Материалы отфильтрованы по дате: Желтоқсан 2017
Сәрсебі, 13 Желтоқсан 2017 00:00

Арнайы орталық ашылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына сәйкес аудан аумағында көптеген игілікті іс-шаралар өткізілуде. Күні кеше ғана Өрнек ауылындағы №17 Жамбыл техникалық колледжінде «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды.
Орталықтың кермесін қиып, жиылған жұртшылық пен білімгерлерді құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова:
– Бүгінгі таңда Елбасымыз бағдарламалық мақаласында атап айтқандай, жаһандану мен әлемдік бәсекелестік дәуірінде ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалу өте маңызды.
Бәрімізге белгілі, бұл ауылдан есімі тарихта қалған азаматтар шыққан. Елдік пен ерлік дәстүрі ұрпақтар сабақтастығы арқылы жаңартылып, жалғасын таппақ. Сол себепті рухани жаңғырудың терең мәні мен мағынасын ұғынуымыз керек, – деді.
«Рухани жаңғыру» орталығының ашылуына арналған концерттік бағдарлама көпшілік көңілінен шықты. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Сергеев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Сырлыбаев, Өрнек ауылдық округінің әкімі Қ.Темешбаев, №17 Жамбыл техникалық колледжінің директоры Т.Әбдібеков жергілікті тұрғындар алдында сөз сөйледі. Білімгерлер Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласына байланысты ойларын ортаға салды, М.Төлебаев атындағы саз мектебі филиалының өнерпаздары ұлттық нақыштағы туындыларды орындап, қошеметке бөленді.
Күнзипа Ситалиева,
«Шұғыла».

Сәрсебі, 13 Желтоқсан 2017 00:00

Шекара заңын сақтау — парыз

Өткен жұмада Қызылқайнар ауылдық округі әкімі аппаратының мәжіліс залында ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2035 әскери бөлімі штабы бастығының орынбасары Тілектес Бегімбетов, «Талас шекара» комендатурасының коменданты Юрий Богомаз жергілікті тұрғындармен кездесіп, оларға «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңын жан-жақты түсіндірді.
– Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мемлекеттік шекараның тұтастығын және қол сұғылмаушылығын қамтамасыз ету, шекаралық кеңістікте заңдылық пен белгіленген тәртіпті ұстап тұру мақсатында құрлықта, аумақтық суларда және ішкі суларда мемлекеттік шекараны қорғауды және күзетуді жүзеге асыратын уәкілетті орган болып табылады. ҚР Ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, жеке ұйымдардың және елдің әрбір азаматының ортақ ісі, – деген шекарашылар шекаралық аймақта уақытша болу және тұру, шекара аймағында шекара режимін және жекелеген жерлерде болу тәртібін бұзу, шекарадан қасақана заңсыз кесіп өту, контрабанда өткізу, ірі қара малды чиптендіру мәселелерін сөз етті.
Осы жылдың өзінде ауылымызда шекара бойынша 6 жиналыс өтті. Нәтижесі шамалы. Негізінде, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету керек. Сол кезде шекарадағы қылмыс тиылар еді. Оның үстіне шекара заңын әлі де қатайту қажет. Сонда барлығы жақсы болады. Қызылқайнарлықтардың кездесуде айтқан өтініш-тілектері осы болды.
Келелі кездесуге қатысқан аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы мен округ әкімі Зайнилда Сматов салмақты сөз сабақтап, тұрғындарды бірлікке, адал тірлікке үндеді.
Шекарашылардың тұрғындармен кездесуі әрі қарай Бесағаш ауылында жалғасты.
Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ,
«Шұғыла».

Бөлім:  Құқық
Сәрсебі, 13 Желтоқсан 2017 00:00

Нұры тасыған мереке

Бүкіл мұсылман халқының он сегіз мың ғалам иесі – Алла тағала, оның елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа салаллаһу ғалейкум уәссаламға ризашылық сүйіспеншілігі шексіз. Пайғамбарымыздың ғұрыптары, имандылық негіздері өмірімізге бағыт-бағдар беретін ұстаным екенін ешкім жоққа шығара алмас.
Мәуліт – мұсылмандар үшін үлкен мереке. Бұл ай Пайғамба­рымыздың (с.ғ.с.) дүниеге келуімен ерекшеленеді. Мәуліт мерекесін тойлаудағы басты мақсатымыз – Пайғамбарымызды тану.
Осындай мәнді де мағыналы мереке аудан аумағында да өтіп жатыр. Соның бірі ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Әмірбековтің ұйымдастыруымен аудан әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығында» өтті.
Зал халыққа лық толды. Бәрі де Мәуліт айында исламның құндылықтарын насихаттау, уағыз айту және мұқтаж жандарға көмектесу адами әрі мұсылмандық парыз екенін жақсы түсінеді. Мерекені республикамызға танымал айтыскер ақын Айтмұханбет Исақов арнау өлеңімен ашқан. Іле сахнаға көтерілген ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкіл имамы Данияр қажы Жұмабаев:
– Қадірменді көпшілік, Мәуліт мерекесі құтты болсын! «Ислам діні – ғылымның ең жақын досы және қорғаушысы. Өйткені ғылым қанша дамыса, исламның зор хикметтері сол дәрежеде көрініс табады» делінген Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадисінде. Шындығында, мен бүгін осындай көрініске қарап, көңілім шалқып тұр. Мына залда жастар да отыр, аталарымыз бен апаларымыз да отыр, – деді.
Данияр қажы Әлмұхамедұлы ілкімді істерімен, мейірімділігімен көп көңілінен шығып, аудан орталығындағы мешіттің бой көтеруіне әрі бұрынғы мешіттен асхананың ашылуына себепші болған аудандық мәслихаттың хатшысы Рүстем Бегалиев пен «КнауфГипсТараз» ЖШС директоры Мырзабай Бекназаровқа Алғыс хатын табыстады (жоғарыдағы сурет).
Исламның бар құндылығы Құран-Кәрімде жатқаны белгілі. Ұйымдастырушылар да мерекелік іс-шараны Құран оқудан бастауды жөн көріпті. Сахна төріне шыққан Айшабибі ауылының имамы Қатарбай Тәжібаев құран оқыды.
Аудандық Мәдениет үйі жанын­дағы «Дарын» халық театры әртіс­терінің «Шын достық» атты қойы­лымы кім-кімге де үлкен ой салды (төмендегі сурет). Ауда­нымыздың талантты әншісі Нұрлыбек Таласбаев орындаған терме де көп көңілін баурағаны анық.
Пайғамбарымызға салауат айту әрбір мұсылманның бойына нұр дарытса керек, «Тұрғани» мешітінің жамағаттары Ораз Баймаханов пен Қатарбай Тәжібаев «Мәуліт оқуын» жалғастырды.
Мерекелік шараны кеш жүргізу­шісі, қордайлық әнші Бекзат Сәкенұлы «Өсиет өлеңмен» қорытындылады.
Мейірім мерекесіне аудан әкімі­нің орынбасары Үміткен Найманова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл әкімдері қатысып отырды.
Дүйсенбек ОРМАНОВ,
«Шұғыла».

Бөлім:  Дін
Сенбі, 09 Желтоқсан 2017 00:00

Өлең – сөздің патшасы...

Ұлы Абайдың өлеңдері мен қара сөздері кім-кімге де ой салса керек. Оның азаматтыққа бағдарланған дүниетанымдары сана-сезіміңді оятып, көңіліңді рухани байыта түседі. Бүгінде жас та, жасамыс та Абай жырларын оқуға құштар. Қара сөздерін де көңіл төріне оздырған.

Таяуда Абайдың қара сөздерін, өлеңдерін тыңдауға мүмкіндік алдық. Сол мүмкіндік аудан әкімдігінің білім бөлімі мектеп оқушылары арасында ұйымдастырған «Абайды оқы, таны» атты байқауда туған.
Абай оқуларының бірінші бағыты «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», екінші бағыты «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» деп аталған. Негізі, талапкерлер бірінші бөлімде Ұлы Абайдың өлеңдерін жатқа оқу керек болса, екінші бөлім бойынша олар өз туындыларын паш етулері керек.
Сонымен, Абай өлеңдерін жатқа әрі мәнерлеп оқыған Ә.Әйтиев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Жанерке Еркебекова бірінші орынды иеленсе, 2-ші орыннан шайқорықтық 8-сынып оқушысы Аружан Рябын мен амангелділік талапкер Гүлзат Амантаева көрінген. 3-ші орынды Гродеково орта мектебінің оқушысы Мухаммед Мучу-Оглы, Б.Момышұлы атындағы орта мектептің оқушысы Сабина Баймұхан иеленді. Ал өз шығармалары бойынша айшабибілік Мерейхан Райымбаевтың мерейі үстем болып, бірінші орыннан көрінді. Б.Кейкиев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Айгүлім Жайлыбек, макаренколық Қайсар Атантай екінші орыннан еншісін алса, 3-ші орынды тоқтаровтық 8-сынып оқушысы Баян Мұсабай, амангелділік талант иесі Айдана Сайлаубек және Бесбаев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Алтынай Мұхаммедрахым өзара бөлісті.
Оқушылардың шығармашылық қабілетін, олардың Абай поэзиясына деген құштарлығын елеп, ескерген қазылар алқасының мүшелері – аудан әкімдігі білім бөлімінің әдістемелік кабинет әдіскері Лаура Зарпулова, Амангелді орта мектебінің жоғарғы санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәуле Майкенова және Тоқтаров атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмира Боранбаева осылайша бағалаған.
Байқауға қатысқан оқушылардың барлығы Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін жатқа білетінін көрсетті. Жас таланттардың арасынан Абай, Шәкәрім өлеңдері мен қара сөздерінің 200-ге жуығын жатқа білетіндері де кезікті.

Дүйсенбек Орманов,
«Шұғыла».

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаева мамыр айында өңірімізге іссапармен келіп, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевпен кездескен болатын.
Онда облыс тұрғындарының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу деңгейі, олардың қаржылық сауаттылығын арттыру және зейнетақы жүйесін жаңғырту сұрақтары бойынша ақпарат беру мәселелері жан-жақты талқыланған еді. Осы келелі кездесуде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» мен облыс әкімдігі арасында меморандумға қол қойылып, соның аясында маңызды мәселелерді шешу бойынша бірлескен шаралар өткізу көзделген болатын. Сонымен қатар «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында БЖЗҚ мен жергілікті атқарушы орган арасында әріптестік қарым-қатынас орнатып, ұзақ мерзімді, нәтижелі және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту ұйғарылған еді. Осыған орай, яғни, меморандумға сәйкес ауданда арнайы топ құрылып, олар аудан тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алып, бірқатар елді мекендерді аралап шықты.
Осы мақсатта Жамбыл ауданындағы ауылдық округтерде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» Жамбыл облыстық филиалы Аса ауылындағы қызмет көрсету орталығының басшысы Жамбыл Әбдібеков жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысты ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізді.
Жамбыл Амангелдіұлы БЖЗҚ қызметі, зейнетақы жинақтары және жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат алу тәсілдері жайына кеңінен тоқталды. Ауыл тұрғындарын толғандырған мәселе – әйелдердің зейнетке 63 жастан бастап шығу жөніндегі жүйе қалай жүзеге асырылатыны жайында әңгіме қозғады. Мысалы, 2018 жылдың 1 қаңтарында 58 жасқа толатын әйел алты айдан кейін, яғни, 58 жас 6 айда зейнетке шығады. Ал, 2018 жылдың 1 шілдесінен кейін туылғандар 1 жылдан кейін, анығы 2019 жылы шілдеден кейінгі қай айда туылды, сол кезде зейнетке шығады екен.
Жиындарда сонымен қатар, базалық зейнетақы қалай тағайындалатыны, жарналардың дер кезінде аударылуы мен жеке зейнетақы шотының жай-күйін қалай білуге болатыны, зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алудың жүзеге асырылу барысы егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Ильяс Қалыбеков,
«Шұғыла».

Бөлім:  Қоғам
Сенбі, 09 Желтоқсан 2017 00:00

Жаман аурудан сақтанған абзал

Сейсенбіде аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы «АИТВ-мен күрес» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысын өткізді. Аудандағы білім беру, медицина салаларының өкілдері бас қосқан отырысты басқарма басшысы М.Ақтанова ашып, АИТВ, ЖИТС туралы әңгіме өрбітті.
– ЖИТС – инфекциясы білінбей өтетін ауыр ауру. АИТВ инфекциясының соңғы сатысы болып табылады. АИТВ – адамдардағы иммунтапшылығы вирусы. Бұл вирус адамдарға қорғанбай жыныстық қатынасқа түскенде, инъекциялық есірткі қолдану және зарарсыздандырылмаған құралдар арқылы, жүктілік кезінде, босанғанда және емізгенде ауру жұқтырған анадан балаға жұғады. Адамдар ауруды жұқтырғанын немесе жұқтырмағанын АИТВ-ға тексерілу мен тестілеуден өту арқылы ғана біле алады. АИТВ инфекциясын диагностикалау мен емдеу елімізде мемлекеттік қаражат есебінен тегін жүргізіледі. Тестілеу нәтижесі туралы мәлімет құпия ақпарат болып сақталады. Ондай ақпаратты жариялау заңмен қудаланады, – деді басшы өз сөзінде.
Мұнан соң қатысушылар «ВИЧСПИД» атты бейнебаянды тамашалап, тақырып төңірегінде ой бөлісіп, пікір алмасты. Аудандық орталық емхананың дәрігері Д.Жаманбаева бүгінде облыс бойынша бұл аурумен 981 адам ауыратынын, оның ішінде 270 науқас осы аурудан көз жұмғанын тілге тиек етіп, аурудың алдын алу керектігін алға тартты.  
Сол күні түс ауа аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары Ақбұлым ауылдық округіндегі Б.Бесбаев атындағы орта мектепте 10-сынып оқушылары арасында «АИТВ/ЖИТС-мен ауырған адамды қоғамнан алшақтату керек пе?» тақырыбында пікірсайыс ұйымдастырды. Оқушыларды аурудың барлық аспектілері бойынша ақпараттандыруды мақсат еткен пікірсайыста белсенділік танытқан оқушы спикерлер соңынан ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ,
«Шұғыла».

Бөлім:  Денсаулық
Сенбі, 09 Желтоқсан 2017 00:00

Ұлттық ойындар ұмытылмайды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында аудан әкімдігі «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері мен ауылдық клуб жанындағы аула клубының үйірме жетекшісі Расылхан Әбілхасовтың ұйымдастыруымен ұлттық ойындарымызды ұлықтау мақсатында «Саламатты Қазақстан» атты аудандық жарыс өтті.
Жарысқа жеті ауылдық округтен келген 14-29 жас аралығындағы 60-тан астам жас қатысты.
Ашылу салтанатында сөз алған «Жастар ресурстық орталығының» директоры Маханбет Рахымжанов: – Бәріміз де ауылдық жерде туып-өстік. Ата-бабаларымыздан қалған өсиетті жадымызға тоқып, ұлттық салт-дәстүрлерімізді, ұлттық ойындарымызды ұмытқан жоқпыз. Жасыратыны жоқ, 70 жыл бойына өзге ұлттардың дәстүрлері мен ойындарына көп көңіл бөлдік. Ал қазір бәрі басқаша. Қыран, бүркітімізді аңға салдық, көкпар тартып, ат шаптырдық. Қазақ күресін әлемге танытып, боз кілемді шаңдаттық. Тіпті ұмытыла бастаған асық ату, ләңгі тебу секілді ұлттық ойындарымызды қайта жаңғырта бастадық. Бүгін сол құндылықтарымызды құрметтеу үшін сіздердің бастарыңызды арнайы қосып отырмыз. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деген.
Таңертең басталған жарыс кешке дейін сәтті жалғасып, қорытындысында асық атудан өрнектік өрен Райымбек Кенжебайдың асығы алшысынан түссе, ләңгі тебуде Ерназар ауылының тұрғыны Қайсар Сауытбектің қанжығасы майланды. Тоғызқұмалақтан тоғызтараулық Нұрболат Мірәлінің мерейі үстем болған. Үстел теннисінде пионерлік Болат Сегізбай биіктен көрінсе, дойбы ойынында ерназарлық Қадыр Мырзалы алдан табылды.
Топ жарған жастарға ұйымдастырушылар дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыстады.
Дүйсенбек Орманов,
«Шұғыла».

Сенбі, 09 Желтоқсан 2017 00:00

Мұражайда өткен сабақтар

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясындағы «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегі деп санаймын. Осы орайда ежелден бізге жеткен көне мәдени мұралардың бір бөлігі болып табылатын атадан қалған қазақ өркениетін сақтау маңызды екенін айрықша атап өтуіміз қажет.
Бұл тұрғыда Баймырза Бесбаев атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі Бақыт Тоқсанбаева балаларды туған өлкесінің тарихымен таныстыру мақсатында сабақтарын мектепте орналасқан мұражайда өткізуде.
Туған өлкенің, әрбір ауылдың атауы, сайы мен жотасы, тауы мен бұлағы тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының өзі аңыздар мен әңгімелерге толы. Кез келген аудан, ауылдың тарихын алып қарасақ, біздің мәдениетіміз бай, өнеріміз самсап тұр. Солардың барлығын жүйелеп түсіндіру – әрбір мұғалімнің парызы.
Қымбат та құнды ұлттық мұра­мызға, кемел де шынайы тари­хымызға, баянды болашағымызға бет бұруымыздың бастамасы – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегі. Елбасымыз «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек» деп өнегелі сөз айтқан.
Сондықтан рухани жаңғыруды «Туған жер» бағдарламасы бойынша бабаларымыздан қалған көне асыл мұраларымызды зерттеп жаңғыртудан бастауымыз керек.
Мектебіміздегі мұражай 2000 жылы ашылған болатын. Мұра­жайда Ақбұлым ауылынан шық­қан Ұлы Отан соғысы ардагер­лерінің, мектепті басқарған зиялы адам­дардың суреттері мен өмірбаяндары және алған марапаттары, жасаған игі істері жайлы мағлұматтар, оған қоса 1946 жылдан бергі оқушылардың жұмыс дәптерлері сақтаулы. Соны­мен қатар қола дәуірінен бергі үш мың жылдық тарихы бар тастағы таңба суреттері, ата-бабамыз­дан қалған құмыраларымыз да қойыл­ған. Осындай бізге жеткен жәді­герлерді оқушыларға жай көрсетіп қана қоймай, жастарды өз өлкесін сүюге, бойларына патриоттық сезім ұялатуға және өткенді бүгінгі күнмен байланыстыра отырып, болашаққа жол аша білуге дағдыландыруда тарих пәні мұғалімдерінің еңбегі зор деп білемін.
Серік Бақыт,
Б.Бесбаев атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі.

Сенбі, 09 Желтоқсан 2017 00:00

Бағдарлама аясындағы басқосу

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат.

Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отыр. Елбасы бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытына жеке-жеке тоқталады. Соның ішінде «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналды. Туған жерге деген сүйіспеншілік туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады.
Осы орайда Өрнек ауылдық кітапханасының меңгерушісі Ж.Садуалиева, ауылдық клубтың мәдени ұйымдастырушысы С.Жолдасбаева, Жұма ауылдық кітапханасының кітапханашысы К.Ақбөртееваның бірлесіп ұйымдастыруымен «Туған жерге туыңды тік» тақырыбында саяси талқылау кеші өтті.
Өрнек ауылдық округінің әкімі Қ.Темешбаев, аудандық мәслихат депутаты Т.Әбдібеков, Өрнек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Атыхаев, Б.Тайшапұлы атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, «Өрнек» БПҰ-ның төрағасы Н.Алтынбеков қатысқан кеште кітапханашы К.Ақбөртеева «Ұлттық сананың сәулесі» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жүргізсе, С.Жолдасбаева «Латын әліпбиіне көшу» тақырыбында баяндама жасады. Бұдан кейін кеш қонақтары Елбасының мақаласында айтылған өзекті мәселелерге мән беріп, ойларын ортаға салды. Ал кешті жүргізуші Ж.Садуалиева викториналық сұрақтар таратып, қатысушылардың пікірлерін тыңдады.
Кеш соңында №17 Жамбыл коледжінің студенттері мен мектеп белсенділері көпшілікке концерттік бағдарлама ұсынды.
Мақсат Жұмабаев,
«Шұғыла».

Жуырда Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа Жолдауын, «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасы мен Қазақстан Республикасының өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын басшылыққа ала отырып Жамбыл аудандық орталық кітапхана «Ауылдың тарихи шежіресі» аудандық өлкетану байқауын жариялаған болатын. Байқауға ауыл кітапханалары қатысты.
Оқырмандардың туған өлкенің тарихына, оның ерекшелігіне және мәдени, табиғи мұрасына қызығушылығын арттыру, зерттеушілік және ізденушілік қызметін ұйымдастыру арқылы дамытуды мақсат еткен байқау 2 кезеңде өткізілді. Оның бірінші кезеңінде «Ауылдың тарихи шежіресі» атты әдістемелік құрал, екінші кезеңінде нақты іс-шара сынға түсті.
Қазан айының 5-нен қарашаның 24-і аралығында өткен байқау бекітілген кестеге сәйкес ұйымдастырылды.
Нәтижеде, қазылар алқасының шешімімен бірінші кезең бойынша бас жүлдеге – Бектөбе ауылдық кітапханасы, І орынға – Қаратау, ІІ орынға – Жалпақтөбе, ІІІ орынға Шайдана ауылдық кітапханалары лайықты деп танылды. Байқауға белсене қатысқаны үшін бұл номинация бойынша Ерназар, Жұма, Гродеково ауылдық балалар кітапханасы мен Шайқорық, Пригородное ауылдық кітапханаларына алғыс жарияланды.
Байқаудың екінші кезең қорытындысында бас жүлдені – Гродеково ауылдық кітапханасы, І орынды – Қоңыртөбе, ІІ орынды – Тоғызтарау, ІІІ орынды – Ақбұлым ауылдық кітапханалары иеленді. Бұл номинацияда Бірлесу-Еңбек, Түрксіб ауылдық кітапханаларына алғыс жарияланды.
Әсия Ойықбаева,
Жамбыл аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары.

Бет 4 -ші 5 беттен

Серіктестер