Материалы отфильтрованы по дате: Маусым 2017
Бейсенбі, 29 Маусым 2017 00:00

Төлебиліктер топ жарды

Таяуда Қаракемер ауылдық округінде орналасқан үлкен стадионда 2006-2007 жылдары туылған жасөспірімдер арасында «Кока-Кола былғары доп-2017» атты футболдан жарыс өтті.
Додаға Тараз қаласы мен Жамбыл, Байзақ, Қордай, Меркі, Шу аудандарынан 6 команда қатысып, бағы мен бабын сынады. Ауданымыздың атынан шыққан Төле би атындағы орта мектеп оқушылары (мектеп директоры Ж.Шардарбекова) бірінші ойыннан-ақ көзге түсіп, қарсылас командалардың барлығын қапы қалдырды.
Нәтижесінде, Жамбыл ауданының командасы І орынды жеңіп алса, байзақтықтарға ІІ орын бұйырып, Тараз қаласының командасы ІІІ орынды қанағат тұтты. Жарысқа демеушілік жасаған аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітов жеңімпаз командаларды арнайы кубокпен, медальдармен және грамоталармен марапаттады.
Айта кетер жайт, жарыста жақсы ойын өрнегін көрсеткен А.Бексұлтан, Б.Жылқыбай, Н.Асан, Б.Қайырхан, С.Кемелбек, Ә.Құрманбек, А.Темірәлі, Д.Орман, Е.Мейірхан, Е.Оразбек, Д.Тұранбек, Р.Кемелбек, З.Тұрдан, А.Қапар, Н.Қайырхан, Ж.Кемелбек, Б.Үсіпбек, Е.Орынбасар, Т.Тұрғын, Ш.Белқожа, Д.Рысқұлбек сынды төлебилік жеткіншектер (жаттықтырушылары Ғани Садықов пен Мереке Байжанов) шілде айының 10-18 аралығында Семей қаласында өтетін республикалық жарысқа жолдамамен аттанбақ. Оларға жеңіс тұғырының жоғары сатысынан көрінуіне тілектеспіз.

Бөлім:  Спорт
Бейсенбі, 29 Маусым 2017 00:00

Қалам ұстағандарға құрмет

Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күні аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова аудандағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қабылдады.
– Бұқаралық ақпарат құралдары – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында жүргізіліп жатқан саясаттың жүзеге асырылуы журналистер арқылы насихатталады. Сіздердің мәселе көтерген мақалаларыңыз маңызды болып табылады. Қазақтың біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек», – деп мерзімді басылымның ел өміріндегі маңыздылығын айқындап берді.
Расында, кез келген азамат қоғамда болып жатқан оқиғаларды, жылт еткен жағымды жаңалықтарды мерзімді басылым арқылы оқып, біліп отырады. Бұл ретте, ауданның тыныс-тіршілігін тұрғындарға дер кезінде жеткізіп отырған «Шұғыла» газетінің алар орны ерекше. Құрметті қалам ұстаған азаматтар! Сіздерді бүгінгі төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деген Үміткен Қапанқызы басылымның жауапты хатшысы Мақсат Жұмабаевқа, аудандық телекоммуникация торабының электр монтері Әлжан Абдрахмановқа аудан әкімінің Құрмет грамотасын, бас редактордың орынбасары Нұрасыл Сұлтанбаевқа, тілші-аудармашы Айдана Қуатоваға, телеоператор Сапар Ертаевқа, газеттің бас есепшісі Алма Алиеваға, аға дизайнер Ғалия Алиеваға аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Тілекшілер тізімін жалғаған аудандық мәслихат аппаратының басшысы Мадияр Сәмбетов газеттің бас редакторы Сансызбай Махамбетқұловты Жамбыл ауданының Құрмет грамотасымен, тілші Ильяс Қалыбековты Жамбыл ауданының Алғыс хатымен,  аға дизайнер Әсем Муталиеваны ҚР Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасымен марапаттады.
Өз кезегінде құрметке бөленген жандар аудан басшыларына алғысын білдіріп, алдағы уақытта да ауданның экономикалық дамуына өз үлестерін қосатынын жеткізді.

Бейсенбі, 29 Маусым 2017 00:00

Бас жүлде – «Бәйдібек» мешітіне

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен қала, аудан және ауылдардағы мешіттер арасында бәйге жарияланған-ды. Ондағы мақсат мешіттің көрікті болуы, яғни, күмбезі, қоршауы, мұнарасы, мінбері, аят, хадис, нақыл сөздердің мешіт ауласында немесе ішінде ілінуі, ақпарат бұрыштарының болуы, мешіт және ауласының таза, көрікті болуы, мешіт құжаттарының түгел болуы шарт болатын.
Осы шарттардың бәрі ауданымыздың бас мешіті «Бәйдібек» мешітінде орындалған деп қорытынды жасаған облыстық байқаудың қазылар алқасы бас жүлдені ауданымызға беріп, құтханамызды «Көрікті мешіт» аталымына сай деп тапты.
Осы оқиғаға орай ауданымыздың бас имамы Ғайырфулла қажы Әмірбековпен тілдескенімізде: – Сәулетті де көрікті мешіттің бой көтеруіне мұрындық болған аудан әкімі Мәден Мұсаевқа халық алғысы шексіз. Ол кісіге Алланың нұры жаусын. «Бәйдібек» мешіті енді республикалық деңгейде өтетін бәйгеге қатысады, – деді ол қуанышпен жасыра алмай.
Кеше КМДБ-ның облысымыздағы өкіл имамы, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр қажы Жұмабаев ауданның бас имамы Ғайырфулла  қажы Әмірбековке салтанатты жағдайда марапатын табыс етті.

Бөлім:  Дін
Бейсенбі, 29 Маусым 2017 00:00

Ауыл азаматтарын қабылдады

Сәрсенбі күні аудан әкімі Мәден Мұсаев Айшабибі ауылдық округінде ауыл тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдап, өтініш-тілектерін назарға алды.
Қабылдауға келген зейнеткер Мырзабай Артықбаев өңіріміздің жылдан жылға өркендеп, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің біршама өскендігін мақтан етіп, ауыл әкімі Райымбек Сейітовтің жұмысына ризашылығын білдірді. Еңбек ардагері оқушылар көп жүретін С.Әбішұлы және Қ.Бүрлібаев көшелерін асфальттап беруін сұраса, қабылдауға келесі кірген мектеп директоры Жарқын Қалыбаев Айшабибі орта мектебінде оқушылар санының артуына байланысты Жібек жолы бойындағы ескі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, бастауыш сыныптықтарды сонда ауыстырсақ деген ұсынысын жеткізді.
Тұрғындарды мұқият тыңдаған Мәден Тоқтарбайұлы көтерілген мәселелердің шешілетінін айтып, ауыл әкіміне тиісті тапсырмалар жүктеді.

Жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі – Ораза айт мейрамы. Бұл күні Алланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекітіп, мұсылмандықтың бес парызының бірі саналатын оразаның шарттарын орындаған жандар ауыздарын ашады. Барша мұсылмандар оразамен қимай қоштасып, Алла тағалаға қасиетті Рамазан айына амандықта, саулықта жеткізгеніне шексіз алғыс айтып, келесі рамазан айына да есендікпен жетулерін тілеп, мінәжат етеді.
Жексенбіде айлардың сұлтаны саналатын Рамазан айы айт намазымен аяқталды. Жергілікті халық Айт мерекесін Алланың үйі – мешіттен бастады. Ол күні аудандық «Бәйдібек»  мешітіне ниет етіп келген жұртшылықта есеп болмады. Айт намазы алдында мешітке жиылған жамағатқа ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Қуанышбекұлы уағыз айтып, қасиетті мерекенің мән-маңызына кеңінен тоқталды. Айт намазына арнайы келген аудан әкімі Мәден Мұсаев мешіттегі жамағатты айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Баршаңызды Ислам үмбетінің ең қасиетті мерекесі – Ораза айт мейрамымен құттықтаймын! Ораза айттарыңыз мүбәрак болсын! Халқымыздың береке-бірлігі мен ырысы әрдайым арта берсін. Еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін барша мұсылман шат-шадымен қуанышқа бөленетін бұл мейрам аудан жұртшылығына да құт-береке, ынтымақ, ырыс әкелсін! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болсын! Жұртымыз тыныш, Отанымыз аман болып, тәуелсіз еліміздің мәртебесі асқақтап, ынтымағымыз жарасып, Алла тағаланың құт-берекесі дари берсін! – деді Мәден Тоқтарбайұлы.
Ізгі тілектен кейін мешіттегі жамағат айт намазын оқып, имаммен ғибадат етіп, оқылған құранға, дұға-тілектерге қол жайды.
Айт – қуаныш пен шаттыққа толы мейрам. Бұл күндер – Алла тағалаға сыйынып, ел тыныштығы мен халық бірлігін, отбасының амандығын тілейтін, фәниден озған ата-бабаларымыздың, ағайын-туғандарымыздың әруақтарына құран бағыштап, жетім-жесірлерге, жоқ-жітікке мейірбандылық көрсететін, бір-бірімізге ізгі тілектер жолдап, имандылыққа шақыратын күндер. Айтта мұсылмандар бір-бірімен татулықтарын арттырып, сауапты істер, игі амалдар жасайды. Жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетіп, өмірден озған мұсылмандар рухына құран бағыштайды. Жаратқанға жақындау, туған-туыс, дос-жаранға, таныс-біліс кісілерге ілтипат көрсету – мерекенің абзал амалдары.

Бөлім:  Руханият
Сәрсебі, 28 Маусым 2017 00:00

Орташа көрсеткіш – 79,4 балл

Аудан әкімінің орынбасары Бақыт Қазанбасовтың төрағалығымен өткен аудан әкімдігінің кезекті мәжілісінде 2016-2017 оқу жылының қорытындысы сөз болды. Бұл туралы аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова хабарлама жасады.
– Білім бөлімі мен білім мекемелері Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және ҚР «Білім туралы» Заңын негізге ала отырып, өз қызметін жүзеге асыруда.
Аудан бойынша 58 білім беру мекемесі жұмыс атқаруда. Оның 38-і күндізгі жалпы орта білім беретін мектептер. Биылғы оқу жылын 14763 оқушы аяқтады. Ауданның білім сапасы 61,3 пайызды құрап, өткен оқу жылымен салыстырғанда білім деңгейі 7,3 пайызға артты.
Оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп жүрген ұстаздар қашанда қадірлі. Аудандағы білім беру мекемелерінде 1859 ұстаз қызмет етуде. Олардың жоғары санаттысы – 324, І санаттысы – 596, жалпы мұғалімдердің сапалық құрамы 49,5 пайызды құрайды. Ал, оқушыларды оқулықпен толық қамтамасыз ету жұмыстары күн тәртібінен түскен емес. 2016-2017 оқу жылына оқулықтармен және оқу әдістемелік құралдармен қамту үшін аудандық бюджеттен 77 млн 947 мың теңге бөлінді. Берілген қаражатқа 1-8-сынып оқушыларын оқулықтармен, оқу әдістемелік құралдармен, 4-сынып оқушыларына ағылшын тілі, 9-сыныпқа зайырлық дінтану негіздері және «Өзін-өзі тану» оқу әдебиеттері сатып алынды. Биылғы оқу жылында 1 және 11-сынып оқушылары 100 пайыз оқулықтармен қамтамасыз етілді.
Бiлiм мекемелерiнiң желiсi соңғы жылдары кеңейiп, оқу-материалдық базасы нығайып, оқу-тәрбие процесi жаңа техникалық құралдармен жабдықталуда, – деген Раушан Пернешқызы биыл Жеңістің 30 жылдығы атындағы орта мектеп ғимаратын күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 160 млн 075 теңге, жергілікті бюджеттен 7 мектепті ағымды жөндеуге 61 млн 860 мың теңге бөлінгенін тілге тиек етті.
Бөлім басшысы 11 сыныптардағы қорытынды аттестаттау бойынша кеңінен сөз қозғап, жылыту маусымына дайындық жұмысын баяндады. Сонымен қатар оқушыларға ыстық тамақ беру жұмыстарының ұйымдастырылуына, әлеуетті өнім берушінің өтінімдері бойынша жүргізілетін жұмыстарға, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға, қорғаншылық және қамқоршылық жұмыстарына, тәрбиелік іс-шаралардың жүргізілуіне, құқық бұзушылықтың алдын алуға байланысты атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Биыл 574 мектеп бітіруші түлектің 399-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Орташа көрсеткіш – 79,4 балды құрап, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 6,5 балға артқан.
Мәжілісте әкімдік бөлімдері мен ауылдық округ әкімі аппараттарындағы орындаушылық тәртіп туралы аудан әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Әзиз Мәнтеев хабарлама жасады.
 – Білім саласында ілгерілеу бар. Ең бастысы, келешек ұрпаққа тәрбие-білім беруде қателік пен кемшілік болмауы керек. Бұл ретте ұстазға жүктелген міндет өте ауыр, – деп мәжілісті қорытындылаған Бақыт Алпысбайұлы сала қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі.

Сәрсебі, 28 Маусым 2017 00:00

Мемлекеттік қызметшілер бәсекесі

Апта аяғында аудан әкімдігі «Жастар ресурстық орталығында» мемлекеттік қызметшілер күніне орай спорттың бірнеше түрінен жарыстар ұйымдастырылды. Жамбыл аудандық кәсіподағы ұйымы мен аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілген шарада аудандағы мемлекеттік қызметкерлер спорттың қол күресі, үстел теннисі, дойбыдан сынға түсті. Жарыстың ашылу салтанатында аталған бөлімнің басшысы Қайрат Ержігітов сөз алып, шараға қатысқан мемлекеттік қызметкерлерді жарыстың мақсатымен, ережелерімен, өту тәртібімен таныстырып, оларға сәттілік тіледі. Жылы лебіздер легін ҚР мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы Жамбыл аудандық филиалының төрағасы Мадияр Сәмбетов, аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Төлендиев жалғап, қатысушыларға ізгі тілектерін жеткізді.
Спорттық шара барысында қатысушылар айналма жүйеде бақ сынасып, спорттық баптарын паш етті. Өзара тартысты да қызықты ойындар өткізіп, жүлделерді сарапқа салды. Нәтижесінде, қол күресінен І орынды С.Жарасбаев, ІІ орынды Б.Төлендиев, ІІІ орынды Қ.Сауытбеков иеленді. Үстел теннисінде І орын Н.Түлековке, ІІ орын Р.Мұзбеловқа, ІІІ орын М.Байдалиевке бұйырды. Дойбыдан І орынға М.Байдалиев, ІІ орынға Б.Бабашев, ІІІ орынға Б.Искаков табан тіреді.
Соңынан Қайрат Оразымбекұлы мен Мадияр Әбілханұлы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді салтанатты жағдайда дипломдармен, медальдармен, бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Сенбі, 24 Маусым 2017 00:00

Отбасы – бақыт мекені

«Отбасы – шағын мемлекет» демекші, Елбасының Жарлығымен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жарияланып, биыл төртінші рет өткізіліп отыр. Конкурс, негізінен, отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналған. Елбасының өзі басты назарда ұстап отырған байқауда өңірдегі өнегелі отбасылардың қоғамдағы орны мен ізгі істері кеңінен қамтылады. Азаматтық болмыс, кішілік, кісілік секілді адами қасиеттер дәріптеледі. Елімізде көп баланы өмірге әкеліп, оған жақсы тәрбие беріп дараланып жүрген отбасылар баршылық. Сондай жарасымды тірлігі бар жанұялардың бірі – Өнербековтер отбасы.
Тастөбе ауылында тұратын Өнербековтер әулеті береке-бірлігімен, тиянақты тірлігімен өзгеге үлгі болып отырған жанұя. Отағасы Құтжан Өнербеков құдай қосқан асыл жары Анаркүл екеуі он бір ұл-қызды тәрбиелеп өсірген ардақты ата-ана. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған аяулы жандар  бүгінде 42 немере, 34 шөберенің көз қуанышына айналған.
Өмірі еңбекпен өрілген Құтжан ата кезінде КСРО Жоғарғы кеңесінің шешімімен «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, Анаркүл апа «Батыр ана» төсбелгісін кеудесіне таққан.
Жуырда мерейі тасыған мерейлі отбасы байқауының аудандық кезеңінен сүрінбей өткен Өнербековтер әулеті күні кеше Тараз қаласында ұйымдастырылған облыстық байқауға қатысып, жүлделі екінші орынды олжалады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімінде Өнербековтер отбасына диплом және 300 мың теңгенің техникалық бұйым сатып алуға арналған сертификаты табыс етілді.

Бөлім:  Мәдениет
Сенбі, 24 Маусым 2017 00:00

Ауыл әкімі ауызашар берді

Иісі мұсылман халқы үшін айлардың сұлтаны – Рамазан айы ең қасиетті, ең қастерлі ай. Бұл айда отыз күн ораза тұтып, құдайға құлшылық етеміз.
Ұлы айды ұлықтау «Мен – Құдайдың құлымын, Мұхаммедтің үмметімін» дейтін әр пенденің парызы болса керек.
Шүкір, арамызда ораза тұтушылардың қарасы жылдан жылға көбейіп келеді. Тіпті, басшылық қызметте жүрген азаматтар да аз емес. «Отыз күн ораза тұту – басты парызымыз», – дейді олар.
Жақсы хабар жерде жатқан ба? Қадір түні Қаракемер ауылдық округінің әкімі Ердос Бейсенов ауыл жамағатын ауызашарға шақырып, дәм ұсынды. Дастархан басында отырған жандар имандылық тұрғысында әңгіме шертіп, ауыл имамы Әлдибай Шалхаровтың шарихатына қол жайды.
Ауызашарға келген ауыл ақсақалдары Сәтқали Сүлейменов, Оңғарбай Шайымқұлов, Пернебек Тлепбергенов, Ахатай Балқыбеков, Досан Тоқбергенов, Таубай Аяпбергенов, ауыл ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тұрдалы Туғанбаев ауызашарды ұйымдастырушыларға ыстық ықыласын білдіріп, алғыс айтты. Арнайы шақырылған қонақтар – аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова, аудандық мәслихаттың депутаты Индира Тоғанбаева да: «Ниет қабыл болсын», – деді.

Бөлім:  Руханият
Сенбі, 24 Маусым 2017 00:00

Құрмет төріне шықты

Әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы мемлекеттік қызметкер екені белгілі. Сондықтан да ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет. Мемлекеттік қызметші биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді.
Баршаға белгілі, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2003 жылы әр жылдың 23 маусымын мемлекеттік қызметші күні деп атап өту жөнінде ұйғарым жасаған болатын. Бұл шараның халықаралық аренада мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызметшінің статусын көтеруге оң ықпал еткені ақиқат. Осыған орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 23 маусымды Мемлекеттік қызметші күні деп жариялап, арнайы Жарлыққа қол қойды.
Айтулы күнге орай аудан әкімі Мәден Мұсаев аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында мемлекеттік қызметшілерді мерекемен құттықтады.
– Бүгінде мемлекеттік қызмет-шілерге үлкен міндеттер жүктелген. Мемлекеттік қызметшінің жұмысы терең білімділік пен іскерлікті ғана емес, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Халқымыздың «Билігі мықты елдің тірлігі құтты болады» деген дана сөзі бар. Сондықтан қашанда жүгі ауыр билік міндетінің ауқымды және мақсатының биік болары барлық мемлекеттік қызметшілердің әрқашан жадында болуы керек. Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – туған Отаны мен халқына адал қызмет етуімен бағаланады.
Сіздерді ізгі ниетпен кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, билік пен халық арасындағы өзара түсінушілік нығая түсіп, алдағы уақытта да еліміздің дамуы жолындағы қызметтеріңіздің абыройы арта берсін! – деп, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Әйгерім Шынтасоваға облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды.
Сонымен қатар аудан әкімдігі қаржы бөлімінің бас маманы Әбілдахан Амиров, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Мадияр Сәмбетов, Пионер ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-есепшісі Жанаркүл Тойбекова, Ақбастау ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-іс жүргізушісі Күлімшаш Жомартбекова, Өрнек ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-іс жүргізушісі Амина Мұхамедқалиева, аудан әкімінің аппараты кеңсе бөлімшесінің бас маманы Айкүн Манабаева, аудан әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімшесінің бас маманы Беназир Жамбылбекқызы және Аса ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Зарина Абзелова өз міндеттерін үлгілі орындап, өңірде мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыруға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің Алғыс хатымен марапатталды.
Бұдан кейін Мәден Тоқтарбайұлы «Нұр Отан» партиясының бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруға қосқан қомақты үлесі үшін аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесіндегі аудан әкімінің бас инспекторы Назира Шалбаева мен Бесағаш ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-салық агенті Гүлзира Хабибуллаеваға «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамотасын табыстаса, Қаракемер ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Шымырбай Тубаевты Құрмет грамотасымен, Гродеково ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-салық агенті Гүлнар Дауылбаеваны, Қызылқайнар ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-есепшісі Эльмира Меирханова мен Аса ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-есепшісі Жандар Рысбековты Алғыс хатымен марапаттады.
Салтанатты жиында сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Рүстем Бегалиев көпшілікті мерекемен құттықтай келе, зор денсаулық, қызметте жемісті болуларына тілектестігін жеткізіп, мемлекеттік қызмет саласындағы жемісті еңбегі үшін аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Гүлхан Әлімбекованы, Пионер ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-салық агенті Руслан Мампаевты және аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау және қоғамдық денсаулық сақтау бөлімінің жетекші маманы Аяулы Ходжамбердиеваны Жамбыл ауданының Құрмет грамотасымен марапаттады.

Бет 1 -ші 4 беттен

Серіктестер