Материалы отфильтрованы по дате: Желтоқсан 2017
Сенбі, 09 Желтоқсан 2017 00:00

Қонақта – танымал киноактер

Бабы мен бағы қатар шапқан, есімі елеулі, айтулы азаматтар ауданымызда көп-ақ. Солардың бірі Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, актер Жұмахан Әбдіқадырұлын танымайтын адам кемде-кем шығар.
Жуырда аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімдігі білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Батыр Баян» кинофильмінің бас кейіпкерін сомдаған жерлесіміз, даңқты киноактер Жұмахан Әбдіқадырұлымен «Туған жерге тағзым» атты тағылым алар кездесу өтті. Кездесуге Жұмекең өмірдегі және өнердегі жолдасы, Жамбыл облыстық драма театрының актрисасы Гүлшат Қыпшақованы ерте келіпті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында өткен кездесуде көңіліміз асқақтап, бойымызға рухани азық жинадық.
Кеш жүргізушісі, аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова танымал актердің өмір және өнер жолымен таныстырып, әсерлі әңгімесімен көңіл баурады.
Жұмахан Әбдіқадырұлы Қаратау қаласының (бұрынғы Шолақтау) тумасы болғанымен, 2-сыныптан 8-сыныпқа дейін Б.Момышұлы атындағы (бұрынғы Аса мектеп-интернаты) орта мектепте дәріс алса, 10-сыныпты Жеңістің 30 жылдығы атындағы орта мектепте тәмамдаған. Ол – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері әрі республикалық өнер фестивалінің лауреаты. Талай таланттар мен дарындарды қанаттандырған облыстық драма театрында көптеген кейіпкерлерді сомдағаны және бірнеше киноларда басты рөлдерде ойнағаны және бар.
Тағдырдың жазмышы шығар, көлік апатына душар болып, төсекке таңылған сәтте Жұмекеңе Елбасының өзі көмек берген. Шетелге барып, ем-дом қабылдап қайтты. Қазір шүкір. Қос балдақты сүйенгені болмаса, бет-бейнесін жоғалтпаған. Сөзге шешен екені көрініп-ақ тұр.
Кеш барысында көпшілік өз сауалдарын қойды. Бәріне нақпа-нақ жауап беріп, ол әзілге бай екенін де көрсетті. Көрермендер Жұмекеңнің зайыбы Гүлшат жеңгейге де сұрақ қойып, татымды жауаптар алды. Кеш барысында белгілі актер туралы бейнефильм де көрсетілді.
Кездесу соңында аудандық мәслихаттың хатшысы Рүстем Бегалиев рухани азық сыйлаған Жұмахан Әбдіқадырұлына ыстық ықыласын білдіріп рахмет айтса, Раушан Пернешқызы кеш қонақтарына ілтипат білдіріп, Жұмекеңнің иығына зерлі шапан жауып, басына құндыз бөрік кигізді. Ал, оның зайыбы Гүлшат жеңгейдің иығына орамал жауып, гүл шоғын ұсынды.
Қызық та тартымды өткен кеште аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, қонақтардың да, көпшіліктің де көңілін асқақтатты.
Дүйсенбек ОРМАНОВ,
«Шұғыла».

Сенбі, 09 Желтоқсан 2017 00:00

Валюта айырбастау қызметі ашылды

Аудандық «Казпочта» АҚ Жамбыл байланыс торабында валюта айырбастау қызмет түрі ашылды. Енді аудан тұрғындары қалаға бармай-ақ, аудандық «Казпочта» байланыс торабына барып, өз қаражаттарын евро, доллар, рубль, сом секілді валюталарға айырбастай алады. Күні кеше валюта айырбастау қызметінде доллар сатылымға түсті.
Қазіргі таңда «Казпочта» деңгейі 2-ші банк деңгейіне көтерілуде. Аудандық «Казпочта» байланыс торабының қызметкерлері жергі­лікті тұрғындарға көптеген қаржы­лық және агенттік, темір жол және авиа билеттерді сату секіл­ді қызметтерді көрсетіп келеді. «Банк Хоум кредит» және «Альфа банк» несиелерін рәсімдеу арқылы несиелер береді. Тұрғындар поштадан сәлемдеме жіберуге және интернет арқылы тапсырыс берген сәлемдемелерді супермаркет сәлемдемесі арқылы алуларына болады. Барлық пошта­лық төлемдерді, несие төлем­дерінің барлық түрлері мен комму­налдық төлемдерді, газ, жарық, су, салық төлемдерін төлей алады. Төлемақылар есеп шоттарға екі сағатта түседі.
Ильяс Қалыбеков,
«Шұғыла».

Бөлім:  Қоғам
Сенбі, 09 Желтоқсан 2017 00:00

Құрмет грамотасымен марапатталды

6 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Прокуратура қызметкерлерінің төл мерекесі аталып өткені белгілі. Сол айтулы күнге орай Жамбыл ауданы әкімінің аппараты мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімшесінің басшысы Телеуов Жомарт Тешебайұлы заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту және прокуратура органдарының жұмысын дамытуда ұзақ жыл бойы жемісті қызмет атқарғаны, қадағалау қызметін жетілдіруге сіңірген еңбегі және жас мамандарды тәрбиелеу ісіне қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құрмет Грамотасымен марапатталды. Награданы Жамбыл облысының прокуроры Ибраһим Әлжанұлы Иманов табыстады.
Жерлесімізді марапатымен құттықтап, алдағы қызметіне сәттілік тілейміз.

Бөлім:  Құқық
Сәрсебі, 06 Желтоқсан 2017 00:00

Спорт саңлағын еске алды

Жуырда Ю.Гагарин атындағы орта мектептің спорт залында 2004-2006 жылы туылған ұл-қыздар арасында дзюдодан облыстық, республикалық, халықаралық турнирлердің жеңімпазы Ермек Егенбердиевті еске алуға арналған аудандық ашық біріншілік өтті. Айтулы жарыста көршілес қырғыз елінен, Алматы, Тараз қалаларынан, Жамбыл, Сарысу, Жуалы, Қордай аудандарынан келген жалпы саны 300-ге жуық жасөспірім 10 салмақ дәрежесінде күш сынасып, өзара кім мықтыны анықтады.

Біріншілікті аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Белғали Сергеев ашты. Оның сөзін жалғаған «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаевтың жеке бапкері Елдос Далабай, марқұмның туыстары сап түзеген балуандарға сәттілік тіледі.
Жылы лебіздер легінен кейін жарыстың бас төрешісі Жасұлан Бибазаровтың нұсқауымен күрес додасы басталып кетті. Бәсеке барысында кілемге шыққан балғындар тартымды да тартысты белдесулер өткізіп, бір-бірін алып та, шалып та жығып жатты. Бұл көрініс күні бойына жалғасты. Нәтижесінде, бабы мен бағы қатар шапқан Досымжан Тұраш (26 келі), Юрий Шақпасов (32 келі), Әділет Жақып (35 келі), Әділет Ахметқали (38 келі), Ерсайын Қадыр (42 келі), Ринат Есеналиев (46 келі), Нұрсұлтан Жұмағұлов (50 келі), Муслим Шакиров (+50 келі), Коралина Лигазова (49 келі), Сабина Ерсайын (52 келі) өз салмақ дәрежелерінде топ жарды.
Аудандық біріншіліктің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін жоғарыда есімдері аталған азаматтар салтанатты түрде тиесілі дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Ильяс Қалыбеков,
«Шұғыла».

Бөлім:  Спорт
Сәрсебі, 06 Желтоқсан 2017 00:00

Әлеуметтік сыйқалта табыстады

Пионер ауылдық округінде ауыл әкімі Самат Селеубаевтың өзі бас болып округ аумағында тұратын мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған және көпбалалы аналарға әлеуметтік сыйқалта ұсынуды дағдыға айналдырған. Биылдың өзінде округ әкімі 30-ға жуық адамға көмек қолын созыпты.
Сол дәстүр Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні де жалғасып, Самат Әпсадықұлы ауылдың үш азаматына, яғни мүмкіндігі шектеулі Бейбіт Әкімжановқа, көпбалалы ана Алмагүл Нұржановаға, аз қамтылған отбасының азаматы Мақсат Тұяқовқа шай, күріш, қант, конфет, вермишель және басқа да азық-түлік толтырылған әлеуметтік сыйқалтаны үйді-үйлеріне арнайы кіріп, табыстады.
– Бізге мерекелік көңіл-күй сыйлаған ауыл әкіміне және аппарат қызметкерлеріне аналық алғысымды айтамын. Көп-көп рахмет, – деді көпбалалы ана Алмагүл Нұржанова.
– Алда Жаңа жыл мерекесі тұр. Сол күні бүгінгідей әлеуметтік сыйқалта тағы бірнеше адамға ұсынылатын болады, – деді ауыл әкімі.
Д. САЛЫМҰЛЫ.

Бөлім:  Қайырымдылық

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала ұлағаттары» атты кітабы – тәрбиелік мәні зор кемел еңбек. Ол әрбір отбасының төрінен орын алып, отбасылық құндылықтарды сақтауда таптырмас құралы болып табылады. «Біз Ұлы дала елінің кешегісін бүгінге, бүгінін ертеңге жалғаймыз. Оның ұлы тарихын жаңа дәуірде жарқыратып жаңадан жазамыз. Жаңа ғасыр – үшінші мыңжылдыққа Қазақстанның қолтаңбасын басамыз», – деп қорытындылаған екен Елбасы өзі жазған еңбегін. Біз – осы ойларды қолдаушы әрі сол үшін қызмет ететін, Қазақстанның болашағы үшін тер төгетін жасампаз елміз.
Жақында Елбасының «Ұлы дала ұлағаттары» кітабының «Туған елім – тірегім», «Ел мен ер және жер», «Тәуелсіздіктің тал бесігі», «Саяхат салтанаты», «Туған тілдің тұғыры», «Дін мен дәстүр», «Қиырдан келсе қандастар», «Өнердің өрісі кең», «Жаңғырып келер жас толқын», «Еңсесі биік Елорда», «Отбасы – Отан тірегі», «Қарияларымыз – қазыналарымыз», «Мұраты бірдің – қуаты бір» бөлімдері бойынша Ю.Гагарин атындағы орта мектепте «Мәңгілік ел» тәрбие және білім беру орталығының ұйымдастыруымен оқырмандар конференциясы өтті.
Аудан әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Ә.Омарова, кітапхана қорының әдіскері Г.Акупова, аталмыш орталықтың директоры Ж.Дүйсенова төрешілік еткен конференцияда аудан мектептерінен қатысқан оқушылар Елбасы кітабындағы бөлімдер бойынша білімдерін сынады.
Нәтижесінде, Ә.Әйтиев атындағы орта мектеп оқушысы С.Тышабаевтың баяндамасы үздік деп танылып, жүлделі бірінші орынға ие болды. Екінші орын Амангелді орта мектебінің оқушысы М.Мәдібек пен гагариндік А.Нұртайға бұйырса, Шайқорық орта мектебінің оқушысы М.Қалабаева мен еңбектік Ә.Пірімжан және кейкиевтік Е.Ыбырай үшінші орынды қанағат тұтты.
Мақсат Жұмабаев,
«Шұғыла».

Бөлім:  Елбасы
Сәрсебі, 06 Желтоқсан 2017 00:00

Бильярд бөлмесі ашылды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай орталық алаңда ұйымдастырылған мерекелік іс-шара соңында өңір жұртшылығы аудандық Ардагерлер үйіне ағылды. Мұнда ардагерлер үшін бильярд ойнайтын заманауи тұрғыда жабдықталған арнайы бөлме ашылды.
Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Бақыт Қазанбасов:
– Қариялар – алтын қазынамыз. Олар кейінгі ұрпаққа жарқын өмір сыйлады. Елі үшін еңбек етті. Ендеше сол ардагерлерімізді неге сыйламасқа, неге құрметтемеске?! Еңбектің рахаты, бейнеттің зейнеті болуы керек қой. Зейнетте жүрген ардагерлеріміз үшін еш ауданда жоқ әсем ғимарат пайдалануға берілді. Мұнда олар шахмат, дойбы ойнап жүрсе, енді бильярд ойнайтын болады, – деп ардагерлерді мерекемен құттықтап, үстел үстінде жатқан шарды ойынға қосты.
Қуанышты сәтке аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы, аудан әкімі аппаратының басшысы Абай Бекбосын, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Несіпбеков, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Мадияр Сәмбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Алпысбай Жұмаханов және басқалар куә болды.
Аудан басшысына ризашылық білдірген ауданның Құрметті азаматтары Жақсылық Сәлемов пен Рахым Жапаров ыстық ықыласын жеткізді.
Дүйсенбек ОРМАНОВ,
«Шұғыла».

Бөлім:  Қоғам
Сәрсебі, 06 Желтоқсан 2017 00:00

Қасиетті мереке басталды

Өткен аптада күллі мұсылман әлеміне ортақ Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың туған күні – Мәуліт мерекесі басталды. Қасиетті мерекені қызылқайнарлықтар ауылдағы «Бейсеу ата» мешітінде атап өтті. Мешітке жиналған жамағатқа ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Әмірбеков бұл мейрамның мәні мен маңызы туралы әңгімеледі.
– Бірнеше ғасырдан бері тойланып келе жатқан бұл мерекенің басты мақсаты – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың іс-әрекеттерін насихаттау, оған салауаттар айту, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға шақыру болып табылады. Мәулітте мұсылман жамағаты Құран сүрелерін, пайғамбарымыздың дүниеге келуіне байланысты түскен аяттарды дауыстап оқиды. Мұсылмандар ұлық пайғамбарымызға деген сүйіспеншіліктері мен қуаныштарын білдіргені үшін сауапқа бөленеді, – деген Ғайырфулла қажы Қуанышбекұлы мерекелік шараны ұйымдастырған ауыл имамы Абдумуталиб Абдуллаевқа, оған қолдау көрсеткен жергілікті тұрғындарға ризашылығын жеткізді.
Мерекелік шара аясында ауылдық округтерден келген имамдар Құран аяттарын, Мәуліт дұғаларын хормен дауыстап оқып, салауаттар айтты.
Ильяс Қалыбеков,
«Шұғыла».

Бөлім:  Дін
Сәрсебі, 06 Желтоқсан 2017 00:00

Орталық алаңдағы қуаныш

Тұңғыш Президент күні – ел тарихында алтын әріптермен жазылған күн.
Аса ауылының орталық алаңында айшықты жазулар алыстан менмұндалайды. Халықтың қарасы қалың. Өйткені мұнда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі аталып өтілмек.
Бұл күні аспаннан ақ ұлпа қар түсіп, жиналған халықтың көңілі асқақтай түсті. Олар «Нұр жауып тұр» десті. Бұл мерекені берекеге балады. Мерекеге орай ұйымдастырылған жәрмеңкенің сөрелерінде ет, сүт, қаймақ, айран, құрт, шұжық, қой, жылқы, сиыр еттері, картоп, пияз, бал, жұмыртқа, нанның түр-түріне дейін тұнып тұр. Халық қалағанынша сатып алып жатыр. Әрине, бағалары базардағыдан төмен.
Көңілі көтерілген көпшілік мінбеге көтерілген аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың құттықтау сөзіне құлақ түрді.
– Қадірлі ағайын, мереке құтты болсын! Өз тағдырын өзі айқындауға алғашқы қадам жасаған Қазақстан үшін 1 желтоқсан мемлекеттік мереке болып саналады. Осынау мерейлі мерекеге Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің күні тұспа-тұс келгені де баршамызды қуантып отыр. Ел экономикасын өркендетуге осы сала еңбеккерлерінің өлшеусіз үлестері бар екенін жақсы білеміз. Сондықтан бүгін бір топ еңбек озаттарын марапаттауды жөн көрдік, – деген өңір басшысы ауданымыздың 27 азаматына  Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын және бағалы сыйлықтарын табыстады.
Марапатталғандардың арасында ауыл шаруашылығының ардагері де, механизатор да, басшы да, су және ветеринария маманы да, тіпті «Қазақстан-Тараз» телеарнасының ауданымыздағы операторы да, аудандық «Шұғыла-Радуга» газеті бас редакторының орынбасары да бар. Сол күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы мен аудандық мәслихаттың басшылары да бірқатар ауыл еңбеккерлерін Құрмет грамоталарымен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті.
Таңсәріден жауған ақша қар тоқтар емес. Төңірек әп-сәтте ақ көрпесін жамылған. Сахнадан аудандық Мәдениет үйінің әншілері төгілткен ән де көпшіліктің көңілін баурап, шат-шадыман күйге бөледі. Жастар жағы болса қол күрестіріп мәз. Олардың күштілері де дипломмен марапатталды.
Берекелі мерекеден бос қайтқандар болған жоқ. Бірі азық-түлік арқалап қайтса, бірі аудан басшысы табыс еткен сыйлықтарды алып бара жатты. Ең бастысы, мерекеге қатысқандардың бәрі де қуаныш құшағында еді.
Дүйсенбек Орманов,
«Шұғыла».

Бөлім:  Елбасы
Сәрсебі, 06 Желтоқсан 2017 00:00

Мерейлі күн құрметіне

Аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Мемлекеттік Әнұранмен басталған жиында көпшілікті мерекесімен құттықтаған аудан әкімі Бақыт Қазанбасов Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттің қалыптасуы жолындағы баға жетпес еңбегіне тоқтала отырып, Тәуелсіз Қазақстанның тарихы, еліміздің жетістіктері мен табыстары Елбасы атымен тығыз байланысты екендігін атап көрсетті.
– Еліміздегі тарихи таңдау күні болып саналатын бұл сәтті барша қазақстандықтар Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіне топтасу күні деп есептейді. Тарих көрсеткендей, қандай да мемлекет болмасын, қай заманда да әрбір елдің тағдыры шешілер қиын сәтте бір тарихи тұлға өмірге келген. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі осындай тұлғалардың қатарынан өз орнын алды, – деген Бақыт Алпысбайұлы барша аудан жұртшылығының дендеріне саулық, отбасыларына амандық, мол бақыт тіледі.
Мерекелік құттықтауда аудан басшысы аймағымыздың гүлденуі мен өркендеуіне сүбелі үлес қосқан адамдарға марапаттар тапсырды. Толығырақ тоқталсақ, аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің бас маманы Ұлан Асылбековты, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Сәуле Төлекованы, Бесағаш ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-әскери есеп жүргізушісі Луиза Дүйсенбаеваны Құрмет грамотасымен, аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы, полиция майоры Нұрбол Тұрсыновты, Аса ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-әскери есеп жүргізушісі Арыстанбек Асановты, аудандық Мәдениет үйінің киномеханигі Дархан Шораевты Алғыс хатымен марапаттады. Ал, «Нұр Отан» партиясының бағдарламалық мақсаттары мен  міндеттерін жүзеге асыруға қосқан қомақты үлесі үшін аудандық Мәдениет үйі директорының орынбасары Сағи Мұздыбай, Өрнек дәрігерлік амбулаториясының физиотерапия медбикесі Гүлнар Қабулова «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Тілекшілер тізімін жалғаған аудандық мәслихаттың хатшысы Рүстем Бегалиев аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы басшысының орынбасары Аңсар Ержан мен орталық маманы Ербол Оразбекұлын Жамбыл ауданының Құрмет грамотасымен марапаттады.
Жиын соңында аудан тұрғындары Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Құрмет белгісі орденінің иегері, күйші-сазгер Аман Малдыбаевтың және ұлдары мен өнерге баулыған шәкірттерінің концертін тамашалады.
Нұрасыл СҰЛТАНБАЕВ,
«Шұғыла».

Бөлім:  Елбасы
Бет 5 -ші 5 беттен

Серіктестер