайұлы: «Ауданымызда бұқаралық спортты дамыту жүйелі жолға қойылған. Қазіргі уақытта ауданда 150 спорт нысаны бар. Спортпен жүйелі түрде жергілікті тұрғындардың 27,9 пайызы, яғни, 22329 адам шұғылдануда. Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша өткен жылы 2 спорт нысаны, ағымдағы жылы 2 спорт нысаны пайдалануға берілді. Спорт нысандарында жаттығып жүрген балуандарымыз облыстық, республикалық, әлемдік деңгейдегі жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінуде. Ауылдасымыз Мадияр Отыншиевтің демеушілігімен ауыл жастары үшін 100 адамға арналған спорт кешені пайдалануға берілгелі тұр. Бұл ауданымызда бәсекеге қабілетті, прагматикалық, мықты, отансүйгіш және белсенді тұлғалардың қалыптасуына зор мүмкіншілік беретіні сөзсіз. Мадияр сынды патриот, жанашыр азаматтарымыз көп болсын дегім келеді», – деді.
Жылы лебіздер легін жалғаған облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков, Жамбыл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынбай Рысбаев шайқорықтықтарды бұқаралық спортты қолдауға, әрдайым спортпен айналысуға шақырды.
Ізгі тілектерден кейін аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков, дзюдодан Бейжін олимпиадасының күміс жүлдегері Асхат Жіткеев жаңа спорт кешенінің кермесін қиып, кешеннің ішін жиналған көпшілікпен бірге аралап көріп, естелікке суретке түсті.
Ильяс Қалыбеков,

«Шұғыла».

Бөлім:  Спорт

Жуырда Б.Момышұлы, Төле би, Жеңістің 30 жылдығы және Ю.Гагарин атындағы орта мектеп оқушыларынан жасақталған ұлдар құрамасы облыстық деңгейде өткен турнирде жүлдегерлер қатарынан табылып, аудан атын асқақтатты.
10 команда қатысқан ойында жерлестеріміз алдымен Тараз қаласындағы №46 орта мектептің командасын 3:1 есебімен ұтса, жеңісті жорығын жалғастырған олар №36 және Жуалы ауданының командаларын 1:0, 2:0 есебімен қапы қалдырды. №15 мектеп командасымен тең түсіп, осы командамен жартылай финалда қайта кездескен жерлестеріміз 0:1 есебімен есе жіберіп алды. Нәтижесінде, аудан жастары үшінші орынды қанағат тұтты.
Ойын барысында шеберлік та­ныт­қан шабуылшы Санжар Кемелбек «Үздік ойыншы» атанды. Үздік­тер қатарынан қақпашы Заңғар Тұрған да көрініп, мерейімізді үстем етті.
Команда жаттықтырушысы Шоқан Дүйсенбиевтің айтуынша, жастарымыздың әлі-ақ биік белестерді бағындыруға мүмкіндіктері бар екен. Лайым, солай болғай дестік біз.

Іңкәр СҮЛЕЙМЕН.

Бөлім:  Спорт

Бейсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның аудандық прокуратурамен бірлескен отырысы өтті.
Аудан прокуроры Нұрлан Қарашолақ, комиссия мүшелері, ауылдық округ әкімдері мен мектеп директорлары және мектептердегі кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі полиция инспекторлары мен мобильдік топ мүшелері қатысқан комиссия отырысын аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова ашып, жүргізді.
Кеңейтілген отырыста аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова аудан әкімдігінің білім бөлімі жанындағы қорғаншылық және қамқоршылық кеңесінде атқарылып жатқан жұмыстар жайында кеңінен баяндады.
Баяндамашының сөзіне сүйенсек, 2016 жылдың қорытындысы бойынша жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 82 бала қорғаншылық, қамқоршылықта тіркелген. Ал, 2017 жылдың бүгінгі күніне 98 бала қорғаншылық және қамқоршылыққа алынған. Оларға ай сайын мемлекет тарапынан белгілі бір мөлшерде жәрдемақы төленуде. Сондай-ақ патронаттық тәрбиедегі 33 баланың 7 жасқа дейінгілеріне 9 АЕК (20421 теңге), 7 жастан жоғарыларға 10 АЕК (22690 теңге) жәрдемақы және патронаттық тәрбиешілерге еңбек өтіліне қарай айлық ақылары төленетіні баяндалды. Бұдан бөлек, «Жамбыл облысында 2016-2017 жылдарға арналған кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, оның ішінде оларға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстың және өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу профилактикасы жөніндегі кешенді жоспардың» орындалуы мақсатында жүргізілген жұмыстар жайында тарқата айтып, егжей-тегжейлі түсіндірді.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша қосымша хабарлама жасаған АІІБ Жергілікті полиция қызметінің бастығы Дархан Нұралиев былтырғы жылмен салыстырғанда кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша біршама жұмыстар атқарылғанын, сонымен қатар осыған байланысты ауданымыздағы барлық ауылдық округ әкімі аппараттарымен, білім бөлімінің қызметкерлерімен, мектеп директорларымен, олардың құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларымен, әлеуметтік педагогтармен және психологтармен бірлесе отырып, жайсыз отбасы санаты есебінде тұратын азаматтар мен онда тәрбиеленетін жасөспірімдер арасында қылмыстың, құқық бұзушылықтың, жыныстық қол сұғушылықтың, суицидтің алдын алу мақсатында үнемі профилактикалық жұмыстар жүргізіліп отырғанын мәлімдеді.
Комиссия отырысында сонымен қатар аудан көлемінде анықталған жайсыз отбасылар және жайсыз отбасы балаларына көрсетіліп жатқан көмек, оларды түрлі іс-шараларға тарту бойынша атқарып жатқан жұмыстар туралы аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Еркін Келесов, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітов және «Жастар ресурстық орталығының» директоры Жасұлан Үсенбаевтың есептері тыңдалды.
Комиссия отырысын қорытындылаған Үміткен Қапанқызы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, суицидтің, жыныстық қол сұғушылықтың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды жандандыруды, аудандық аурухана психологтарын қатыстыра отырып мектептерде ата-аналар жиналысын өткізуді және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жайсыз отбасыларды анықтау мақсатында рейдтік іс-шараларды көптеп ұйымдастыруды, сондай-ақ прокуратура қызметкерлерін, ауыл әкімдерін, ауылдық округ жанындағы әйелдер, ардагерлер кеңесін қатыстырып, жайсыз отбасы балаларының жағдайын анықтай отырып жиналыстар өткізуді қолға алу керектігін айтты.
Жиында талқыланған маңызды мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.
Мақсат Жұмабаев,
«Шұғыла».

Бөлім:  Құқық
Сәрсебі, 27 Қыркүйек 2017 00:00

Жасұландықтар құрмет көрсетті

Үлкенді құрметтеу, сыйлау бабалардан қалған қасиет деп ұғынсақ, қателеспегеніміз шығар. Ақылдың кеніне айналған ата-апаларымызды төрге оздыру, алдынан кесіп өтпеу, көмектесу басты парызымыз екені даусыз.
Мектеп жанындағы «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының ұстанған ұстанымы да осы, яғни, қарттарға қашанда құрмет көрсету. Қарттар күні қарсаңында жасұландықтар ауылдың қарт тұрғындары, еңбек ардагерлері Мелдебек ата мен Жарқынай апаның үйіне барып, ауланы қоқыстан тазартып, бақшадағы көкөністерді жинап беріп қайтты. Тіпті, ата-апаларының көңілдерін көтеру ниетімен мерекелік концерт те ұйымдастырды.
Сол күні Мелдебек ата мен Жарқынай апаның үйінде нағыз мереке болды. Балалардың бірі әуелете ән салса, бірі би биледі.
Балаларға риза болған ата мен апа алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді.

Гүлайым Ташметова,
Жасөркен орта мектебінің тәлімгері.

Бөлім:  Қоғам

Газетіміздің өткен санында хабарланғандай, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл аудандық филиалының кезектен тыс ХХ конференциясында аудан әкімі Қазанбасов Бақыт Алпысбайұлы «Нұр Отан» партиясы Жамбыл аудандық филиалының төрағасы болып сайланды.

Қазанбасов Бақыт Алпысбайұлы 1961 жылы 16 шілдеде Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Шайқорық ауылында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Білімі – жоғары. 1996 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын инженер-технолог, 2005 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін қаржы мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1981 жылы Тараз қаласындағы №2 астық комбинатында слесарь болып бастаған. 1983-2001 жылдар аралығында Тараз қаласындағы №2 астық комбинатында үгітуші, аға үгітуші, ұнтақтаушы, бөлімше меңгерушісі, цех бастығы, қосалқы шаруашылық меңгерушісі, 2001-2003 жылдары «Ақ бидай» АҚ-ның директоры, 2003-2008 жылдары «Зар-замин» ЖШС-нің қосалқы шаруашылық меңгерушісі, 2008-2011 жылдары Аса ауылдық округінің әкімі, 2011-2013 жылдары Жамбыл ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, 2013-2017 жылдары Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
2017 жылдың тамызынан Жамбыл ауданының әкімі қызметін атқарып келеді.
Отбасында 2 ұл, 2 қыз өсіріп, тәрбиелеуде.

* * *
 Конференцияда «Нұр Отан» партиясы Жамбыл аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» Сайлауалды бағдарламасының Жамбыл ауданында орындалу барысы туралы байыппен баяндады.
– Бүгінде жалпыхалықтық сенімге ие болып отырған «Нұр Отан» партиясының еліміздегі ең ірі саяси ұйымға айналғаны баршаға аян. Партияның қоғам өміріндегі ең басты мақсаты – ел бірлігі мен мемлекет тұтастығын сақтауға және ата-бабаларымыздан ұрпағына мирас болған ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, ұрпақ игілігіне қайтаруға бағытталып отыр, – деді Үміткен Қапанқызы.
– Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың 25 қаңтарындағы «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №141 Өкіміне сәйкес мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттілікті қайта бөлу туралы мәселе мен 31 қаңтардағы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын жамбылдықтар да қолдап, партия аудандық филиалы Саяси кеңесі Бюросында, бастауыш ұйымдарда талқылап, шешімдер қабылдап, ақпараттық топтар арқылы барлық елді мекен тұрғындарына түсіндірді.
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы арқылы халықпен кері байланыс орнатудың сенімді желісі құрылды. Жыл басынан бері 469 азаматтың өтініші қаралып, 162 өтініш оң шешімін тапса, 307-іне тиісті жауап пен түсінік берілді.
Аудандық филиал жанында «Нұр Отан» партиясының Жарғылық талаптарына сәйкес құрылған Саяси кеңес, Саяси кеңесінің Бюросы, мәслихаттағы депутаттық фракциясы, бастауыш партия ұйымдары, партиялық бақылау комиссиясы, филиал жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес және «Жас Отан» жастар қанатының аудандық ұйымы «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бағытында тиісті жұмыстарын атқаруда.
Дана халқымыз «Елің қуатты болса, бағың тұрақты болады» демекші, бүгінгі таңда ауданымызда қоғамдық-саяси ахуал бірқалыпты, ішкі саяси тұрақтылығына кері әсерін тигізетін оқиғалар орын алған жоқ.
Халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында 2016 жылдың наурыз айында аудандық және 17 ауылдық округтік қоғамдық келісім кеңестері құрылды. Аталған кеңестердің ережелері аудан әкімімен және ауылдық округ әкімдерімен келісіліп, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің шешімімен бекітілді. Кеңестердің құрамына ардагерлер, жастар, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері тартылды.
Мемлекеттік ақпараттық саясатты қамтамасыз ету шаралары және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын насихаттау, жергілікті атқарушы органдардың имиджін көтеру жұмыстары облыстық «Ақ жол», «Знамя труда» газеттері, «Қазақстан-Тараз» телеарнасы мен аудандық газет арқылы жүзеге асырылуда.
Елбасының 2017 жылғы 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жергілікті тұрғындарға түсіндіру мақсатында аудандық іс-шаралар жоспары бекітілген және жоспарға сәйкес бүгінгі күнге дейін ауқымды жұмыс атқарылды. Бүгінгі таңға арнайы әзірленген желілік кесте бойынша түрлі форматта 46 іс-шара ұйымдастырылды.
«Нұр Отан» партиясының «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты Сайлауалды бағдарламасының Дағдарысқа қарсы тұрақтандыру бағыты бойынша халықтың іскерлік белсенділігін және жұмыспен қамтылуын қолдауға бағытталған шараларды қарастырған Дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылданды. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» жүйелі түрде іске асырылуда.
Бағдарламаның бірінші бағыты – қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету бойынша биылғы жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқу курстарына 340 жұмыссыз азаматқа республикалық бюджеттен 99 млн 66 мың теңге қаржы бөлінді. Екінші бағыты – жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында 2017 жылға микрокредит ретінде және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» ұйымы мен "Дихан" несие серіктестігі арқылы азаматтарға несие берілді.
Үшінші бағыт – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар практикасына, ақылы қоғамдық жұмыстарға жеткілікті қаражат бөлінді.
Баяндамашы бұдан соң партияның Сайлауалды бағдарламасының экономиканы құрылымдық тұрғыдан жаңғырту бағытына жан-жақты тоқталды. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштерге, құрылыс жұмыстарына, негізгі капиталға салынған инвестиция көлеміне, салықтық түсімдердің орындалуы мен бюджеттің игерілуіне мән берді.
Қазақстандықтардың тұрмыс сапасының жаңа стандарттары бойынша Елбасы денсаулық сақтауды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында базалық медициналық көмектің кепілді көлеміндегі жеке сектордың үлесі ұлғайтылатынына, әлеуметтік нысандар құрылысы кезінде мемлекет-жекеменшік серіктестігі дамытылатынына назар аударған болатын. Осы орайда аудан тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетудің қолжетімді жүйесін қалыптастыру мақсатында аурухана мен 33 медицина мекемелерімен заманауи жетістіктерді ескере отырып, күрделі медициналық көмек түрлеріне келісімшарттар жасалған. Биыл Пионер ауылында 100 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген түріне жататын аурулары бар адамдарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шаралары қаралған.
Ауданда ана мен бала өлімін төмендету және болдырмау мақсатында 2016-2018 жылдарға арналған «Жол картасы» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстың ауқымы кең.
Елбасының тікелей қолдауымен жас ұрпақты – еліміздің тұтқасын ұстар болашағымызды тәрбиелеу қамқор қолға алынған. Ауданымызда жаңартылған мазмұн бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған 3-6 жастағы балалардың үлесі 87,5 пайызды құрап отыр.
2016-2017 оқу жылында білім сапасы 61,3 пайызды құрады. Үздік аяқтаған оқушылардың саны – 2688, екпінді оқушылар саны – 6369. Өткен оқу жылымен салыстырғанда білім сапасы 7,3 пайызға артты.
Ауданда апатты жағдайдағы немесе үш ауысымда сабақ өткізетін мектептер жоқ. Инклюзивті білім беру үшін жағдай жасаған мектептердің үлесі 55 пайызды құрайды.
Мектептерде физика, информатика, химия, биология пәндері сабақтарында терминдерді ағылшын тілінде айтып, үйретуді іс-тәжірибеге енгізу бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Мемлекет басшысы қоғамдық тәртіп, баршаның заңға бағынуы және қауіпсіздік конституциялық патриотизмнің басты қағидаттары болып саналатынын атап өтті. Бүгінде «Нұр Отан» партиясы «Қазақстан-2050» стратегиясында жарияланған жаңа қазақстандық патриотизм қалыптастырудың темірқазығына айналды. Бұл жұмысқа «Жас қыран», «Жас ұлан» балалар ұйымы, «Жас Отан» бастаған жастар бірлестігі, барлық патриоттық БАҚ-тар мен ҮЕҰ-дар қатысып келеді.
ХХІ ғасырда көшбасшылыққа тек жастар қолдау көрсеткен партия ғана ие болатынын айтқан Елбасы үнемі жастарға барлық жағдайды жасап келеді. Бұл тұрғыда жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында Көлқайнар, Жамбыл, Айшабибі, Аса және Ерназар ауылдық округтерінде «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нен құрылған 5 аула клубтарының жұмыстары жүйеленген.
Өңірлік тұрақтылық, интеграция және қауіпсіздік бағытының негізгі міндеті елді сақтау, егемендікті нығайту және ұлттың болашаққа барар жолын батыл ашу болып табылады. Біз Елбасымен бірге «Қазақстан-2050» стратегиясы арқылы дамыған 30 елдің қатарына қосылуға, жаңа инновациялық-индустриялық экономикаға, біртұтас және топтасқан ұлт ретінде қазақстандықтардың жаңа өмір сапасына, ХХІ ғасырдағы ырғақты дамушы және жауапты мемлекет ретінде Қазақстанның халықаралық беделінің жаңа шыңдарына жетуге еңбек етуге тиіспіз.
Ауданымызда ХХІ ғасырдың өзекті мәселесіне айналған діни ахуал тұрақты. Бүгінгі күнге дейін аумақта заңсыз миссионерлік қызмет көрсету және діни мақсаттағы теріс әдебиеттер мен заттарды заңсыз сату, тарату фактілері орын алмаған. Діни ахуалды тұрақтандыру мақсатында аудан әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің, дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру тобының арнайы жұмыс жоспары бекітіліп, олар жоспарға сәйкес жұмыс жүргізуде. Қазір аудан бойынша «Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы» республикалық діни бірлестігінің 29 филиалы тіркеліп, 11 намазхана облыс әкімдігі дін істері басқармасының келісімін алған. Мешіттерге жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен бейнебақылау камералары орнатылған.
«Нұр Отан» партиясы мемлекетіміздің басты құндылықтарын ұлықтап, халықты алға бастап барады. Алдымызда биік белестер бар. Олардан алқынбай асу, белестерді барлықпай бағындыру – өз қолымызда. Біздің ең басты құралымыз – мызғымас бірлік, тынымсыз еңбек, жасампаздық пен жаңашылдық, жауапкершілік. Біз қазір ана тіліміз бен ата дәстүріміздің, ұлттық мәдениетіміздің мәңгі жаңғыру дәуіріндеміз.
«Нұр Отан» партиясының Жамбыл аудандық филиалы алдағы уақытта да мемлекет пен қоғам мүддесі үшін аянбай қызмет атқара бермек, – деді баяндамашы.
Конференцияда жарыссөзге шыққан «Нұр Отан» партиясының аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшесі Индира Тоғанбаева, «Бесағаш» бастауыш партия ұйымының төрағасы Қайыржан Сисенғалиев, партия аудандық филиалы жанындағы «Жас Отан» ЖҚ-ның бөлімше басшысы Жандар Тоқсаба партияның Сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы туралы салмақты сөз айтты.
Конференциядан соң «Нұр Отан» партиясы Жамбыл аудандық филиалы Саяси кеңесі Бюросының отырысы өтіп, онда Бюро құрамына өзгертулер енгізілді.

Бөлім:  Нұр Отан
Бет 1 -ші 7 беттен

Серіктестер