Ақынын ұмытпаған елі бар

| Автор:   20 Наурыз 2018
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Етегі гүлге, қойнауы жырға толы киелі Жамбыл өңірі қол бастар батырға, сөз бастар шешенге, от ауызды ақынға, қалам ұстаған журналистке кенде болып көрген емес. Олардың атын атап, түсін түстер болсақ, бір мақаланың көлеміне сыя қоймас. Жамбыл жерінен түлеп ұшқан тау тұлғалардың тізімінің басында есімі қазақ поэзиясына алтын әріппен жазылған ақын Совет Әлімқұловтың тұратыны белгілі. Бұл есім жалғыз Жамбыл жеріне ғана емес, исі қазақтың баласына жақсы таныс. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ақынның өлеңдерінен сусындады, оның жырларын жастана жатып оқыды. Балалар әдебиетінің бәйтерегіне баланғанымен, Совет ақынның лирикалық, Отанға, туған жерге арнаған өлеңдерінің өзі бір төбе.
Жұма күні «Жастар ресурстық орталығының» үлкен залында өткен Совет Әлімқұловтың 80 жылдығына арналған облыстық жас ақындар айтысы ақынның рухын тағы бір мәрте асқақтатты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудан әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған сөз додасында 11 ақын бақ сынады. Алғаш боп сахнаға байзақтық Дархан Әбдіманат пен тараздық Медеу Мырзатай көтерілді. Талай додада ысылып, көрермен көзайымы болып жүрген Дархан бұл жолы да шабысынан танбады. Байзақтық сөз мергенінің сөз саптауы, тақырыпты аша білуі қарсыласына қарағанда басым болды. Дегенмен Медеу де өзінің оңай шағылар жаңғақ емес екенін танытты. Оның әсіресе, «Ораласың ба, көктемім» деп жүргенде,
Оралмайтын сапарға кеткенің-ай» деген жыр жолдары көпшілікті ауыр ойға жетелеп, жанарына жас ұялатты. Келесі жұп қос тараздық Аружан Қуат пен Шапағат Әбдірден ел қыз бен жігіттің тартысты айтысын күткені жасырын емес. Алайда, Шапағат қарсыласын қағытпа қалжың, астарлы әзілмен қанша қағытқанымен, Аружаннан лайықты жауап болмады. Тараздық арудың әлі де бір қайнауы кем секілді әсер қалдырды. Тақырыпты жырлау, қарсыласын қағыту тұрғысынан келгенде таразының басы Шапағатқа ауды. Мұны қазылар алқасы да дөп басты.
«Басқа тойды тойламасаң тойлама,
Совет ердің тойы бірақ тойлансын». Бұл біздің емес, сол айтыста ауданымыздың намысын қорғаған Бақнұр Нұрманның жыр жолдары. Бақнұрдың Байзақтың жас бөрісі Ернұр Бейсеновпен болған айтысы көпшілік көңілінен шықты. Екеуі де ел күткен тартымды айтыс жасай білді. Шудан келген Әділет Медетқұлов пен тараздық Дидар Аббастың тартысы да көрермен қауымға сөзсіз ұнағаны белгілі. Бұл тартыста талай сөз барымталарында шыңдалған Дидардың айтыстағы тәжірибесі айқын аңғарылып тұрды. Барша көрермен асыға күткен айтыс жерлесіміз Нұрлыбек Құрманов пен шулық Айым Көшербайдың арасында болды десек, қателеспеспіз. Қалың көрермен Нұрлыбек әдемі айтыс жасайды деп сенді. Нұрлыбек сол сенім үдесінен толықтай шықты. Ауданымыздың намысын облыстық, республикалық деңгейде абыроймен қорғап жүрген Нұрлыбек өзінің қашанда ізденіс үстінде, толықтай бабында екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Екеуі де көрермен сенімін ақтап, қыз бен жігіттің әсерлі, тартымды айтысын жасады. Соңғы болып сахна төріне Дидар Аббас пен таластық Нұржан Манарбек көтерілді. Бұл жұптың да айтысы тартысқа толы болып, көрерменнің көзайымына айналды.
Әрине, айтыс болған соң, қоғамды елеңдеткен мәселелер де ақындар назарынан шет қалған жоқ. Өткір мәселелерді ақындардың барлығы да орынды жеткізе білді. Айтыс барысында Совет ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыған балдырғандар да көпшілікті әдемі әсерге бөледі. Марапаттау рәсімі кезінде ақынның жары Сара Ахметова, ұлы Бақытжан Советұлы, айтыскер ақындар, қазылар алқасының мүшелері Айтмұханбет Исақов, Ербол Қамбатыров пен Есет Досалы және қаламгер, «Шұғыла-Радуга» газетінің бас редакторы, қазылар алқасының мүшесі Сансызбай Махамбетқұловтар ақын жайлы тамырлы әңгіме қозғап, естеліктерімен бөлісті. Қазылардың ұйғарымымен I орынды Дархан Әбдіманат қанжығасына байласа, II орынға Нұрлыбек Құрманов, ал жүлделі III орынға Шапағат Әбдір лайық деп танылды. Дидар Аббасов арнайы сыйлыққа ие болды. Жеңімпаздар мен қалған қатысу­шыларға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Осы айтыста бәріміз ақынның рухымен тілдескендей болдық. Анығында, ақындар Совет ақынның рухымен сырластыра алды. Қалың ел айта жүретіндей айтыс болды бұл расында. Совет ақынның есімі осындай жырға қосар ұрпағы, өлеңін қадірлер елі барда ешқашанда ұмытылмақ емес. Абайша айтсақ:
«Өлді деуге сыяма ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған». Шынында, Совет ақын өлген жоқ, оны өлтірмейтін өршіл өлеңдері, жауһар жырлары.

Құрбанәлі Шахабай,
«Шұғыла».

Super User

Venenatis vitae, justo. Nullam dictum felis eu pede mollis pretium. Integer tincidunt. Cras dapibus. Vivamus elementum semper nisi. Aenean vulputate eleifend tellus. Aenean leo ligula

Сайт: www.joomshaper.com
Осы категориядағы басқа материалдар: « Менің Отаным — Қазақстан
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз

Серіктестер