Материалы отфильтрованы по дате: Қараша 2017

Желге де, шөлге де шыдас беріп, қашанда тыңнан жол тапқан айбынды адамдар еске түскенде өткен дәуірдің дауысын, уақыттың үнін естисің. Қазақ жеріндегі жиырмасыншы ғасырдың отызыншы, қырқыншы жылдарында күн көзінен кір іздемей нұр іздеген, еңбегімен ел белін көтерген азаматтардың жүріп өткен жолдары бүгінгі жастар үшін өнегелі жол, сара соқпақ болып қала бермек.
Шындығында, өткен ғасырда аталарымыз бен әкелеріміз салған із – біз үшін мағыналы мұра, өсиет қана емес, өмір бойы үйренуге тұратын тұтас бір мектеп. Өйткені олардың іздері алыстаған сайын данқы жақындай түседі.
Жақындағаны болар, сол аумалы-төкпелі заманда елін өрге сүйреп, халқын төрге оздырған шағын ауыл Кеңестөбе (қазіргі Ерназар ауылы) елді мекенінен шыққан жеті Социалистік Еңбек Ерінің бірі Байгелді ата Кейкиевті ел болып, жұрт болып еске алды.
«Ер есімі – ел есінде» деген рас. Байгелді атаны ел ұмытпапты. Ұрпақтары аталарын ұлықтаудан тайынбақ емес. Соның жарқын айғағы, 120 жасқа келген ата ұрпақтарының ұйымдастыруымен Социалистік Еңбек Ері Байгелді Кейкиевтің жүлдесі үшін 1998-1999 жылдары туылған жастар арасында қазақ күресінен республикалық ашық турнир өтті.
Дүбірлі доданың Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында өткенін ескерсек, көрермендердің көп болғанын аңғару қиын емес. Турнирді, еліміздің түкпір-түкпірінен, Қырғыз елінен келген қонақтар да, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің дене шынықтыру және спорт істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, ҚР Ғылым академиясының мүшесі, ғылым докторы, профессор Мұрат Жұрынов, даңқты балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, қазақ күресінен мемлекеттік жаттықтырушы Марат Жақыт, облыстық қазақ күресі федерациясының президенті Манарбек Ағайдаров, Байгелді атаның ұлы, облыстың Құрметті азаматы Мақұлбек Байгелді, атаның немересі, облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Байжан Байгелдиев және Байгелді ата атындағы турнирлерде түйе балуан атанғандар да тамашалады.
Жарыстың салтанатты ашылуы рәсімінде Елсияр Баймұхамбетұлы, Мұрат Жұрынұлы, Жақсылық Үшкемпіров, Мақұлбек Байгелдіұлы ата туралы толғанып, боз кілем үстінде өнер көрсететін жеті облыстан және Қырғыз Республикасынан келген 85 балуанға сәттілік тіледі.
Әнұранмен басталған турнир қас қарайғанға дейін жалғасты. Қызықты да, тартымды өткен бәсекеде 74 келі салмақта тараздық балуан Айдар Бескемпірдің мерейі үстем болса, 90 келі бойынша алматылық Болат Ерасыл алдан көрінген. +90 келіде Оңтүстік Қазақстан облысының балуаны Жасұлан Баубек бірінші орынды иемденді.
Ең қызық, ең тартымды сәт түйе балуандар ортаға шыққанда байқалған. Боз кілемге шыққан балуандарды шетінен жыққан Алматы қаласының жас балуаны Болат Ерасыл «Түйе балуан» атанып, нағыз бабында екендігін танытты.
Сәтімен өткен дүбірлі дода барысында (түс мезгілінде) «Сәтті» мейрамханасында ата аруағына арналған ас берілді. Мұнда да тілектер айтылып, жылы сөздер жүректерге жетіп жатты.
Осы жиында: – Мен бақытты­мын. Мені келініндей емес, қызын­дай көріп тәрбиелеген атама мың алғыс. Бүгінде атамыздың кіндігінен тараған 200-ге жуық ұрпағы ата есімін еш ұмытпақ емес, – деді елімізге танымал тұлға, тұңғыш сенат төрағасы Өмірбек Байгелдінің зайыбы Мәншүк (Мая) жеңгей.
Дастархан басында сөз алған Мақұлбек Байгелдіұлы алдағы уақыттарда да осындай турнирлер жалғасын табатынын айтқан. Ал, ата атындағы орта мектептің директоры Әбді Елшібеков ұжымы атынан ауылдағы үлкен үйде тұра­тын атамыздың ұлы Оңғарбекке ескерт­кішке қабырға сағатын табыстады.

Дүйсенбек Орманов,
«Шұғыла».

Бөлім:  Спорт
Сенбі, 25 Қараша 2017 00:00

Жерлесіміз жеңіспен оралды

Жуырда Шымкент қаласында күйші-композитор Батырхан Рыспанбетовтың күйлерінен І оңтүстік аймақтық күйшілер конкурсы өтті. Жастайынан қазақтың төл өнеріне ден қойған Батырхан республикалық «Елім менің» және Мұқан Төлебаев атындағы конкурстардың лауреаты, 2003 жылдың «Ең үздік сазгері» атанған. Батырхан Рыспанбетов 34 жылдан бері Оңтүстік Қазақстан саз колледжінде білімгерлердің музыкалық білімі үшін талмай тер төгіп келеді. Ізденіске жаны құмар ұстаз соңғы 10 жылда қазақтың қара домбырасына арнап түрлі сарындағы күйлерді шығарған. Бүгінде дарынды сазгердің қоржынында 17 күй бар.
Шымкент, Қызылорда, Алматы, Жамбыл облыстарының ең мықты күйшілерін жинаған байқау сазгердің 60 жылдық мерейтойына арналып отыр. Талапкерлер алғашқы кезеңде күйшінің 2 шығармасын орындаса, екінші кезеңде өздері таңдаған 2 күйді нақышын келтіре тартты.
Ұлттық аспапты бірімен-бірі жарыса тартып, ұлттық әуенмен қонақтардың құлақ құрышын қандырған байқауда бас жүлдені Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің 6-сынып оқушысы Сұлтан Әлімқұл жеңіп алды.
– Қазақтың төл өнеріне баулып, осындай байқауларға қатысуға мүмкіндік сыйлап жүрген өнер мектебінің ұжымына, осы мекеменің директоры, жетекшім Сарбиназ Қосановаға алғысым шексіз, – дейді шәкіртіміз Сұлтан Әлімқұл.
Меруерт Сейділдаева,
мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Бөлім:  Мәдениет
Сенбі, 25 Қараша 2017 00:00

Рух пен намыстың төресі

Қазақтың көрнекті қаламгері, сөз өнерінің наркескені Шерхан Мұртазаның шығармашылығы мен қайраткерлік болмысы – бүгінгі ұрпақты рухани азықтандырып, тұлғалық қалыптасуына мүмкіндік береді. «Тіршілікті тірілтіп тұрған – мейірімділік», – деп халқының тағдырына алаңдап, ұлтын мейірімді болуға шақырған Шераға шығармашылығының арнасы кең, өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудегі маңызы зор. Төл мәдениетіміздің, ұлттық руханиятымыздың ерен тұлғасы саналатын Шерхан Мұртаза сынды қоғам қайраткерінің әрбір сөзі мен ісі – бүгінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге мектебі. Елбасы да болашағымызға бағдар беретін, ұлтты ұйыстырып, ұлттық идеяға жетелейтін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында рухани құндылықтарға үлкен мән беріп, біздің рухани мәдениетімізді жаңғырту керектігін алға тартқан еді.
Сейсенбіде Жеңістің 30 жылдығы атындағы орта мектептің акт залында аудан әкімдігінің білім бөлімі жоғары сынып оқушылары арасында «Шерхан оқулары» аудандық байқауын ұйымдастырды. Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Шерхан Мұртазаның сан қырлы шығармашылығы мен қайраткерлік тұлғасын өскелең ұрпаққа кеңінен мазмұндап, тәуелсіз ел руханиятындағы маңызын зерделеу және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында өткен байқауда оқушылар «Жұлдызы нұрлы суреткер», «Рух пен намыстың төресі», «Зау тұлға», «Шерхан Мұртаза мұрасы» бағыттары бойынша бақ сынады.
Байқау барысында оқушылар заңғар жазушының «Қара маржан» романы мен повестерін ғылыми тұрғыда жан-жақты талдап, шығармаларынан үзінділер оқып, арнауларын айтып, көркем проза үлгілерін ұсынып, актерлік шеберліктерін паш етті. Қаламгердің прозалық, публицистикалық, драмалық шығармаларын, философиялық ойларын, патриоттық рухта жазылған ана тілі, ұлттық тарих, ұлттық құндылықтар, ұлт болашағы туралы тұжырымдарын дәйекті зерттеп, ой-пікірлерімен бөлісті.
Аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскерлері Лаура Зарпулова, Ләззат Сәлімжанова, Қ.Сартбаев және Б.Бесбаев атындағы орта мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Мағрипа Күзенбаева, Марал Тұрсынқызы қазылық еткен байқауда Ю.Гагарин, Т.Тоқтаров, Б.Кейкиев, Абай атындағы орта мектептердің оқушылары Жәнерке Байзақ, Алуа Серікбай, Айгүлім Жайлыбек, Мөлдір Рамазан сәйкесінше «Жұлдызы нұрлы суреткер», «Рух пен намыстың төресі», «Зау тұлға», «Шерхан Мұртаза мұрасы» бағыттары бойынша жеңімпаз деп танылып, «Шерхан оқулары» облыстық байқауына жолдама алды.

Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ,
«Шұғыла».

Сенбі, 25 Қараша 2017 00:00

Ауыл – азаматымен ажарлы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Страте­гиясы: қалыптасқан мемле­кеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы мен «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдар­ламасын жүзеге асыру және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақа­ласы аясында Тастөбе ауылында «Ауыл – азаматы­мен ажарлы» атты кездесу кеші өтті.
Кемеңгер Көшбасшының бағдар­ла­малық мақаласы – ұлтқа бағытталған ұран, мемлекеттік идеология өзегі ретінде аса құнды үндеу болып табылады. Рухани жаңғыру – қоғамдық санаға руха­ни сілкініс беріп, ұлы мұрат-мақсат­тардың түйін-тұжырымын мәйекті ой-толғаумен саралаған жоспарлы жоба. Бүгінгі күн – атажұртқа адал әр азаматтың жеке жауапкершілігі сынға түсетін сарабдал уақыты. Бір қуантарлығы, осы сында суырылып алға шығып, отансүйгіштігін нақты істермен дәлелдеп жүрген қайраткерлер, жастар, қарапайым жандар арамызда аз емес. Әр адам кіндік қаны тамған, туып-өскен мекенін, табаны тиіп тұрған топырақты бәрінен артық көреді.
Жиынды ауыл әкімі Дәрмен Дәулетов халыққа арнаған ақ тілегімен ашты. Іс-шарада Отан, ауыл жайлы әдемі әндер шырқалып, аула клубы үйірмесінің биші қыздары билерімен тамсандырды. Ал, Тастөбе ауылының тарихын аула клубының жетекшісі, кешті ұйымдастырушы Гауһар Саткулова кеңінен баяндады.
– Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағдарла­малық мақаласында қазақ елінің тарихи мұралары жайлы айтылған. Бүгінде біздің ең басты мақсатымыз – елімізді дамыған 30 елдің қатарына енгізу. Осы орайда өз мекеніміз туралы айта кетер болсақ, ауылымызда мектеп, фельдшерлік пункт, ауылдық клуб және кітапхана бар. Болашақ жастарымыз үшін ауылда «Болашақ жастар» үйірмесі де жұмыс істеуде, – деді. 
Сонымен қатар ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Омаров: – Туған жерін сағынбайтын адам жоқ шығар, сірә. Барлық адам туған жерін құрметтейді. Мен осы ауылдан шыққан беделді азаматтар үшін қуанамын. Ауылымызда жастарымызға үлгі бола білетін азаматтар көп, – деген. «Қызыл Дихан» өндірістік кооперативінің төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Нуритдин Бегманов ауыл тұрғындарына ақ тілегін арнап, ұйымдастырушыларға алғыс айтты. Осындай жылы сөзді ауыл тумасы, аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Жарқынбек Құдайбергенов те білдірді.
Тастөбеде өткен кеш көпшіліктің көңілінен шыққаны анық.
Іңкәр СҮЛЕЙМЕН.

Сенбі, 25 Қараша 2017 00:00

Полицияның жас көмекшілері

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық мақала­сында «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деп атап көрсеткендей, жастар білім­ге құштар, өз-өзін жетілдіруге үнемі ұмтылатын патриот болулары керек.
Мұндай қасиеттерді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президен­ті күні мерекесі қарсаңында Б.Бесбаев атындағы орта мектепте «Полицияның жас көмекшілері» тобына қабылданған қайсар, жігерлі жастардың бойынан байқадық.
Отансүйгіштікке баулу мақсатында және құқық бұзушылық пен нашақорлықтың алдын алу бағытында ұйымдастырылған шара барысында аудан әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Әлия Омарова, аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы, полиция майоры Қанат Алденов пен мектеп инспекторы Нұрбол Қарабеков жасөспірімдерге өнегелі сөз айтып, қашанда еліне адал қызмет етуге шақырды.

Майя Мырзаходжаева,
Б.Бесбаев атындағы орта мектеп директорының бала құқығын қорғау жөніндегі орынбасары.

Бөлім:  Елбасы
Сенбі, 25 Қараша 2017 00:00

Құм қойнауындағы қарбалас

Мойынқұм өңіріне қар түспесе де, екпіндей соққан желі, денені дірдек қаққызатын салқыны қыр астында қыс мезгілінің тұрғанын сездіргендей-ақ. Әсіресе, түнгі уақытта қойын-қонышыңа кіріп кететін қара суығының түрі алабөтен. Бұл қиындыққа малшылар қалай шыдас беріп жүр деген ой көңілімізді мазалайтыны жасырын емес. Осындай жай-күйді біз өткен сейсенбі, сәрсенбі күндері аудан әкімі Бақыт Қазанбасов бастаған топпен бірге Мойынқұм өңіріне барғанымызда бастан өткергенбіз. Жұмыс сапарымыздың басты мақсаты осындағы малшылардың мал қыстатуға дайындығымен танысу болатын.
Өңір басшысымен бірге аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманалы Құрбанов, ветеринария бөлімінің басшысы Сәкен Нұржаубаев, аудандық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің директоры Жұмабек Байділдаев, аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Дархан Нұралиев, «Пионер» өндірістік кооперативінің төрағасы Алпысбай Жұмаханов, Пионер ауылдық округінің әкімі Самат Селеубаев ере жүріп малшылар ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігімен етене танысты. Құм өңірінде нағыз қарбалас шақ туған.
– Биыл мал қыстатуға 38852 бас мүйізді ірі қара, 228439 бас қой-ешкі, 15516 бас жылқы, 56 бас түйе түсіп отыр. Түліктер Мойынқұм, Көделі, Қоңыртөбе, Қаратау-Күйік, Ақшолақ-Жасөркен, Үлкен Бурыл мал жайылымдарында және елді мекендер маңындағы 248 базда қыстатылмақ. Жемшөптің берік қоры жасалған. Малшыларға азық-түліктер жеткізілген. Адам мен малға қажетті дәрі-дәрмектер даяр, – деген Бақыт Алпысбайұлы ат басын Жұмабек базда отырған пионерлік аға шопан Сандыбай Сәрсенбаевтың жайылымына бұрған.
Келдік, көрдік. Жайдары шопан, жылы қора, мая-мая шөп, қоңды қойлар мұнда тірліктің тиянақты екенін аңғартқандай.
– Мен 17 жылдан бері қой соңында келемін. Отырған жерім шұрайлы. Бағымымда 520 бас асыл тұқымды меринос тұқымдас саулық бар. Екі көмекшім және бар, – деп шопан қора артында жиылған шөпке қарай жол бастаған. Осы тұста әңгімемізге қосылған «Пионер» өндірістік кооперативінің төрағасы Алпысбай Жұмаханов:
– Біздегі шопандардың бәрі де еңбекқор. Олар ыстық-суыққа әбден көндігіп алған. Бәрі де тәжірибелі, малсақ жандар. Мойынқұм өңірінде 2500 бас қой қыстатылатын болса, оның 2000 басы саулық. Малымыз қоңды. Әр базға 100 тоннадан шөп жеткізілген. Жем, тұз да жеткілікті. Негізі, біз тұрған Жұмаш базда отырған аға шопан Сандыбай Сәрсенбаевта 520 бас саулық, Тәңкей баздағы аға шопан Серік Есімбаевтың бағымында 520 саулық, Қуатбек базда отырған аға шопан Елдос Ізтілеуовте 420 бас саулық, Сарыойдағы аға шопанымыз Жарқынбек Қазыбаевта 450 бас саулық, Ақбидегі аға шопан Нұрбол Қаржаубаевтың бағымында 490 бас саулық болса, Сапарбек базда мал өргізіп отырған аға шопан Болатбек Сәрсенбаевтың алдында 100 бас қошқар бар, – деді.
Расында, біз қай қырдан аспайық, алдымыздан аттылы шопан мен сан жүздеген ақтылы қой кезіге берген. Бәрі де қоңды. Осыдан кейін-ақ қыстан мал да, малшы да қысылмай шығатынына көзіміз толық жеткен.
Дүйсенбек ОРМАНОВ,
«Шұғыла».

Сәрсебі, 22 Қараша 2017 00:00

Шаршы алаңда – жасөспірімдер

Шайқорық орта мектебінің спорт залында 2004-2007 жылдары туылған жасөспірімдер арасында бокстан Қазақстан Республикасының спорт шебері Асхат Сағатовты еске алуға арналған аудандық ашық турнир өз мәресіне жетті. Үш күнге созылған доданың ашылу салтанатында сөз алған бас төреші Әмірхан Садықұлы ел абыройын асқақтатып, байрақты бәсекеде көк туымызды көкке көтеріп жүрген спортшыларымыздың басым көпшілігі ауылдан шыққанын тілге тиек етті.
– Бүгінде спорт десе ішкен асын жерге қоятын жалынды жастар барлық ауылдық округтерде бар. Бірақ, кейбір округтерде олардың бір мезгіл спортпен шұғылданып, бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы жағдай жасалмаған. Біз осыны ескеріп, спорттың бокс түрімен тұрақты шұғылданып жүрген және қызығатын жасөспірімдерді турнирге қатысуға тарттық. Нәтижесінде, 170-ке жуық спортшы рингке шықты. Араларында Тараз қаласының спортшылары да бар, – деді бас төреші.
Шаршы алаңда қарсыласынан басым түскен 20 спортшы алтыннан алқа тақса, 20 спортшы күміс медальға қол жеткізді. 20 спортшы қоланы қанағат тұтты. Ал, «Жеңіске құштарлығы үшін» кубогын Шайқорық орта мектебінің 6-сынып оқушысы Е.Исатай, «Үздік боксшы» кубогын Тараз қаласы №5 мектептің 7-сынып оқушысы А.Кенжебеков жеңіп алса, «Үздік төреші» номинациясымен Түрксіб спорт мектебінің бокстан жаттықтырушысы Айдос Түлебеков, «Үздік жаттықтырушы» номинациясымен Тараз қаласы №5 мектептің бокстан жаттықтырушысы Бақтияр Түлебеков марапатталды.
Айта кететін жайт, турнирдің жоғары деңгейде өтуіне осы ауылдың тумасы Айдос Рысбаев үлкен үлес қосты.

Мариям Мақанова,
Жамбыл ауылдық округінің спорт нұсқаушысы.

Бөлім:  Спорт

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағыттарына сәйкес білім беру жүйесін дамыта отырып, әлемдік білім кеңістігіне ықпалдастырудағы негізгі бағдар – адамды қоғамның ең маңызды құндылығы ретінде танып, оның рухани жан-дүниесінің дамуына, көзқарастары мен шығармашылық әлеуетінің, танымдық біліктілігі мен мәдени құндылықтарының жоғары деңгейде дамуына, кәсіби жетілуіне, жеке тұлғасының қалыптасуына жағдай жасау.
Әрбір мемлекеттің болашағы мектебінде шыңдалады. Ертеңгі күні ел тізгінін ұстар мамандарды бәсекеге қабілетті кәсіби білікті маман ретінде ғана емес, кәсіби құзырлы маман ретінде дайындау – негізгі міндетіміз. Сондықтан мектеп жұмысын жоспарлауды жетілдіру – өзекті мәселелердің бірі.
Тірек мектебі болып саналатын біздің білім беру саясатымыз – үнемі алға қарай ұмтылу, дамыту үрдісін тиімді ұйымдастыра отырып, білім сапасын арттыру.
Соңғы жылдары өндірістік кәсіпорындардың өсуіне орай жастардың ауылдан қалаға кетуі, ауыл тұрғындарының өндіріс орталықтарына жақындауы елді мекендердегі мектептердің жабылуына немесе шағын жинақты мектеп болып қалуына әкеп соқтырды.
Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында шағын жинақты мектептерді дамыту проблемасы туралы айтылды. Бұл мәселе зерделеніп, мемлекеттік бағдарламадағы басым бағыттарды жүзеге асыру мақсатында ауыл мектептерін биікке көтеру міндеттері белгіленді, өңірлерде тірек мектептерін (ресурстық орталықтарды) ашуды қарастыру көзделді.
Осыған орай, Жамбыл облысы әкімдігінің 2012 жылғы 31 мамырдағы №176 қаулысына, Жамбыл ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 25 тамыздағы №532 қаулысына сәйкес Ә.Тарази атындағы орта мектеп – Ә.Тарази атындағы тірек мектебі (ресурстық орталық) болып өзгертілді.
Биылғы оқу жылында облыс әкімдігі білім басқармасының 2017 жылғы 19 қыркүйектегі №01-3196 хаты және аудан әкімдігі білім бөлімінің 2017 жылғы 22 қыркүйектегі №306 бұйрығына сәйкес Ә.Тарази атындағы тірек мектебі базасында күзгі оқу сессиясының бірінші онкүндігі 8-11 сыныптар бойынша 2-13 қазан аралығында, екінші онкүндігі 9-10 сыныптар бойынша 16-27 қазан аралығында өткізілді. Сессияға 3 магниттік мектептердің (Еңбек, Ильич, Октябрь-Жеміс) 8-11 сыныптарынан барлығы 125 оқушы қамтылды. Білім алу кезінде 3 мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырылды және оқушыларды тасымалдау жұмысы жолға қойылды.
 Тірек мектебін ашпастан бұрын жергілікті басқару органдары оның материалдық-техникалық, оқу-зертханалық және кадрлық базасын нығайту жұмыстарын жүргізді. Пән бойынша электронды оқулықтармен, 8 оқу кабинеті интерактивті тақтамен, химия және физика кабинеттері зертханалық тұрғыда толығымен жабдықталды, ағылшын тілі кабинетіне заманауи мультимедиялық жабдықтар берілді, оқу кабинеттері жоғары толқынды жылдамдықтағы жүйелік желіге (локальді) қосылды, мектеп асханасы толық жабдықталды.
Тірек мектебінің басты жетістігі – әрбір оқушының білімділік деңгейінің көтерілуі және әлеуметтенуі. Осы жетістікке жету үшін біз толық күнді мектеп моделінде жұмыс жүргіздік. 2 блок ұйымдастырылды.  Біріншісі – оқыту блогы, екіншісі – дамыту блогы. Оқыту блогында мемлекеттік білім стандартын игеруге, дамыту блогында жеке тұлғаның әлеуметтік және шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізілді.
Тірек мектебі (ресурстық орталық) – өзінің құрамына енетін мақсаты мен міндеттері бірыңғай шағын жинақты мектептердің оқушыларына біліммен қатар тәрбие береді. Тәрбиелік іс-шаралар жоспары жасалынып, бекітілді. Жоспар бойынша магнитті мектептердің ұстаздары және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары психологтар мен социологтар қамтылған оқушыларға саналы тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырды, мамандық таңдау кезеңінде тұрған оқушыларға бағыт-бағдар беріп, таңдау мүмкіндіктерін шешуге, өз пікірін еркін айтуына, басқаның пікірін тыңдай білуіне, жүйелі ойлауға көмектесті, оқушылардың қоғамға деген позициясын қалыптастырып, мамандық таңдай білуге баулыды.
Мектебіміз үнемі аудандық, облыстық білім беру мекемелерімен, мәдени орталықтармен ынтымақтастық байланыс жасап отырады. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу және ғылыми-әдістемелік орталықтар жұмысы мұғалімнің кәсіби өсуіне, біліктілігінің артуына ықпал етті.
Тірек мектеп және магниттік мектеп мұғалімдері облыстық педагог кадрлардың білімін жетілдіру және қайта даярлау институтында, «Өрлеу», «EDTECH-KZ» халықаралық білім орталықтарында білімдерін шыңдауда.
Оқу сессиясы кезінде оқушылардан тесттер алынып, оның мониторингі жасалынды. Нәтижесінде оқушылардың білім сапасының көтерілгендігі анықталды.
Тірек мектебінің перспективалық жұмыс жоспары алдағы уақытта ғылыми-әдістемелік жұмыстардың нәтижелі болуын қамтамасыз етуге бағытталған. Осы мақсатта желілік әдістемелік кеңес құрып, жоғарғы оқу орындарымен әлеуметтік серіктестік құру жұмыстары жүргізілуде.

Ғазиз Рысқұлбеков,
Әкім Тарази атындағы тірек мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Бөлім:  Білім
Сәрсебі, 22 Қараша 2017 00:00

Рейдке ардагер де қатысты

Жолда жүру ережесінің сақталуын, түн мезгілінде балалардың үлкендерсіз жүруін қадағалау және ұрлықтың алдын алу мақсатында АІІБ жергілікті полиция инспекторлары жиі-жиі рейдтер ұйымдастыруды дағдыға айналдырған.
Жалпақтөбе ауылына бұрын барғанымызда да, бүгінгі жұмыс сапарымызда да жол бойынан, ауыл көшелерінен, мектеп, әкімшілік, басқа да мекемелердің ауласынан полиция қызметкерлерін көзіміз шалды. Әрине, олар жай жүрмесе керек. Тәртіпті қадағалап жүргендері анық. Бүгінгі рейдте полиция қызметінің ардагері, ҚР Ішкі істер министрлігіне еңбегі сіңген қызметкер, запастағы полиция подполковнигі Сәпілмәлік Тәжиевті де байқап қалдық.
– Сәпілмәлік аға осы жолда бар ғұмырын сарп етті десе де болар. Қазір ол – бәріміздің тәлімгеріміз. Керек кезінде бізге ақылын айтып, көмек көрсетуден еш жалықпайды, – дейді учаскелік аға инспектор, полиция капитаны Нұржан Жұмағұлов.
Полиция капитанының сөзін ауылдық округтің әкімі Ержан Данаев, АІІБ-нің бастығы, полиция полковнигі Талғатбек Татенов, орынбасарлары – полиция подполковниктері Жарас Тоқабаев пен Талғат Төребеков, АІІБ жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Дархан Нұралиев, АІІБ ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрсейіт Әлімқұлов та қоштаған.

Бөлім:  Құқық
Сәрсебі, 22 Қараша 2017 00:00

Жан жылуы – балаға

Ауданда орналасқан оңалту орталығы мекемесінің балалары мен Б.Момышұлы атындағы орта мектеп оқушыларының бір-біріне достық қарым-қатынасы «Мейірім шуағы» атты ұран аясында дәстүрлі іс-шаралармен жалғасуда.
Жуырда Б.Момышұлы атындағы орта мектеп мұғалімі Динара Келімбетова «Жас ұлан» ұйымының балаларымен бірлесіп, Жамбыл облыстық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының аудандық филиалында «Жан жылуы – балаға» атты мерекелік концерт ұйымдастырды.  
Концерт Жамбыл облыстық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы КММ филиалының директоры Жанна Баубекованың тілек сөзімен ашылды.
Бағдарламада 9-11 сынып оқушылары даярлаған әзіл-сықақ қойылымдары, «Қызыл телпек» ертегісі сахналанып, әндер орындалды. Сонымен қатар балалармен «Шаттық шеңбері» ойыны жүргізіліп, балдырғандар да оқушылармен бірге ортаға шығып, би билеп, мәз-мейрам болды.
Осы іс-шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған Б.Момышұлы атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары И.Жоланова, мектеп тәлімгері З.Абсаматова, психолог С.Бердалиева және ұйымдастырушы Д.Келімбетова мен «Жас ұлан» ұйымының мүшелеріне, оқушыларға оңалту орталығының ұжымы алғыс айтты. 

Күнзипа Ситалиева,
«Шұғыла».

Бөлім:  Қайырымдылық
Бет 1 -ші 6 беттен

Серіктестер