Материалы отфильтрованы по дате: Наурыз 2017
Сенбі, 25 Наурыз 2017 00:00

Өндіріс нысандарын аралады

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жұмыс сапарымен ауданымызда болып, «Айшабибі» санаторийін, «КазУпакТрейд» ЖШС-ін және «Азамат» типтік жүйедегі жылыжайын аралап, жұмысымен танысты.
Байқағанымыз, Нұрлан Лесбекұлы басшылық ететін «КазУпакТрейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күндігіне 500 тоннаға дейін жоғары қарқынмен гипс өндіріп, кальцита, гипсокартон шығаратын болса, Қаратөбе ауылдық округінде орналасқан «Азамат» шаруа қожалығының негізгі бағыты – қорғалған топырақта көкөніс дақылдарын өсіру. Сондай-ақ бұл жылыжай «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде құрылғанын ескерсек, құрылыс нысаны 20 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп, жылына 400 тонна өнім алуда.
Өндіріс нысандарының жұмысымен етене танысқан Кәрім Нәсбекұлы шаруашылық және құрылыс басшыларына мемлекет тарапынан берілген мүмкіндіктерді пайдаланып, қарқынды жұмыс жүргізу үшін нақты тапсырмалар берді. 
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауынан туындаған мақсат-міндеттердің орындалуы нысандардағы атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінен көрінсе керек.
Өндіріс басында облыс басшысымен бірге аудан әкімі Мәден Мұсаев, орынбасары Бақыт Қазанбасов және аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Төлендиев болды.

Бөлім:  Саясат

Жуырда ауданымызға облыс прокурорының орынбасары Руслан Исаев келіп, кездесу өткізді. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынды аудан әкімі Мәден Мұсаев ашып, жүргізді. Келелі кездесуде Руслан Нұрмағанбетұлы келген мақсатымен бөлісіп, көпшіліктің сауалдарына жауап берді. Халықпен кездесіп, тұрғындарды толғандырған мәселелердің шешімін табуына ықпал етуді көздеген басқосу барысында маңызды мәселелерге мән беріліп, көпшіліктің тілек-ниеттеріне құлақ түрілді. Жиынға аудан прокуроры Нұрлан Қарашолақ қатысты. Нұрлан Бағланұлы сөз кезегінде «Біздің мақсатымыз – ел сенімін ақтау. Бізде оған құзырет те бар. Жергілікті атқарушы органдармен бұрыннан орныққан байланысты арттырып, елімізде заңдылықтың орын алуына бірлесе атсалысуымыз керек», – деді.
Мұнан соң облыс прокурорының орынбасары аудан прокуратурасының ғимаратында аудан тұрғындарын қабылдады (суретте). Қабылдауға келген тұрғындар Шарипа Айтқұлова жер алу мәселесін көтерсе, Жақсылық Сәлемов кәсіпкерлік нысандарды ашуда мемлекет тарапынан берілетін көмек жайында сұрады. Ал Есенғали Төлеушов мемлекеттік тіл, мектептерде үш тілде оқыту туралы сауал қойды. Қабылдауға келгендердің сұрақтарына көңілге қонымды жауаптар берген Руслан Нұрмағанбетұлы мәселелердің оң шешімін табуына мән беретінін жеткізді.

Бөлім:  Қоғам
Сенбі, 25 Наурыз 2017 00:00

Наурыз келді жеріме

Тәңірден елінің тыныштығын тілеген қазақ елі Наурызды жыл басы деп қадір тұтқан. Кеңес үкіметі кезінде Наурыз мерекесін тойлау өз алдына, ең басты байлығымыз тіл мен діннен қол үзіп қала жаздадық. Әрине, ол өткен күннің еншісінде қалған қиын кезеңдер. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның беталысы мүлдем бөлек. Өшкеніміз қайта жанды. Атадан балаға мирас болған ұлттық құндылықтардың күретамырына қан жүгірді. Салт-дәстүр дәріптеліп, әдеп-ғұрып әспеттелетін Наурыз мерекесін тойлау бақыты қайта оралды қазақ жеріне.
Биыл қыс қытымыр мінез танытпады. Желтоқсанның ызғары, қаңтардың қара суығы, ақпанның ақ ұлпа қары аудан тұрғындарына қиындық тудырмады. Алайда, әр мезгілдің өзіне тән қиындығы мен сұлулығы бар. Ал, көктем мезгіліндегі көрініс тіптен бөлек. Үш ай қыстан аман-есен шыққан ағайынның аузы аққа, төрт түліктің ерні көкке тиіп, тал-терек бүршік жарды. Бел-белестерге көк қылаулап, аққұба қарды жарып шығатын бәйшешек жалғанға жаңа жыл келді деп жар салатындай.
Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңарудың бастауы, ырыс пен бақ-берекенің арқауы деп бағалаған.
Ұлыстың ұлы күнін бірлігі жарасқан аудан тұрғындары да толағай табыспен, ерекше ықыласпен қарсы алды. Дүйім жұрт ағарған ішіп, арқа-жарқа күй кешті. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, көкпар тартып, ат шаптырып, палуан күрестіріп, қыз-бозбала қызық қуды. Ең бастысы, қазаққа тән ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр дәріптелді. Дәл осы күні түні бойына жауған жауын-шашын сап тиылып, шығыстан көтерілген шұғылалы күн нұрын шартарапқа шаттана шашты. Аудандағы еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін орталық стодионға асықты. Алыстан менмұндалаған қазақтың қасиетті киіз үйлері көз қарықтырса, наурызкөже мен қымыз, шұбаттан дәм татқан ағайын тамсанысын тілмен айтып жеткізе алмай жатты. Аудан басшылары мен қазыналы қариялар «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген бабалар сөзін қаперге алып, аудандық «Бәйдібек» мешітінің маңына тал екті. Бұл игі іске жастар да белсене атсалысты. Өңірдегі бас салтанатты шараға аудан әкімі Мәден Мұсаев қатысып, барша аудан тұрғындарын мерекесімен құттықтады.
– Жақсылық пен жарастықтан, еңбек пен қанағаттан, мейірбандылық пен парасаттан бастау алатын Наурыз мейрамы құтты болсын. Елімізді шуағына бөлеген Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа мерейлі шаттық, мол ырыс пен мызғымас ынтымақ сыйласын. Әрбір отбасына құт-береке, молшылық алып келсін. Бірлігіміз бен берекеміз арта берсін, – деді Мәден Тоқтарбайұлы.
Бұл күні Аса аспанында әсем әуен қалықтады. Ән мен күйді төгілтіп, өнерден шашу шашқан аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары театрландырылған көрініс көрсетсе, аудан әкімдігінің бөлімдері мен мекеме-ұйым қызметкерлері қазаққа тән салт-дәстүрлерді театрландырылған қойылым арқылы насихаттап, өзара бақ сынады. Нәтижесінде, аудан әкімдігі «Жастар ресурстық орталығы» қызметкерлері тәй-тәй басқан баланың тұсауын кесіп, өмірдің түзу әрі ақ жолына жол сілтеп бірінші орынды жеңіп алды. Ал, «Атастыру» дәстүрін тамаша сомдаған Аса ауылдық округі, «Амангелді газ өңдеу зауыты», «Таң», «Ақ кірпіш» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, «КазТрансГазАймақ» АҚ аудандық филиалы, «КазСуШар» мекемесі мен «Жамбыл-жылу» кәсіпорны және келін түсіріп мәз-мейрам күй кешкен аудан әкімдігінің білім бөлімі мен «Сәуле», «Балдырған» балабақшасы, М.Төлебаев атындағы саз мектебі екінші орынды иеленді. Аудан әкімдігінің қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімдері мен аудандық мемлекеттік кірістер, қазынашылық басқармалары, аудандық мұрағат «Тоқымқағар» дәстүрін, аудандық орталық аурухана мен емхана «Сүйек жаңғырту» дәстүрін, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, аудандық жұмыспен қамту мен мемлекеттік зейнетақы төлеу орталықтары, педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті, мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы және статистика басқармасы «Ат тергеу» дәстүрін дәріптеп, жүлделі үшінші орынға орнықты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом және қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Наурыз мерекесі ел есінде ұмытылмастай әсер қалдырды. Шаттыққа толы думанды кеште жастар жағы аудан әкімдігінің спорт және дене шынықтыру бөлімі ұйымдастырған спорттық шараларға қатысып, мәре-сәре болып жатты.
Таң атқаннан күн қызарып батқанға дейін бір-біріне жақсы сөз айтып, бақыт пен береке тілеп жүрген аудан тұрғындары атадан балаға мирас болып қалған осынау ұлық мерекені ұмытылмастай етіп тойлап, келер жылы Наурызда амандықпен қауышуды жазсын деп тарқасты.

Бөлім:  Қоғам
Сенбі, 25 Наурыз 2017 00:00

50 түп шырша ағашы отырғызылды

«Жердің көркі тал болар» дейміз, «Артында мал қалғанша, тал қалсын» дейтініміз және бар. Табиғатқа ерекше көрініс беріп тұрған жасыл желектің көп болғаны көңілге қанат бітіреді.
Наурыз мерекесі қарсаңында Аса ауылдық округі ардагерлер кеңесінің бастамасымен Абай көшесінің бойында 50 түп шырша ағашы отырғызылды. Игі іске аудан әкімінің орынбасары Бақыт Қазанбасов пен Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшымбетов және ауыл қариялары мен белсенді жастар атсалысты.

Бөлім:  Қоғам
Сенбі, 25 Наурыз 2017 00:00

Мешіттегі мейрам

Наурыз мерекесі қарсаңында аудандық «Бәйдібек» мешітінде ауыл мешіттерінде сауатын ашып жүрген жасөспірімдер арасында құран оқудан жарыс өтті. Жамбыл ауданының бас имамы Ғайырфулла қажы Қуанышбекұлы басшылық жасаған киелі додада Дарын Арынғазы (20 сүре) мен Фадли Османов (10 сүре) топ жарды. Айтулы жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері және қатысушылары Алғыс хатпен, естелік сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен қатар сол күні аудандық мешіт Аса ауылындағы орталық стадионда ұлттық спорттық ойындардан командалық жарыстар ұйымдастырды. Оған аудан аумағындағы Айшабибі, Бектөбе, Қаракемер, «Нұртай ата», «Ботабай», «Бәйдібек» мешіттерінің жамағаты қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Жарысқа қатысушылар арқан тартысып, қол күрестіріп, асық ойнап, гір тасын көтерді. Үлкен алаңда доп теуіп, футбол ойнады. Нәтижесінде, жалпыкомандалық есепте І орынға қаракемерліктер тұрақтады. Ал, «Бәйдібек» пен «Ботабай» мешіттерінің командалары сәйкесінше ІІ және ІІІ орындардан көрінді. Соңынан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге тиесілі дипломдар, бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Орталық стадионда өткен жарысқа аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімі (басшысы Қайрат Ержігітов) атсалысып, қолдау көрсетті.

Бөлім:  Қоғам
Сенбі, 25 Наурыз 2017 00:00

Кенеден сақтанайық

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті ауру. Аурудың тасымалдаушысы – кенелер. Соның ішінде Hyalomma, Dermacentor, Ixodes кенелері өте қауіпті. Ауру кене адамды шаққанда, мал қырқу кезінде ауру кенелердің қаны шашырау арқылы не болмаса ауру адамның қанымен байланыста болғанда жұғады. Кенелер қоректену үшін көктем мезгілінен бастап қыс мезгіліне дейін жылы қанды жануарларға және адамдарға шабуыл жасайды, үй жануарларының үстінде паразиттік өмір сүреді. Көбіне кенелер адамға үй жануарларымен жанасқанда, малды бағып-қағу, қырқу, малды сауу кездерінде жабысады да шағады.
Ауданымызда 2016 жылы кене шаққан 166 адам медициналық мекемелерге қаралды. Олардың барлығы 14 күн медициналық бақылауға алынып, ауру белгілері болмағандықтан, бақылаудан шығарылды. Өткен жылы  Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен 2 жағдай тіркелді. Ауырған адамдар уақытында дәрігерге қаралып, сауығып кетті.
Аурудың белгілері тез байқалады. Ауруды жұқтырған адамның басы қатты ауырып, тамаққа тәбеті болмайды, дене қызуы көтеріледі, лоқсиды, құсады, іші өтеді, буындары ауырады. Мұрнынан, құлағынан, тіс еттерінен, жатырдан қан кетеді. Денеде бөртпелер пайда болады. Аурудың жасырын дәуірі – 2 күннен 14 күнге дейін. Ауру асқынған жағдайда адамды аман алып қалу мүмкін болмай қалады.
2015 жылдан бастап ауданымыздың 12 елді мекені Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағы қатарына тіркелді. Жыл сайын көктем, күз мезгілінде табиғи ошақтарға кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу жолдарының ең бастысы – ашық далаға саяхатқа, табиғат аясында демалуға шыққанда, егістік еккенде, өріске мал баққан жағдайда, мал қораларды тазалау, сауу, малдың жүнін қырқу, шөп жинау, шөп ору кезінде жабық киім және жабық аяқ киім киген дұрыс. Кенені жалаң қолмен ұстауға болмайды. Малдың денесіндегі кенені қолғапсыз, пинцетсіз ұстамау керек. Кенені жалаң қолмен, аяқпен немесе кез келген нәрсемен мыжып, қанын шашыратып өлтіруге болмайды. Аузы жақсы бекітілетін ыдысқа аз ғана май құйып, жинаған кенелерді салса, олар тез өледі. Кейін ыдысты өлген кенесімен бірге жерге көміп тастау керек. Кенені денеден пинцетпен ақырын шығарып алған соң, шаққан жеріне спирт немесе йод тұнбасын жаққан абзал. Уақытты созбай, тез арада дәрігерге қаралған дұрыс. Сонда ғана аса қауіпті жұқпалы аурулардан аман боласыздар.

Асқар Мутенов,
аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің жетекші маманы.

Бөлім:  Қоғам
Сенбі, 25 Наурыз 2017 00:00

Орталықтағы басқосу

Тіл – ғасырлар бойы әр ұлттың ұрпақтан ұрпаққа берілу арқылы жинақтаған бағасы жоқ мәдени байлығы. Бүгінде қазақ тілінің мәртебесін көтеру мен қолдану аясын кеңейту мақсатында мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылданып жатқаны белгілі. Қазақ тілін меңгеру үшін барынша жағдай жасалуда.
Жуырда аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Гүлхан Әлімбекова мен әдіскер Тұрсынай Сүттібаева аудандық «Халыққа қызмет көрсету орталығында» орталық қызметкерлерінің қатысуымен жиналыс өткізді. Жиналыста мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту турасында әңгіме өрбіп, онда мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мәселесі қызу талқыланды.
Аталған бөлімнің бас маманы мен әдіскері орталық қызметкерлерімен мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік қызметтер көрсететін қызметкерлердің қазақ тілін меңгеру деңгейі, бөлімдер арасындағы хат алмасулардың мемлекеттік тілде жүргізілуі жайлы пікір алмасып, ой бөлісті. Сондай-ақ электрондық үкімет шеңберінде электрондық қызмет көрсетудің барлық деңгейінде қазақ тілінің қолданылуын, уәкілетті органдарға шығатын шығыс құжаттар мәтінін талқыға салды.
Жиналысты аудандық «Халыққа қызмет көрсету орталығының» басшысы Еркебұлан Жұмажанов қорытындылады.

Бөлім:  Мәдениет
Сенбі, 25 Наурыз 2017 00:00

Алтыннан алқа тағынды

Таяуда Тараз қаласындағы «Olimpic» спорт кешенінде қазақ күресінен 1998-1999 жылы туылған жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Оған 250-ге жуық балуан қатысты. Балуандар 8 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Дүбірлі додада Аса спорт мектебінің (директоры Серік Елеусіз) түлегі, бозкілем шебері Жансерік Жұмабай (бапкерлері Ермахан Қапалбаев пен Нұрхан Бейсен) бақ сынады. 90 келі салмақта күресіп, татами үстінде өткізген белдесулерінің барлығын жеңіспен аяқтаған Жансерік алтыннан алқа тағынды.
Қазақстан біріншілігінде топ жарып, қазақ күресінен спорт шебері атанған жас балуанымыз енді алдағы уақытта Қытайда өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.

Бөлім:  Спорт
Сенбі, 25 Наурыз 2017 00:00

Жан жадыратар игі іс

Жер жаһанды самал желге өпкізіп, жұрттың аузын саумал аққа жеткізіп Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі төрге өрледі. Наурыз – халқымыздың ынтымағы мен ырысының, бірлігі мен тірлігінің, өсиеті мен өнегелі тарихының, ғазиз ғұмырының өшпес өрнегі.
Осындай жаңару мен жасампаздықтың бастау алар күнінде ауданымыздан №5 сайлау округіне сайланған облыстық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшесі Ғалымжан Сағынтаев Ақбұлым, Бесағаш, Қарой, Қаратөбе, Жамбыл ауылдық округтеріндегі көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылар шаңырағында болып (барлығы 60 отбасы), әр үйге бір қап ұн, 10 келі картоп, 5 литр сұйық май, 5 келіден күріш, вермишель, шекер, бір қорап шай сыйға тартты.
– Осынау мерейлі мереке күні сіздерге қуаныш, шаттық, дендеріңізге саулық, береке-бірлік тілеймін, – деген Ғалымжан Таймасұлына өз кезегінде тұрғындар қамқор қолын созғаны үшін шексіз ризашылықтарын білдірді.
Әрине, құлашын кеңге жайған еркін еліміздің арда азаматтары осындай жан жадыратар игі істі қанға сіңген қасиет деп бағалайтыны қуантады.

Бөлім:  Нұр Отан
Сенбі, 25 Наурыз 2017 00:00

Үшжақты меморандумға сәйкес

Ағымдағы жылы Жамбыл облысы әкімдігі, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы мен Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты арасында меморандумға қол қойылған болатын. Үшжақты меморандумға сәйкес аталған басқарма мен институттың өкілдері таяуда аудан әкімдігінің мәжіліс залында ауданның масақты дәнді дақылдар мен майлы дақылдарды егетін агроқұрылымдар мен жеке шаруашылық жетекшілерінің қатысуымен «Масақты дәнді дақылдар, майлы дақылдар және қант қызылшасы бойынша көктемгі дала жұмыстарының ағымдағы жылдағы ерекшеліктері туралы» семинар өткізді.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Күлкеев жүргізген семинарда Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары Шынболат Рсалиев пен бөлім меңгерушісі Ғалиола Мейірман «2017 жылғы көктемнің ерекшеліктеріне сай көктемгі егістік жұмыстары» бойынша хабарлама жасап, шаруалармен тақырып төңірегінде келелі әңгіме өрбітті. Келе жатқан көктемгі егіс науқанын алға тартып, жерге егілетін дақылдардың нарықтағы жаңа тұқымдарының сапасы мен тиімділігіне тоқталды. Егістікті тамшылатып суару, дәрілеу, тыңайтқыштар сіңіру, суармалы жерлердегі карантиндік арамшөптермен химиялық жолмен күресу мәселелерін тілге тиек етіп, егін егуге қатысты кеңестерімен бөлісті. Шаруалармен елдегі ауыл шаруашылығының өткені мен бүгініне салыстырмалы түрде шолу жасап, олардың тарапынан туындаған көкейкесті сауалдарға тұщымды жауаптар қайтарды.
Онан соң «Үшқоңыр» білім тарату орталығының жетекшісі Сәйіткәрім Қалтаев сөз алып, жаздық, күздік арпа-бидайдың, жоңышқаның сұрыптарына, өсірілу бағыттарына кеңінен тоқталып, егу мерзімі мен өсу уақыты жайлы тарқата әңгімеледі. Залда отырғандардың назарына арнайы дайындап әкелген слайдты ұсынып, дәнді дақылдарды мезгіліне қарай егудің жан-жақты қамтылған түрлі әдіс-тәсілдерін көрсетті.
Семинарды аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманалы Құрбанов қорытындылап, келген қонақтарға көпшілік атынан рахмет айтты.

Бөлім:  Семинар
Бет 1 -ші 5 беттен

Серіктестер