Материалы отфильтрованы по дате: Мамыр 2017
Сәрсебі, 31 Мамыр 2017 10:36

Застава тіршілігімен танысты

Жуырда «Гродеково» шекара заставасына Тараз қаласында орналасқан №21 орта мектептің оқушылары экскурсия жасады. Заставаның тыныс-тіршілігімен шекара заставасы бастығының ТӘҚЖ орынбасары, лейтенант Т.Жанабаев таныстырды. Таң қылаң бере тұрып күн батқанға дейінгі аралықтағы сарбаздар мен сардарлардың бір күндік жұмысынан хабардар болған оқушылыр ел күзеткен шекарашылардың қызметі оңай емес екеніне көз жеткізді.
Қызметте қолданатын иттер мен қару-жарақ түрлерін тамашалап, асхана, байланыс және кезекші бөлмесін, ақпарат алу, психологиялық жеңілдету бөлмесінің атқаратын қызметімен танысқан оқушылар көкейдегі сауалдарына нақты жауап та алды. Сонымен қатар үздік шекарашылардың жетістіктеріне үңіліп, Отан алдындағы азаматтық борышын өткеріп жүрген сарбаздармен сұхбаттасты.

Думан Әміренов,
«Талас» шекара комендатурасы комендантының ТӘҚЖ орынбасары, капитан.

Бөлім:  Қоғам
Сәрсебі, 31 Мамыр 2017 10:35

Жерлестеріміз үздік атанды

Еліміздің шекара аймағында қызмет көрсету қырағылықты, батылдықты, ептілікті талап етеді. Бұл орайда Отан алдындағы әскери борыштарын өтеп жүрген және өтеп қайтқан жастарымыздың ел алдындағы міндетін адал атқарып жүргені баршамызды қуантады. Шекарамыз берік, жауынгерлеріміз жауапты болса, еліміздің қамалын ешкім бұзып өте алмас.
Жуырда азаматтық парызын өтеп, туған ауылдарына оралған бес жерлес-жауынгеріміз үлкен марапатқа ие болды.
Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник Ғалмат Даминов салтанатты жағдайда Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі 2020 әскери бөлімінде мерзімдік әскери қызметін өткерген запастағы сарбаздар – ерназарлық Іңкәр Сманқұлдың, бесағаштық Нұрсұлтан Қалдахметтің, Ташай Нұрболаттың, Зарып Нұрдәулеттің және 2021 әскери бөлімінде қызмет еткен жерлесіміз, бесағаштық Азат Ақылбековтің омырауларына 2-дәрежелі «Шекара қызметінің үздігі» төсбелгісін тақты.
Бұл – ауданымыз үшін үлкен көрсеткіш, зор мақтаныш. Бұл – ауыл жастарының әскери міндетін өтеуге ықпал ететін ауылдық округтердегі әскери есеп мамандарының еңбегі. Бұл ретте Ерназар ауылдық округінің маманы Орал Болжыровтың, Жамбыл ауылдық округінің маманы Мейрамкүл Исмаилованың, Бесағаш ауылдық округінің әскери есеп маманы Луиза Дүйсембаеваның еңбегі әрдайым жоғары бағаланып келеді.

Бөлім:  Қоғам
Сәрсебі, 31 Мамыр 2017 10:33

Мақтанышым, айбыным!

Қай елдің болмасын Мемлекеттік рәміздері – елдіктің, тәуелсіздіктің, ұлттың дербестігін паш ететін мақтанышы екені даусыз. Сондықтан да оны әрбір азаматтың құрмет тұтуы – міндет. Биыл мемлекеттік рәміздердің бекітілгеніне – 25 жыл. Осыған орай аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтаныш» атты жабық жыр мүшәйрасында топ жарған Бірлесу-Еңбек ауылының тұрғыны, жас ақыны Жанна Бахатай облыстық байқауға жолдама алған болатын. Мемлекет мақтанышы – Ту, Елтаңба, Әнұранды жырға қосып, бейнесі мен құндылығын сұлу сөзбен жеткізген Жанна облыстық байқауда да бас жүлдені жеңіп алды.
Жуырда М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде өткен мемлекеттік рәміздеріміздің 25 жылдығына арнаған «Ел рәміздері – елдігіміздің берік негізі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың қолынан диплом және бағалы сыйлығын алған аруымыз өлеңін оқыды. Тағы бір айта кететін жәйт, бұл күнде аталмыш жоғары оқу орнының екінші курс студенті Жанна Бахатайға университет ректоры Махметғали Сарыбеков өз алғысын білдіріп, бір айлық шәкіртақы сыйға тартты.

Бөлім:  Білім
Сәрсебі, 31 Мамыр 2017 10:32

Экстремизмді әлем айыптайды

Бізді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы» деген өсиеті бейжай қалдырмаса керек. Шындығында, арамызда елге аянбай қызмет ететін ұл да бар, теріс басып, өзгенің бодауында жүрген құл да бар. Мәселен, намысы бар азаматтар елін, жерін қорғап тер төгіп жүрсе, кейбіреулер қаскөйлік ниетпен бейбіт тұрғындардың тыныштығын бұзып жүр.
Жасырары жоқ, әлемнің түкпір-түкпірінде өзін-өзі жарып, жұртшылықты дүр сілкіндіріп жүрген «мен – адаммын» дейтін жанкештілер пайда болды. Ондайларды қазір «экстремизм, терроризм» дейтін топқа жатқызатын болдық. Осындайда «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деген сөзден басқа теңеу таба алмағандаймыз.
Мысалы, ағымдағы жылдың 22 мамыры күні Ұлыбританияның Манчестер қаласындағы «Манчестер Арена» залында жанкештілер жарылғыш затты іске қосып, соның салдарынан 22 адам қаза тауып, 59 адам жараланған. Бүгінде бұл террорлық әрекеттерді әлем айыптап жатыр.
«Терроризмнің етек алуы барлық мемлекет үшін қауіп-қатерге айналған. Қазақстан халықаралық қауіпсіздікке қатер төндіретін терроризм мен экстремизмнің кез келген түрін қатаң айыптайды» деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Премьер-министрі Тереза Мэйге көңіл айту жеделхатын жолдады.
Теріс пиғылды, қара ниетті адамдарға лағнет айтудан тайынбаған ауыл тұрғындары да лаңкестердің бұл әрекетін айыптап жатыр.
Жуырда Полатқосшы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-әскери есеп жүргізушісі Сәкен Мырзабайдың ұйымдастыруымен ауылдағы «Тұрғани» мешітінде жамағатпен «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Әңгімеге бүгінгі күннің тынысы, діни көзқарасы, жастардың қоғамдағы белсенділігі, білімі, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі болмысы, терроризм мен экстремизм жайы арқау болды.
Үстел басында ауыл имамы Р.Каримов, қариялар А.Ибрагимов, Ш.Азинаев, Т.Мусин, И.Эрсаев, Х.Машуев, А.Абдуллаев өз ойларын бүкпесіз ортаға салса, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбегі сіңген қызметкері, осы округте ұзақ жылдар бойына учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқарған С.Тажиев, округ әкімі аппаратының бас маман-әскери есеп жүргізушілері С.Мырзабай мен Н.Әміров дәйекті деректерді келтіре отырып, маңызды мәселе төңірегінде кеңінен әңгіме қозғады.

Бөлім:  Дін
Сәрсебі, 31 Мамыр 2017 10:31

Комиссия отырысы өтті

Дүйсенбіде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті.
Бірқатар мекеме-ұйым басшылары шақырылған отырысты партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұрқасым Үкібаев ашып, жүргізді. Комиссия отырысында Абай орта мектебіне жазылған Б.Сағадиеваның арызы бойынша партия аудандық филиалының консультанты Бақытжан Кикбаев хабарлама жасады. Бұдан кейін «Орталық» бастауыш партия ұйымының төрайымы Назира Шалбаева 2017 жылдың 1 тоқсанында атқарған жұмысы туралы есеп берді.
Күн тәртібіне қойылған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.

Бөлім:  Нұр Отан
Сәрсебі, 31 Мамыр 2017 10:30

Шегірткенің шегінетін түрі жоқ

Жаз бойына секеңдеп жүріп ән салатын шегірткелер ілмиген түріне қарамай жауыздық танытатынын кім біліпті. Жүріп өткен жолын жайпап, мал біткенге азық қалдырмай қомағайлық танытатыны ғалымдар мен малшыларды да, басшы мен қосшыларды да қайран қалдырып келеді. Өздерінің жаны сірі ме деп қаласың. Ересектерін айтпағанда ұясынан жаңа шыққандарының өзі адамдарды екі аяғынан тік тұрғызды. Тік тұрғызғаны сол, Марокко шегірткелеріне қарсы химиялық өңдеуге мамандар әуеден де, жерден де тиісті шаралар қолданғанымен, олардың қарасы азаяр емес. Қайдан шығып жатыр? Белгісіз. Әйтеуір, үйір-үйірімен топталып жүріп диқандар мен малшылардың зәре-құтын қашыруда. Олардың уайымдайтын жөні бар. Еккен егінін таптап өтсе не болмақ? Мал қорек ететін көк майса қу таяқ болып қалса, қыста мал не жейді?
Мұндай ой тек малшы мен диқанды ғана емес, ауыл, аудан, облыс басшыларын да ойландырып отырғаны даусыз. Мұндайда басшының да, мамандардың да қарап отырмасы анық.
Осыдан ай бұрын шегірткеге қарсы әрекет жасаудың қамына кіріскен облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев, ҚР АШМ АӨК МИК Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Нұрби Жігітеков, орынбасары Серіжан Бексұлтанов, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы, облыстық болжамдар орталығы Жамбыл аудандық филиалының директоры Бикен Сүлейменова, аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Сейтмахан Қошмағанбетов алғашқы күннен дала төсінде Марокко шегірткесімен алысуда.
Бар күш Ерназар, Өрнек, Пионер, Қаракемер ауылдық округтері аумағына жұмсалған. Рас, химиялық өңдеу жұмысын АН-2 ұшағымен «Азия Континенталь Авиаланс» ЖК ұшқыштары жүргізсе, «Оразалиев» ЖК механизаторлары, мамандары арнайы бүріккіштермен шегірткелерді улауда.
Химиялық өңдеу кезінде 4 Уаз, 1 Газ-66, 1 дельтаплан және 1 Газель, 1 Газ-53 автокөліктері жұмылдырылды. Бұдан басқа ауылдық округтерде 4 автокөлік қызмет көрсетті. Сондай-ақ 50 адам жұмысқа тартылды.
Әйтсе де тендерді жеңіп алған мекемелердің жұмысына аудан басшыларының көңілі толмай отыр. Басшылардың сөзіне сенсек, өңдеушілердің қарқыны баяу көрінеді. Ал, шегірткенің шегінетін түрі жоқ.

Сәрсебі, 31 Мамыр 2017 10:30

Қоғам дамуына тың серпін береді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған әрбір сөз бен берілген тапсырмалар барша қазақстандықтың көкейін­дегісін дөп басып қана қоймай, олар­ды нақты іске асыруға жігерлендіре түсетіні сөзсіз. Президентіміздің «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады. Рухани жаңғыру тап бүгін басталатын жұмыс емес» деген сөздің астарында үлкен мән бар. Соның бірі – бізге қажетті әлемде болып жатқан құбылысты саралау және одан өзімізге керегін алып, кәдемізге жаратуымыз керек. Ол үшін ой-жүйемізге шапшаңдық пен нақты іс-әрекет қажет. Сонымен қатар Елбасы бұл мақаласында ұлт мұраты, ұрпақ игілігі төңірегінде тұщымды ойларымен бөлісті.
Ұлт көшбасшысы бұл мақаласында халықтың көкейінде жүрген көптеген құнды­лық­тарды айтып, жастарды жігерлендірді. Оларды болашаққа ұмтылуға қанаттандырып, жеңіл өзгеруге қабілетті, аса білімдар адамдар жеңіске жететінін нақты түсіндіріп берді. Сонымен қатар ел алдында тұрған таяу жылдардағы міндет­терді айқындады. Болашаққа бастайтын бағдарламаларды көрсетіп, олардың елімізге, ұрпаққа не беретіндігін атап айтты. Ұлттық, рухани кодымыздан ажырап қалмай, жаңғыру, дамыған 30 елдің қатарына ену – басты мақсат. «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады», – деген Елбасы «Туған жер» бағдарламасын ұсынды. Бұл бағдарлама халықтың кең қолдауына ие болды. Бағдарламалық мақалада айтылған зор толғаныстардан тұрған игілікті шешімдерді, бағдарламалар мен міндеттерді жүзеге асыру жолында аянбай еңбек ету елін сүйген әр патриоттың міндеті деп білемін.
Ертеңге еркін қанат қағар азамат болып, елін биіктерге жетелеуді көксеген әрбір қазақстандық Елбасы бағдарламасында атап көрсеткен міндеттерді орындап, өмір сүру үшін өзгере білу қажет екенін терең сезінуі керек деп ойлаймын.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарла­масы қоғам дамуына тың серпін беріп, әрбір азаматты алға жетелейтін тарихи күшке айналатына сенімім мол.

Жарқынай Көшкінбай,
Өрнек ауылдық округі әкімінің жастар ісі жөніндегі кеңесшісі.

Бөлім:  Жолдау

Бүкіл әлем жұртшылығы көз тігіп, құлақ түрген «ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылатын уақыты жақындаған сайын оған дайындық қыза түскен. Өңірлерде «Барлық жетістігіміз, жеңісіміз ЭКСПО-ға арналады» деген ұранмен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сондай іс-шаралардың бірін Жамбыл облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі және ҚР Мемлекеттік қызметшілер күніне орай мемлекеттік қызметшілер арасында өткен облыстық спартакиадаға 32 команда сапында 578 адам жарыс жолына шықты.
Спорттың он түрі бойынша өткен дәстүрлі бәсекеге аудан командасын аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітов бастап барды.
Спартакиада қорытындысында кіші футболдан өнер көрсеткен аудан әкімдігі мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімшесінің басшысы Жомарт Телеуов (команда капитаны), Көлқайнар және Гродеково, Өрнек ауылдық округтерінің әкімдері Дәрмен Дәулетов, Болат Қожабеков, Ержан Жолбай, Көлқайнар ауылдық округінің бас маманы Бақыт Бөлегенов және Жамбыл ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Әділет Ережепбаев жасындай жарқырап, 21 команда ішінен 2-ші орынды иеленді. Ал, турникке тартылудан аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Бағдат Нұсқабеков қола алқаны тағынса, Қарой ауылдық округінің бас маманы Ақтілек Жамбыл 100 метрге жүгіруден жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Дүйсенбі күні аудан әкімі Мәден Мұсаев спартакиададан олжалы оралған мемлекеттік қызметші-футболшыларымызға облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының дипломын салтанатты жағдайда табыстады.

Бөлім:  ЭКСПО

Айналаны аждаһадай жалмаған ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін туралы айтудың өзі ауыр. «Қаптай көшкен қауымның қорымы қалған», қазақ халқына замана зарпын жұтқызған жылдар бұл. Жүйкеге күбіртке түскен, қаракөздің қабағынан қара көлеңке жүгіріп өткен, сайын далада алаңсыз мал қайырып, егін салған еңбектің момынторларына кепкі кигеннің тепкісі тиген кезең бұл. Бұлбұл зарын қарға ұқпас, «Жаптым жала, жақтым күйе» деп ұрандаған сұрқия саясаттың салтанат құрған шағы бұл.
Қаралы 1937 жылы пайда болған «Үштік» жендеттерінің үкімі бірнеше айдың ішінде кімнің кінәлі-күдікті екенін ажыратып жатпастан Қазақстанда мыңдаған адамды оққа байлап, отауларын отады. Қит етсең қылмыскер атандыратын қатігез қоғам ендігі жерде аттап бассаң аярлыққа тап қылатын, қаптап жүрген күнәһарлық пен азғындыққа белшеден батқан бейшаралық қоғамына ұласқан еді. Кеше ғана бір-бірімен сыйласып жүргендер енді бірін-бірі аяқтан шалып, сырттан шот салысқан сұрқия сатқындыққа бой ұрды. Жаңа заманның қандықол жендеттері жүректері еш шімірікпестен жазықсыз жандарды аяусыз атып жатты, ұзақ мерзімге соттап жіберді. Сол жүйені ойлап тапқан саясаткерлер түрін көрсетпеді, бетперде киіп алып, ақиқатты жасырды. Жер мен көкті тыным таппай тіміскілеп, тұмсығын қанға батырған ОГПУ-дің құтырған қасқырдай есерлері жемтігін іздеп тауып, аяусыз жаншып жатты. «Бөрі тойғанына мәз емес, қырғанына мәз» деген осы-ау. Әпербақан желеумен ел тәнін теспей сорған, қазақтың қаймағын қалқып алған кеңестің кенелі науқаны еді бұл отызыншы жылдар.
Саяси қуғын-сүргін Ұлы Отан соғысы жылдарында басқа сипатпен жалғасты. Тұтас халықтар ұлттық белгісіне қарай жаппай күштеп Қазақстанға жер аударылды. Күздің қара суығында тауарлы темір вагондарға тиеліп, күзетпен әкелінген аш-жалаңаш адамдардың жүздері аянышты, тағдырлары теперішті еді. Бұрын бірді-екілі орыс ұлтынан басқаны көрмеген жергілікті жұрт қаншама түрлі халықты көрді. Соғыс ауыртпалығынан өздері жетісіп отырмаса да, жер аударылғандарға құшағын ашып, кең пейілін танытты, пейнетпен тапқан үзім нанды солармен бөлісті. Қиыр Шығыстан келген корейлер, Еділ бойынан ауған немістер, Қап тауынан үдере көшкен түрік, грек, иран, қарашай, балқар, шешендер, Карпаттан жер аударылған украиндар мен поляктар қазақ елінің дәм-тұзын татты. Кіндігі байланған тарихи Отанынан алысқа кетіп, азап көргендердің әрбірі «Жеке басым неге болса да шыдаймын, тек тұтас халқым қараланбаса екен, ұлтымызға күйе жағылмаса екен» деген тілекпен ғұмыр кешті. Олар алғашында мұңлы еді, ызалы еді. Шыбын жандары дүлей күш пен долы саясаттың шырмауында шырылдап, тауқыметті көп тартқан бұл халықтар көңіл тыншуын қазақтың сағымды даласынан аласұра іздеді-ау. Қоңыр мінез қазақтың жерінен оны тапты да.
Тар заманның табиғатын танып болған жоқпыз-ау. Талай сойқанның сойылы соғылып, сол кесапаттың күпісін киген қандастарымызды, шарасыздан жегідей жеген жебір қоғамның көзсіз көбелегіне айналған қуғын-сүргін құрбандарын еске алу – парыз. Тәуелсіздігіне тәубе деп, «Мәңгілік Ел» мұратына ұмтылған Ұлы дала ұландары өткенінен сабақ алып, төл тарихын түгендеп жатса, естиярлығымыздың белгісі болар бұл.

Бөлім:  Саясат

Бүгінде жер-жерлерде лаңкестік әрекеттер белең алуда. Осыған орай Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 3 сәуірдегі «Террористік тұрғыдан объектілердің терроризмге қарсы қорғану жүйесіне қойылатын талаптары бойынша аудандық орталық аурухананың бас дәрігері А.Саурықовтың қаулысына сәйкес орталық емханада оқу-жаттығу өтті.
Оған медицина саласының қызметкерлері мен жұмысшылары қатыстырылып, терроризм актісі орын алған жағдайда және өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында, ондай келеңсіз жағдай орын алған кезде жасалынатын іс-әрекеттер түсіндірілді.
Оқу-жаттығу жұмысына қатысқандар алдында бас дәрігердің шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары О.Махатов, медициналық апат қызметі және ТЖ басшысы Е.Тәжікеев және аудандық ТЖ бөлімінің инженері, азаматтық қорғау лейтенанты А.Баянов іс жүзінде қорғанудың тәсілдерін үйретті.

Бөлім:  Саясат
Бет 1 -ші 7 беттен

Серіктестер