Материалы отфильтрованы по дате: Тамыз 2017
Бейсенбі, 31 Тамыз 2017 00:00

Құрбан айт құтты болсын!

Аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлы Қазанбасовтың аудан тұрғындарын Құрбан айт мерекесімен құттықтауы

Қадірменді жамағат! Сіздерді мұсылман қауымының ең ұлық мейрамы –  Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке – адами ізгі дәстүрді дәріптейтін, исламның жасампаз мұратын білдіретін қасиетті мейрам. Құрбан айтта бірлік пен игілік, мейірім мен кешірім салтанат құрады. Мереке күндері мұсылман бауырлар қайырлы да ізгі амалдар арқылы Жаратушыға жақындап, Алланың разылығы үшін құрбан шалады, қиналғанға қамқорлық танытып, қайырымдылық жасайды.
Құрбан айт татулықтың басты тірегіне айналды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлық мерекенің алғашқы күнін ресми түрде демалыс етіп жариялады. Бұл парасатты шешім халықтар достығы мен бірлігін нығайта түсуге өз септігін тигізері сөзсіз. Біз мұны дәстүрлі дініміз Исламға көрсетілген аса зор құрмет деп білеміз.
Мұсылман баласының құлшылық амалдары жамағатпен және ауызбіршілікпен атқарылады. Құрбан айт – соның үлкен айғағы. Бұл мереке исі мұсылманның бірлігі мен берекесін тағы да паш ете түспек. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей, ынтымағы жарасқан елдің алмайтын асуы болмайды. «Ынтымақты ел мықты» деген қағиданы ұстанған халқымыз адамдар арасындағы алауыздыққа жол бермеуді өсиет еткен.
Айт намазынан кейін құрбан шалып, дастархан басында мәре-сәре күй кешу – ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ежелден келе жатқан игі дәстүр. Бірлікті ту еткен бейбіт заманда осынау дінімізбен біте қайнасқан дәстүрімізді жаңғыртудың сәті туды.
Құрбандық – мал сою науқандық шарасы емес. Бұл – халықтың ынтымағын нығайтып, елдің ауызбіршілігін күшейте түсетін айтулы мереке. Бұл – Алла тағаланың бізге тарту еткен мерекесі.
Қадірлі ағайын! Құрбан айт мүбәрак болғай! Алла тағала ізгі амалдар мен шалған құрбандарды қабыл етсін! Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге береке тілеймін. Тәуелсіз еліміздің егемендігі баянды, мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болсын!

Бөлім:  Қоғам

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Әр­бір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі» деп тектен-текке айтпаса керек. Сөз жоқ, қазақтың қай жерін алып қарамаңыз – киелі. Ол –  адамзаттың алтын бесігі. Сол алтын бесікте тербетіліп өскен ұл мен қыз күндердің күнінде кіндік қаны тамған жерге еліміздің көк туын желбірететіні анық. Яғни, зәулім ғимараттар салып, төңіректі жасыл желекке орайтыны айқын.
Әрине, сол халықтың ойлайтыны да, тілегі де – тыныштық, амандық-саулық. Денсаулық болса, талай толымды істер атқарылып, толағай табыстарға кенелетініміз даусыз. Бұл тұрғыда Елбасы ұдайы айтып келеді. Ол бір кездесуінде: «Халық денсаулығы – елдің басты байлығы» дегені бар-ды.
Бүгінде барды емес, арды ойлаған азаматтар Мемлекет басшысының сындарлы сөзін басшылыққа алып халық денсаулығын нығайту жолында еселі еңбек етіп жүр.
Күні кеше ғана Пионер ауылы­ның жұртшылығына жаңа дәрігерлік амбулатория есігін айқара ашты.
Он келушіге арналған бұл ғимарат құрылысын облыс әкім­дігі сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысы бойын­ша «Құрылыс» компаниясы «Мелиоратор» ЖШС (директоры Александр Саламатин) құрылыс­шылары ағымдағы жылдың 4 сәуірінен қолға алып, бүгін пайда­лануға беріп отыр. Бұл Конституция күніне, Құрбан айт мерекесіне тартудай болып көрінген.
Ауыл халқының қуанышында шек жоқ.
«Бүгін дәрігерлік амбулатория ашылады екен», – дегенді естіген жұрт уақытынан бұрын осында жиналған.
Міне, қуанышты сәт те жетіп, ресми ашылу салтанатында аудан әкімі Бақыт Қазанбасов пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Қоңырбаев кермені қиып, ауыл халқын бір желпінтіп тастады.
Ел үмітінің ақталғанын жеткізген Бақыт Алпысбайұлы:
– Табыстың тайқазанын тасытып, қамбасын дәнге, төскейін төлге толтыра білген, ырысын ынтымақтан, берекесін бірліктен тауып, айрандай ұйым отырған пионерліктер үшін қуанышты сәт туды. Еліміздің Ата Заңы салтанат құрған күнге тұспа-тұс келген шаттыққа толы күн бүгін. Қуаныш құтты болсын! – дегенде ауыл тұрғындарының көңілі тіпті шалқи түскен.
Ауыл халқының шалқитын, қуанатын жөні бар. Бұл ауылда мұндай еңселі ғимарат бұрын-соңды болмаған. Оның үстіне осы ғимарат құрылысын жүргізген 18 құрылысшының арасында ауылдың 3 азаматының қолтаңбасы қалып отыр.
46193585 теңге жұмсалған бұл денсаулық сақтау орнының халық игілігіне ұзақ жыл қызмет ететініне кәміл сенесің. Оған осындағы білікті, білімді дәрігер мен медбикелердің, тазалықшының еңбегі, сапалы тұрғызылған ғимараттың көрікті келбеті дәлел болғандай.
Емхананың ашылу салтанатында аудандық мәслихаттың хатшысы Рүстем Бегалиев, аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Сәуле Сұлтанова, аудандық орталық емхананың меңгерушісі Макира Абдуалиева, «Нұр Отан» партиясы «Аурухана» бастауыш ұйымының төрағасы Елемес Тәжікеев болды.

Дүйсенбек Орманов,
«Шұғыла».

Бөлім:  Қоғам
Бейсенбі, 31 Тамыз 2017 00:00

Алғыс арқалаған Гүлнар

Қарияның кесімді сөзі елімді, кейуананың кесімді сөзі келінді тәрбиелеген елдің ұрпағымыз. Дінге берік, тілге адал, сенім мен сабырды, ұқыптылық пен төзімділікті ұстанған елдің жалғасымыз. Сондықтан да кез келген адамды дос, басшыны да, қосшыны да адал, дәрігер мен емшіні ажалдан аралаушы дейміз.
Емші демекші, сөзімен де, ісімен де жан-дүниеңді баурап, асқынған ауруыңды жазып, денсаулық сыйлайтын емшінің алдын көрген жан осындай ойда болары хақ. Осы тұста айтарымыз, емші деген жалаң сөзден гөрі «халық емшісі» дегеніміз жөн болар.
Бүгінде «халық емшісі» атанған жерлесіміз, Ерназар ауылының тумасы, Бірлесу-Еңбек ауылының тұрғыны, Аса ауылындағы «Ислам рухани медицинасы» орталығының меңгерушісі Гүлнәр Сүлейменованың алдын көргендер ризашылық сезімде жүр. Олай дейтініміз, емдеуге келгендердің арнайы кітапшаға жазып қалдырған ой-пікірлеріне көз жүгіртіп қарасақ, алғыстар бір томдық кітапқа жүк болғандай-ақ. Іші толы алғыс, өрнектеп жазылған сұлу сөздер, орнықты ойлар, пайымды пікірлер өзіңді еріксіз жетелей түседі.
«Алтын алма алғыс ал, алғыс алтын емес пе» дегеніміз осы шығар. Ендеше, сол том кітапқа көз жүгіртіп көрейікші.
– Аяғымнан жүре алмай, ішкі құрылысым, бүйрегім, басым ауырып денемнің бәрі қозғалтпай өзімді жайсыз сезінген сәтте көпшіліктен естігенім бойынша Гүлнәр Жүсіпқызының алдына бардым. Емі шипа болып, көп кешікпей ауруымнан таза айықтым. Гүлнәрға көп-көп рахмет! – деп жазыпты Байзақ ауданына қарасты Абай ауылының тұрғыны Манар Наурызбаева. Осы тақілеттес пікірін Алматы қаласының тұрғыны Зина Есеналиева да қалдырыпты. Гүлнардан 10 күн ем қабылдаған ол өзін ширақ сезініпті, тізесінің ауыратыны басылыпты. Тіпті, кейбір емделушілер жүрекжарды жырларын да арнапты.
Жазбаны ақтара отырып еліміздің түкпір-түкпірінен шипа іздеп келгендердің қатары көп пе дестік. Сол күні ем алуға асалық Мейраш Бекбауова мен ерназарлық Бүркітбаев келіп отыр екен. Олар алғашқы сеанстан кейін-ақ өздерін жеңіл сезінгендерін айтты.
Кітапты парақтай берсек, Гүлнар туралы сыр да, жыр да ақтарыла бермек. Сірә, алғыстың үлкен-кішісі жоқ шығар. Дегенмен халықаралық ғылыми теориялық тәжірибелік конференцияның ұйымдастыру комитеті берген «Алғыс хатқа» көз салмау мүмкін емес. Онда «Құрметті Гүлнар Жүсіпқызы! Мәдениеттанушы ғалым, академик Зядан Қожалымовтың еңбектерінің «Халық медицинасының құндылығы мен маңыздылығы» атты Халықаралық ғылыми теориялық-тәжірибелік конференциясының ұйымдастыру комитеті Қазақстан Республикасы халық медицинасының өркендеуі мен халықтың денсаулығын жақсартуда, рухани-мәдени қызметін дамытуда «Қазақстан халық емшілері қауымдастығының» Халықаралық рейтинг Одағының алтынмен қапталған «Сала көшбасшысы» қабырға медалімен және ұлттық сертификатымен марапатталуына қосқан жеке үлесіңіз үшін сізге алғыс жариялаймыз»  делінген.
Жерлесіміздің осынау үлкен жетістігі бәрімізді қуантқан. Бұл әрине, Гүлнар Жүсіпқызының өз ісіне адалдығын, еңбекқорлығын көрсетсе керек. Осы конференцияда ол лауреат атанып қайтқан.
Айта берсек, халық емшісі Гүлнар Сүлейменова туралы әңгіме таусылмақ емес. Айтарымыз, еміңіз алдыңызға келген әр адамға шипа болып қона берсін деу ғана.

Дүйсенбек Орманов,
«Шұғыла».

Бөлім:  Қоғам

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2017 жылғы 18 тамыздағы №1-5-6-151/3232-И нұсқауы бойынша балалар жол-көлік оқиғасы салдарынан жарақаттанбауы үшін, сондай-ақ жаңа оқу жылының қарсаңында балалардың көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріп-тұруына байланысты дағдыларын нығайту мақсатында Жергілікті полиция қызметі және әкімшілік полиция бөлімшесінің күшімен бұқаралық ақпарат құралдарын қатыстыра отырып, 21-31 тамыз және 1-5 қыркүйек аралығында «Абайлаңыз – балалар!» атты жедел профилактикалық іс-шара өткізу жоспарланған болатын.
Осыған орай білім мекемелерінде жасөспірімдердің қатысуымен жалпы мектепішілік ата-аналар жиналысы, профилактикалық сабақтар, жол жүрісі қауіпсіздігі тақырыбында дәрістер, «Үздік мұғалім», «ЖЖҚ-ның ең үздік сыныбы», «Ең үздік мектеп» секілді түрлі конкурстар өткізілмек. Білім беру бөлімі жергілікті атқарушы орган өкілдерін қатыстырып, БЖКЖ алдын алу мәселелері бойынша семинарлар мен тренингтерді ұйымдастырады. Педагогика қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарында, жалпы білім беретін мектептерде, мектепке дейінгі мекемелер мен қосымша білім беру орындардында оқушылардың жол жүрісі қағидаларын зерделеу мәселелері бойынша сабақтар өткізіліп, тестілеу, олимпиадалық негізде оқушылардан жолда жүру қауіпсіздігін білуі бойынша сынақ алынбақ.
Бұқаралық ақпарат құралдарында да жол-көлік оқиғаларын ескерту бойынша кең ауқымды түсіндірме жұмыстарын жүргізу қолға алынды. ӘПБ қызметкерлері білім беру бөлімімен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2007 жылғы 24 тамыздағы №404 бұйрығымен бекітілген Жалпы білім беретін мектептердің 1-8 сыныптарына арналған ЖҚЕ үлгі оқу бағдарламасының, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында көлік құралдары жүргізушілерінің дайындығы туралы» БҒМ 2009 жылғы 24 маусымдағы №313 бұйрығының талаптарын орындау бойынша жалпы білім беру мекемелерінде тексерулер жүргізу ұйымдастырылуда. Соның нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою бойынша білім беру бөліміне ұсыныстар мен ұйғарымдар дайындалып жатыр. ӘПБ жол және коммуналдық қызметтердің өкілдерімен бірлесіп, жол бойында және жалпы білім беретін, мектепке дейінгі мекемелер мен олардың аумағына жақын орналасқан орындарда жол жүрісін ұйымдастырудың техникалық құралдарын пайдаланудың жай-күйіне тексеру жүргізіле бастады. ӘПБ көлікті бақылау органдарының өкілдері, автобустары бар жалпы білім беретін мекемелерде жолаушы тасымалдауға лицензиясы бар-жоғына, мектеп оқушыларын тасымалдауды ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға тексеру жүргізуге бақылауды қамтамасыз етуде. Балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасы профилактикасы және ескерту мақсатында мүдделі мемлекеттік органдар және азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп, «Сіздің жолаушыңыз – бала!» атты насихаттық іс-шаралар, ата-аналар жиналыстары өткізуге, көлік құралдарын жүргізушілерге қауіпсіздік белдіктерін және автомобиль салонында балаларды тасымалдау кезінде оларды ұстау құрылғысын қолдану қажеттілігіне ерекше назар аударылуда.
Учаскелік полиция инспекторлары тұрғын үй аймақтарында, аула аумақтарында, балалар мен спорттық алаңдардың маңында жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша азаматтармен кездесулер өткізуде.
«Абайлаңыз – балалар!» жедел профилактикалық іс-шарасының негізгі кезеңінде БАҚ және жұртшылық алдында БЖҚЖ профилактикасы, көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрыспен байланысты дағдыларды нығайту, балалар мен жасөспірімдердің тұрақты тұратын жерінде және оқу орнында көлік ортасына бейімдеу проблемалары талқыланбақшы. Жаңа оқу жылының басталуына арналған жалпы мектептік жиындарға, жол жүрісі қауіпсіздігі сабақтарына, «Бірінші сыныпқа барғандарды жаяу жүргіншілер қатарына қосу», «Біз жолдардағы қауіпсіздікті қолдаймыз!» атты тақырыптық іс-шаралар ұйымдастыру көзделуде. Алдағы уақытта «Қымбатты жүргізуші жолдас!» атты насихаттау акцияларын өткізу,  «Балалар – жолда» атты қоғамдық пікір мониторингін жүргізу қолға алынбақ. Білім беру бөлімімен бірлесіп, мектептерді барынша интернет желісіне қосып, онлайн режимде жол жүрісінің қауіпсіздігі бойынша бірыңғай интерактивті диспут-сабағын өткізу қолға алынуда.

Ж. Тохабаев,
Жамбыл АІІБ бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі.

Бөлім:  Қоғам
Бейсенбі, 31 Тамыз 2017 00:00

Ата Заңым – ардағым

Кеше аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың қатысуымен Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған салттанатты жиын өтті. Алдымен әскери марш ырғағымен сахна төріне Мемлекеттік Ту әкелініп, еліміздің Әнұраны шырқалды.
Бұдан кейін мінбеге көтерілген өңір басшысы көпшілікті мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін арнады.
– Құрметті аудан тұрғындары! Баршаңызды елдігіміздің бас құжаты, мемлекетіміздің мызғымас іргетасы – Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы халықтың ерік-жігерін көрсетті және мемлекеттің демократиялық құрылысының іргетасын қалады.
Қолданыстағы Конституция тәуелсіз Қазақстан қоғамының негізгі тірегіне айналып, уақыт талабына сай, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып табылады. Ата Заңымыздың нормалары мен ережелері жылдар бойы өзекті болып қала беретініне кәміл сенемін.
Ата Заңымызды қабылдау арқылы Қазақстан бүкіләлемдік демократиялық қоғамға батыл еніп, қазіргі күні дүниежүзілік жаһандану үдерістерінің белсенді мүшесіне айналып отырғандығы баршамызға айғақ. Конституция ең алдымен көпұлтты Қазақстан азаматтарының өзара теңдігін қамтамасыз етіп, олардың мемлекет пен қоғамдағы алар орнын айқындады, міндеттері мен құқықтарын белгіледі.
Ұлтына, дініне, әлеуметтік тегіне қарамастан қазақ жерінде өмір сүріп жатқан барлық азаматтардың теңдігі туралы қағида конституциялық тәртіптің діңгегі болып табылады, – деген Бақыт Алпысбайұлы әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ, елімізге тыныштық тілеп, жемісті еңбек етіп жүрген азаматтарды марапаттады. Толығырақ тоқталсақ, өңір басшысы 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесіне орай және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін №17 Жамбыл колледжінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Талап Әбдібековті (суретте), Жеңістің 30 жылдығы атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, аудандық мәслихаттың депутаты Өмірбек Ботаевты, аудандық соттың судьясы Абай Дәуренбековты, Айшабибі ауылдық округі аппаратының бас маман-әскери есеп жүргізушісі Дүйсенәлі Ташметовты, аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің статист маманы Әсем Бекетованы аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, Тастөбе ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы Асхат Байдалиевті, Көлқайнар ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-салық агенті Балжан Бейсенбаеваны, Жамбыл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-әскери есеп жүргізушісі Мейрамкүл Исмаилованы аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Тілекшілер тізімін жалғаған аудандық мәслихаттың хатшысы Рүстем Бегалиев құқық қорғау саласындағы жемісті еңбегі үшін аудандық прокуратураның аға прокуроры Ұлан Қилыбаевты, аудандық сот кеңесінің жетекші маманы Алтынай Нұралиеваны Жамбыл ауданының Құрмет грамотасымен марапаттады.
Жиында сөз алған аудандық әділет басқармасының басшысы Назира Құлманова қолданыстағы Ата Заңның құндылығына тоқталып, көпшілікке жүрекжарды тілегін жеткізді.
Салтанатты жиын соңында көпшілік аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.

Нұрасыл СҰЛТАНБАЕВ,
«Шұғыла».

Бөлім:  Конституция
Бейсенбі, 31 Тамыз 2017 00:00

Бүлдіршіндер құрметі

ҚР Конституция 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда дауыс беру арқылы қабылданды. Содан бері 30 тамызда Ата Заңымыз аталып өтіледі. Осы мерекеге орай «Сәуле» бөбекжайының тәрбиешілері Айман Тажикеева, Әсел Ақмолдаева, Сандуғаш Әуелбаева, Ақбота Бесбаеваның ұйымдастыруымен, «Құлыншақ» және «Гүлдер» тобының қатысуымен «Ата Заңым – ардағым» атты ертеңгілік өтті. Ертеңгілікте бүлдіршіндер әсем ән шырқап, мың бұрала биледі. Өлең шумақтарын оқыды.
Ата Заңды құрметтеу балалық шақтан басталатынын ескерген бөбекжай тәрбиешілері мұндай патриоттық шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын жеткізді.

Әзима Қылышбаева,
«Сәуле» бөбекжайының музыка жетекшісі.

Бөлім:  Конституция
Бейсенбі, 31 Тамыз 2017 00:00

Игі іске иіліп...

Қазақ халқы – бірін-бірі ерекше сыйлап, қолындағы барын ұсынып, соңғы малын сойып үлестіретін дархан көңіл халық.
Расында, есік қаққан жат кісіні кері қайтармайтын, қолындағы бір үзім нанын бөліп беретін ер көңілді адамдардың арамызда болғаны қандай жақсы. Жасырары жоқ, бар болса да, жоқ дейтін шықбермес Шығайбайлар да арамызда жүр. Бірақ, сол Шығайбайлар кімге не істесе алдына сол келетінін сезер ме екен? Әй, қайдам? Дегенмен, барды қанағат тұтатын қарапайым халық алдарынан жақсылықтың шығатынына кәміл сенеді. Сірә, сол сенім шығар, құдайына шүкіршілік айтқан олар күнде болмаса да, жылына бірнеше мәрте жомарт жандардың ыстық ықыласына бөленетіні бар.
Кеше Конституция күніне және Құрбан айт мерекесіне орай Пионер ауылдық округінің әкімі Самат Селеубаев, «Пионер» өндірістік кооперативінің төрағасы Алпысбай Жұмаханов, «Сеңгірбай», «Атамұра» шаруа қожалықтарының төрағалары Сәкен Оршыбеков пен Ғалымжан Балажанов игі іске иіліп ілкімділік танытты. Олар ауыл тұрғындары, жартылай жетім отбасынан шыққан Ақмарал Зұлбухароваға, туғанынан кемтар Мұрат Байбосыновқа және Шайдана ауылының 2 жасар тұрғыны Нұргелді Айтубайға шай, қант, күріш, күнбағыс майы, печенье, макарон өнімдері және басқа да азық-түлік түрлері толтырылған әлеуметтік пакеттерді табыстады.
Осындай қайырымдылық іс-шарасы сол күні «Мектепке жол» акциясы аясында да өтіп, онда аз қамтылған, көпбалалы және жалғызбасты аналардың мектепке баратын ұл-қыздарына мектепке қажетті оқу құралдары, киім-кешек табыс етілді.
Мұндайда, жұрт жанашырларының, атап айтқанда ауыл әкімінің, шаруашылық басшыларының, округ аумағындағы мекеме-ұйым жетекшілерінің шарапаты бес жанұяның бес баласын қуанышқа бөлегенін айтқан абзал.
Дүйсенбек Орманов,
«Шұғыла».

Бөлім:  Қайырымдылық
Бейсенбі, 31 Тамыз 2017 00:00

Әдеби-сазды кеш әсерлі өтті

Шайқорық ауылдық клу­бында кітап­хана меңгерушісі Жанат Акшалованың ұйымдастыруымен «ЭКСПО-2017 – еліміздің бола­шағы» атты әдеби сазды кеш өтті. Кешке Жамбыл ауылдық округі әкімі аппараты мен «Ақбота» балабақ­шасының қызметкерлері, ауыл­дық округтің ардагерлері қатысты.
Кітапхананың тұрақты оқырманы Ақнұр Алпысбай ашып, жүргізген шарада ауылдық клубтың музыка жетекшісі Мөлдір Алшерова халықаралық көрме жайлы кеңінен баяндаса, Алина Қыдырбай, Гүлім Мірәлі, Самал Сарыбай, Анель Тұрғынбекова ЭКСПО-ға арнаған өлеңдерін оқыды. Еңселі Елордада өтіп жатқан халықаралық көрмені тамашалап қайтқан ауылдың қариялары Шохан Болысбеков пен Рәбіл Оңғарбаев өз әсерлерімен бөлісті. Шарада «Жауқазын» бишілер тобы «Балдәурен» биімен көпшіліктің қошеметіне бөленсе, ауылдық клубтың мәдени ұйымдастырушысы Нұрлыбек Таласбаев пен ауылдың жас өрендері Бекзат Жаралқасын, Бауыржан Нарботаев, Алихан Сәрсеналы әсем әндерін тарту етті.
– Елбасының сындарлы саясатының арқасында мемлекетіміз әлемге танылды. Еліміз елдігін көрсетті, ерлігін танытты. Қазақ елі Тәуелсіздігін алғаннан бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды. Бүгінде әлем елдері көз тіккен көрме мемлекетіміздің мәртебесін асырды, – деді кеште сөз алған Жамбыл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынбай Рысбаев.
Кеш соңында Жанат Акшалова көпшілікті «Елдіктің ерең жеңісі» атты кітап көрмесімен таныстырды.

Іңкәр Сүлеймен.

Бөлім:  ЭКСПО
Сейсенбі, 29 Тамыз 2017 02:55

Жаңа оқу жылының жаңалығы көп

Сенбі күні аудандық Мәдениет үйінде білім қызметкерлерінің Тамыз кеңесі салтанатты жағдайда өтті. «Қазақстанның жаңғыруы 3.0 – білімнің үлесі» атты тақырыпта өткен кеңеске аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, аудандық мәслихаттың хатшысы Рүстем Бегалиев, облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жамиля Бекбатырова, аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім, мекеме-ұйым басшылары, ауылдық округ әкімдері, аудандық мәслихат депутаттары, мектеп директорлары, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің меңгерушілері қатысты. Кеңеске келген көпшілік әуелі Мәдениет үйінің кіреберіс дәлізіндегі білім мекемелері мен озат оқушылардың, ұлағатты ұстаздардың жеткен жетістіктерінен хабардар етіп тұрған стендіні тамашалап, аудан әкімінің құттықтау сөзіне зейін қойды.
– Құрметті ұстаздар! Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында білім беру жүйесі толағай табыстарға қол жеткізді. Аудандағы апатты жағдайдағы мектептердің іргетасы қайта қаланып, ел игілігіне берілді. Тозығы жеткендер кезең-кезеңімен қайта күрделі жөндеуден өтуде. Өскелең ұрпаққа сапалы білім беретін ұстаздардың біліктілігін жетілдіру де назардан тысқары қалған емес. Соның нәтижесі болар, биыл ауданымыз білім жағынан облыста алдыңғы орынға тұрақтады – деді Бақыт Алпысбайұлы.
Мұнан кейін көпшілік аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарованың баяндамасына құлақ түрді.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының төртінші басымдығында «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру», деп атап көрсетті. Ел ертеңі – келешек ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру мақсатында болашақтың бағыты мен бағдарын белгілеп, оқу-білім саласында атқарылар міндеттерді саралайтын Тамыз кеңесінің «Қазақстанның жаңғыруы 3.0 – білімнің үлесі» тақырыбында өтуі Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыруға негізделіп отыр, – деді Раушан Пернешқызы.
Өскелең ұрпақтың алаңсыз білім алуы үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Биыл аудандық білім беру саласына 5 млрд 761 млн 110 мың теңге қаралған. Оның 4 млрд 839 млн 332 мың теңгесі еңбекақы мен өтемақыға және салықтық аударымдарға жұмсалатын болса, 921 млн 778 мың теңге коммуналдық қызметтер мен өзге де ағымдағы шығындарға бөлінген.
Жаңа оқу жылында аудандағы 38 мектепте алғашқы қоңырау соғылып, 15544 оқушы алтын ұясымен қайта қауышады. Осы ретте айта кететін жәйт, биыл оқушылар 100 пайыз оқулықтармен қамтамасыз етіледі және 2, 5, 7-сыныптар жаңартылған білім мазмұнына, яғни, білім беру мазмұнын жаңарту аясында критериалды бағалау жүйесіне көшеді. Мектептегі 2, 5, 7-сыныптарға жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер және 1-сынып оқушыларына оқу дәптерлерін сатып алуға 143 млн 794,0 мың теңге бөлінген. Тасымалдауға бөлек 900 мың теңге қарастырылған. 358 педагог жаңартылған білім бойынша біліктілігін арттыру курстарынан өткен. Олардың 105-і бастауыш сынып, 32-і тарих,  29-ы физика, 10-ы биология, 27-і орыс тілі, 34-і қазақ тілі, 38-і ағылшын тілі, 54-і дене шынықтыру, 29-ы информатика пәндерінің мұғалімдері.
– Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін дамыту кезек күттірмейтін мәселе. Елбасы мектепке дейінгі білім беруді жаңартуға қоғамның назарын аудара отырып, «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуда халықаралық тәжірибе негізінде қазіргі заманғы озық әдістемелерді енгізу керек. Олар инновациялық, ал білім беру технологиясы креативті болуы қажет» деп тапсырды. Ауданда 1-6 жас аралығында 5722 бала бар. Олардың 3421-і мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде тәрбиеленуде. Бүгінде бүлдіршіндердің тәрбиесімен айналысып жүрген 298 педагогтың 199 жоғары, 99 арнаулы орта білімді мамандар. Тәрбиешілердің білімін жетілдіру күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Осы уақытқа дейін 141 тәрбиеші, 5 балабақша меңгерушісі біліктілік арттыру курстарынан өтті.
Оқушылардың үлгерімі – білім беру жүйесі жұмысының басты көрсеткіші. 2016-2017 оқу жылында ауданның білім сапасы 61,3 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7,3 пайызға артты. Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге 574 мектеп бітіруші түлектің 399-ы қатысып, оның 196-сы мемлекеттік грантқа қол жеткізді. Нәтиже жаман емес. Орташа көрсеткіш 79,4 балға жетті. Өткен жылмен салыстырғанда 6,51 балға артты.
Жалпы, білім саласының ілгері дамуы білікті ұстаздарға байланысты. Аудандағы білім беру мекемелерінде 1859 педогог еңбек етуде. Олардың жоғары санаттысы – 324, І  санаттысы – 596, жалпы мұғалімдердің сапалық құрамы 49,5 пайызды құрап отыр. ҚР   Білім    және   ғылым   министрлігінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 бұйрығымен бекітілген  «Білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарына» сәйкес 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 27 педагогқа жоғары санат, 76 педагогқа І санат бекітілетін болады. ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі – педагог кадрларының біліктілігін жетілдіру. Осы бағдарлама бойынша 438 педагог біліктілігін арттырды. Ауданда педагог кадрлардың кәсіби деңгейін көтеріп отыру, олардың теориялық білімі мен әдістемелік білігін үздіксіз жетілдіру мақсатында 72 семинар-практикум, 4 ғылыми-практикалық конференция, 8 мектепте және 4 балабақшада әдістемелік күн өткізілді, – деген бөлім басшысы оқытушылар мен оқушылардың облыстық, республикалық байқаулар мен пәнаралық олимпиададағы жеткен жетістігі жайында да кеңінен баяндады.
Жастар арасындағы қылмысты ауыздықтау бүгінгі күннің басты талабы. Аудандағы білім беру мекемелерінде қылмысты болдырмау, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар үнемі жүргізіліп тұрады. Аудандық прокура­тураның 2016 жылдың 29 тамызындағы №1 бұйрығымен 7 мобильдік топ құрылды. Мобильдік топ мүшелері мектептерде рейдтік іс-шаралар мен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. 2017 жылдың шілде айының есебі бойынша 8 оқушы есепке алынған. 18 жайсыз отбасындағы 40 бала бақылауда. Қазіргі таңда барлық білім беру мекемелерінде «сенім жәшігі», «сенім телефоны» орнатылған. Ал, мектеп қабырғасындағы оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында ауқымды істер атқарылуда. Жазғы сауықтыру лагерінде 14204 оқушы демалып, күнін қызықты өткізсе, 250 оқушының Астана қаласында өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін тамашалауға аудандық білім бөлімінің есебінен 10 млн 120 мың теңге қаражат бөлінді.
Өткен оқу жылын қорытындылап, алдағы оқу жылында атқарылатын жұмыстарды жүйелі жолға қойған білім бөлімінің басшысы: «М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінде 360 бала 7 мамандық бойынша білім алуда. Мемлекеттік бағдарлама бойынша 2017 жылы қосымша білім берумен қамтылған оқушылардың үлесі 68 пайызды құрау қажет болатын. Бірақ, аудандағы көрсеткіш 2,4 пайыз ғана. Бұл мәселе облыстық деңгейде үнемі айтылып, көп жылдан бері шешімін таппай тұр. Осы орайда, аудан басшылары орталықтан өнер мектебін ашуға ықпал етсе» деген тілегін жолдап, әріптестерін мерекесімен құттықтады.
Баяндама бойынша жарыссөзге шыққан Гродеково орта мектебінің химия пәні мұғалімі Венера Рахымбердиева, М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің директоры Сарбиназ Берсүгірова, Жеңістің 30 жылдығы атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі Назерке Әбілқас, Б.Момышұлы атындағы орта мектептің оқушысы, республикалық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы Арайлым Әліпбаева, Амангелді орта мектебінің оқушысы, республикалық, облыстық жас ақындар байқауының жүлдегері Бақнұр Нұрман салиқалы сөз сабақтады.
Кеңесте сөз алған Жамиля Елеуқызы жаңа оқу жылының жаңалықтарымен бөлісіп, облыста атқарылып жатқан игі істерден хабардар етті. Әріптестерін жаңа оқу жылымен құттықтап, Ю.Гагарин атындағы орта мектептің директоры Салтанат Жігітековаға ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасын, Б.Бесбаев атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Дүрия Сыдықоваға Алғыс хатын, аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскері Лаззат Сәлімжановаға, Қ.Сартбаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мағрипа Күзембаеваға, Б.Бесбаев атындағы орта мектептің информатика пәні мұғалімі Медеубек Құралбековке облыс әкімдігі білім басқармасының Құрмет грамотасын табыс етті.
Сонымен қатар, кеңесте білім беру саласындағы жемісті еңбегі үшін Б.Момышұлы атындағы орта мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Мұрат Есбергенов, Айшабибі орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бахыт Тоғатаева, А.Макаренко атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі Гаухар Байғабылова аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, Жеңістің 30 жылдығы атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі Рауан Төлендиев, Бірлесу-Еңбек орта мектебінің математика пәні мұғалімі Ардақ Рахманбердиева, Абай атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Светлана Боянова Жамбыл ауданының Құрмет грамотасымен, Еңбек орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гуля Бөгенбаева, Т.Тоқтаров атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Арайлым Төрегелді, Шайқорық орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Күміскүл Абсадықова аудан әкімдігі білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Нұрасыл СҰЛТАНБАЕВ,
«Шұғыла».

Бөлім:  Білім
Сейсенбі, 29 Тамыз 2017 00:00

Жастар кәсіпкерлермен кездесті

Өткен аптада «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты партияның «Сәтті қадам» жобасы аясында аудан әкімдігі «Жастар ресурстық орталығының» мәжіліс залында аудандағы жұмыссыз жастардың жас кәсіпкерлермен кездесуін ұйымдастырды.
Кездесуде аудандағы жас кәсіпкер Маңғаз Омаров жастарға «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алу, бизнес жобаның дұрыс жазылу жолдарын түсіндірсе, тағы бір жас кәсіпкер Нұрбек Сәкенов жеке кәсіпкер ретінде тіркелу жолдары, оған қажетті құжаттардың тізімі жайлы әңгімелеп берді. Кәсіпкерлердің сөзін жалғаған партия аудандық филиалының консультанты Төленді Көпбергенов кәсіпкерлікпен айналысуға арналған мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алу жолдары туралы айтып, биылғы мектеп түлектерімен жұмысты жандандыру, олармен уақытылы ақпараттық-насихаттық жұмыстарын жүргізу керектігін алға тартты. Өз кезегінде жұмыссыз жастар кәсіпкерлерден кәсіпкерлікке қатысты өздерін толғандыратын сауалдарға жауап алды.
Кездесуді «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Бақытжан Құтжан қорытындылады.

Ильяс Қалыбеков,
«Шұғыла».

Бөлім:  Жастар
Бет 1 -ші 7 беттен

Серіктестер