Материалы отфильтрованы по дате: Шілде 2017
Сәрсебі, 26 Шілде 2017 00:00

Жүрек тебіренген сәт

Ұлттық құндылықтарымызды, тұл­ғаларымыздың есімдерін ұлық­тау рухани байлығымыздың жаңғыра түскенін көрсетсе керек. Осындай көрініс Шайқорық ауылы­ның клубында өткен мәдени іс-шарада байқалды. Өзі дүниеден өтсе де, артында мол мұрасы қал­ған елімізге белгілі тұлға, ақын, жазушы-журналист, драматург, жерле­сіміз Арғынбай Бекбосынның 80 жылдығына орай ауылдық кітапха­­наның менгерушісі Жанат Ақшалова­ның ұйымдастыруындағы «Ақынның шығармашылық мұра­сы» атты кеш әр көңілге нұр ұялатты.
Шындығында, ақын ағамыздың «Мың түрлі ой»,  «Заманалар жаңғы­рығы», «Фәнилік драма» рубаят­тарын және басқа да шығарма­ларын оқи отырып, тыңдап тұрып ерекше күйге бөлендік. Әсіресе лирикалық толғаулары, отты жырлары жүректерде от беріп, әр адам бойына қуат алғандай болған.
Кеш жүргізушісі, аула клубы­ның жетекшісі Мөлдір Алшерова­ның сұлу сөздері, ауыл клу­бы­ның меңгерушісі Нұрлыбек Таласбаев­тың ақын өлеңінен орындаған әсем әндері, ауыл әкімінің орынбасары Медет Нұрмахановтың, округ жанын­дағы әйелдер кеңесінің төрайы­мы Р.Нұрманованың, зейнет­керлер Қ.Жүндібаев, А.Байтөреев, ауыл әкімінің жастар ісі жөніндегі кеңесшісі Н.Тотаеваның жүрек тебірентер тілектері көңілімізді көкке көтерген.
Артында өшпес із қалдыр­ған қаламгер Арғынбай Бекбосынның шығармашылығына қаны­ға түскен жұртшылық кешті ұйымдас­тырушыларға ризашылықтарын білдірді.
Кеш соңында ақын-журналистің шығармаларына библиографиялық шолу жасалды.

Бөлім:  Мәдениет

Арамызда баласына екпе егуге қарсылық танытып жүрген ата-аналардың бар екені әр жерде бір айтылып қалып жүр. Бүгінгідей әлемдік медицина қарыштап дамыған заманда екпе егуден бас тартатындар бұл іске нендей мысалға сүйеніп, қадам басуда? Бүлдіршіндердің жасына қарай вакцина егу – балалар арасында кезде­сетін жұқпалы аурудың алдын алудың ең тиімді тәсілі. Осы мәселеге медицина мамандары тұрмақ, қоғам болып алаңдауға тиіспіз. Өйткені бұл еліміздің эпидемиологиялық ахуалына, түрлі жұқпалы аурулардың өршуіне, әлеуетіміздің нашарлауына тікелей ықпал ететін құбылыс қой.
Биыл Ұлттық егу күнтізбесіне өзгерістер болып, күнтізбеге әлсіздендірілген және реактогенділігі аз аралас (комбинирленген) вакциналар енгізілген екен. Бұдан инъекциялар саны, балалар травматизмі азайып, постинъекциялық асқынулардың даму қаупі төмендейтін көрінеді. Жалпы, Қазақстан Республикасының Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодексіне сәйкес жұқпалы ауруларға қарсы вакцинация алу әркім үшін міндетті болып есептелетінін айта кетуіміз керек. Жыл сайын мемлекет вакциналарды республикалық бюджет есебінен сатып алып, екпе егудің тегін жүргізілуіне баса мән беруінің сыры осында жатыр. Себебі, түрлі жұқпалы ауруларды түп тамырымен жою біздің ғана емес, дүниежүзі елдерінің басты мақсаты. Сатып алынатын вакциналар сапалы әрі зертханалық тексеруден өткендігін және Қазақстанда заңды тіркелгенін айта кеткен жөн. Сала мамандары бұны бүгінгі бастама ғана емес, әлдеқашан дәлелденіп қойғанын айтады. Бұған осыдан 50 жылдай бұрын дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен шешекке қарсы екпе жасау қолға алынып, аталған дерттің бүгінде түбегейлі жойылғаны толық дәлел бола алады. Өйткені Еуропа мен Қазақстанда полиомиелит секілді ауыр жұқпалы аурулар бүгінде келмеске кеткен. Республикамызда қызылша, қызамық және туа біткен қызамық синдромын жою бойынша бағдарламалар дайындалып, 1998 жылдан бастап вирусты гепатитке, 2005 жылдан бастап қызамыққа, 2008 жылдан бастап Хиб-инфекциясына қарсы вакцинация еңгізілуі – ұрпақ қамы. Соның нәтижесінде 5 жасқа дейінгі балалардың пневмониясы 4 есеге азайғанын әркім білуге тиіс.
Аудандық емхана меңгерушісінің уақытша міндетін атқарушы Жадыра Тотаева 2011-2020 жылдар ДДҰ вакциналардың онжылдығы деп белгіленгенін, әйтсе де көпшілік арасында екпе егу мәселесіне қатысты дау-дамай, келеңсіз жайттар орын алып жүргенін сөз етті. Сондықтан ол жұқпалы аурулардың алдын алу мен оларды асқындырмау үшін егу жұмыстарын жалғастыруды тоқтатпау керек деп отыр.
Бірақ, аудан бойынша биыл 6 ай ішінде 1 жасқа дейінгі 1776 екпе егілуге тиіс нәрестелердің 957-не ғана екпе егілген. 1 жастағы бүлдіршіндер арасында осы меже 59,2 пайызға ғана орындалса, 6 жасар 1789 баланың 436-на екпе егілмей қалған. Былтыр 6 ай ішінде 1 жасқа дейінгі балалардың 45,6 пайызына, 1 жастағылардың 59,3 пайызына, 6 жастағы балалардың 64,3 пайызына ғана екпе егіліпті. Десе де, Жадыра Нұрбердіқызы бұны ауданда балаларға егілетін вакцинацияның дер кезінде болмай қалуымен байланыстыра отырып, бізді жоспардың дер кезінде болмаса да артынша-ақ орындалғанына сендірді. Дегенмен, тұрғындар арасында екпе егуден бас тартатыны жөнінде қолхат жазып беретін ата-аналардың бар екенін, негізінен, олар дін жолында жүрген адамдар екенін растады. Оның сөзіне сүйенсек, екпе егуден бас тартатын ата-аналардың ісі діни ағыммен байланысты емес көрінеді. Нақты айтқанда, олар «екпе егу зиян» деген жалған ақпаратты теледидардан, әлеуметтік желілерден көріп немесе өзгелерден естіп алып бас тартады-мыс. 
– Алда дифтерия, көкжөтел, сіреспе ауруларын күрт азайту мәселесі тұр. Бұл ауруларды жою немесе ең төменгі көрсеткішке дейін жеткізу тек тиімділігі жоғары вакциналармен профилактикалық екпе жасау арқылы ғана мүмкін болатын іс. Ересектер мен балалар арасында дифтерия ауруына қарсы жаппай екпе егудің арқасында тұрғындар арасында жоғары деңгейде иммунитет қалыптасуда. Осыдан кейін аталған аурушандық жұрт арасында онша байқалмай, тіпті ондай дерт атаулы жоқ секілді көрінуде. Бұның соңы ата-аналардың «екпе егу қажет емес» деп шешім қабылдауына түрткі болып отыр. Бірақ кейбір тұрғындар теледидарда көрсетілген вакцина салғаннан кейінгі нәресте жағдайына шала қанығып, екпе еккізгісі келмей жүр. Бұл мәселе сапасыз вакцина салдарынан емес, ата-ананың өз салғырттығы, мәселен баланы мерзіміне жетпей шомылдыруы немесе нәрестенің денсаулығы екпені көтере алмай қалған жайт секілді түрлі оқиғалардан туындағанына сенімдімін. Негізінен, полиомиелит вирустары әрдайым қоршаған ортада айналымда жүретіндіктен, екпе егілмеген адамдар кез келген уақытта ауырып қалуы мүмкін. Біз осы жөнінде тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Соның нәтижесінде Түрксіб ауылының бір тұрғыны, Жалпақтөбе мен Асадан екі-екіден төрт ата-ана екпе егуге өз келісімін берді. Дегенмен, Шайқорық ауылында 5, Жалпақтөбеде 10, Гродековода 2, Асада 3 адам екпе егуге үзілді-кесілді қарсы болып отыр. Олар екпе еккісі келмейтіні туралы қолхат жазып берсе, біз ештеңе істей алмаймыз, қолымыздан келетіні тек үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, – дейді ол.
Заң бойынша Қазақстан Республикасы аумағында жүрген барлық адам жұқпалы және паразиттік ауруларға қарсы алдын ала екпе алуға міндетті болуға тиіс. Әрбірден соң бұл, яғни, ата-аналардың балалар иммунизациясынан бас тартуы баланың өміріне және денсаулығына деген құқығын бұзушылық болып есептеледі емес пе?! Осы сұрақ бойынша және екпе егуден бас тартып отырған ата-аналардың шын мәнінде кім екенін, олардың арасында қандай үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатқанын бір білсе осылар білер деп аудандық прокуратураға бас сұққанбыз, алайда нақ осы мәселемен айналысатын прокурор еңбек демалысында болып шықты. Әйтсе де, біз «ислам діні не дейді?» деген сауалмен ауданның бас имамы Ғайырфулла Әмірбековпен тілдестік. Ол екпе егудің шариғатқа қайшы емес екенін, асыл дініміз бұған тыйым салмайтынын, қайта кез келген келеңсіздіктің алдын алуды қостайтынын айтып, өз балаларының бәріне екпе жасатып жүргенін айтты.
Біз қал-қадірімізше осы тақырыпты қаузап көрдік. Әйтсе де, балаларына екпе егуден бас тартып немесе қарсылық танытатындар ісінің дұрыс немесе бұрыстығын, олардың қоғамнан жырақтануының мәнісін тиісті орындар анықтап, ретке келтіреді деп сенеміз. Өйткені бұл – ел болашағы, ұрпақ денсаулығының салауаттылығы үшін жүзеге асырылуы  тиіс тірлік.

Бөлім:  Денсаулық
Сәрсебі, 26 Шілде 2017 00:00

Қауіпті құбылыстан қорғанайық

Нашақорлық – бүкіл қоғамның қасіреті, болашағымызға қауіп төндіріп тұрған індет. Осынау қауіпті қасіреттен қалай құтыламыз? Бұл сауал бүгінде әркімнің ойына үлкен салмақ салып отыр. Сауалға жауап іздеген Өрнек ауылдық округі әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Нашақорлық – қауіпті індет, алдын алу – міндет» атты «дөңгелек үстел» отырысы өткізіліп, онда халықты толғандырып жүрген мәселе кеңінен қозғалды.

Отырысқа қатысқан №17 Жамбыл колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Анар Тұрлығұлова, Өрнек ауылының кітапханашысы Жанат Садуалиева, ауылдық округ әкімінің жастар ісі жөніндегі кеңесшісі Жарқынай Көшкінбай, ауылдық клубтың мәдени ұйымдастырушысы Сәуле Жолдасбаева есірткі заттарының, ішімдік ішу мен темекі тартудың зияны туралы тәрбиелік мәні бар әңгіме өрбітті. Өрнек ауылының учаскелік инспекторы, полиция аға лейтенанты Данияр Таубеков «Нашақорлық – ғасыр дерті» атты баяндамасына нашақорлықтың жас ағзаға тигізер зиянын, өкінішке ұрындырар кесапатын арқау етсе, №17 Жамбыл колледжінің психологы Гүлшаһар Әбдіғапарова ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты жақсарту жөнінде кеңес берді.
«Дөңгелек үстелге» қатысушы жастар өз ойларын бүкпесіз ортаға салды. Бәрінің сөзінен түйгеніміз, зиянды әдеттерден аулақ болып, өзін де, өзгені де қауіпті дерттен қорғай білуге, салауатты өмір сүруге шақырды.
Қарлығаш Арынбаева,
Өрнек ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы.

Бөлім:  Қоғам

Құқықтық тәрбие, құқықтық мәдениет орныққан жерде адамдар рухани жаңғыруға бет бұрады. Бүгінде әлемдегі еңсесі биік елдермен терезесі теңескен Тәуелсіз қазақ елі болашаққа бағдар беретін рухани жаңғыруға ерекше мән бергені көңілге қанат бітіреді. Себебі, еліңді, жеріңді әлемге мәшһүр ететін мемлекеттің мәдениеті мен рухани болмысы осы ойға саяды.
Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» мәжіліс залында Жамбыл облысы ІІД жанындағы консультативтік-кеңесші органның ұйымдастыруымен өткен кездесуде құқықтық тәрбие мен құқықтық мәдениетке айрықша көңіл бөліне бастағанын аңғару қиын емес еді. Шындығында, тәрбиелік мәні зор мұндай келелі кездесу, яғни, Жамбыл облысы ІІД жанындағы консультативтік-кеңесші органның төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров, осы органның мүшелері Өрнекбай Смайлов, Болат Мырзатаев, Семейхан Сексенбаев, Владимир Новоселов, Дүйсенбек Ібіналиев АІІБ Жергілікті полиция қызметінң бастығы, полиция майоры Дархан Нұралиевтің. АІІБ бастығының кадр жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Талғат Төребековтің атқарған жұмыстары туралы есебін жиналған жұртшылық алдында тыңдауы алғаш рет орын алып отырған маңызды оқиға.
Бұл үрдіс дұрыс екен. Бұл жариялылықтың, рухани жаңғыруымыздың жарқын көрінісі, келісті келбеті емес пе?!
Кездесу ашық тұрғыда өрбіді. Жарқын істер де, теріс қылықтар да іште бүгіліп жатпады. Бір жас учаскелік инспектордың жемқорлыққа жол беріп, өзгеден пара алғаны, оның қызметінен босатылғаны ащы да болса айтылды. Бұдан кездесуге келген жас полиция қызметкерлерінің сабақ алғаны анық.
Осындай келелі кездесу ұйымдастырғаны үшін Мұқаш Зұлқайнарұлы бастаған топқа ризашылықтарын білдіріп, есеп берген полиция қызметкерлерінің жұмысына оң баға берген Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Жақсылық Сәлемов, полиция қызметінің ардагерлері Сәпілмәлік Тажиев, Орынбай Рысбаев өз ойларын ортаға салды.

Бөлім:  Қоғам
Сәрсебі, 26 Шілде 2017 00:00

Соңғы гектарлар орылуда

Біз Пионер ауылының күнбатыс беткейіндегі егіндік алқабында тұрмыз. Теңіздей толқыған астықты алқаптағы көрініске көз тоймайды. «Дала кемелерінде» тыным жоқ. Самал желмен тербеліп бара ма, қалай? Кенет, алдыңғы комбайн кілт тоқтады да, шеткерірек барып тұрды. Оның осы тоқтауын күтіп тұрса керек, алқаптың екінші бір шетінде қаңтарулы тұрған Серік Қыбыраевтың Газ-53 автокөлігі солай қарай жүйтки жөнелген.
Осы тұста қасымызға таянған «Пионер» өндірістік кооперативінің төрағасы Алпысбай Жұмаханов:
– Шаруашылық бойынша 220 гектарға күздік бидай, 230 гектарға жаздық арпа орналастырғанбыз. Көріп тұрғандарыңыздай, соңғы гектарлар орылуда. Енді екі-үш күннен кейін орақты толық аяқтаймыз.
Егін орағына 2 СК-5 астық комбайны, 2 автокөлік тартылған. Түсім жаман емес. Бүгінгі күнге дейінгі мәліметке сүйенсем, бидайдың әр гектарынан 15,5 центнерден, арпадан 15,0 центнерден айналуда. Бұл істе бас агроном Әлиомар Есенаманов, өндірістік бригадир Әбдіманап Қошманов, жалгер Ғани Журжаев, комбайншылар Ержан Киікбаев, Айтжан Мұратбайдың еңбегі зор.
Негізі, аудан басшыларына рах­мет! Жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай босатып, жұмысымыздың тоқ­таусыз жүруіне септігін тигізуде, – деді.
Алқаптан шығып, қырманға барғанымызда да көрікті көріністің куәсі болдық. Тау-тау болып үйілген арпа-бидайдан көз тұнады. Арнайы агрегатпен қызыл дәнді суырып жатқан Маханбетәлі Иманқұлов пен Тәуірбай Шатырбаевта тыным жоқ. Олар біздің келгенімізді байқамады да. Қырман меңгерушісі Айдос Бадан мен таразышы Ержан Нұрдәулетовтің іскерлігін де байқау қиын емес. Қырман іші мұнтаздай таза. Арпа, бидай бөлек-бөлек төгілген. Біз қайтар тұста шаруашылықтың бас агрономы Әлиомар Есенамановпен тілдестік.
– Біздегі жігіттердің бәрі де өз істеріне адал азаматтар. Әрине, техника болған соң бұзылады, сынады. Сондайда, дәнекерлеуші Ордабек Бабақұловтың еңбегін пайдаланамыз. Көріп тұрғандарыңыздай, дала шөбі де, егіндігіміз де қурап тұр. Әп-сәтте өртеніп кетуі мүмкін ғой. Сондайда тілсіз жаудың алдын алу мақсатында өрт сөндірушіміз Сәкен Журжаевқа сенеміз. Ондай қасіреттің бетін аулақ етсін. Өрт шығу оқиғасы бізде тіркелген жоқ, – деген бас агрономның сөзіне риза болдық.
Бәрін алдын ала ойластырып, еңбектің еш кетпеуін қалайтын пионерліктерге қалай риза болмайсың. Енді санаулы күндерден кейін егін орағын аяқтайтын диқандардың алдында қырманға түскен өнімді жауын-шашанның астында қалдырмай, қамбаға құйып алу міндеті тұр.

Сәрсебі, 26 Шілде 2017 00:00

Комиссия отырысы өтті

Дүйсенбіде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті.
Бірқатар мекеме-ұйым басшылары шақырылған отырысты партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұрқасым Үкібаев ашып, жүргізді. Комиссия отырысында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы «Шұғыла» бастауыш партия ұйымының 2016 жылдың екінші жартыжылдығы мен 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында партиялық жобалар бойынша атқарған жұмыстары туралы, сондай-ақ аудан әкімдігі ветеринария бөлімі есепшісінің партиялық жауапкершілігін қарау және орталық бастауыш партия ұйымына ұсыныс беру туралы мәселелер қаралып, тиісті қаулылар қабылданды.

Бөлім:  Нұр Отан

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Қыдыралыұлының төрағалығымен өткен аудан әкімдігінің мәжілісінде Жамбыл ауданының 2017 жылдың бірінші жартысындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша хабарлама жасаған аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қуаныш Бүркітәлиев алты айдың жұмыс нәтижесін талдап берді. Хабарламашы өнеркәсіп өнімін жоғарылату бағытында тиісті жұмыстарды ұйымдастыру қажет екенін ескертті. 2015-2019 жылдарға арналған Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында былтыр 3 жобаның құрылысы аяқталып, 90 адамның жұмыспен қамтылғанын, биыл «ТаразГазӨнімдері» ЖШС-нің «Сұйытылған газ өнімдерін өндіретін зауыт» құрылысы жобасын іске асыру жоспарланып отырғанын айтты. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының 1-құралы – «Пайыздық ставканы субсидиялау» шарты бойынша 642,8 млн теңгеге 7 жоба іске асырылып, 4-құралы – «Өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту» шарты бойынша бір жобаның құжаттары облыстық үйлестіру кеңесіне ұсынылғанын жеткізді.
Жарты жылда мемлекеттік бюджетке салықтар және басқа да міндетті төлемдер болжамы 115,9 пайызға орындалған.
Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 5 млрд 942,9 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,4 пайызға жеткен. Аудан бойынша 2017 жылдың өніміне арналып 52627 гектар алқапқа дақылдар егілсе,  қазіргі таңда малға азық дайындау, күздік бидай мен жаздық арпаны жинау, қант қызылшасын күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса, «Агробизнес-2020» бағдарламасы шеңберінде «Алтын асық», «Сыбаға», «Құлан», «Жайылымды суландыру» бағдарламаларын орындау, су үнемдеу технологиясын енгізу, ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу, эпизоотияға қарсы іс-шаралар бойынша талай тірлік тиянақталған.
Хабарламашы бөлшек және көтерме сауда, негізгі капиталға салынған инвестиция, еңбек нарығы, халықты жұмыспен қамту, құрылыс, жол жөндеу туралы кеңінен баяндады. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 1168 адамның жұмыспен қамтылғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, денсаулық, білім беру, мәдениет және спорт нысандары бойынша атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды.
Мәжілісте бұл мәселе бойынша өнеркәсіп өнімі және көтерме сауда айналымы көрсеткіштерін жоғарылату жолдарын қарастыру, инвестиция көздерін анықтау, инновациялық жобалардың толық қуатында жұмыс істеуін бақылау, бағаларды реттеу бағытында күнделікті мониторинг жүргізу, бюджетті игеру, астық жинау және қант қызылшасын өсіру жұмыстарын сапалы ұйымдастыру, аудан аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс, жол жөндеу жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде аяқтау, халықты жұмыспен қамту бойынша кешенді жоспардың орындалуын қамтамасыз ету, білім беру мекемелерін жаңа оқу жылына әзірлеу, қылмыстың алдын алу бағытында нақты іс-шаралар ұйымдастыру туралы және мәжілістің күн тәртібіндегі басқа мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.

Дүйсенбі, 24 Шілде 2017 08:33

Кесел кенеден келіп жүрмесін

Елімізде Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және біздің облыс Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы індетінің табиғи ошағы болып саналатыны белгілі. Жалпы, облыста біздің ауданды қоса есептегенде Талас, Сарысу, Мойынқұм аудандары – осы кеселдің нақ ордасы. Ауданымыз бұрын кене тарататын ошақ ордасы болып саналмайтын. Өкінішке қарай, тек алдыңғы жылы аудандағы Қапал және Шайдана ауылдарының 2 тұрғынын кене шағып, елдің дүрліккені бар. Себебі, кененің кесірінен шайданалық арыстай азамат бақилыққа аттанып кете барған. Сол кезде аудан аумағындағы эпидемиологиялық жағдайды болжау үшін қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің ұсынысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы мен ветеринариялық қызмет мамандары ауыл шаруашы­лығындағы түліктер мен кенелерден сынама алып, олардың қандай және қаншалықты індет тарататынын анықтаған болатын. Сөйтіп, 10 ауылдық округтегі 12 елді мекен, яғни, Бірлесу-Еңбек, Түрксіб, Өрнек, Еңбек, Жамбыл, Көлқайнар, Қапал, Гродиково, Бектөбе, Жаңаөткел, Шайдана, Қызылтаң ауылдары ауру тарататын кенеден кенде болмай шыққан. Сондықтан, осы елді мекендер эндемиялық табиғи ошақ аумағына жатқызылды.
Жақында Ақбастау ауылдық округінің бір тұрғынын кене шағып, ол өлім аузынан әзер қалды. Кене шаққанын біле тұра оның жәндікті қолымен алып тастауы, арада 6 күн өткен соң ғана аудандық емханаға баруы, тіпті кене шаққанын айтпауы дәрігерлерді әбігерге салып, өзі өлім құша жаздады. Себебі, бұл дерттің бастапқы кезеңдері тұмау белгілеріне өте ұқсас келеді екен. Сондықтан, науқасты кене шаққанын жай адамның анықтауы өте қиын. Әлгі жігіт бүйрегі ауыратынын айтқан соң, дәрігерлер оның бүйрегін ғана тексеріп, үйіне қайтарған. Сол екі арада ол тағы да 5 күн үйінде өз бетінше емделіп, соңында әлсірей бастаған. Қайта туыстарының бірі бұл аурудың неден басталғанын сұрай келе, кене шаққанына көзі жетіп, жедел орталық ауруханаға жеткізіпті. Дәрігерлер науқастан қан сынамасын алып, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жібереді. Сараптама қорытындысы науқастың Конго-Қырым қанды қызбасына шалдыққанын растаған. Осылайша ол 11 күннен кейін ауруға қарсы нақты ем қабылдап, беті бері қараған. Бұл жағдай аудан тұрғындарының әлі де болса кенеге қауіпті жәндік ретінде қарамайтынын аңғартады. Әйтпесе, бұл аса қауіпті вирусты жұқпалы ауру емес пе?!
Аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Маржан Ақтанова, аудандық салауат­ты өмір салтын қалыптастыру дәрігері Аида Тоқсанбаева, аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Сәкен Нұржаубаев осы мәселе бойынша, яғни Конго-Қы­рым геморрагиялық қыз­басы індеті­нің эпидемио­логиялық жағдайы жә­не оның алдын алу шарала­рын түсіндіру үшін бірқатар елді мекен­дерді ара­лау­да. Осы жолы бұл топ Өр­нек (ауылдық округ әкімі Қанат Темешбаев) ауы­лы­на арнайы барды. онда жұрт­шылыққа кенеден сақта­нудың жолдары түсін­дірілді. Маржан Ақтанқызы­ның айтуынша, кене­нің 2 мыңнан астам түрі бар екен. Оның 200-ден астамы осы қауіпті вирус­ты жұқпалы ауру тарата­тын көрінеді. Бұл ауру­ды кезінде қазақтар «Көкала» деп атаған екен.
– Негізінен, биыл 76 адам кене шағу жағдайы бойынша емдеу мекемелеріне келіп тексеріліпті. Оның 16-сы – табиғи ошақтар аумағынан. Мұның ішінде адам өмі­ріне қауіпті кенелер шаққан тұрғындар да бар. Бірақ, тұрғындар­дың кене шаға салысымен емдеу мекемелеріне жүгіну белсенділігі былтырғыға қарағанда едәуір арт­қан. Бұл көпшілік арасында алдын алу шаралары бойын­ша жүргі­зілген жұмыс­тар­дың жемісі екені даусыз. Дегенмен, тұрғындардың  кене шаққаннан кейін алғашқы жәр­дем алуға дер кезін­де келмеуі әлі де болса кезде­­сетіні бізді алаң­датып отыр. Сон­дықтан, біз осы аурудың табиғи ошағы саналатын ауылдарды аралап, қауіптің алдын алу шараларын жүргізудеміз. Себебі осы елді мекендер мамандар тарапынан жыл сайын залалсыздандырылғанымен, олардың басқа ауданда тұратын туған-туыс, құда-жегжаттары арқылы жасалған қарым-қатынас нәтижесінде мал, жем-шөп, отын тектес заттармен бірге ауру таратқыш кене де келуі мүмкін. Сол себепті, оқыс жағдай кез келген елді мекенде орын алуы ықтимал. Конго-Қырым геморрагиялық қыз­басы бойынша медицина қызмет­кер­лерінің біліктілігін арттыру мен тұрғындардың сауаттылық дең­гейін көтеру мақсатында осы кездесу­лерді өткізіп жүрміз, – дейді ол.
Жиын барысында өрнектіктерге бейне­ролик көрсетіліп, соңында сауалнама тара­тылды. Маржан Ақтанова көктемде және күз айында ветеринар мамандары қора-қопсы және ауылшаруашылық малы залал­сыз­дан­дырылатынын, сарап­тау орталығы мамандары эпиде­миялық елді мекендерді айнал­дыра кенеге қарсы ені 200-250 метрлік қорғаныс шеңберін жасайтынын айтып, тұрғындарға ауладағы күл-қоқыс, малдың қиы залалсыз­дандыру жұмысы жүрмей тұрып шығарылу керектігін ескертті.
Аида Байырбекқызы ауруды тарататын кене, үй жануарлары және осы дертке шалдық­қан науқастар болып табылатынын түсіндірді. Сонымен қатар ол малды сойып, жүнін қырық­қан жағдайда абай болу керектігін тапсырды. Ау­ру дертке шалдыққан адамның қаны, терісі, нәжісі, сілекейі арқылы біріне-бірі жұғатынын тәптіштеді.
– Вирус ағзаға түскеннен кейін аурудың бастапқы белгілері шамамен 3-14 күн аралығында білінеді. Кене шаққан адамның дене қызуы көтеріліп, мазасызданады. Тамағы ауырып, буындары қақсайды. Ал, ушыққан кезде іші өтіп, құсады. Бауыр, бүйрек тұсы сыздайды. Тағы бір айта кетерлігі, ауру адамның қолын қатты ұстағанда, терісін жай ғана бұрап, шымшығанда орны ұзақ уақыт қызарып тұрса, бұл осы аурудың белгісі. Егер науқастың мұрын, көз, ауыз, асқазанынан қан тоқтамай ақса, бұның соңы өлімге алып келетінін есте ұстау керек. Сол үшін кене шаққан кезде уақыт өткізбей дәрігерге қаралған дұрыс, – дейді Аида Тоқсанбаева.
Өз кезегінде Сәкен Нұржаубаев бірқа­тар тиісті кеңестер бере отырып, ауыл тұрғын­дарына қолындағы азды-көпті уақ малын үй жағдайында уақытында дәрілеп тұруды тапсырды. Оның айтуынша, КҚГҚ қолайсыз елді мекен қатарына жатқызылған ауылдарға жылына үш рет залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі екен. Биыл осы жұмыстың екі кезеңі атқарылыпты.

Бөлім:  Денсаулық
Дүйсенбі, 24 Шілде 2017 08:32

Біріксек бір іс тынар

Жуырда Гродиково ауылдық округінің әкімі Болат Қожабековтің ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметкерлер арасында «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – ортақ парызымыз» атты «дөңгелек үстел» отырысы өткізілді. Оған ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы Е.Әмірбеков қатысып, жемқорлықтың алдын алу бойынша баяндама жасады.
– Сыбайластық ел экономикасының көтерілуіне үлкен кедергі келтіріп отырған қоғамның басты қауіп-қатерлерінің бірі. Сондықтан да оны болдырмау, алдын алу мақсатында елімізде көптеген іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда. Алайда, жемқорлықпен күрес барысы күн сайын қарқын алып келеді дегенімізбен, жегі құртқа айналған осы бір қатерлі дерттен бойын аулақ ұстағысы келмейтіндердің қатары аз емес. Осындай келеңсіз құбылыстармен бітіспес күрес жүргізу тек сот, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың міндеті емес, барлық ұлтжанды азаматтың парызы. Мемлекеттік органдарда жұмыс жасайтындардың өзгенің тағдырына, жұмысына деген немқұрайлығы, тоңмойын шенеуніктердің тойымсыздығы, қарапайым анықтама алуы үшін шеті мен шегі жоқ кезек көптеген азамат мемлекеттік қызметкерлерді пара алуға өздері арандатады. Өйткені халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық білім жетіспейді. Сол себепті мұндай ауыр кеселді тек мемлекеттік және құқық қорғау органдарының күшімен жеңе алмаймыз. Жемқорлықпен күресуді бүкіл халық болып қолға алсақ қана тоқтатуға болады, – деді Ерболат Әмірбеков.
Сонымен қатар басқосуда ауыл әкімі Болат Қожабеков: «Бүгінгі таңда мемлекеттің ұйымдасқан қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы ең басты назары экономикалық даму процестерінің басқарылуына, ұйымдық-құрылымдық буындардың тиімді жолдарына, ішкі өзін-өзі бақылау жүйесін құруға және қылмыстықты тазартуға аударылуы тиіс. Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлықпен күрестің басты бағыты – оның алдын алу, яғни, оның себептері мен шарттарына ықпал жасау керектігін ескерген жөн деп есептеймін», – деп көпшілікке ой тастады.
Шара соңында қатысушылар пайдалы ақпараттар алып, өзара пікір алмасты.
Қайрат Сихимов,
Гродиково ауылдық округінің бас маман-іс жүргізушісі.

Дүйсенбі, 24 Шілде 2017 08:31

Жастар мағлұмат алды

Аудан жастарының қоғамдық белсенділігін арттыру, әлеуметтік жағдайының жақсаруы, рухани кемелденуі, жаһандық жаңалықтардан хабардар болуымен қатар республика, облыс, аудан көлеміндегі іс-шаралардан тыс қалдырмауды мақсат еткен бірден-бір мекеме ол – «Жастар ресурстық орталығы». Бұл жолы орталық «Жұмыссыз жастар үшін ашық есік күні» атты республикалық акция аясында кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, жастар денсаулығы, жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы саласын қолдаудың мемлекеттік тетіктері, міндетті медициналық сақтандыру талаптары және өзге де мәселелер бойынша қабылдау өткізді.
Қабылдауға аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Жансая Сұраншиева, «Жастар ресурстық орталығының» директоры Жасұлан Үсенбаев, облыстық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының маманы Динара Садырова, аудан әкімдігі ТҮКШЖК және АЖ бөлімінің бас маманы Дулат Ыбышев, Халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Самат Тоқтыбаев, «Сенім» жастар денсаулығы орталығының жетекшісі Айжан Сайлаубаева қатысып, ауыл-аймақтан келген 60-қа жуық жастың керекті мағлұмат алуына мүмкіндік жасалды.

Бөлім:  Акция
Бет 1 -ші 3 беттен

Серіктестер