Материалы отфильтрованы по дате: Қазан 2017
Сенбі, 28 Қазан 2017 00:00

Жеңімпаз атанды

Жуырда Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылында еркін күрестен 2001-2003 жылдары туылған жасөспірімдер арасында облыстық «Ауыл ойындары» жарысы өтті. Жарысқа аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің Түрксіб спорт мектебінен 4 спортшы қатысып, 58 кг салмақ дәрежесінде Іңкәр Хабибулла ІІ орынға ие болды (жаттықтырушысы Кеңесбек Галиакбаров).
Сонымен қатар дзюдо күресінен 2001-2003, 2004-2006 жылы туылған жасөспірімдер арасында Оңтүстік Қазақстан облыстық ашық біріншілік өтті. Жарысқа 265 спортшы қатысып, оның ішінде Түрксіб спорт мектебінің спортшылары – 55 кг салмақта Дулат Ошақбаев ІІ орын, 81 кг салмақта Курбан Беридзе І орын иеленіп, жеңімпаз атанды (жаттықтырушысы Мадияр Мухаметкаримов).

Бөлім:  Спорт

Бүгінде ауа райына сенбей қалдық қой. Қазір күліп тұрып, артынша жылай салатын бала сияқты. Сондықтан да күнге сенбей, қызылша қазығын қант зауыты ашылған күннен қолға алып, сол күні-ақ тәтті түбірді тасымалдай бастағанбыз. Биыл 8 гектар алқапта қызылша өсірдік. Алынған өнім көңіл көншітеді. Қазық жұмысын аяқтадық. Науқан барысында бізге көмек қолын созған ауыл әкімі Нұрсұлу Дүзееваның басшылығымен әкімдіктің және Бірлесу-Еңбек, Октябрь-Жеміс орта мектептері ұжымдарының белсенділігі арқасында жиын-терін жоғары қарқынмен жүргізілді.
Нұрсұлу Лутфуллақызына рахмет. Таңсәріден қас қарайғанға дейін алқап басында жүргені. Әрине, әкімшілік және мектептерден келіп жәрдемдескен жігіттер мен қыз-келіншектерге де ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, даяр өнімді қант зауытына жеткізуге көмектескен «Аса-су» мекемесінің басшысы Марат Бұралқиев бастаған жүргізушілерге алғысым шексіз. Әсіресе, тіркемесі бар алып көлік – КамАЗ-дың жүргізушісі Ержан Болмышовқа дән ризамын. Ол әрбір тасымалдағанда 20-22 тоннаны тиісті орынға жеткізіп тұрды. Осы тұста айтарым, біздің мол өнім алуымызға ұлым Өміржанның еңбегі өлшеусіз болды. Бізді қолдаған аудан басшыларына да үлкен рахмет.

Әбдірасыл АБСАТАРОВ,
«Абсатар» шаруа қожалығының төрағасы.

«Патриотизм кіндік қаның там­ған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған же­ріңе деген сүйіспеншіліктен басталады.
Мәселен, «Ауылым – әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған сүйе алар ма екен туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер» деген болатын Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасында. Өзінің ауылын, мектепке барар жолын сағынышпен еске алу, анасындай қамқор, ағасындай қолдау көрсеткен ұстаздарды құрметтеу – адам бойындағы ең ізгі қасиеттердің бірі. Рухани жаңғыру дегеніміздің өзі игі қасиеттердің бойымызда оянуы үшін тұлғаның өзін-өзі тәрбиелеуі, алдыңғы буынның ізбасар буынға үлгі болуы, биік белестерге жетелейтін бағытқа жол көрсету деп білемін. Осы орайда редакцияға арнайы келіп, ауылыма, ұстазыма, ата-анама айтар алғысым шексіз деген жанмен сұхбаттасқан едік.
– Менің туып-өскен ауылым – Аса. Білім алған алтын ұяммен қатар өнер әлеміне қанат қақтырған Мұқан Төлебаев атындағы саз мектебінің өмірімде алар орны ерекше, – деп әңгімесін бастаған ауыл түлегі Ләззат Нүркебекова қазіргі таңда Тараз қаласында орналасқан Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің бөлім меңгерушісі екен.
– Саз мектебіне жетектеп алып барған әкеме айтар алғысым шексіз. Сол кезде Мирамкүл Досқалиқызы баян сыныбына қабылдағаны мен үшін үлкен жолдың бастауы болған. Бала кезімізде көп нәрсені аңғармайды екенбіз, таңның атып, күннің батқанына қуанып, елмен бірге мектепке барып жүргенімізге мәз болып жүргенде уақыт зымырап өте шығыпты. Бағыма орай ата-анам менің болашағымды ерте бастан ойластырып, мектептегі оқуды аяқтар кезде музыкалық білімді де алып шығуыма қолдау көрсетті. Алғашында мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжіне тапсырдым да, саз мектебінде оқыған жылдарда қалыптасқан білік-дағдының арқасында оқуға қабылдандым. Оны аяқтаған соң Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерва­ториясына оқуға түстім. Консерва­торияда бізге белгілі, республикамызға еңбегі сіңген ұстаздар сабақ берді. Білімімді жетілдіріп, өнерімді шыңдап, туған жеріме барып еңбек етіп, алғысымды айтқым келді. Өнердегі алғашқы ұям ауылымдағы саз мектебі ыстық болғанмен, жұмыс орны Тараз қаласынан бұйырды. Қазіргі күні мен де алғашқы ұста­зым Мирамкүл Досқалиқызы тәрізді шәкірт тәрбиелеп, өнерге баулып жүрмін.
Ауылымның көркейіп өсуіне, жақсы атына ат қосып, тыныс-тіршілігінің көркеюіне еңбегімізді арнап сол арқылы туған жер, туған елдің дамуына үлес қосу зор бақыт, үлкен мәртебе деп білемін.
Ауылда өсіп, білім алған бала­лар білім мен өнер жолында биік белестерге қол жеткізуге мүм­кін­дік барын осы бастан ойлауы керек. Мен де қарапайым ортада өсіп-тәрбиелендім. Бала кезімде сонау әйгілі Құрманғазы консерваториясында білім аламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмейтін. Сондықтан, ауылдас іні-сіңлілерге, балаларға айтарым: армандаңдар, барлық арман орындалады. Ауылда өсіп әлем сахналарының төрінде жүрген адамдар қатарынан табылыңдар. Арманы үшін еңбектенген адам барлығына да жете алады және осы жолда қолдап, көмектескен ұстаздарды әрқашан құрмет тұтыңдар дер едім, – деген Ләззат ауылға ата-анасына келген сайын саз мектебіндегі ұстаздардың хал-жағдайын сұрап, игі жетістіктерімен бөлісуді әдетке айналдырғанын айтты. Біз де өз тарапымыздан ауыл түлектерінің туған жер, өлкеге деген ықыласына риза болдық.
Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімінің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтетіні рас.

Күнзипа Ситалиева,
«Шұғыла».

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы: «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деген қағидаты қазақ қоғамы үшін бүгінде үлкен мәнге ие болып отыр. Ұлттық діңгек рухани құндылықтарды қорғаудан бастау алады десек, бұл ретте мәдени-тарихи қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың жаңа тәсілдерін ойластырудың жауапты кезеңі келіп тұр. Ал Қазақстанның өркениетті дамыған елдердің қатарына қосылуы тікелей осы жобаның жүзеге асырылуына байланысты. Жалпы, мәдениет саласы – қоғамның жаңғыруы жолындағы қозғаушы күштің бірі. Сондықтан да бұл мақалада төл мәдениетті дамытуға аса мән берілген. Елбасы ұлттық салт-дәстүр, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғымыз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс деп атап көрсеткен. Сол үшін де әрбір өңір өз жерінің тарихын ерекше дәріптеуі қажет.
Бұл бағытта аудандық орталық кітапханада «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында түрлі форматтағы іс-шаралар өткізілуде. Нақтырақ айтар болсақ, кеше орталық кітапхана жақында ашқан ресми сайты арқылы ақын-жазушылар кітаптарының электрондық нұсқасын жасау үшін жаңадан алған заманауи кітап сканерін оқырмандарға көрсетті. «Өркені өскен өлке» жобасы аясында алынған Элар Сканердің кермесін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев пен жергілікті ақын-жазушы Байтанағали Төлентаев қиды.
Бұдан соң оқырмандар жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларынан дайындалған әдеби монтажды тамашалап, «Рухани жаңғыру – ұлттың болашағы» тақырыбында ұйымдастырылған кітап көрмесіне үңілді.
Соңынан сөз алған аудандық орталық кітапхананың директоры Аида Қалисаева: «Жаңа ақпараттық технологияларды қолдануда электронды оқулықтарды компьютер арқылы оқу, аудио-бейне материалдар көмегімен мәлімет алу, сондай-ақ, ЭЛАР ПланСкан жаңа толқындағы сканер аппаратының көмегімен  ақпарат алу қолайлы болғандықтан, біздің кітапхана алдағы уақытта да инновациялық әдістермен жұмыс жасап, оқырмандардың ой-өрістерін ақпараттармен толықтырып отырады. Баршаңызды бізге келіп, кітапхана ресурстарын пайдалануға шақырамын», – деп шараны қорытындылады.

Ильяс Қалыбеков,
«Шұғыла».

Сенбі, 28 Қазан 2017 00:00

Болашағымыз үшін маңызды

Латын әліпбиіне көшу мәселесі осыдан 5 жыл бұрын көтерілген еді. Содан бері санамызда «ерте ме, кеш пе, еліміз латын әліпбиіне көшеді, соған дайындала беруіміз керек» деген салмақты ой сақталып келді. Бүгін сол үкілі үміттің сәулесін көріп отырмыз. Бұл жазу – елдігіміз бен егемендігімізді айқындайтын, халықтың сауаттылығын танытатын көрсеткіш деп білемін. Латын әліпбиі бұрын тарихымызда 10 жылдай уақыт салтанат құрды. Сол кезде біз көптеген елге, жерге танылдық. Ал қазіргідей қуатты мемлекетте өмір сүріп жатқан кезеңде біз халық болып бұл жазуды қолдап алып кетпесек, өркениетті елдердің қатарына ілесе алмаймыз. Себебі, латын әліпбиі әлемдегі ең танымал жазулардың бірі саналады, яғни, болашағы зор. Сондықтан Елбасының шешімін қолдап, оның ары қарай жүзеге асуына үлес қосуымыз қажет.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жаңғыру – жазудан басталатынын, 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісу керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар осы қаріппен жазылуы тиіс екенін қадап айтты. Сонымен қатар, Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырып, уақыт ұттырмай бұл жұмысты қазірден бастап қолға алу қажеттігін атап өтті. Әрине, бұл бір күнде жүйесін тауып кететін мәселе емес. Бұл – ұзақ уақытты қажет ететін бастама. Мемлекет басшысы балабақшаларда, мектептерде, жалпы оқу үрдісінде латын қарпін жазуды үйрететін пән – каллиграфия (жазу өнері) деген сабақты енгізу қажет екенін ескертті.
Негізі, латын əліпбиіне көшу қазақ тіліне деген қызығушылықты арттырып, оны меңгеруге жаңа серпін береді. Біз осы күнге дейін латын əліпбиінің екі нұсқасымен таныстық. Бірінші нұсқада диграфтар қолданылса, екінші нұсқа бір əріп, бір дыбыс принципімен жасалған. 
Қазақ тілін дамытуға бюджеттен көп қаражат бөлініп, түрлі бағдарламалар қабылданып жатқанына қарамастан халық әлі де толық қазақ тілінде сөйлеп кеткен жоқ. Осы мақсатқа жету үшін латын əліпбиіне көшу керек. Жалпы, латын қарпіне көшудің еш қаупі жоқ.

Мөлдір Қырықбаева,
Амангелді атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Сенбі, 28 Қазан 2017 00:00

Мобильдік топ — ауылдарда

Аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың 2017 жылғы 28 қыркүйектегі №369-ө өкімімен «Қазақстан Республика­сындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 37-бабына және Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуына сыртқы талдау жасау және бағалау жөніндегі арнайы мониторингтік топ құрылып, оның құрамына аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімшесінің басшысы (мобильдік топ жетекшісі) Жомарт Телеуов, топ хатшысы, осы бөлімнің бас маман-заңгері Ерлан Қалисаев, топ мүшелері болып аудан әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің басшысы Азиз Мәнтеев, аудан әкімі аппараты персоналды басқару бөлімшесінің басшысы Жансая Оспанова, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Несіпбеков, аудандық «Шұғыла-Радуга» газеті редакциясының бас редакторы, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Сансызбай Махамбетқұлов енгізілген еді.
Жуырда осы мобильдік топтың толық құрамы «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» мақсатында әрі насихат жұмысын жүргізу үшін ауыл-ауылдарға жол тартқан болатын.
Арнайы жабдықталған «Газель» көлігімен жолға шыққан топтың алғашқы тоқтаған жері – Шайқорық (Жамбыл ауылдық округі) ауылы.
Ауыл әкімі Бақыт Садырбаевтың төрағалығымен өткен жиынға қатысқан ауыл тұрғындары алдында топ жетекшісі Жомарт Тешебайұлы: – Елбасы сыбайлас жемқорлық мемлекетіміздің дамуына, оның экономикалық өсуі мен саяси тұрақтылығына қауіп-қатер төндіретінін баса айтқан болатын. Сол үшін де сіз болып, біз болып осы қатердің алдын алуымыз керек, – деді. Жиында ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынбай Рысбаев та өз ойын ортаға салды.
Мобильдік топтың кезекті тоқтаған тұсы Қаратөбе және Айшабибі ауылдық округтері болды.
Мұнда да сыбайлас жемқорлық жайында кеңінен сөз еткен мобильдік топ мүшелері мен ауыл тұрғындары бұл қауіп-қатердің алдын алу мақсатында «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бірлесе жұмыс істеуге пәтуаласты.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,
«Шұғыла».

Бейсенбіде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы Ерболат Әмірбеков Жалпақтөбе ауылына арнайы барып, В.Чкалов атындағы орта мектептің акт залында ұстаздармен кездесті.
Кездесу барысында сөз алған бас маман: «Сыбайлас жемқорлық ел экономикасының көтерілуіне үлкен кедергі келтіріп отырған қоғамымыздың ең басты қауіп-қатерлерінің бірі болып табылады. Оны болдырмау, алдын алу мақсатында елімізде көптеген іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда. Жемқорлықпен күрес күн сайын қарқын алып келеді дегенімізбен, жегі құртқа айналған осы бір қатерлі дерттен бойын аулақ ұстағысы келмейтіндердің қатары азаймай отыр. 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияға орай, сыбайлас жемқорлықпен күресу әрбір мемлекеттік органдар басшыларының, ел азаматтарының міндеті екендігі анық. Аталмыш заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Жемқорлықтың жолына батыл тоқсауыл қойып, олардың зардаптарын жою және мүдделілерді жауапқа тарту – бүгінгі күннің ең басты міндеттерінің бірі. Осындай келеңсіз құбылыстармен бітіспес күрес жүргізу тек сот, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың ғана емес, барлық ұлтжанды азаматтардың парызы. Халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы білімділік жетіспейді. Көптеген заң бұзушылықтарға жергілікті атқарушы органдар, білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау салалары тарапынан жол берілетіні байқалады. Алайда, осындай заң бұзушылықтар орын ала тұра құқығы бұзылған азаматтар дер кезінде құқық қорғау органдарына хабар бермегендіктен, кінәлі тұлғалар жауапкершіліктен құтылып кетеді. Осындай олқылықтарға жол беруден аулақ болған жөн. Республика бойынша «Call» орталығы жұмыс істейді. Соған хабарлассаңыздар да болады», – деді.
Мектептегі кездесуді ауданда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша құрылған мобильдік топтың хатшысы Ерлан Қалисаев қорытындылады.
Мұнан кейін Ерболат Ерланбекұлы ауылдағы «Болашақ», «Балдәурен» балабақшаларына барып, ондағы ұжыммен жүздесті. Тәрбиешілермен сыбайлас жемқорлық туралы ашық әңгімелесіп, тақырып төңірегінде ой бөлісіп, облыс бойынша парамен ұсталған лауазымды тұлғалар бейнеленген бейнебаянды көрсетті.

Ильяс Қалыбеков,
«Шұғыла».

Сәрсебі, 25 Қазан 2017 00:00

Қолда барды ұқсатқан жөн

Қыс – қатал сыншы. Бұл – жыл сайын дәлелденіп жүрген шынайы қағида. Қыр астында тұрған қатал маусымның салғырттық пен енжарлықты көтермейтіні тағы ақиқат. Әзірге ауа райы шуақты қабақ танытып тұрғанымен, күні ертең-ақ тосын мінез көрсетіп, қаһарына мінетіні, сөйтіп адам баласын әбігерге салып қоятыны ешкімге құпия емес. Сол себепті қыс мезгіліне тыңғылықты дайындық, жоғары жауапкершілік керек. Осыған орай әзірлік кезеңін ойдағыдай тиянақтаған ауданымыздың тиісті саласы ендігі кезекте жылыту маусымының барысын қатаң қадағалауда.
Қысқы жылыту маусымының өту барысы туралы мәселе дүйсенбі күні арнайы штаб отырысында жан-жақты талқыланды. Ауыл әкімдерінің, аудан әкімдігі мен мекеме-ұйым басшыларының, «Жамбыл-жылу» кәсіпорнының, мектеп директорлары мен штаб мүшелерінің қатысуымен өткен кеңейтілген отырыста аудан әкімінің орынбасары Жалғас Мұртаза жылыту маусымына қатысты жұмыстарды салмақпен саралады. Әлеуметтік нысандар мен қазандықтардың жай-күйіне, отынның сақталуы мен сапасына, жарық шамдарының жағдайына, от жағушылар мен операторлардың дайындығына, есік-терезелер мен төбе жабындарының бүтіндігіне айрықша назар аударды. Кемшіліктер кездескен жағдайда, оларды шұғыл түзетуге шаралар қабылдау қажеттігін ескертті.
Жалғас Алижанұлы мәселенің мән-жайын тиісті сала жетекшілерінен жеке-жеке сұрады. Жетістіктер мен жетпей жатқан тұстарды атап көрсетіп, жылыту маусымының маңыздылығын алға тартты. Ауылдық округтерге бекітілген штаб мүшелерінің жауапты науқандағы әрекетін жеткіліксіз деп бағалап, тез арада жұмысты ширатуға нақты тапсырма берді.
Жауапты маусым әрбір адамнан жанды жұмыс пен жанашырлықты, саналылықты талап етеді. Қатал қыстың сынағынан абыроймен өту үшін жоқты түгендеп, қолда барды ұқсатқанымыз жөн. Басшы тұжырымы осы.

С. БЕРТАЙҰЛЫ.

Бөлім:  Әлеумет
Сәрсебі, 25 Қазан 2017 00:00

Шындықтың шырағданы

Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар, елімізге танымал ақын Мұхтар Шахановтың 75 жылдық мерейтойына орай Бектөбе ауылдық кітапханасында Айшабибі, Жалпақтөбе, Ақбұлым, Бектөбе ауылдарының кітапханашылары бас қосып, «Шындықтың шырағданы – Мұхтар аға» атты поэзия кешін өткізді.
Сол күн жыр жауған күн болды. Ақынның қайбір өлеңін оқысаңыз да, тыңдасаңыз да көңіліңіз шарықтап, шалқи түседі. Кеш жүргізушілері – жалпақтөбелік кітапханашы Гауһар Базарқұлова, бектөбелік Сандуғаш Жұмаханова ақынның өмір және өнер жолына кезек-кезек тоқтап, поэзия кешін қызықтыра түсті. Аудандық, облыстық жыр байқауларының жүлдегері Ришад Әбдікерімов ақын ағасына деген арнауын оқыды. Айшабибі ауылының кітапханашысы Сауле Мусралиева Мұхтар Шахановтың шығармашылығы жайлы мағлұмат берсе, Амангелді орта мектебінің оқушылары Айдана Сенбекова мен Аяжан Жұмабекова ақын жырларын жатқа айтып берді. Ақынның «Ғашықтық ғаламаты» атты өлеңін Мерей Смақ, «Жігерлендіру» жырын Ақниет пен Дәурен Сұлтандар, «Әйелдер» туындысын Айдана Сайлаубек, «Өзендер» өлеңін Элида Мұрат, «Үнсіздік» атты жырын Аяулым Тоқтасын толғана жеткізген.
Ақынның сазгер ретінде де өмірге келтірген әндері көп көңілінен шыққаны белгілі. Оның «Арыс жағасында», «Әке туралы ән» және «Туған күн кешінде» секілді әндерін мектеп өнерлілері нақышына келтіре орындады.
Кеш Гүлзат Амантаеваның орындауындағы «Желтоқсан алаңы» өлеңімен жалғасып, Халық Қаһарманы, Желтоқсан оқиғасының құрбаны, жерлесіміз Қайрат Рысқұлбеков туралы бейнеленген сахналық көрініс көрермендердің ешқайсысын бейжай қалдырмады.
Кеш барысында Ақбұлым ауылының кітапханашысы Б.Усибалиева, Амангелді атындағы орта мектептің кітапханашысы А.Асанова ақын жайлы кеңінен әңгіме қозғаса, мәнді де мағыналы іс-шараны ұйымдастырушыларға Бектөбе ауылдық Мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы З.Сейдалина алғысын жеткізді.
Тартымды әрі қызықты өткен поэзия кеші кітап көрмесіне ұласты.

Бөлім:  Мәдениет
Сәрсебі, 25 Қазан 2017 00:00

Заманауи көзқарас керек

Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңында «...ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, білім беруді ақпараттандыру, оқытудың жаңа технологиясы мен инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізу, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деген тәрізді міндеттер атап көрсетілген. Бүгінгі күні білім беру парадигмасы өзгерген, білім беру мазмұны жаңаруда, сондықтан білімді бағалауға жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас қажет екені түсінікті. Осы орайда ҰБТ мен болашақ маман дайындау мәселесі күн тәртібінде тұрғаны анық. Себебі, бүгінгі оқушы – ертеңгі маман, мемлекетіміздің дамуына үлес қосатын жас.
Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуде және мамандық таңдауда ескеретін қағидалар мен жаңалықтар туралы аудандық Мәдениет үйінде «Юстади» тест орталығы оқыту бөлімінің басшысы Әлібек Есенов, облыстық білім басқармасының маманы Жанна Қалбаева және аудан әкімдігі білім беру бөлімінің әдіскері Гүлнар Сүлейменқұлованың ұйымдастыруымен семинар-тренинг өтті. Іс-шара барысында ауданның 26 мектебінен келген бітіруші түлектерге ҰБТ және мамандық таңдау кезінде талапкерлердің мән бере бермейтін ньюанстар туралы айтқан тест орталығы оқыту бөлімінің басшысы жастармен өз тәжірибесімен бөлісті.
– Білім беру саласындағы, соның ішінде ҰБТ байланысты жағдайлар мен заңдылықтарды зерделей келе мынадай қағидаларды атап айтқым келеді. Біріншіден, «кім бірінші тапсырса, сол бірінші түседі» деген қате пікірді ұстану, бір мамандыққа орта есеппен қанша оқушы тапсырғанын білмей сол мамандықты таңдай салу, мемлекет тарапынан оқушыға берілген жеңілдіктерді ескермеу, грантқа түсемін деген үмітпен басқа қалаға барып құжат тапсыру, 1 мамандықты таңдап 4 оқу орнын белгілеу, оның орнына 4 түрлі мамандық таңдауды ойламау, мамандық туралы толық мәлімет алмай тұрып, тек грант үшін ғана оқуға тапсыру, оқу ордасының мамандықтан гөрі университет абыройына көп мән беретіндігін ескермеу жағдайлары жиі кездеседі. 
...Сонымен қатар мате­матика+география таңдаған оқушылар жаратылыстану, әлеуметтік салалар, экономика, бизнес, қызметтер, техникалық ғылымдар мен технология деген салалар бойынша мамандықтар таңдай алатынын оқушылардың көбісі біле бермейді. Сондай-ақ, биология+химия пәндерін таңдағандар білім, жаратылыстану ғылымдарын, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру (медицина), ветеринария, техникалық ғылымдар мен технология, ауыл шаруашылығы саласы бойынша мамандықтардың түр-түрі барынан бейхабар. 
«Серпін» бағдарламасы бойынша қабылдайтын 24  жоғарғы оқу орны бар және олар Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан. Бұның барлығын біле жүрген артық етпейді, – деді Әлібек Қамбайұлы.
Семинар-тренингтен қаншалықты тиімді болғанын қатысушылардың пікірлері арқылы білуді жөн көрдік.
Бауыржан Шырбанов, бітіруші түлек: Бұл іс-шарадан біраз ой түйдім. Расында мектептен алған білімді іс жүзінде пайдаға асыра білу үшін оқуға деген көзқарас дұрыс болу керек. Бұл семинарда жастарға білім алуға зор мүмкіндіктер бар екені тек оны өзіміз бен ата-анамызға да тиімді жолмен жүзеге асырған жөн екенін түсіндірілді. Осындай іс-шаралар бізге керек. Ұйымдастырушыларға рахмет.
Нөсер Қанай, 11-сынып оқушысы: Әлібек Қамбайұлы әрбір сөзін өз өмірімен байланыстыра айтқаны көңілге қонымды болды. Себебі, жастарға нақты адам, нақты жетістігі бар адам ғана үлгі бола алады деп ойлаймын. Мен де болашақта алға қойған мақсаттарыма жеткім келеді. Сол үшін мен бүгінгі іс-шарада білген-түсінгендерімді іс жүзінде жүзеге асырғым келеді. 

Күнзипа Ситалиева,
«Шұғыла».

Бөлім:  Білім
Бет 1 -ші 6 беттен

Серіктестер