Ұстаз болу – сезімнің ақындығы

Бөлім:  Мәдениет
| Автор:   31 Наурыз 2018
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Мақаламыздың тақырыбын бұлай қоюымыз тегін емес. Ғ.Қайырбековтың осы бір тамаша өлең жолы ұстаздар қауымының қадірі мен қасиетін, бар болмысын асқақтатып тұрғандай. Жер бетіндегі барша мамандық атаулының төресі – ұстаздық десек, қателеспеспіз. Себебі, барлық адам ұстаздан тәлім алады, хат таниды. «Ұстаздық ұлық емес, ұлы қызмет», – деп кешегі батыр Бауыржан бекер айтпаса керек-ті. Ұстаздың бойында біліммен қатар сан түрлі өнер ұштасып жататыны даусыз.
Бейсенбі күні аудандық Мәдениет үйінде Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жамбыл аудандық комитеті филиалының ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты облыстық VII фестивальда бұған тағы бір көз жеткізіп қайттық. Аталған шара Ресейдің Кемерово қаласында болған алапат өрттен құрбан болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Одан соң сахнаға көтерілген Ю.Гагарин атындағы орта мектептің педагогикалық ұжымы орындаған хор мен №3 орта мектептің мұғалімдері Жандос Досқожа мен Фая Иетаевалар әуелеткен «Әгугай домбыра» әні жиналған қауымды бір серпілтіп тастады. М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің ұстаздарынан құралған ұлт аспаптар оркестрінің өнеріне қол соғып, таңданбаған жан қалмады. Айшабибі орта мектебінің ұстаздары қойған «Айшабибі» сахналық көрінісі көпшіліктің жанарына жас үйірсе, Ю.Гагарин атындағы орта мектептің ұжымы орындаған «Соңғы көш» қойылымы сонау хан Кененің заманына сапар шектірді. Шайқорық орта мектебінің мұғалімі Нұрлыбек Таласбаев төгілдірген «Өсиет» термесі мен Ә.Әйтиев атындағы орта мектептің ұстаздары күмбірлеткен «Келіншек» күйі рухымызды оятып, делебемізді қоздырды. Сонымен қатар, Амангелді атындағы орта мектептің мұғалімі Әсем Теберекбайдың мың бұрала билеген «Алтынай» биіне еріксіз сүйсіндік. Ұстаздар қауымы өздерінің көркемсөз оқудан да ешкімнен кем түспейтіндіктерін аңғартты. «Балдырған» бөбекжайының тәрбиешісі Құралай Рахымжанова мен Ю.Гагарин атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Райхан Төлегенованың мәнеріне келтіре оқыған «Тәубеңе кел» және «Ты же выжил, солдат» өлеңдері – сол сөзіміздің айғағы.
Фестивальда сөз алған аудандық мәслихаттың хатшысы Рүстем Бегалиев пен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жамбыл аудандық комитеті филиалының төрағасы Ернар Тәжібаев осыншама тер төгіп, еңбектенген ұстаздарға алғыстарын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі. Сондай-ақ, Ернар Мәденұлы осы фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан бірқатар ұстаздарды мадақтады. Атап айтар болсақ, Ю.Гагарин атындағы орта мектептің директоры Салтанат Жігітекова арнайы диплом мен «Меркі» шипажайына берілген жолдамаға ие болса, Ә.Әйтиев атындағы орта мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Базаркүл Мақұлбековаға дипломмен қатар «Ақниет» шипажайына жолда­маны табыс етті. Сонымен қатар, фестивальға белсене қатыс­қан мектеп, балабақша ұжымда­рын арнайы грамоталармен марапаттады.
Бұдан соң қазылар алқасының мүшелері – білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, облыстық білім басқармасы басшы­сының орынбасары Талғат Жамалов, «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты фестивальдың негізін қалаушы, білім саласының құрметті ардагері Бәтес Егембердиева, аталған фестивальдың негізін қалаушылардың бірі Гүлсін Орынбаева, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Мәдениет және өнер кафедрасының профессоры Есілбек Бимурзаев, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаева, Тараз мемлекеттік «Хореография» кафедрасының доценті Ольга Привалова, 2013 жылғы облыстық «Тарлан» сыйлығының иегері Көркемғали Серімбетов, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің оқытушысы Айгүл Сатыбалдиева, «Салтанат» мемле­кеттік би ансамблінің экс солисі Руслан Ақбаров және респуб­ликалық «Еңбекші» кәсіподақтық басылымының бас редакторы Бейбіт Бекназаровтар сөз алып, қатысу­шылардың барлығын дипломдармен марапат­тады. Қазылардың ұйға­рымымен «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты облыстық бай­қау­дың гала концертіне М.Төлебаев атындағы балалар музы­ка мектебінің ұжымынан құрал­ған ұлт аспаптар оркестрі жолдама алды.

Құрбанәлі Шахабай,
«Шұғыла».

Super User

Venenatis vitae, justo. Nullam dictum felis eu pede mollis pretium. Integer tincidunt. Cras dapibus. Vivamus elementum semper nisi. Aenean vulputate eleifend tellus. Aenean leo ligula

Сайт: www.joomshaper.com
Осы категориядағы басқа материалдар: « Жыраулық дәстүрдің алтын діңгегі
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз

Серіктестер