Материалы отфильтрованы по дате: Ақпан 2017
Сенбі, 25 Ақпан 2017 00:00

Өнегесі мол тақырыптық кеш

Адам баласының бойында жарқ еткен ұшқынның бастауын туған жері мен өскен ортасының өнегесінен іздейтіні анық. Кино өнерінің хас шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, режиссер Мәжит Бегалин – сондай тұлғалардың бірі. Ол ұлттық кино­ның дамуына сүбелі үлес қос­ты. Кешегі алыптар шоғырында Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаевтармен бірге классикалық дүниелер жасап, ұрпақ игіліне қалдырды. Режиссер ең алдымен адам жанының тылсым сырларына үңіліп, көркем туындылар жасады.
Өнер қайраткері Мәжит Сапарғалиұлының туғанына 95 жыл толуына орай аудандық орталық кітапхананың кітапханашылары «Аса» дайындық білім беру орталы­ғында «Шынайы талант» атты тақырыптық кеш ұйымдастырды. Кеш барысында қызмет көрсету бөлімінің кітапханашылары А.Құрымбаева мен Қ.Асхатаева М.Бегалиннің туып-өскен ортасын, жасынан ерлікті, еркіндікті, адалдықты сүйіп өскенін баяндап, шығармаларын таныстырды.
Мәжит Бегалин – өнер сахна­сының заңдылықтарын жақсы біле­тін ұлы драматург өмір құбылыс­тарының құпияларына да артық алып-ұшпасыз салмақты мінезбен сергек қарайды, тосын қырынан келіп, тосын ой тастап, өзгеше ойлау машығымен тәнті етеді.
Оқушылар кітапханашылардың дайындаған «Өнер – өлмес мұра» атты бұрыштан керекті мағлұматтар алып, өнер иесінің туындылары ерекше қызықтыратынын жеткізді. Сондай-ақ «Табиғи талант иесі» атты режиссердің өнер жолындағы еңбектерін слайд арқылы тамашалап, ұйымдастырушыларға көкейдегі сұрақтарын қойды.
Тақырыптық кеш соңында орталық тәрбиешісі Оңдасын Қожлапесов өнегесі мол кешті ұйымдастырған кітапханашыларға рахмет айтты.

Бөлім:  Мәдениет
Сенбі, 25 Ақпан 2017 00:00

Кубок білім бөліміне бұйырды

Аудан әкімдігі білім бөлімінің ұйымдастыруымен осымен екінші рет өтіп жатқан ұстаздар арасындағы кіші футбол бәсекесі өз мәресіне жетті. Бөлімге қарасты білім беру мекемелерінің ұстаздары қатысқан жарысқа биыл Тараз қаласындағы №51 орта мектептің оқытушылары да қызығушылық танытып, өз командасын алып келген. Тартысты өткен додада командалар әдемі ойын өрнегін көрсетті.
Нәтижесінде, білім бөлімінен құралған команда бірінші орынды олжалап, ауыспалы кубокты жеңіп алса, Амангелді орта мектебіне екінші орын бұйырды. Ал, Бірлесу-Еңбек пен Төле би атындағы орта мектеп үшінші орынды өзара бөлісті.
Полат Аббасов «Үздік ойыншы» (Шайқорық), Нұржан Алтауов «Үздік қорғаушы» (Жеңістің 30 жылдығы), Ербол Аширов «Үздік қақпашы» (Еңбек), Қанат Селеубаев «Үздік сұрмерген» (Қ.Сартбаев) номинациясымен марапатталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубок, диплом және сыйлықтар табыс етілді.

Ерік Айдаров,
аудан әкімдігі білім бөлімінің бас маманы.

Бөлім:  Спорт

Жуырда Жеңістің 30 жылдығы атындағы орта мектеп директорының құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бауыржан Шариповтың ұйымдастыруымен «Жасөспірім және мектеп» акциясы аясында бастауыш сыныптықтармен жиын өткізілді. Шара барысында аудандық ІІБ-нің ЖПҚ ЮПТ-ның инспекторы, полиция капитаны Темірхан Бейсекеев сөз алып, мектеп оқушысы қоғамдық ортада, көшеде өзін қалай ұстау керектігін, бөтен көлікке отырмауға және бөгде адамдардың алдап-арбауына көнбеуге үгіттеп, жолда жүру ережесін жан-жақты түсіндірді. Ал, орталық аурухананың хирургі Айдан Олжатаев травматизмнің алдын алу жөнінде түсінік беріп, көшеде сақ болуды ескертті.

Бөлім:  Акция
Сенбі, 25 Ақпан 2017 00:00

Тұрғындар тілегін тыңдады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2017 жылғы 31 қаңтарда кезекті «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялағаны белгілі.
Осы Жолдауда айтылған мәселелерді халыққа жеткізу үшін ақпараттық топтар халықпен кездесулер өткізуге аймақтарға шыққан.
Ақпараттық топтың бірін бастап келген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығының вице-министрі Ерлан Нұралыұлы Нысанбаев Қарой ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, Жолдауда айтылған бес бағытқа тоқталды.
Ерлан Нұралыұлының сөзін көңіл қоя тыңдаған ауыл тұрғындары көкейлеріндегі ойды бүгіп қалмады. Ауыл тұрғыны Мәулен Көгегенов несие алу жөніндегі сауалына жауап іздесе, «Келешек» шаруа қожалығының төрағасы Абзалбек Меңдібаев қант қызылшасына берілетін субсидия төңірегінде әңгіме қозғады. Ал, зейнеткер Сайн Утебаев жайылым жер туралы сауалын қойды.
Кезегінде вице-министр ауыл тұрғындарының сауалдарына тұщымды жауаптар қайтарды. Ол сондай-ақ тұрғындар сауалдарына жауап беру үшін өзімен бірге жүрген облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бейбіт Жайлыбаевқа, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Амановқа, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының бастығы Өксікбай Оразымбетовке, «Қазагроқаржы» АҚ облыстық филиалының басшысы Нұрғали Сейтбековке, «Казсушар» облыстық басқармасы басшысының орынбасары Берік Нұралиевке сөз берді. Олар облыста, ауданда өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, кездесу барысында туындаған сұрақтарға жауап берді.
Кездесулер барысында вице-министрмен аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманалы Құрбанов болды.

Бөлім:  Жолдау
Сенбі, 25 Ақпан 2017 00:00

Басымдықтар баса айтылды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын халыққа жеткізу үшін жер-жерлерде ақпараттық топтар жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізуде. Осы тұрғыда Елбасы Жолдауын түсіндіру бойынша Қазақстан Республикасы Даму және инвестициялар вице-министрі Тимур Тоқтабаев пен облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ауданымызға арнайы келді.
Әуелі топ мүшелері аудандық емханада медицина саласы қызметкерлерімен кездесіп, Елбасы Жолдауындағы негізгі  басымдықтар жайында – экономиканың жеңілдетілген технологиялық жаңғыртылуы, бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, макроэкономикалық тұрақтылық, адами капитал сапасын жақсарту, институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты басты міндеттерді саралап, сала-салаға жіктеп түсіндіріп, Жолдаудағы басты міндеттердің мүлтіксіз орындалуы қажет екенін тілге тиек етті.
Кездесуде алқалы топпен бірге болған аудан әкімінің орынбасары Бақыт Қазанбасов Елбасының Жолдауын жан-жақты насихаттап, түсіндіргені үшін топ мүшелеріне жұртшылық атынан алғыс айтты.
Бұдан кейін Тимур Тоқтабаев аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдап, азаматтардың сұрақтарына орнықты жауаптар қайтарды.
Сондай-ақ топ мүшелері Аса ауылы «Бәйтерек» тұрғын үй алқабында болып, онда аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Тілеубаев алқаптың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымымен таныстырды.

Бөлім:  Жолдау
Сенбі, 25 Ақпан 2017 00:00

Болашаққа бастайтын құжат

Бүгінгі енгізген технологияңызды дамытып отырмасаңыз, ертең-ақ ескі­ріп шығуы ықтимал. Мемлекет басшы­сы бір сөзінде: «Өзгеріс дауылы тұрғанда оған қарсы қорған емес, желкен тұрғызу керек», – деп айтқан еді. Шындығында, қазіргі әлем үздіксіз өзге­рістер үстінде. Ондай өзгерістер дүниеге біртін­деп емес, бірден еніп жатыр.

Міне, осындай жаһандық өзгерістер аясында Қазақстан өз «желкенін» қалай құлатпау керек деген сұрақ туындайды. Құлатпау дегенге себеп – дағдарысқа қарсы «желкен» 2012 жылы тұрғызылған болатын. Ол – «Қазақстан-2050» Стратегиясы. Елбасының осы Стратегиясы әлемдік қиындықтарды болжап қана қоймай, ықтимал өзгерістерден де мемлекет үшін мүмкіндіктерді қарастырды. Ал мұндай мүмкіндік Елбасының Жолдауында айтылған Үшінші жаңғырту жөніндегі міндет аясында көрініс тауып отыр.
Қазақстанның Үшінші жаңғыруы қалай болмақ? Бұл сұраққа Президент Жолдауында: «Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» Стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт Жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізіледі» деген жауап берілді.
Жолдауда экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған негізгі бес басымдық қарастырылды.
Бірінші басымдық – экономиканы жеделдетілген технологиялық жаңғырту. Бұл басымдық бірқатар міндеттерді қамтыды. Негізгі міндет – цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендету.
Екінші басымдық – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту. Осы басымдыққа толығырақ тоқталсам. Бизнес, шағын және орта кәсіпкерлік – соңғы жылдары биліктің күн тәртібінде күнара талқыланатын мәселе. Шындығында, шағын кәсіпкерлігі мығым елдің шаруасы шайқалмайды. Бұған мысал да жетерлік. Қазақстанда тұтастай алғанда бизнес ортаны дамытуға деген қадамдар жасалды. Дегенмен, жергілікті өңірлерде кәсіпкерліктің кедергілерін ысырып тастау реформасы әлі де жалғасуда. Осыған байланысты мемлекеттің экономикаға араласуын тежей отырып, жеке сектор арқылы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделеді.
Елбасы Жолдауында екінші басымдық етіп белгілеген бизнес ортаны жақсарта түсу дағдарысқа қарсы маңызды құрал болмақ. Бұл ретте Президент ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайыз болуын қамтамасыз ету межесін белгіледі. Ал бұл үшін не істеу керек? Бұл да бес міндеттен тұрады. Атап айтқанда, биылдан бастап Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады. Осыны жандандыру үшін шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану көзделеді.
«Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс», – деді Н.Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы Үкімет пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына бизнестің барлық шығынын жаппай азайту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Кәсіпкерлікке кедергі келтіретін құжаттардың мерзімі мен тізбесі қысқартылып, қайталанатын рәсімдер жойылатын болады.
Екінші басымдық аясындағы Елбасы ерекше тоқталған жәйт – мемлекеттің экономикадағы үлесін ішкі жалпы өнімнің 15 пайызына дейін төмендету. Бұл экономикалық өсімге тың серпін беруге тиіс. Осыған байланысты Үкімет жекешелендіру жұмыстарын тездетіп, оны 2018 жылдың соңына дейін аяқтайтын болады. Сондай-ақ, Елбасы мемлекеттік холдингтер рөлін қайта қарастыруды тапсырды. Бұл үшін Үкіметке «Самұрық-Қазына» холдингін сапалы түрде трансформациялайтын болады. «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтері де қайта құрылады. Түйіндей айтсақ, әлгі екі холдинг мемлекеттік даму бағдарламаларын іске асыратын оператор болып қалады. Олардың функциялары оңтайландырылып, жеке сектор жүзеге асыра алатын нәрсенің барлығы бизнеске берілмек.
Үшінші басымдық – қаржы секторын «қайта жаңғырту». Бұл басымдықтың аясында Елбасы ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін қалыпқа келтіруді және экономиканы қаржыландыруға жекеменшік капитал тартуды атап өтті. Бұдан бөлек, Қор нарығын одан әрі дамыту шаралары да жүзеге асады. Қор нарығына «Самұрық-Қазына» қоры компанияларының акцияларын орналастыру көзделеді.
Төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту. Әлемдік деңгейдегі білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін қалыптастырмай Үшінші жаңғыруды жүзеге асыру еш мүмкін емес. Бұл ретте жаһандық жаңа қатерлерге қарсы адами капиталды да сапалы дамыту қажет. Ал адами капиталдың өзегі – білім. Білім – болашақ дамудың кепілі. Сондықтан да, Елбасы бұл басымдық бойынша білім беру жүйесінің рөлін өзгертуді меңзеді. Адами капиталды дамытуда ұрпақ саулығы да ерекше рөл атқарады. Яғни, ұрпақ саулығы – ұлт саулығы. Осы ретте Елбасы биылғы жылдың 1 шілдесінен мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетінін, ол жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибе арқылы дәлелденгенін баса айтты.
Бесінші басымдық – қауіпсіздік пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес. Мемлекет басшысы 5 институттық реформа және Ұлт Жоспары аясында институционалдық қайта құруларға баса назар аударған болатын. Оның ішінде мемлекеттік басқарудан бастап, сот және құқықтық жүйелерді жаңғыртуға да мейлінше мән берілді.
Сонымен қатар, Президент киберқылмыспен күрестің өзектілігіне де тоқталды. Бұл ретте Елбасы Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне «Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қалыптастыру шараларын қабылдауды тапсырды. Жолдаудың соңында Мемлекет басшысы Үкіметке «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» деп аталатын Елді үшінші жаңғырту жөніндегі 2025 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Түйіндей айтсақ, Елбасының биылғы Жолдауы – Қазақстан үшін жаңғырудың Үшінші кезеңіне көшу арқылы жаһандық технологиялық бәсекелестікке ұмтылуға негізделеді.

Бауыржан Төлендиев,
аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы.

Бөлім:  Жолдау

«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамымен бекітілген квотаға сәйкес 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында Астана қаласында өтетін «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне Жамбыл ауданы тарапынан туристер легін жіберу жоспарланған.
Көрмені көруге ниет білдірген азаматтарға ұсынылатын билеттердің бағасы төмендегіше:
– жұмыс күндеріне түсетін билеттер – 4000 және 6000 теңге.  Демалыс күндеріне түсетін билеттер – 6000 және 8000 теңге.
Сонымен қатар, туроператордың арнайы ұсынып отырған туристік пакеттері бар. Турпакеттердің ең төменгі бағасы 38,0 мың теңгеден басталады. Бұл әр адамның өзінің қалауы бойынша ыңғайлы (комфортабельно) барып қайтуына арнайы жасалған турпакеттер.
Турпакеттің ішіне:
– Астана қаласына поезбен барып қайту билеті;
– ыңғайлы жатын орын (Хостел);
– екі мезгіл таңғы ас;
– ЭКСПО қалашығына кіретін екі билет;
– Астана қаласының көрікті жерлерімен танысу кіреді.
Жалпы барып қайту 3 күнді құрайды.
Жамбыл облысы бойынша көрме қалашығына кіру үшін билеттер мен туристік пакеттерді сатумен айналысатын ресми өкіл «BaiterekTravelCentеr» ЖШС болып табылады. Билеттер мен турпакеттерді сатып алу бойынша аталған компанияға 45-17-26, 43-41-97 немесе 87718043307 телефондары арқылы шыға аласыздар. Сонымен қатар, билеттерді «Қазпошта» АҚ Жамбыл аудандық бөлімшесінің кассаларынан алуға болады.
Анықтама бойынша аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне 2-11-90 және 2-25-77 телефондары арқылы хабарласуға болады.

Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі.

Бөлім:  ЭКСПО
Сәрсебі, 22 Ақпан 2017 00:00

Ханнан да, қарадан да биік

Ана тілін айбыным, арым, қасиетім деп білетін дана қазақтың небір ақиық ақындары, туындылары дүйім халықтың сөзін сөйлеп тұрған жазушылары, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп өткен қызыл тіл, орақ ауыз шешен-билері ана сүтімен дарыған тілдің қадір-қасиетін айтып өтті емес пе?! «Ана тілін сүймеген, халқын сүйіп жарытпас» деген. Расында, ұлт үшін тілінен қымбат ештеңе жоқ. Ана тілі бәрінен биік – ханнан да, қарадан да. Бабалардан бізге мұраға берілген қымбат қазынамыз да, басты байлығымыз ол – ана тілі. Бүгінде еліміздің ертеңі – біз, жағымды ана әлдиі ақ сүтімен жүрегімізге, қанымызға сіңген тілдің қадіріне жете алып жүрміз бе?
Тілді сүю бесіктен басталады. Мектеп қабырғасында ана тілін ардақтап, сыйлауды санасына сіңірген баладан елім деп елжіреген патриот шығары сөзсіз. Халықаралық ана тілі күніне орай аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы және Б.Момышұлы атындағы орта мектептің кітапханашысы Роза Сәрсенбаева бірігіп ұйымдастырған «Тілім менің – қасиетім, ардағым» атты шарада кітапхананың оқырмандары ана тілдеріне деген сүйіспеншіліктерін көрсетіп, көңілге қуаныш орнатқан. Оқушылар тіл туралы мақалдар мен қанатты сөздер айтып, тілдің қасиеті мен құдіреті жайлы пікір алмасты. Сондай-ақ Қ.Мырза-Әли, Р.Гамзатов, М.Жұмабаев, І.Жансүгіров, Ә.Тәжібаев, С.Торайғыровтардың тіл туралы өлең-жырларын жатқа айтып, ана тілін қастерлеуге шақырды. Қатысушылар өз ана тілін сыйламайтындар туралы да ойларымен бөлісті. Олар Ғ.Мүсіреповтің «Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Ана тілін өгей ұлдары ғана менсінбейді» деген сөзін мысалға алып, өз тілімізге, ұлтымызға өгей болмайық дегенді айтты. Кеш жүргізушісі, кітапханашы Замира Қожамқұлова жасырған қанатты сөздердің авторын жарыса тауып, өз шығармашылықтарынан да өлеңдер оқыды. Ал мерекелік жиын қонақтары – аудандық мәдениет және тілдерді дамыту орталығының әдіскері Тұрсынай Сүттібаева мен Б.Момышұлы атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ділдайым Танаева мемлекеттік тілдің дамуы жолындағы қазақ халқының әр перзентінің атқаратын рөлі мен қосатын үлесіне тоқталып, үштілділік туралы өз ойларын ортаға салды. Сонан соң қатысушылардың назарына «Қазақ тілі – болашағым, ертеңім» атты кітап көрмесі ұсынылды.
Іс-шараны қорытындылаған кітапхана меңгерушісі Шолпан Көпжасарова тіліміз өсіп, өркендей берсін деген тілек білдіріп, шараны ұйымдастыруда белсенділік танытқандарға алғысын айтты.

Бөлім:  Саясат
Сәрсебі, 22 Ақпан 2017 00:00

Ауған құрбандарын еске алды

Өткен сенбіде аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Юрий Гагарин атындағы орта мектептің спорт залында баскетболдан ерлер арасында Ауған соғысында қаза болғандарды еске алуға арналған аудандық турнир болып өтті. Бәсекеге ауданға қарасты ауылдық округтерден жалпы саны 14 команда қатысты. Дәстүрлі турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Тарих бетінде тақсыретімен таңбаланып қалған Ауған соғысына қатысқан 130-ға тарта жерлесіміз елдік пен ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Сол бір сұрапыл соғыста 6 өреніміз ажал құшса, тағы 5 азамат туған жерінде соғыс салған жарақаттан қайтыс болды. Көңіл жұбататыны сол, ерлеріміздің есімдері ұмытылмайды, ерлік даңқы өшпейді, ел жадында мәңгілікке сақталады.
Биыл оныншы рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі турнир – ерлер есімін ұлықтаудың, Ауған соғысы ардагерлерін құрметтеудің, тарихымызды түгендеудің бір парасы. Арамызда жүрген интернационалист жауынгерлердің бойындағы рухты жас ұрпаққа тәрбиелік мәнде жеткізу, жастар санасына отансүйгіштікті, патриоттық сезімді сіңіру де бүгінгі турнирдің мақсат-міндетіне енгізілген құндылықтар. Жарысқа қатысушы барлық командаларға сәттілік тілей отырып, тұғырлы орындардан көріне берулеріңізге тілектеспін дегім келеді, – деді басшы өз сөзінде.
Одан кейін сөз алған аудандық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Дәуренбек Нұралиев турнирдің мән-маңызына, мақсат-мүддесіне кеңінен тоқталып, Ауғанда 10 жылға созылған қанды майданда жер құшқан жауынгер-интернационалист жерлестерімізді еске алды. Батыр боздақтарымыз жайында келелі әңгіме өрбітіп, ерлер есімі ел есінде мәңгілікке сақталатынын айтты. Оның сөзін жалғаған жарыстың бас төрешісі Темірхан Құрмантаев сап түзеп тұрған спортшыларды жарыстың ережелерімен, өту барысымен таныстырды. Онан соң команда жетекшілерінің қатысуымен жеребе тартылды. Жеребе нәтижесі бойынша қатысушы командалар үш топқа бөлініп, ойынды бастап кетті. Жарыстың көркін тартысты ойын өрнегімен қыздырған баскетболшылар бәсе­кені кеш батқанша жалғастырды.
Қорытындысында жарыс барысында кездескен коман­даларынан мысы басым болған «Аса-2» командасы турнир жеңімпазы атанып, арнайы кубокты иеленді. Ал, жүлделі екінші орынға «Аса-1» командасы табан тіресе, Чкалов атындағы орта мектептің баскетболшыларына ІІІ орын бұйырды. Соңынан аталған бөлімнің басшысы Қайрат Ержігітов жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне тиесілі дипломдарын, медальдарын және бағалы сыйлықтарын салтанатты жағдайда табыс етті.

Бөлім:  Саясат
Сәрсебі, 22 Ақпан 2017 00:00

Ардагерлерге құрмет

Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 28 жыл толуына орай Қызылқайнар ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкерлері «Ауған жалыны жадымызда» атты тағылымды кеш ұйымдастырды. Кешке Ауған соғысының ардагерлері Мұхаметалы Алдибаев, Мирлан Әлметов, Қанат Талдыбаев шақырылды. Он жылға созылған белгісіз соғыстың қазақ еліне тартқызған қасіретін тебірене жеткізген ардагерлер жат елде қаза болған майдандас жолдастарын еске алып, өжеттілік пен қайсарлықтың жарқын үлгісін көрсете білген жауынгерлердің ерліктерінен түрлі мысалдар келтірді.
Ардагерлер Жасөркен орта мектебінің оқушылары ұсынған концерттік бағдарламасын тамашалап, арнайы жайылған дастарханынан дәм татты.
Кешті қорытындылаған ауыл әкімі Зайнилда Сматов ерлер есімі халық жадында мәңгілікке сақталатынын айтты.

Айнаш Оспанова,
Қызылқайнар ауылдық кітапханасының меңгерушісі.

Бөлім:  Саясат
Бет 1 -ші 7 беттен

Серіктестер