Материалы отфильтрованы по дате: Сәуір 2017
Сенбі, 29 Сәуір 2017 00:00

Көктем күнінің берекесі

Табиғат-ананың тосын мінезіне ешкім қарсы тұра алмас. Жылдағыдан биыл көктем өңірімізге кештетіп жетті. Кештетіп жетсе де, ауданымыздың бір шетіндегі ауылға су басу қаупі төнді. Енді бір ауылдардағы диқандар жерге дән тастай алмай пүшәйман күйге түсті. Десек те, «күннің жаманы кетер» деген. Табиғат-ана жуасып, көк аспан нұрын шаша бастады. Енді санаулы күндерден кейін мамыражай күй сыйлайтын мамыр айы келеді өңірімізге.

Жаңаөткелдегі ахуал
Апта аралығында аудан әкімі Мәден Мұсаев өңірімізге жұмыс сапарымен келген «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеевпен бірге су тасқынынан зардап шеккен Тоғызтарау ауылдық округіне қарасты Жаңаөткел елді мекенінің бүгінгі ахуалымен танысты.
Қардың күрт еруінен, толассыз жауған жаңбырдың салдарынан Билікөл ернеуінен асып, сайға орналасқан бес тұрғын үйдің ауласын су басқан-ды. Алайда, аудан басшыларының тиянақты тірліктерінің нәтижесінде су басып қалу қаупі сейілген.
– Тасқын судың салқыны біздің үйге де тимей қоймады. Аула іші суға толды. Әбүйір болғанда, тұрғын үйіміз дін аман. Адам, мал шығыны жоқ. Аудан басшыларына көп рахмет. Көп болып жұмылып, олар күндіз-түні осында болды. Он-он бес адам әлі де жүр. Техникалар да осында, – деді ауыл тұрғыны Галина Әбдиева бізге берген сұхбатында.
– Қауіп сейілді деп қарап жату жараспас. «Сақтансаң сақтаймын» деген. Қатер толық жойылғанша жігіттеріміз осы жерде кезекшілікте тұратын болады. Қора-қопсысы бүлінген тұрғындарға көмек береміз, – деді Мәден Тоқтарбайұлы ауласын су шайған тұрғын үйлерді аралай жүріп.
Басшылар ауылдағы 50 оқушыға арналған А.Матросов атындағы негізгі мектептің іші-сыртын да аралап көрді.

Пионердегі пәрменді іс
Күні кеше ғана мал төлдету науқанын аяқтаған «Пионер» өндірістік кооперативінің еңбекшілері дала қосына аттанған. Жақсыны көрмек ниетпен келген басшылар осындағы қант қызылшасының себік жұмысына куә болды. Мұнда нағыз қарбалас шақ туған. Пионерліктер 60 гектар жерге қызылша егуді көздеп отыр. Олардың пәрменді ісіне риза болған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев егіншілердің табыстың тайқазанын тасыта беруіне тілектестігін білдірді.

Тастөбедегі қызу еңбек
Жұмыс сапарын Тастөбе ауылында жалғастырған басшылар қызылша себу жұмысын қолға алған қызылдиқандықтардың қарқынына жоғары баға берді. Олар 100 гектар алқапқа тәтті түбір тұқымын егуді межелеген екен.
Себік жұмысын бастағандарына 2-3 күн болған диқандар енді бір-екі күнде науқанды аяқтаймыз деп отыр.
Өткен жылы мол өнім алған қызылдиқандықтар биыл да жоғары көрсеткішке қол жеткізетініне сенгің келеді. Қазіргі қызу еңбек соның айғағындай.
Басшылардың жұмыс сапары кезінде олармен бірге аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Несіпбеков, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Назар Нұржанов, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманалы Құрбанов, ауыл әкімдері мен шаруашылық жетекшілері болды.

Бөлім:  Саясат

Аудан әкімі Мәден Мұсаевтың аудан тұрғындарын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен ҚҰТТЫҚТАУЫ

Құрметті аудан тұрғындары! Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Тағдырдың тәлкегімен шекара асып келген азаматтарды жатсынбай, бауырына басқан қазақ елі бүгінде төрткүл дүние көз тіккен алып мемлекет атанып отыр. Ұлтаралық достығымызды дәріптейтін бұл мереке көпұлтты еліміздің тамаша дәстүріне, бейбітшілік пен өзара түсіністіктің символына айналды. Тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістіктері мен толағай табысы – барлық қазақстандықтардың мызғымас достығының нәтижесі. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, қазақстандықтардың бірлігі мен татулығы арқасында тәуелсіздік жылдары ішінде төрт құбыласы тең қуатты мемлекет құрдық. Тұрақтылықтың бірегей үлгісін танытып, дамудың даңғыл жолын айқындадық. Біз қазығы берік, мемлекеттігі бекем қазақ елінің айбынын асырып, атағын әлемге әйгіледік. Еліміздің қарқынды дамып келе жатқандығын бүкіл дүниежүзі мойындады. Алдағы уақытта да ауданымыздың әрбір тұрғынының еселі еңбегі экономиканы жаңғыртуды жүзеге асырудың негізі болатындығына нық сенімдімін.
Біз мемлекетіміздің гүлденуі үшін ел ішіндегі тұрақтылық пен татулықты одан әрі бекемдеп, барлық этникалық топтардың мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрі мен тілін дамытып, бай әрі ортақ тарихи-мәдени мұраларымызды сақтауға бағытталған жұмыстарды бұдан әрі де жалғастыруымыз керек.
Қадірменді жерлестер! Ынтымақ мерекесі құтты болсын! Сіздерге бақыт пен қуаныш, ынтымақ пен бірлік, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін!
Бірлігіміз нығая берсін, еліміздің іргесі берік болсын!

Бөлім:  Қоғам
Сенбі, 29 Сәуір 2017 00:00

Талапты күшейту қажет

Қазіргі таңда жас ұрпақтың өсіп-жетілуіне мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, қамқорлық жаса­луда. Әсіресе, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға жаса­латын жеңілдіктердің мөлшері биылғы жылы да өскендігін айт­қан орынды. Дегенмен, отбасы алдындағы жауапкершілігін жете сезінбей, ажырасқан жанұялардың жағдайы алаңдатпай қоймайтын мәселе. Бала тағдырына жауапсыз қарайтындардың азаймауы да осы мәселеге тікелей қатысты екенін аңғарамыз.
Таяуда аудандық прокуратурада осындай түйткілді мәселе – кәме­летке толмағандардың мүддесіне және мемлекет пайдасына өндірі­луге жататын атқару құжаттарының орындалуына, аудандағы жеке және мемлекеттік сот орындаушылар мен осы бағытта құрылған мобиль­дік топтың атқарған шарала­ры­ның нәтижесі мен тиімділігіне жүргізілген талдау қорытындысы бойынша ауылдық округ әкімде­рімен «дөңгелек үстел» отырысы өткізілді.
Аудан прокуроры Н.Қарашолақ ашып, жүргізген басқосуға ау­дан прокуратурасының проку­ро­ры Ж.Миралиева, Жамбыл облы­сы Әділет департаменті аудан­дық аумақтық бөлімінің аға сот орындаушысы И.Сатыбалдиева, облыстық жеке сот орындаушыларының өңір­лік палатасының жеке сот орындаушысы И.Шамшидинова, аудан әкімі аппараты мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімшесінің басшысы Ж.Телеуов және аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Е.Келесов қатысып, белгілі мерзім ішінде атқарған жұмыстарының есебін берді. Сондай-ақ алдағы уақытта мобильдік топтың жұмысын жандандыру мақсатында бекітілген жұмыс жоспары бойынша алимент төлеуші борышкердің заңда көрсетілген міндеттері мен іс-құжаттардың орындалуына қатаң бақылау керектігін назарға алды.
Басқосу соңында өндірістегі мемлекет пайдасына өндірілуге жататын атқару өндірістері бойынша нақты іс-шаралар ұйымдастыруды және олардың орындалуын қамтамасыз ету, құқық қорғау және арнайы органдардың ақпараттық алмасу жүйесі арқылы (СИОПСО) өндірістегі атқару құжаттары бойынша борышкерлердің мүліктік жағдайы мен табыс көздерін анықтап, оның орындалуына тиісті шаралар жүргізуді және айыппұлдарды өндіру туралы атқару өндірістері бойынша әр борышкердің тұрғылықты мекенжайын тексеріп, олардың тұратын жерлері анықталмаған жағдайда іздеу жариялау туралы ұсыныспен сотқа жүгіну секілді нақты шешімдер қабылданып, ауылдық округ әкімдері мен тиісті сала мамандарына тапсырмалар жүктелді.

Бөлім:  Қоғам

Кең байтақ қазақ жерінде бірлігі жарасқан ұлттар мен ұлыстар татулықты ту етіп өмір сүруде. Бір үйдің баласындай бір тудың астында жиналған қазақстандықтар үшін достық пен бірлік – қастерлі де тәтті ұғым. Достық, бірлік, ынтымақ – Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген ең қымбат құндылықтарымыздың бірі. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні әртүрлі ұлттар мен ұлыстар бір-бірінің дәстүр-салттарымен танысады. Бұл мереке қазақстандықтарды жақындастырып, татулықтарын арттырады. Достық мерекесінің мәні де осында. Бірлігі жарасқан ұлттың тірлігі де тиянақты болары сөзсіз.
Мамыражай мереке қарсаңында Жалпақтөбе ауылдық округіндегі В.Чкалов атындағы орта мектепте «Біз – Қазақстан халқымыз!» атты этнос өкілдерінің фестивалі өткізілді. «Үлкен ел – Үлкен отбасы» жобасы аясында өткізілген шараға «Жастар ресурстық орталығы» мен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі ұйытқы болды. Мерекелік кешті орталықтың ақпараттық талдау, мониторинг жүргізу бөлімінің басшысы Бақытжан Құтжан мен Бесағаш ауылдық округінің аула клуб жетекшісі Толғанай Шардарбек жүргізді.
«Үлкен ел – Үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы – белсенді түрде іске аса бастаған, Елбасы ұсынысымен қолға алынған тың бастаманың бірі. Бүгінде жоба Қазақстан халқын біріктіретін қосымша құралға айналды. Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамымыздағы беделін арттыра отырып, еліміздегі ұлт, ұлыстардың ауызбіршілігін нығайтуды мақсат еткен бұл жобаның берері мол. Жоба аясында өткізілген фестивальға түрік, күрді, татар, дүнген ұлттарының өкілдері қатысып, өздерінің салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымен таныстырды. Ақбұлымдық «Достық», Бесағаш ауылдық округінен «Юлдузлар», Гродеководан «Шаңырақ», Қызылқайнар ауылдық округінен «Курманджи», Жамбыл ауылдық округінен «Ахысха», Полатқосшыдан «Дүнген арулары» топтары «Таныстыру», Ұлттық өнер», «Ұлттық тағам» және «Білекті бірді, білімді мыңды жығар» кезеңдері бойынша сынға түсті. Қызылды-жасылды ұлттық киім киіп, жүздері жайнаған оқушылар мемлекеттік тілді білетіндіктерін көрсетіп, қазақ тілінде таныстырды өздерін. Бармақтарынан бал тамған шеберліктерін ұсынған дәмі тіл үйіретін ұлттық тағамдарынан, көрмеге қойылған қолөнер бұйымдарынан байқадық.
Қатысушылардың өнеріне, білімділігі мен аспаздық шеберлігіне облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Камал Нарбатыров, бөлім басшысы Сәуле Құрманқұлова, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Темешбаев, «Жастар ресурстық орталығының» директоры Жасұлан Үсенбаев, облыстық «Знамя труда» газетінің тілшісі Айжан Әуелбекова баға берді.
Қазылар алқасы қатысушылардың өнерін жоғары бағалап, барлық топтар өзара тең түсті. Осылайша, шуағын шашқан көңілді күні бірлік пен ынтымақ салтанат құрды.
Бірлік мерекесінде достық туы желбіреп, өзара тең түскен қатысушылар арнайы Алғыс хат, сыйлықтармен марапатталды.

Бөлім:  Қоғам

Татулық – достық кілті. Бірлігі жарасқан елдің ісі берекелді, тірлігі де тиянақты. Татулықтың тамаша үлгісін Жамбыл ауданынан анық байқауға болады. Түрі басқа тілегі бір, қазақтармен жүрегі бір өзге ұлт өкілдері бас ақын – ұлы Абайдың шығармаларын жатқа айтып, жүрегімен сезінсе қалай мақтанбайсың, қалайша шаттанбассың?!
1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні қарсаңында Шайқорық ауылдық клубында өзге ұлт өкілдері арасында аудандық «Абай оқулары» байқауы өткізілді. Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған байқауға көркемсөз оқу және ән айту шеберлігін қатар алып жүрген өзге ұлт өкілдері қатысып, хакім Абайдың шығармаларын жатқа оқып жарысты. Ауданның әр округінен келген түрік, балқар, орыс, күрді, татар ұлтының өкілдері үш кезең, атап айтқанда, «Абай өлеңдерін, поэмаларын жатқа айту», «Абай жолы» романынан жатқа үзінді оқу» және «Ақынның әндерін орындау» бойынша сынға түсіп, «кім мықтыны» анықтады. Талапты жастардың ақын шығармашылығына деген қызығушылығы жарқыраған жанарларынан анық байқалып, бойларынан әдеби әлемге деген сүйіспеншіліктің желі еседі.
Айшабибілік балқар ұлтының өкілі Хамзат Хапаев бас ақынның «Әбдірахман науқастанып жатқанда» өлеңін образға ене орындап, көпшілік көңілінен шықса, татар ұлтының өкілі, бесағаштық ару Айжан Шайакбар «Абай жолы» роман-эпопеясынан үзінді оқып, көрермен көзайымына айналды. Ал ақбұлымдық түрік қызы Нурила Қадырова әнді Абайша сүйетінін көрсетіп, қазақтың қара домбырасымен «Желсіз түнде жарық ай» әнін нақышына келтіре орындады.
Талапты қатысушалардың талпыныстарын ерекше атап өткен қазылар алқасы – аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Гүлхан Әлімбекова мен Мәдениет үйінің әдіскері Жарқынбек Құдайбергенов Айшабибі ауылдық округінен келген Хамзат Хапаевты бас жүлдеге лайық деп тапты. Ал бірінші орынды Ақбұлым ауылдық округінің үміткері Нурила Кадырова жеңіп алса, екінші орынды Жамбыл ауылдық округінен келген Алейна Мамедова қанжығасына байлады. Жүлделі үшінші орынға Бесағаш ауылдық округінің қатысушысы Айжан Шайакбар ие болды. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталса, қалған қатысушылар Алғыс хаттарға ие болды.

Бөлім:  Қоғам
Сенбі, 29 Сәуір 2017 00:00

Бірлігі күшті ел озады

«Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деген. Бүгінде елімізде жүз отыздан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Олардың салт-дәстүрлері, тілі мен мәдениеті жоғалмас үшін қолайлы жағдай жасалған. Халқымыздың қанға сіңген осы бір қасиеті арқасында жылдан-жылға мәдениетімен, ұйымшылдығымен өркені өрге домалауда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықтар достығы орныққан елдің жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан болуы керектігін ұлы міндет етіп қойды.
Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі – бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамы. Бұл күн – әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімнің мерекесі.
Осындай айтулы күнге орай «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы мен аудандық орталық кітапхана және Аса ауылдық округінің қызметкерлері бірлесіп ауданымызда тұратын өзге ұлт өкілдерімен «Ынтымағы жарасқан Қазақстан» атты кездесу кешін ұйымдастырды.
Орталық кітапхана қызмет көрсету бөлімінің кітапханашылары Ақдана Құрымбаева мен Құралай Асхатаева жүргізген мерекелік кештің ашылуында сөз алған партия аудандық филиалының консультанты Бақытжан Кикбаев Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтап, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық еліміздің ең маңызды байлығы және бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету әрбір қазақстандық азаматтың міндеті екенін жеткізді. Бұдан кейін кеш жүргізушілері мерекеге арнайы қонаққа шақырылған өзге ұлт өкілдері Шырын Халмамат (араб), Эмилья Кених (неміс), Талайгүл Құрманова (қырғыз) және Любовь Дмитриеваларға Қазақстандағы өмір жолынан, тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін түрлі сұрақтар қойып, кештің мәнін аша түсті. Олардың берген жауаптары да залға жиналғандарға ой салғаны анық. Ал, кезек «Татулық – достықтың киелі бесігі» атты кітап көрмесіне келгенде оқу залының кітапханашысы Асел Исаева библиографиялық шолу жасап, мерекенің маңызын, ұлы тұлғалардың ұлағатты сөздерін паш етті.
Басқосуды қорытындылаған Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшымбетов пен «Жетітөбе» бастауыш партия ұйымының төрағасы Нышанбек Малдыбаев  «Бақ қайда барасың? – Ынтымаққа барамын» деген ойларын жан-жақты тарқатып, мерекемен құттықтады.
Қайтар тұста қонақтардың иығына орамал жауып, сыйлық беруді де дәстүр санады.

Бөлім:  Қоғам
Сенбі, 29 Сәуір 2017 00:00

Оқырмандар басқосуы

Бектөбе ауылдық кітапханасында мекеме қызметкерлері мен жастар арасында жазушы, аудармашы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, қазақ әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосқан Немат Келімбетовтің туғанына 80 жыл толуына орай «Ұлы тұлға» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өтті.
Шараға кітапхананың тұрақты әрі белсенді оқырмандары Т.Әбдімүтәліп, Ә.Қорғамбай, Б.Асқарұлы, А.Асанова жазушының өмір жолынан сыр шертті.
Ә.Искакова жүргізген басқосуда Бектөбе ауылдық кітапханасының меңгерушісі С.Жұмаханова «Ұлы тұлға» тақырыбында Н.Келімбетовтің шығармашылығы жайында баяндама жасаса, кітапхананың тұрақты оқырманы Ә.Қорғамбай жазушыға арнау өлеңін оқыды. Сондай-ақ ол аудармашының «Күншілдік» монолог-диалог кітабының мазмұны желісінде қазіргі қоғамда өршіп бара жатқан адамдар арасындағы күншілдікті жоюдың қағидалары туралы айтып өтсе, Амангелді орта мектебінің жас маманы Т.Әбдімүтәліп Н.Келімбетовтің «Ежелгі дәуір әдебиетіне» сіңірген еңбегіне, А.Асанова мен Б.Асқарұлы «Үміт үзгім келмейді» атты кітабына шолу жасады.

Бөлім:  Руханият
Сенбі, 29 Сәуір 2017 00:00

Егістік басында

Сейсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралы, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманалы Құрбанов, жергілікті БАҚ өкілдері Тастөбе ауылындағы «Қызыл-Диқан» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде болып, құрылымның бүгінгі келбетін, тыныс-тіршілігін, ондағы жұмыс барысын көзбен көріп қайтты. Онда жұмыс қызу әрі қарқынды жүріп жатыр екен. Олай дейтініміз, шаруалар алдын ала дайындап қойған жеріне қант қызылшасының француздық нұсқасы – авонтаж тұқымын егіп, сол егістікке нитромоска тыңайтқышын себуде. Егістік алқабының басында кооператив төрағасы Нуриддин Бегманов жүр. Бізбен әңгімесінде: «Қазіргі уақытта біз қант қызылшасын егумен қарқынды түрде айналысып жатырмыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, егістік алқабындағы жұмыс жақсы жүріп жатыр. Жоспар бойынша қант қызылшасын 100 гектар жерге егеміз. Оның 50 гектарына қант қызылшасы егіліп, тыңайтқышпен қоректендіріледі. Қалған 50 гектарға авонтаж тұқымы себіледі. Одан бөлек, біз 600 гектар жерге күздік бидай, 320 гектар жерге арпа ектік. Мамыр айында 100 гектар жерге жүгері, 60 гектар жерге соя егіледі. Егістік науқанына 40 жұмысшы, 6 МТЗ тракторы, 2 К-700, 3 культиватор, 3 комбайн техникасы жұмылдырылуда», – деді.
Егістік басында болған аудан басшылары шаруалармен емен-жарқын әңгімелесіп, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Ауданда негізгі азық-түлік, азық-түлік емес және ақылы қызмет көрсету бағаларын тұрақтандыру, бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында аудан әкімдігінде құрылған штабтың жыл басынан бері 7 отырысы өткізілді. Аумағымыздағы сауда орындарымен бағаның өсуіне бермеу мақсатында 138 меморандумға қол қойылды.
Тұрғындарға тұрақтандыру қорынан төмендетілген бағамен босатылатын тауарлардың тізі­мі туралы ақпарат жергілікті баспа­сөз беттерінде тұрақты түрде жариялануда.
Бағалардың өсуіне жүргізілген мониторингтің нәтижесінде аудандағы сауда орындарында белгіленген 19 түрлі азық-түлік тауарларының 15 түрінен баға қалыпты деңгейде сақталғанымен, 4 түрлі тауардың – картоп, сәбіз, тауық еті, тауық жұмыртқасының бағасында өсім байқалады.
Тауық еті мен жұмыртқа бағасының өсуіне тауарлардың сырттан әкелінетіні себеп болып отыр. Алдағы мамыр айында «Аса Даму» ЖШС-нің құс фабрикасының алғашқы өнімі алынбақ. Сонымен қатар, Байзақ ауданындағы ет бағытындағы құс фабрикасы іске қосылғанда фабрикалар басшылығымен өнімдерді аудандағы сауда орындарында төмен бағамен сату туралы меморандум қабылдау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
 Ауданның сауда орындарына көкөністер, негізінен, Тараз қала­сын­дағы «Ауыл береке» базарынан әкелінеді. Жүргізілген мониторингке сәйкес аталған базарда картоптың көтерме бағасы 95-110 теңге көлемінде. Ұсынымды баға – 104 теңге. Дүкендерде 125-135 теңге аралығында сатылуда. Сондай-ақ, сәбіздің базардағы бағасы сапасына қарай 90-100 теңге, ұсынымды бағасы – 103 теңге, дүкендердегі бағасы – 100-115 теңге. Бүгінгі таңда «Тараз» сауда-саттық компаниясынан картоп алу бойынша әрекет жасалуда.
Аудандағы 6 ауылдық округте сыйымдылығы 8835 тонналық 121 көкөніс сақтау қоймасы бар. Оның 5-еуі типтік, қалған 116-сы бейімделген. Қазір қоймаларда 950 тонна сәбіз, 1050 тонна пияз қалған. Сонымен қатар ауданда 290 жылыжай тіркелген. Жалпы алаңы – 15,2 гектар. Бүгінде «Азамат» шаруа қожалығы 1 гектар жылыжайдан күніне 2 тонна қияр, «Шохай-Жеміс» ШҚ 4,2 гектар жерден күндігіне 1 тонна қияр жинап, келісін 200 теңгеден өткеруде. Үш шаруашылық 3,5 гектар жерге егілген өнімдерін мамыр айынан бастап жинайды.
Бағаны тұрақтандыру мақсатында «Тараз сауда-саттық компаниясы» ЖШС тарапынан төмендетілген бағамен босатылатын тауарларды алуға болатындығы жөнінде хабар таратудамыз. Жыл басынан округтерде тиісті операторлар белгіленіп, сауда-саттық компаниясынан 15574 келі тауар алынып өткерілді. Оның ішінде қант, картоп, пияз, сәбіз, 1-сұрыпты ұн, күнбағыс майы және қарақұмық бар. Сәуір айына 5625 келі тауарға өтінім жолданды.
Тағы бір айта кетерлік жәйт, аудан орталығынан ашылған әлеу­мет­тік дүкенде қант 230 теңге­ден және 1-сұрыпты ұн 95 теңгеден сатылуда. Бұған қоса, жеке кәсіпкер С.Қалабаевпен бір­лесіп тауарларды автокөлікте сату арқылы жылжымалы дүкен ұйымдастырылған.
Азық-түлік емес тауарлардың белгіленген 53 түрінің аудан аумағында тұрақты түрде 24 түрі сатылады. Тауар түрлерінің аздығы аудандағы елді мекендердің облыс орталығына жақын орналасуымен түсіндіріледі. Ауданда 27 жанар-жағар май бекеті тіркелген. Еркін бағада сатылатын АИ-92 маркалы бензиннің литрі 141-142 теңгеден, дизель отыны 128 теңгеден өткерілуде. АИ-80 маркалы бензин 89 теңгеден сатылуда. Барлық жанармай құю стансалары қалыпты жұмыс атқаруда. Жанармай қоры жеткілікті, екі мұнай базасында АИ-80 бензинінің 275 тонна, АИ-92 бензинінің 509 тонна және дизель отынының 390 тонна қоры бар.
Газ құю стансаларындағы баға 65 теңгені құрайды.
Ауданда дәрі-дәрмектің бағалары Тараз қаласындағы дәріханалардың бағаларымен бірдей. Аса, Гродеково, Жалпақтөбе, Айшабибі, Ақбұлым, Өрнек ауылдарындағы дәріханаларда 2016 жылдың 11 сәуірінде жасалған Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі және фармацевтикалық саланың қауымдастықтары арасында дәрілік заттар мен медициналық мақсатта қолданылатын бұйымдар бағасының өсуін ұстап тұру мәселе­лері бойынша жасалған меморандумға сәйкес 106 түрлі дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарға бекітілген шекті бағалар тізбесі негізінде өткерілуде.
Аса ауылынан Тараз қаласына қатынайтын қоғамдық көліктердің төлемақысы 90 теңгені, ал жеке такси қызметінің төлемақысы 100-200 теңгені құрайды. Ауылдық округтер арасындағы жеке такси қызметінің төлемақысы 100-150 теңгеден аспайды. Шаштараз қызметінің орташа бағасы 400 теңгені, монша қызметі 300-500 теңгені және басқа да қызметтер түрі Тараз қаласымен тепе-тең бағаны құрап отыр.

Бауыржан ТӨЛЕНДИЕВ,
аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы.

Бөлім:  Кәсіпкерлік
Сенбі, 29 Сәуір 2017 00:00

Маңызды мәселелер қаралды

Аудан әкімі Мәден Мұсаевтың төрағалығымен өткен аудан әкімдігінің мәжілісінде негізінен «2016-2017 жылдардағы жылу беру маусымын қорытындылау және 2017-2018 жылдардағы қыс мерзіміне дайындық жұмыстары туралы», «Жамбыл ауданының 2017 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы» мәселелер талқыланды.
Бірінші мәселе бойынша хабарлама жасаған аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Садыров жылу беру маусымында апатсыз, қалыпты жұмысты үйлестіретін және оған бақылау жасайтын аудандық штаб жұмысына, әлеуметтік нысандардағы қазандықтардың, жылу құбырлары мен электр желілерінің жай-күйіне, отын мәселесіне тоқталды. Мемлекеттік мекемелердің ғимараттарын ағымды және күрделі жөндеу жұмыстарының жайы да бөлім басшысының назарынан тыс қалмады. Жауапты маусымға дайындықтың маңыздылығын айтқан хабарламашы жеке және заңды тұлғаларды коммуналдық қызметтерге берешек болдырмауға шақырды.
Мәжілістің күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қуаныш Бүркітәлиев хабарлама жасады. Оның сөзіне сүйенсек, ауданның биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері көңіл қуантарлық. Ауданда 2015-2019 жылдарға арналған Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында индустрияландыру картасына енгізілген 3 жобаға қоса, биыл Қарой ауылдық округінен «ТаразГазӨнімдері» ЖШС-нің «Сұйытылған газ өнімдерін өндіретін зауыты» құрылысын іске асыру жоспарланып отыр. Өткен үш ай ішінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының 1-құралы «Пайыздық ставканы субсидиялау» шарты бойынша 3 жоба іске асырылып, тағы 2 жобаның құжаттары облыстық үйлестіру кеңесінің қарауына ұсынылды. Сонымен қатар есепті мерзімде мемлекеттік бюджетке салықтар мен басқа да міндетті төлемдер болжамы асыра орындалды. Бірінші тоқсанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 108,5 пайызды құрады. Өңірімізде «Агробизнес-2020» бағдарламасының орындалуы да ойдағыдай. Ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу жайы да жаман емес. Құрылыс жұмыстарының қарқыны да құптарлық. Автожолдардың жай-күйі ұмыт қалмаған. Халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру салаларында тәуір көрсеткіштерге қол жеткен.
Мұның бәрі, әрине, білікті басшылықтың және саналы орындаушылықтың нәтижесі. Алайда, өнеркәсіп өнімдерін шығару көрсеткіші неге төмендеп кетті? Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің төмендеуіне не себеп? Мәден Тоқтарбайұлы бұл сұрақтардың жауабын бөлім басшысынан іздеді. Қ.Бүркітәлиев өнеркәсіп өнімдерінің төмендеуі «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС-інде ағымдағы жылы мұнай өнімдерінің өңделмеуінен, тұтынушылардың тапшылығынан және «БиномСтройДеталь» ЖШС-не өтінімдердің аз түсуінен болып отыр деп түсіндірді.
Мәжілісті қорытындылаған аудан басшысы қаралған екі мәселенің қаншалықты маңызды екенін тағы бір еске салып, тиісті сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар берді.

Бет 1 -ші 6 беттен

Серіктестер