Халық қалаулысы қолдау білдірді Таңдаулы

Бөлім:  Саясат
| Автор:   07 Сәуір 2018
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

29 наурыз-6 сәуір аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары жұмыс сапарымен ауданымызда болып, халықпен кездесіп, әлеуметтік және ауыл шаруашылығы нысандарының жұмысымен танысты.
Осындай келелі кездесудің бірі Гродеково ауылында өтті. Халық қалаулысы Бәйділдә Жылқышиев алдымен ауылдық Мәдениет үйіне жиналған жұртшылық алдында Президенттің бес әлеуметтік бастамасына жан-жақты тоқталып, бұл бастаманың берекесін сезінетін күн алыс емес екендігін жеткізді. Ауыл тұрғындары Сабри Асанов, Ескендір Чариев, Айнұр Әбілова қойған сауалдарға нақты жауаптар қайтарып, басқа да өзекті мәселелер төңірегінде әңгіме қозғады.
Бәйділдә Жылқышыұлының келесі тоқтаған тұсы – шұжықтың 45 түрін шығарып, өнімдерін алыс-жақын шетелдерге және еліміздің бірқатар өңірлеріне өткеріп жүрген Жалпақтөбе ауылындағы «Берсенукаев Саид» жеке кәсіп­керлігі шұжық өндеу цехы. Депутат кәсіпкерлік жұмысын оң бағалады.
Халық қалаулысының келесі ат басын бұрған жері Бектөбе ауылы тұсындағы «Азамат» шаруа қожалығының типтік жүйедегі жылыжай кешені болатын. Бір гектарда орналасқан жылыжай жыл ішінде 400 тоннаға дейін қияр өткізуге қауқарлы. Шаруашылық басшысының айтуынша, мұнда 18 адам жұмыс істейді. Бәрі де жергілікті жердің азаматтары. Қожалық жұмысына көңілі толған депутат осындағы еңбекшілердің ісіне табыс тіледі.
Мәжіліс депутаты Қаратөбе ауылдық округі аумағындағы «Оңтүстік халал тағамдары» ЖШС ет комбинатына арнайы барды. Комбинат ішін аралай жүріп ұққанымыз, мұнда ағымдағы жылдың қаңтар айынан қарқынды жұмыс жүргізіліп, осы аралықта 15200 бас ұсақ мал сойылып, 271 тонна ет Иран еліне жіберілген. Қазір мұнда 96 адам жұмыс атқарады. Болашақта олардың саны 156 адамға артпақ. Бұл туралы комбинат бас директорының орынбасары Мамыр Бөпежанов айтып берді. Оның тағы бір айтқаны, малдың 55 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысынан, 45 пайызы облыс аумағынан әкелінеді екен. Ет комбинатының жұмысына халық қалаулысы оң бағасын берді.
Бәйділдә Жылқышыұлының соңғы тоқтаған тұсы – Айшабибі ауылы аумағындағы «СуперФарм» ЖШС бір реттік медициналық бұйымдар өндіру зауыты. Мұндағы тірліктің жандана түскенін көзбен көрген депутат таңданысын жасырмады: – Шетелдік компаниялармен алыс-беріс жасайтын зауыт өнімі сапасымен айрықша көрінеді. Алдағы уақытта бұл зауыт ауқымын кеңейтпек ниетте екен. Зауыт өндірісіне дән ризамын. Бау-бақшасы, кішігірім жылыжайы бар. Мүйізді ірі қара, уақ мал ұстап, еті мен сүтін жұмысшыларға арзан бағамен ұсынады. Болашақта жұмысшылары үшін жатақхана тұрғызуды көздеп отыр. Басшысы: «Келешекте жұмысқа балалар үйінде тәрбиеленген жастарды тартамын», – дейді. Мен оны толық қолдаймын, – деді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бәйділдә Жылқышиевтің аудандағы жұмыс сапары кезінде онымен бірге аудан әкімінің орынбасары Жалғас Мұртаза, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Белғалы Сергеев, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Төлендиев, сондай-ақ, ол тоқтаған тұстағы ауыл әкімдері болды.

Дүйсенбек Орманов,
«Шұғыла».

Super User

Venenatis vitae, justo. Nullam dictum felis eu pede mollis pretium. Integer tincidunt. Cras dapibus. Vivamus elementum semper nisi. Aenean vulputate eleifend tellus. Aenean leo ligula

Сайт: www.joomshaper.com
Осы категориядағы басқа материалдар: « Әлеуметтік нысандарды аралады
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз

Серіктестер