Материалы отфильтрованы по дате: Желтоқсан 2017
Жұма, 29 Желтоқсан 2017 00:00

Тарихтың тағдырлы көшінде

Біз ұзына бойы тарихымызда Ұлы далада небір қиындықтарды басымыздан кешірген, сұрапыл соғыстарды, жойқын жортуылдарды өткерген, сан рет қирап, сан рет бой түзеген, “тарихтың тағдырлы көші” дейтін ұзақ жолда жақсыны да, жаманды да көрген, салтанатты да өмір сүрген, хандары алтын сарайларда да тұрған, алтын тақта да отырған, іргелес елдермен бейбіт өмір сүре де білген елміз.
Тауқыметті соншама көп кешкен, тағдыры аянышты – езіліп-егілген, жабығып жапа шеккен, тарығып-зарыққан халық жер бетінде екеу болса, соның біреуі – қазақ. Сондай сұмдықтардың кесірінен қазақ кезінде атамекенін тастап, тоз-тоз болып жан сауғалауға да мәжбүр болды. Кеңпейіл, аңқау қазақтың мал-жаны тәркіленіп, ашаршылыққа душар болды. Зұлматтың құрығына түсті. Өзгенің тарихын өзімізге теліп оқыдық. Хандарымыз бен билеріміз, бектеріміз бен батырларымыз әжуаға, күлкіге, мазаққа айналды. Ұлт ретінде жер бетінен жойылып кете жаздадық. Ойыңа түссе зығырданыңды қайнататын, досың түгілі жауыңа да тілемейтін осындай қорлықты, сұмдықты басымыздан кешкен, тарихқа есесі кеткен елміз. Қазақтың “Еділді келіп алғаны – етекке қолды салғаны, Жайықты келіп алғаны – жағаға қолды салғаны” деп зарлағаны; “Әдіра қалғыр Үш Қиян” деп Мұрат ақынның күйзелгені; “Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын” деп Абайдың қабырғасы қайысатыны осы тұс еді. “Дәуір алмасып жатқанда өмір сүрме”, – дейді екен қытайлар. Бүгінгі ұрпақтың өмірі дәуір мен дәуір, ғасыр мен ғасыр алмасып, заман өзгеріп жатқан тұсқа тура келді.
 Сенесіз бе, сенбейсіз бе? Аз уақыттың ішінде осы байтақ далада бұрын-соңды болмаған бүтіндей жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан елі көш түзеді. Осы Ұлы көшті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастады. Ол ел тізгінін алмағайып, аумалы-төкпелі, ең қиын кезеңде қолына алған еді, тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өтіп, халқын да қыл көпірден аман алып шықты. Оның теңдесі жоқ осы қаһармандығын, даналығын кейінгі ұрпақтың келешекке аңыз етіп жеткізетіндігінде еш күмәнім жоқ.
Сан ұрпақ аңсаған, мыңдаған жылдар бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік – ел болдық. Тәуелсіздік алған жылдары мемлекет өзінен өзі орнай салғандай, өзінен өзі дами беретіндей даурығысып, қалпағымызды аспанға лақтырып, қуанышымыз қойнымызға сыймады. Сын сағатында, алмағайып заманда екі өмір, екі дүние, екі дәуір арпалысқа түскен шақта Нұрсұлтан Назарбаев осындай қадамға барды. Ештеңеден, ешкімнен қаймыққан жоқ. Қалай барды? Неге сенді? Кімге сенді? Бұл арасы ол кезде тек оның өзіне ғана мәлім еді. Қандай да бір шешім қабылдағанда, нендей бір істі бастағанда Елбасы, үнемі халыққа сеніп, халқына арқа сүйеп келеді. Президентті қолтығынан демеген де, демейтін де, қолдаған да, қолдайтын да – өзінің туған халқы. Біз бұрын толыққанды мемлекет орнатпаған, желбіретіп ту тікпеген, астана салмаған, Орда тұрғызбаған ел едік. Енді міне, Елордалы, Ақордалы, Елбасылы ел болдық, осының бәрін де көрдік, бәріне де куә болдық, мақтаныш сезіміне бөлендік. Елордамыз бүгінде халықаралық қатынастардың да астанасына айнала бастады. Астана салу былай тұрсын, сортаң, қу тақыр даламыз да бүгін жайқалған орманға айнала бастады. Байтақ Қазақстанды орманға, жасыл елге айналдырамын деген Елбасының “Жасыл ел” атты  жобасы “Мәңгілік ел” орнатамыз деген байырғы Түркі қағанаты заманындағы бабаларымыздың асыл мұратын еске салады.
Елбасын көп ретте Абылай ханмен салыстырып жатады. Сөз жоқ, Алаштың айбыны болған Абылай халық жадында, ел тарихында мәңгілік қалады. Дана қайраткер, кемел тұлғаның: “Үш жүздің басын қоссам, қала салсам, сөйтіп көшіп-қонған жұртымды ел етсем” деген арманы асқақ болатын. Абылайдың сол арманын жүзеге асырған, аманатқа адал болған адам – тағы да сол Нұрсұлтан Назарбаев. “Тымақ – төбесінен, ел төресінен тозады”, – дейді халық. Құдайға шүкір, қазақтың тымағы да бүтін, төресі де төрінде.
Еліміздің талантты да алғыр жастарын “Болашақ” бағдарламасымен шетелде оқытып алуға жол ашты. Нәтижеде қазір көптеген технологияның құлағында ойнайтын ойы оралымды, ақылы зерек жастар елдің басқару жүйесінде, ғылыми зерттеу институттарында, өндіріс ошақтарында білек түріп жұмыс жасауда. “Мәдени мұраны” кезең-кезеңге бөліп, қыруар қаржы шығарып, ол қаржыны қандай көздерден алып, қалай жаратуды да өзі белгіледі. Дүниенің ақпарат құралдары: “Өзге елдер ат ізін салмаған бастама”, “Ұлттық құндылықтың қайта түлеуі”, “Тәуелсіздіктің алғышартының игі қадамы” деп дүрілдетіп жазып жатты. Расында ғой! Көп ел 1999 жылғы экономикалық құнсыздану құйынынан, 2008 жылдан басталған дүниелік дағдарыстан қиналып, апшысы қуырылып жатқанда – керісінше, Қазақстан экономикалық шайқалысқа төтеп бере отырып, бабалар ізін, қасиетті тірі сөзін түгендеуді жалғастыра берді.
Елбасының бастамасымен «Адамзатты ядролық қарудың алапат қаупінен құтқарудың» мейлінше өзектілігі жөнінде көптеген басқосулар өтті. Біздің еліміздің аумағында атмосфералық, жер үстілік және жер астылық және «бейбітшілік мақсатында» делінген барлығы 500-дей сынақ өткізілді. Бұл – ядролық қару пайда болғаннан бері әлемде жүзеге асырылған барлық сынақтардың тең жартысы. 2006 жылдың қыркүйегінде біз аймақтағы басқа елдермен бірге Орталық Азияны ядросыз аймақ деп жариялаған Семей келісіміне қол қойдық. Қазақстан бірінші болып ядролық сынақтарға толық және сөзсіз тыйым салу актісін жүзеге асырды. Оған Қазақстан ең алғашқылардың бірі болып қол қойды. Бұл істің басы-қасында, әрине, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жүрді. 
Еліміздің қол жеткізген үлкен жетістіктерінің бірі – «EXPO-2017» халықаралық көрмесі. Біз үшін Халықаралық көрмелер бюросына мүше 160 мемлекеттің басым көпшілігі дауыс берді. Небір алпауыт мемлекеттерінің ішінен Қазақстанды таңдауына көп күш салған – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев.
Президентіміз еліміздің әлемдік деңгейге шығуына себепші болып, халқының дамуы жолында аянбай тер төгіп келеді. Тәуелсіздігімізді баянды етті. Ауыр әрі абыройлы асудан астық. Ел алдындағы аса жауапты міндетті абыроймен орындаған. Елбасы – Алланың қазаққа берген сыйы.
Аяулым ӘБІЛДАЕВА,
Шайқорық орта мектебінің түлегі, «Алтын белгі» иегері, С.Демирел атындағы университеттің І курс білімгері.

Бөлім:  Елбасы
Жұма, 29 Желтоқсан 2017 00:00

Салмақты семинар

Жамбыл ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімшесінің ұйымдастыруымен 28 желтоқсан күні аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында ауылдық округ әкімдерінің, аудан әкімдігі бөлімдері мен мекеме-ұйым басшыларының қатысуымен семинар-кеңес өткізілді.
Семинар барысында аудан әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімшесінің басшысы Ж.Оспанова Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасын, Әдеп кодексін сақтау мәселелері және мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру оқу-семинарына енгізілген өзгерістер, мемлекеттік қызметшілердің жылдық бағалау қорытындысы бойынша баяндама жасады.
Бөлімше басшысы Қазақстан Респуб­ликасының 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 12-бабына және Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50-бабы 1-тармағы 17) тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге қызметтік өкілеттіктерін орындау барысында сыйлықтар қабылдауға тыйым салынатынын, алдағы мереке күндері аталған мәселеге қатысты тиісті шаралар қабылдап, мекеме қызметкерлерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сыйлықтар түскен жағдайда қорға тапсыруды ұйымдастыру қажет екендігін айтты.
ҚР «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 13-бабы 7-тармағына және ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 14-бабына, 15-бабының 1-тармағына сәйкес, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға, лауазымды адамдарға, егер мүдделер қақтығысы орын алған болса, лауазымдық міндеттерін жүзеге асыруға тыйым салынатынын, бұл ретте жоғарыда көрсетілген адамдар мүдделер қақтығысын болдырмау және шешу бойынша шаралар қабылдауға тиіс екенін, мүдделер қақтығысын болдырмау және реттеу жөніндегі шараларды қасақана қабылдамау тәртіптік теріс қылық болып табылатынын, алдағы мереке күндері қызметтік көліктермен аудан аумағынан тыс басқа облысқа және аудандарға іссапарларға шығуға тыйым салынатынын ескертті.

Бөлім:  Саясат
Жұма, 29 Желтоқсан 2017 00:00

Әлеуметтік көмек көрсетті

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қаракемер ауылдық округінің әкімі Ердос Бейсенов округ аумағында тұратын мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған және көпбалалы аналарға әлеуметтік сыйқалта ұсынып, 10 отбасыға әлеуметтік көмек көрсетті. Округ әкімі күнбағыс майы, шай, ұн, қант, конфет, вермишель және басқа да азық-түлік толтырылған әлеуметтік сыйқалтаны мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың үйлеріне арнайы кіріп табыстады. Оларды келе жатқан Жаңа жыл мейрамымен құттықтап, өзі де алғысқа бөленді.
Ердос Елібайұлы алдағы уақытта да көмекті қажет ететін ауылдастарына көмек бермек.

Бөлім:  Әлеумет
Жұма, 29 Желтоқсан 2017 00:00

100 балғынға сыйлық таратылды

Жаңа жыл мейрамы күн санап жақындап келеді. Расында, бұл күн – бөбектердің де, ересектердің де сүйікті мерекесі. Ертегіге сенбесек те, жүрегіміздің түкпірінде Жаңа жылдан бір сиқырды күтіп, бақыт тілейтініміз бар.
Мереке қарсаңында ауданда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қайырымдылық шарасы өтті. Нақтырақ айтсақ, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары ауданға қарасты ауыл­дық округтердегі кембағал жандар­ды үйіне мерекемен құттықтап барып, өздерімен бірге әкелген сыйқалталарын табыс етті. Оларға сыйлықтарды мамандармен келген Аяз ата табыстады.
Бұл күні аталған бөлімнің ауыл­дық округтердегі мамандары жалпы саны 100 балаға сыйлық таратты.
Ильяс Қалыбеков,
«Шұғыла».

Бөлім:  Әлеумет
Жұма, 29 Желтоқсан 2017 00:00

Маңызды мәселе талқыланды

Бейсенбіде аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында координациялық кеңес өтті. Жергілікті құқық қорғау органдарының өкілдері, ауылдық округтердің әкімдері қатысқан кеңеске аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы төрағалық жасады.
Кеңесте «Талас» шекара комендатурасының коменданты Юрий Богомаз бен Қызылқайнар ауылдық округінің әкімі Зайнилда Сматов баяндама жасады. Олар биыл округ аумағында орын алған жағдайлар әлі күнге дейін жалғасып жатқанын, осы орайда жергілікті атқарушы органдар бірлесіп шекара аумағындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін тиісті шаралар қабылдау қеректігін алға тартты. Шекара аумағынан заңсыз мал алып өту, заңсыз өткен малдың ветеринариялық бақылаудан өтпеуі, малға чиптің салынбауы секілді өзекті мәселелерге кеңінен тоқталып, заңды тұрғыда оның зардаптары қандай болатыны туралы тарқата айтты.
Координациялық кеңесті қорытындылаған Ерлан Қыдыралыұлы шекара аумағында орналасқан жергілікті халықтың шекара режимін сақтау, олардың шекарадан заңсыз мал алып өтуіне қарсы әрекет ету мәселелерін қызу талқылады.
Ильяс Қалыбеков,
«Шұғыла».

Бөлім:  Құқық
Жұма, 29 Желтоқсан 2017 00:00

Қуанса, бала қуансын

Жаңа жыл қарсаңында мектеп оқушыларына арнап шырша мерекесін ұйымдастырған аудан әкімі Бақыт Қазанбасов:
– Балалар – болашағымыз. Олардан ешкім сырын да, жырын да, сыйлығын да, тілегін де жасырып қалмақ емес. Бүгін сіздермен жүздесіп отырсақ, ертең малшылардың балаларымен кездесіп, жаңажылдық сыйқалта ұсынбақпыз. Қуанса, балалар қуансын, – деген.
Аудан басшысы қызмет бабымен малшылар ауылына бара алмаса да, ол кісінің ыстық сәлемін, текті тілегін, тәттіге толы сыйқалтасын арқалай жолға шыққан аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімдерінің басшылары Аманалы Құрбанов пен Сәкен Нұржаубаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, «Пионер» өндірістік кооперативінің төрағасы Алпысбай Жұмахановпен бірге біз де жолға шыққанбыз. Жолда бізге Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасының бөлім басшысы Төрехан Қойлыбаев та қосылған. Ол да аудан басшыларымен ниеттес, бір жағы мал қыстату науқанының барысын көзбен көріп қайтпақ.
Күн ұясынан енді көтерілген сәтте-ақ құм жиегіне іліккенбіз. Көліктегілердің бәрінің де ойы малшы балаларын қуанышқа бөлеу.
– Балалар сіздерді асыға күтіп отыр. Өйткені, олар аудан басшысының жаңажылдық сыйқалта әкелетінін біледі, – деді «Пионер» өндірістік кооперативінің төрағасы Алпысбай Жұмаханов.
Расында, балалар ата-ағаларын жаңа жыл мерекесі жақындаған сайын күтеді. Себебі, бұл үрдіс талай жылдан бері қалыптасқан. Сол тұста бала болып, аудан басшылары әкелген сыйқалтадан дәм татқан Сандыбай Сәрсенбаевтың өзі бүгінде әкенің құт таяғын ұстаған аға шопан.
Алдымен құм жиегіне орна­ласқан «Нұралиев» және «Мейір­жан» шаруа қожалықтары малшы­ларының үйіне барған топ аудан әкімінің сыйқалтасын тапсырды.
Негізі, Мойынқұм өңірінде ауданымыздың 60-қа жуық малшысы жылқы, мүйізді ірі қара мен қой-ешкі қыстатып отырғанын ескере отырып, әр малшының үйінде орта есеппен екі баладан бар деп ұғынсақ, 120-ға жуық бала аудан басшыларының алдынан шығады екен.
Бұл күні «Пионер» өндірістік кооперативінің төрағасы Алпысбай Жұмалыұлы да шопандарының балаларына жаңажылдық сыйқалталарын ала шыққан.
Сол күні балалардың қуанғанын көрсеңіз. Әрине, қуанса, балалар қуансын.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,
«Шұғыла».

Бөлім:  Әлеумет
Жұма, 29 Желтоқсан 2017 00:00

Кеңейтілген отырыс өтті

«Нұр Отан» партиясы Жамбыл аудандық филиалы Саяси кеңесі Бюросының кеңейтілген отырысы партия аудандық филиалының төрағасы Бақыт Қазанбасовтың төрағалығымен өтті.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Рүстем Бегалиев, партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Несіпбеков, аудан әкімінің орынбасарлары Үміткен Найманова мен Ерлан Қыдыралыұлы, партия аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, бастауыш партия ұйымда­ры­ның жетекшілері, БАҚ өкіл­дері қатысқан отырыста аудан­дық аурухананың бас дәрігері Алтай Саурықовтың баяндамасы тыңдалды.
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2017 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының Жамбыл ауданында орындалуы туралы баяндаған Алтай Мұхтарұлы медицина саласының жұмысына кеңінен тоқталып, нақты деректерді слайд арқылы көрсетті. Сала қызметіне қатысты пікір білдірген Бақыт Алпысбайұлы биылғы көрсеткіштердің былтырғыдан жақсы екенін атап өтті.
Бұл мәселе бойынша Саяси кеңес Бюросы халық денсаулығын нығайтуда санитарлық игілікті қамтамасыз ету негізінде алдын алу факторлары мен дұрыс тамақтануды және салауатты өмір салтына ынта­лан­дыруды насихаттау, медици­налық қызмет көрсетудің тиімді де қолжетімді жүйесін құру, эконо­микалық тиімділікті арттыра оты­рып, сапалы медициналық қыз­мет көрсетуді қамтамасыз ету жолда­рын ұсыну туралы қаулы қабылдады.
Бюро отырысында сонымен қатар күн тәртібіндегі келесі мәселелер бойынша – «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы Саяси кеңесі Бюросы мүшелерінің функционалдық міндеттер бөлінісін бекіту туралы, Саяси кеңес мүшелерін бастауыш партия ұйымдарына бекіту туралы, партия аудандық филиалының 2018 жылдың І жартыжылдығына арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы, партиялық бақылау комиссиясының құрамы мен төрағасын бекіту туралы, сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің құрамы мен төрағасын бекіту туралы, партия аудандық филиалының 2018 жылдың І жартыжылдығына арналған желілік кестесін бекіту туралы, ақпараттық-насихаттық топтың құрамын бекіту туралы, партия аудандық филиалының 2018 жылдың І жартыжылдығына арналған медиа-жоспарын бекіту туралы, партияның аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясы мүшелерінің партия аудандық филиалындағы қоғамдық қабылдауының 2018 жылға арналған кестесін бекіту туралы қаулылар қабылданды.

Бөлім:  Нұр Отан

Аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың төрағалығымен өткен аудан әкімдігінің мәжілісінде негізгі мәселе ретінде аудан әкімі аппаратының «Әкімдік бөлімдері мен ауылдық округ әкімі аппараттарындағы орындаушылық тәртіп туралы» хабарлама талқыланды.
Ауылдық округ әкімі аппараттары мен аудан әкімдігі бөлімдеріндегі іс жүргізу – қызметтік хаттарды, жеке және заңды тұлғалардың өтініш-арыздарын, бақылауда тұрған нормативтік-құқықтық актілерді рәсімдеу, қабылдау, тіркеу және олардың орындалуын бақылау ҚР «Әкімшілік рәсімдер туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңдарына, аудан әкімі аппаратында, ауылдық округ әкімі аппараттарында және әкімдік бөлімдерінде құжаттама жасау­дың және құжаттаманы басқарудың қағи­далары талаптарына сәйкес жүргізілуде.
Барлық мемлекеттік мекемелер өз қызметтерін жылдық және тоқсандық жұмыс жоспарларына сәйкес орындайды. 2017 жылға арналған іс-номенклатуралары аудандық мұрағатпен келісіліп, бекітілген.
Ауылдық округтерде кіріс және шығыс құжаттары кәртішкелік есеппен, ал бөлімдерде журналдық жүйемен жүргізіледі. Мөрлері, мөртабандары, фирмалық бланкілері жаңа үлгіде дайындалған, тоқсан сайын бүлінген бланкілер бойынша жою актілері бар, барлық құжаттар – мемлекеттік тілде. Келіп түскен құжаттар кіріске алынған, есеп кәртішкелеріне орындалу туралы мәліметтері көрсетіліп, орындаушының қолы қойылған. Шығыс құжаттарына арнайы есеп кәртішкесі толтырылып, қай мекемеге жіберілгені көрсетіліп, ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшыларының қолымен расталған. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері кіріске алынып, ауыл әкімінің және бөлім басшысының бұрыштамаларына сәйкес орындаушыға жіберілген. Қағида талаптарына сәйкес, келіп түскен өтініштерге мерзімінде жауабы берілген, есептік кәртішкелері мен журналдарда орындалғандығы жөнінде толық ақпарат көрсетілген. Ауылдық округ әкімі аппаратының ғимараттарында азаматтардың арыздары мен шағымдарына арналған жәшіктер орнатылған. Ауыл әкімдері мен бөлім басшыларының азаматтарды жеке сұрақтармен қабылдау кестесі көрнекті жерде ілінген және көрсетілген мерзімдерге сәйкес қабылдау жүргізілген.
Дегенмен аудан әкімінің аппараты зерделеген ауылдық округ әкімі аппараттары және аудан әкімдігінің бөлімдерінде іс жүргізу жұмыстары бойынша кемшіліктер де орын алғаны анықталды. Жекелеген мекемелерде кейбір құжаттар тіркеуге дұрыс алынбаған, қабылдау кәртішкелеріне өтініштің орындалуы туралы белгі қойылмаған, азаматтарды жеке қабылдау кестелері сақталмаған.
Ендігі жерде ағымдағы жылдың жоспарында осы орындаушылық тәртіп, «Айқын» бағдарламасы, Е-әкімдік, Е-қорғаныш, электронды цифрлы қолтаңбаға толығымен жұмыс жасауға, лотос-нотес бағдарла­масы бойынша білікті де білімді жауапты мемлекеттік қызметкерге жүктеу қажеттілігін ескеруіміз керек. Бұл тұрғыда іс қағаздарын жүргізетін мамандарды құқықтық оқыту, біліктілігін арттыру, өздерінің функционалдық міндеттеріне жауапкершілікпен қарауына мекемелердің бірінші бас­шы­ла­ры тарапынан бақылау болуы қажет.
Хабарламада сондай-ақ мемле­кеттік-құқықтық мәселелер, аудан көлемінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі 2017 жылға арналған жоспардың орындалуы, мемлекеттік қызмет көрсету тура­лы толық ақпарат берілді. Зерделеу барысында аудан әкімдігі бөлімдері мен ауылдық округ әкімі аппараттарының іс жүргізуге және мемлекеттік қызмет көрсетуге жауапты қызметкерлеріне нақты тәжірибелік көмектер көрсетіліп, кеңестер берілгені айтылды.

Жұма, 29 Желтоқсан 2017 00:00

Бақытқа бөлеген думанды кеш

Жаңа жыл – қуанышқа толы мерекелердің бірі. Өткен жылға тәубе десіп, келер күнге зор үмітпен қадам басар кез. Бір жылда жеткен жетістіктеріміз бен жіберген кемшіліктерімізді ой елегінен өткізіп саралайтын сәт бұл. Келе жатқан жыл жақсылық сыйлайды деп кеудемізге сенім ұялатып, үміт отын жағу. Бұл күні шаттықтың бесігінде тербелмейтін жан қалмайды. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін осы бір кезді тағатсыздана тосады.
Көңіл тебірентер әсем әуен, көркі көзді арбайтын, тамаша безендірілген  жасыл шырша, Аяз ата, Қарша қыз, әртүрлі ертегі кейіпкерлері, бақыттан жүздері бал-бұл жайнаған балалар. Осылардың барлығына біз Тараз қаласындағы “Арай-Плаза” бизнес орталығында өткен аудан әкімінің шыршасында куә болдық. Аудан әкімінің дәстүрлі Жаңа жылдық шырша­сына биыл аз қамтылған әрі көпба­лалы отбасылардан шыққан 75 ұл, 75 қыз, жалпы саны 150 бала қатысты.
Мадагаскар еліне саяхат жасаған балдырғандар жолда небір таңғажайып оқиғаларға тап болды. Мультхикая кейіпкерлері Фиксиктер де, Әтеш те балалармен бірге алыс сапарға аттанды. Орман перісі Малифесентаның зұлымдығына ұшырап, маймыл Джулианның тұтқынына түсті. Алайда, ертегіге еліткен жеткіншектер бұл тығырықтан да шығудың жолын тапты. Олар Аю Панданы көмекке шақырды. Панда келіп, Малифесентаның сиқырынан құтқарғанда бөбектердің қуанышында шек болмады. Әйгілі мультфильм қаһармандары керік Мелмон, сусиыр Глория, зебра Мартилердің келуі кеш көркін одан сайын қыздыра түсті. Ортаға көптен күткен Аяз Ата мен Ақшақар шыққанда Жаңа жылдың лебі бірден сезілді. Аяз Ата бүлдіршіндерге жұмбақтар жасырып, сыйлықтарын берді.
Осы сәтте аудан әкімі Бақыт Қазанбасов бал бөбектерді мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жолдады. Ертеңгі күні елдің тұтқасын ұстар азамат болу үшін қазірден сабақты жақсы оқып, тек биікке ұмтылу керектігін айтқан өңір басшысы жеткіншектерге сыйлықтарын тарту етті. Бұдан соң карнавалдық костюмдер шеруі ұйымдастырылып, балдырғандар Аяз Ата мен Қарша қызды шығарып салды.
Әннен де, биден де шашу шашылды бұл күні. Шыршаға келген әр баланың көзінде қуаныш, езуінде күлкі тұрды. Мұны жасыру әсте мүмкін емес. Біразға дейін бұл шырша тойының балалардың жадынан өшпейтіні анық. Себебі, бақытқа бөленген жеткіншектерге осы думанды кеш естен кетпес ерекше сезім сыйлап, әдемі әсерге бөледі. Бұл мерекелік шараның қай деңгейде өткенін жасөспірімдердің бұлақтай таза күлкісі мен жанарларындағы шаттық ұшқыны аңғартып тұрғандай.
Кеш соңында барлығы мерекелік дастарханнан дәм татты.

Құрбанәлі Шахабай,
«Шұғыла».

Бөлім:  Қоғам

«Мал – баққанға бітеді» деп жата­­мыз. Ол рас тегінде. Десек те, төрт түлікке ерекше күтім керек. Дер кезінде ем-домын жасап, сол мал­­дың кеселі асқынып кетпеуі үшін мал дәрігерлердің көмегі қажет.
Аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Сәкен Нұржаубаев осылай дейді. Биыл мал қыстатуға аудан бойынша 38852 бас мүйізді ірі қара, 228439 бас қой-ешкі, 15516 бас жылқы, 56 бас түйе түсіп отырғанын ескерсек, ветеринариялық қызметке жүктелер міндет ауырлай түседі.
Таяуда жұмыс сапарымен Мойынқұм өңіріне мал қыстатып отырған шопандардың тыныс-тірші­лі­гімен танысу үшін барғанымызда мал дәрігерлері мен мамандарының тиянақты тірлігіне куә болғанбыз. Олар жоспарлы негізде түліктерге вакцина егуде екен.
– Бұл өңірді малшылар ауылы десе де болғандай. Шалғайда жатқан құмды өлке біз үшін туған ауылымыздай болып кеткен. Осында жиі келеміз. Әрине, мал үшін. Малды емдеу, аурудың алдын алу – басты мақсатымыз. Мұнда ветеринария бөлімінің маманы Ерлан Болмашевпен келгенімізге екі күн болды. Қазір ғана «Пионер» өндірістік кооперативінің аға шопаны Сандыбай Сәрсенбаевтың бағымындағы 520 бас саулықты емдеуге келдік, – деді осында көмек қолын соза келген Қарой ауылдық округінің аға мал дәрігері Әбдібек Әбдіраманов.
Мал дәрігерінің ақ сөйлеп тұрғанын сөзінен ғана емес, ісінен де байқадық. Оның жұмысы аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Сәкен Әбілханұлының да көңілінен шыққан.

Дүйсенбек Орманов,
«Шұғыла».

Бет 1 -ші 5 беттен

Серіктестер