Жас домбырашылар байқауы

| Автор:   10 Ақпан 2018
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Сәрсенбінің сәтті күнінде Жеңістің 30 жылдығы атындағы орта мектептің акт залында М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің ұйымдастыруымен «Атадан қалған мұрамыз» атты домбырамен күй орындаудан аудандық іріктеу байқауы өтті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған байқауға қатысушы үміткерлер әр қазақтың төрінен орын алатын киелі домбырамен күй атасы Құрманғазы мен Дина секілді өнер иелерінің күйлерін бар ынтамен орындап шықты. Әуелі сахна төріне көтерілген жас домбырашылар мен қобызшылар ансамбльдері сайысқа түссе, кіші топтар мен үлкен топтар жеке күй орындаудан бақ сынады.
Ұлтымыздың дәстүрлі өнеріне ден қойған жас өнерпаздарды қазылар алқасы сахналық мәдениетіне, орындаушылық қабілетіне және киім үлгісіне қарай бағалады. Нәтижесінде, кіші топ бойынша «Көрұғлы», «Ақ қайың» күйлерін орындаған Нұрзат Рахманберді бас жүлдеге лайық деп танылып, облыстық байқауға жолдама алды. Сондай-ақ Бақдәулет Жанатбек бірінші орынды жеңіп алса, Толғанай Жақсығұл екінші орынды иеленіп, Нұрдәулет Жақсығұл мен Дариға Орынбай үшінші орынға тұрақтады. Ал, үлкен топтан Құрманғазының «Қайран шешем» күйін орындаған Сұлтан Әлімқұл жүзден жүйрік шығып бас жүлдеге қол жеткізді. Көркемдігімен, орындаушылық шеберімен көзге түскен Жұлдызай Кеңгесбаева бірінші орынды иемденсе, Нұрсұлтан Келгенбайға екінші орын бұйырып, Нұрдәулет Әлімқұл үшінші орынды қанағат тұтты. Ал «Елигай», «Балауса», «Балбұлақ», «Көкіл», «Ақжелең» ансамбльдері арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Байқау соңында қазылар алқасының төрайымы, аудан әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Әлия Омарова, «Жастар ресурстық орталығының» директоры Маханбет Рақымжанов жеңімпаздарды құттықтап, ұлттық аспапта ойнап, толайым табыстарға жете берулеріне тілектестігін жеткізді.

Мақсат Жұмабаев,
«Шұғыла».

Super User

Venenatis vitae, justo. Nullam dictum felis eu pede mollis pretium. Integer tincidunt. Cras dapibus. Vivamus elementum semper nisi. Aenean vulputate eleifend tellus. Aenean leo ligula

Сайт: www.joomshaper.com
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз

Серіктестер