Материалы отфильтрованы по дате: Желтоқсан 2017
Жұма, 15 Желтоқсан 2017 00:00

Ақпараттық пойыз Асаға аялдады

Келер жылы Арқа төсіндегі ару қала Астанаға – 20 жыл. Бұл уақыт тарих үшін  қасқағым сәт болғанымен, осынау аз ғана жылдың ішінде елордамыз дәулеті мен сәулеті жарасқан әлемдегі сұлу шаһарлардың біріне айналды. Айтулы мерекеге орай республика аумағында түрлі іс-шаралар биылғы жылдан-ақ басталған.
Арайлы Астананың 20 жылдығы мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай «Тараз» теміржол бекетінен аудандарға жол тартқан «Астана. Тәуелсіздік. Рухани жаңғыру» ақпараттық пойызы кеше Шайқорық-Аса-Жұма стансасына аялдады.
Айтулы шараның мақсаты Астананың 20 жылдық мерейтойын жалпыхалықтық деңгейде өткізу, елорданың Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы ауқымды тарихи рөлі туралы, Астана – өңірлердің серпінді дамуының факторы екендігін шалғай елді мекен тұрғындарына жеткізу, сондай-ақ атаулы мереке аясында тұрғындарды тегін медициналық тексеруден өткізіп, арзандатылған бағамен ауылшаруашылық тауарларын ұсыну, мерекелік концерттік бағдарламалар қойып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау болатын.
Құрамында облыс әкімдігі басқармаларының қызметкерлері мен зиялы қауым, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ардагерлер, дәрігерлер мен мәдениет саласының қызметкерлері бар топты аудан тұрғындары Аса стансасында жылы шыраймен қарсы алды.
Шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова: – Астананың 20 жылдық төл мерекесі жалпыхалықтық деңгейде өткізілмек. Бұл шара Астана қаласына көрсетілген құрмет деп білемін. Тәуелсіз Қазақстан – екі ғасыр тоғысында жаңа астана салған жалғыз мемлекет. Жамбыл облысында Астананың 20 жылдығына арналған мерекелік іс-шара «Астана. Тәуелсіздік. Рухани жаңғыру» атты ақпараттық пойызымен бастау алды. Әрине, тағылымға толы мерекелік шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады, – деді.
Мұнан кейін сөз алған жазушы-драматург Елен Әлімжан (суретте), облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының жанынан құрылған мобильдік топтың мүшесі Қалбибі Жолдасова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев елімізде жүргізіліп жатқан оң істер мен Астана, Тәуелсіздік және Рухани жаңғыру жайында салмақты сөз қозғады.
Салтанатты жиынның ресми бөлігінен кейін тұрғындар ауыл шаруашылығы тиелген вагонға беттесе, енді бірі арнайы медициналық құралдармен жабдықталған вагонда білікті дәрігердің көмегіне жүгінді.
Нұрасыл Сұлтанбаев,
«Шұғыла».

Бөлім:  Тәуелсіздік
Жұма, 15 Желтоқсан 2017 00:00

Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлы Қазанбасовтың аудан тұрғындарын Қазақстан Республикасының

Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтауы

Құрметті аудан тұрғындары! Сіздерді ұлық мереке – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Азаттықтың анасы – бостандық, Тәуелсіздіктің анасы – еркіндік. Жер шарын мекендеген барлық халық азаттықты арман етеді, еркіндікті мақсат тұтады. Біздің халық – ғасырлар бойы аңсаған, азаттығына қолы жеткен, арман-мұраты ізгілікпен өрілген ел. Байтақ ел, дария көңіл, дана қазақ халқының сайын даладан ғұмыр бойы іздегені – бірлік, тілегені – тұтастық!
Қазақ «Қуана білгенге – құт қонады, бағалай білгенге – бақ қонады» дейді. Қазақстан бүгінде қыдыр дарып, бақ қонған, ырыс жайлаған елге айналды! Осы жалауы желбіреген жиырма алты жылда қазақ халқы асыққанына жетіп, аңсағанын көрді, өткеннің өкінішін жуып, тарихтың қателігін жөнге келтірді. Ғаламат істер мен телегей-теңіз тірліктер атқарды. Ғасырлармен жарысып, тас бұғаудан босаған ел Тәуелсіздігі ұлыстың ырысы мен ұлтының тынысын ашты. Елбасы «Бүгінгі біздің тәуелсіздігіміздің қайнар көзі қазақ халқының сан ғасырлар бойы күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр», – деп атап көрсетті.
Бүгінде егемен еліміз әлеуметтік-экономикалық дамудың жарқын жолдарынан өтіп, халқымыздың тұрмыс деңгейі артты. Ұлттық рух келбеті бұрын болып көрмеген биік деңгейге көтерілді. Ең бастысы, көпұлтты халқымыздың татулығы мен ынтымағының арқасында тұрақты қоғамдық-саяси ахуал қалыптасты. Тәуелсіздіктің баянды тағдыры – әлем таныған саяси тұлға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тағдыры, біртұтас халқымыздың тағдыры. Қазақ жерін құт мекен еткен, татулығы жарасқан көпұлтты қазақстандықтардың тағдыры. Сондықтан, татулық пен бірлік – ел символы.
Қадірменді көпшілік! Сіздерді ынтымақ пен татулықтың, болашаққа деген сенімді үміттің мерекесі – Тәуелсіздік күнімен тағы да құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін.
Азаттықтың көк туы ашық аспанымызда мәңгі желбіресін. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай!

Бөлім:  Тәуелсіздік
Сәрсебі, 13 Желтоқсан 2017 00:00

Тартысқа толы турнир

Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының ІІ кезеңі мен ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын жүзеге асыру және Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 5 жылдығына орай Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» кіші футболдан облыстық турнир ұйымдастырды.
Тартысқа толы турнирге алты команда қатысты. Нәтижесінде, бірінші орынды «ТИГУ» командасы жеңіп алса, екінші орын жерлестерімізге, яғни, «Жамбыл ауданы» командасына бұйырды. Ал, жүлделі үшінші орынды «Облмәдениет» командасы қанжығасына байлады.
Командасының жеңіске жетуіне бар күш-жігерін салған «ТИГУ» командасының шабуылшысы Нұржан Туғанбай «Үздік шабуылшы», жер­ле­сіміз Тоқтар Аярбеков «Үз­дік қақпашы» номинациясымен марапатталды.
Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне диплом және бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Эльмира Туркменова
«Жас Отан» жастар қанаты бөлімше басшысының орынбасары.

Бөлім:  Спорт
Сәрсебі, 13 Желтоқсан 2017 00:00

Жеңімпаз облысқа барады

Жуырда «Сәуле» бөбекжайында мектепке дейінгі ұйымдардағы саз жетекшілеріне арналған «Ұлттық аспаптар шебері» атты аудандық байқау өтті. Байқауға «Сәуле» бөбекжайы (Аса ауылы), «Болашақ» (Жалпақтөбе ауылы), «Балдырған» (Аса ауылы), «Қарлығаш» (Айшабибі ауылы), «Нұршуақ» (Түрксіб ауылы), «Балапан» (Гродеково ауылы) бөбекжайларының саз жетекшілері қатысып, «Таныстыру», «Сахналық көрініс», «Ұлттық аспаптар арқылы этнопедагогикалық мәдениетті қалыптастыру» бөлімдері бойынша сынға түсті. Қазылар алқасының төрайымы аудан әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Әлия Омарова мен алқа мүшелері – М.Төлебаев атындағы музыка мектебінің директоры Сарбиназ Қосанова, аудандық Мәдениет үйінің мәдени ұйым­дастырушысы Олжас Әлібай қатысушылардың ұлттық аспаптарда ойнау шеберлігі мен қойылымдардың патриоттық тәрбие мазмұнына сай болуын, саз жетек­шілерінің біліктілігі мен өнеріне қатысты пікірлерін, орнықты сындарын да айтты.
Байқаудың үш кезеңінің қорытындысы бойынша «Болашақ» бөбекжайының саз жетекшісі Ақмарал Абдрасилова Алғыс хат иеленсе, үшінші орынды Рахима Әбекова («Балдырған») мен Гүлнар Нусипова («Қарлығаш»), екінші орынды Анар Жұмағұлова («Нұршуақ»), бірінші орынды Айнұр Әбілова («Балапан») және бас жүлдені Азима Қылышбаева («Сәуле») жеңіп алды.
Іс-шара соңында қазылар алқасының мүшелері бас жүлдені иеленген бөбекжай ұжымы облыстық байқауға дайындалу керектігін хабарлады.

Күнзипа Ситалиева,

«Шұғыла».

Бөлім:  Мәдениет
Сәрсебі, 13 Желтоқсан 2017 00:00

Көмек алуға кім үміткер бола алады?

Алдағы жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізілетіні белгілі. Бұл жөнінде қосымша ақпарат алу мақсатында газет тілшісі аудан әкімдігі Жұмыспен қамту орталығының директоры Асқар Жанқоразовпен сұхбаттасқан еді.

– Асқар Әбдімәжітұлы, атаулы әлеуметтік көмек алуға кімдер үміткер бола алады?
– 2018 жылдың 1 қаңтарынан атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізіле бастайды. Бұл дегеніміз жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен отбасыларға немесе азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады және де бұған жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтары, оралмандар, босқындар, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар да жатады.
– Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек кімдерге беріледі?
– Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға немесе еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын аз қамтылған отбасыларға беріледі.
Мұндай аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек қандай да бір шартсыз тоқсан сайын тағайындалып, ай сайын төленеді. Шартсыз ақшалай көмек: зейнеткерлік жасқа жетуіне; 1 немесе 2-топтағы мүгедектігіне; екі айдан астам уақытша еңбекке жарамсыздығы белгілене алатын ауруының бар болуына орай жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу мүмкіндігі шектеулі жалғызбасты және (немесе) жалғыз тұратын аз қамтылған адамдарға; жеті жасқа дейінгі балаға, мүгедек балаға, бірінші немесе екінші топтағы мүгедекке, күтімге және көмекке мұқтаж қария адамға, күтімді жүзеге асыратын аз қамтылған отбасыларға көрсетіледі.
– Шартты атаулы әлеуметтік көмек кімдерге беріледі?
– Шартты атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері бар аз қамтылған отбасыларға немесе еңбекке жарамды аз қамтылған азаматтарға ұсынылады, бұл орайда қойылатын шарт жұмыспен қамтудың бел­сенді шараларына олардың міндетті түрде қатысуы болып табылады.
Осы мақсатта әлеуметтік қызметтер мен қызмет алушылар арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады. Әлеуметтік келісімшарт 6 айға қол қойылады және оны қажет болған жағдайда тағы 6 айға дейін создыру мүмкіндігі беріледі.
Шартты ақшалай көмек төлеу үшін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу келесі санаттарға міндетті емес: 1) бірінші және екінші топ мүгедектеріне; 2) күндізгі бөлімде оқитын қатысушыларға, студенттерге, тыңдаушыларға, курсанттарға және магистранттарға; 3) екі айдан астам жұмысқа жарамсыздығы белгіленуі мүмкін болатын ауруға шалдыққан адамдарға; 4) басқа адамның қарауын және көмегін қажет ететін жеті жасқа дейінгі балаларға, мүгедек баларға, бірінші және екінші топ мүгедектеріне, сексен жастан асқан қарттарға қараушы адамдарға; 5) тұрақты жұмысы бар адамдарға.
– Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке өтініш беру үшін үміткерлер қайда жүгінеді?
– Үміткерлердің өтініш беру үшін жүгіну орны халықты жұмыспен қамту орталығы немесе орталық болмаған жағдайда ауылдық округ әкіміне жүгіне алады.
– Әңгімеңізге рахмет, Асқар Әбдімәжітұлы. Жұмысыңызға табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Мақсат ЖҰМАБАЕВ.

Бөлім:  Әлеумет
Сәрсебі, 13 Желтоқсан 2017 00:00

Жаңа тізбедегі өзгерістер туралы

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен семинар-сабақта Жамбыл ауданының мемлекеттік архивінің директоры Келсінай Күлекеева «Сақтау мерзімдерін көрсете отырып, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар қызметінде жасалатын үлгілік құжаттар тізбесін бекіту туралы» №263 бұйрық желтоқсан айынан бастап қолданысқа енгізілгенін хабарлады.
– Аталмыш бұйрықта, яғни жаңа тізбеде бірқатар өзгерістер бар. Атап айтқанда, бұрынғы құжатпен салыстырғанда 158 тармақ қысқартылып, алдыңғы тізбеге қарағанда түсінікті әрі анық жазылған.
Соның ішінде, міндетті медициналық сақтандыру жарналарын аудару бойынша тұлғалардың (жұмыскерлердің) тізімдері мен төлем тапсырмаларын (төлем шоттары) сақтау мерзімі – 75 жыл, азаматтардың жеке істерін сақтау мерзімі тұрақты сақтауға жататын құжат болып есептеліп отыр.
Мекеме қайта құрылған немесе атауы өзгергенде, толықтырулар мен өзгерістер енгізілген жағдайда негіздеменің көшірмесі аудандық мұрағатқа өткізілуі керек. Себебі әрбір мекемеге тарихи анықтама жазылады.
Архив ісі жүктелген маман жұмыстан босатылған немесе ауыстырылған жағдайда жаңадан келген маман екеуі құжаттарды тапсыру-қабылдау актісін жасап, көшірмесін архивке тапсыруы қа­жет. Бұл жұмыстар мекеме басшы­сының бақылауында болуы тиіс.
Жаңа тізбеде 13 ірі бөлім, 850 тармақ бар. Әрбір құжаттың тарихи маңыздылығына қарай алдағы уақытта сақталуы немесе сақталмауы істер номенклатурасына тікелей байланысты болып табылады. Сондықтан бүгінгі атқарылған істердің дәлелі болатын құжат ертеңгі тарих екенін есте сақтағанымыз жөн, – деді Келсінай Күлекеева.
Семинар-сабаққа аудан әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің басшысы Әзиз Мәнтеев, кеңсе бөлімшесінің басшысы Гүлнар Коржикова және мекеме-ұйым, ауылдық округ әкімшіліктерінің бас мамандары, жауапты қызметкерлер қатысып отырды.
Күнзипа Ситалиева,
«Шұғыла».

Бөлім:  Қоғам
Сәрсебі, 13 Желтоқсан 2017 00:00

«Азаматтық бақылау» жобасы аясында

Жақында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Несіпбеков пен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы «Жас Отан» ЖҚ-ның бөлімше басшысы Жандар Тоқсаба аудан жастарына араналған «Азаматтық бақылау» жобасы аясында қоғамдық қабылдау өткізді.
Қоғамдық қабылдауға Әсел Қайсарова, Динара Салықбаева, Жәнібек Молдахметов, Бота Бақбергенова, Оралхан Жұмасейітов сынды аудан жастары келіп, «Жастар тәжірибесі» бойынша, соның ішінде тәжірибе мерзімін ұзарту мүмкіндіктерін қарастыру жайлы, «Жастар ресурстық орталығының» жас мамандармен жұмыс жүргізу жоспарының тиімділігі туралы сұрақтарын қойды.
Қабылдау барысында «Жастар тәжірибесі» бойынша 150-ден астам жастың 89-ы тұрақты жұмысқа орналасқаны айтылды.
Күнзипа Ситалиева,
«Шұғыла».

Бөлім:  Нұр Отан
Сәрсебі, 13 Желтоқсан 2017 00:00

Келелі кездесу

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында Шайқорық ауылдық клубы мен кітапхана және Жамбыл ауылдық округі әйелдер кеңесінің төраймы Рыскүл Нұрманованың ұйымдастыруымен «Бағдарламалық маңызды құжат» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өткізілді.
Жамбыл ауылдық округінің әкімі Б.Садырбаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Рысбаев, ардагер ұстаз Қ.Жүндібаев, Шайқорық орта мектебінің кітапханашысы Ж.Шымырбаева қатысқан отырыста ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Рысбаев мақалада көрсетілген негізгі бағыттарға тоқталды. Сонымен қатар басқосуда еліміздің экономикалық өрлеу кезеңінде рухани бастамашылықтарды ұмытпау қажеттілігіне тоқталып, ұлттық код, руханият пен тіл мәселесі жөнінде салмақты пікірлер айтылды.
Бұдан кейін сөз алған тарих пәнінің мұғалімі, зейнеткер Ф.Бишенова «Тегін білу – тектілік» тақырыбында баяндама жасап, Елбасы мақаласы аясында өз ойын жеткізсе, Шайқорық ауылдық клубының жанынан құрылған «Ақ әжелер» ансамблінің мүшелері жастарға ою-өрнек қию, құрақ көрпе тігу, ұршық иіру, жүн түту сияқты қазаққа тән салт-дәстүрлерді үйретті.
Жиынды қорытындылаған Б.Садырбаев Елбасы мақала­сындағы маңызы зор бағдарламалар елімізді жар­қын болашаққа жетелейтінін жеткізді.
Жанат Ақшалова,
Шайқорық ауылының кітапхана меңгерушісі.

Сәрсебі, 13 Желтоқсан 2017 00:00

Туған мектепке тағзым

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын басшылыққа алған Қ.Сартбаев атындағы орта мектеп мұғалімдері «Туған мектепке тағзым» атты акция ұйымдастырды.
Онда осы мектептің әр жылдардағы түлектері, бүгінде ауыл, аудан, облыс және республика көлемінде қызмет атқарып, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген 40-қа жуық азамат арнайы шақырылған еді.
Акция барысында келелі мәселелер кеңінен қозғалып, қонақтар мектептің бүгіні мен ертеңіне көз жүгіртті. Ауылдағы әлеуметтік мәселелер де қозғалды.
Түлектердің сөзінен туған ауыл мен өздері білім алған мектепке қолұшын беруге әзір екенін аңғарғанбыз. Шындығында, олардың арнайы қойылған қайырымдылық жәшігіне қаражат салуы елге, жерге деген сүйіспеншіліктің белгісі екені даусыз.
Осындай қайырымды, мейірімді жерлестерінің барына қуанған мектептің өнерлі өрендері әннен шашу шашты.
Акцияда түскен қаражат мектеп­ке қажетті құрал-жабдықтар алуға жұмсалатын болды.

Сәрсебі, 13 Желтоқсан 2017 00:00

«Құштар көңіл» оятты сезімдерді

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын басшылыққа ала отырып, жас ұрпақтың туған жерге, туған елге деген сүйіспеншілігін ояту, жергілікті өнерлі тұлғалардың шығармашылығымен таныстыру мақсатында Ерназар ауылдық кітапхана меңгерушісі Айгерім Умиралиеваның ұйымдастыруымен жергілікті ақын, сазгер әрі әнші, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер-ұстаз Төлепберген Үрістембековтің «Құштар көңіл» атты шығармашылық кеші өтті.
Кешті тамашалауға аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Аида Қалисаева, директордың орынбасары Әсия Ойықбаева және ауыл ақсақалдары, батыр аналар, Б.Кейкиев атындағы орта мектептің ұстаздары мен оқушылары қатысты.
Іс-шара барысында жергілікті ақынның «Рухани жаңғыру», «Тәуелсізбіз», «Үш тілім», «Туған жерім – мекенім», «Туған жерім – тұғырым», «Шалқыма», «Қызым Динаға», «Абайменен мақтанам», «Шер-аға», «Салт-дәстүрім – байлығым» жырларын оқушылар жатқа мәнерлеп оқыды. Кеш авторының әні мен сөзіне жазылған «Елбасыммен мақтанам» әнін аудандық Мәдениет үйінің әншісі Саламат Сәбденұлы және балабақша бүлдіршіндері «Мен бақшаға барамын» әнін кеш кейіпкерінің сүйемелдеуімен шырқады.
Шығармашылық кеште Төлепберген Үрістембеков өз өлеңдерін оқып, әндерін нақышына келтіріп орындады.
Іс-шара клуб қызметкерлері орындаған «Ауылым менің, ауылым» әнімен аяқталды.
Іңкәр СҮЛЕЙМЕН.

Бет 3 -ші 5 беттен

Серіктестер