Аудан әкімінің есепті кездесулерінен Таңдаулы

Бөлім:  Саясат
| Автор:   10 Ақпан 2018
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың ауылдық округ тұрғындары алдындағы есеп беру кездесулері жалғасуда. Аудандық мәслихаттың хатшысы Рүстем Бегалиев, аудан әкімдігінің бөлімдері мен мекеме-ұйым басшылары қатысқан жиындарда өңір басшысымен бірге есеп берген Жамбыл, Қаратөбе, Айшабибі, Полатқосшы, Гродиково, Қызылқайнар ауылдық округтерінің әкімдері Бақыт Садырбаев, Қайрат Жатқанбаев, Райымбек Сеитов, Ержан Данаев, Болат Қожабеков, Зайнилда Сматовтың жұмысын ауыл тұрғындары лайықты бағалады. Өз кезегінде сөз алған ауыл тұрғындары жеке бастың мүддесін емес, ауылда шешімін таппай тұрған мәнді мәселелерге мән берді.

Жамбыл

Зауыт қалдығынан қауіп бар

Есепті кездесуде сөз алған Бесжылдық ауылының тұрғыны, ардагер-ұстаз Шаяхмет Болысбеков Ә.Ысмайылұлы атындағы орта мектептің спорт және акт залы мен асханасы жұмыс істемей тұрғанын жеткізді. Бұл мәселе бойынша сөз алған аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова спорт және акт залы мен асхананың жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға 5 млн 500 мың теңге бөлініп, конкурс өткізіліп жатқанын тілге тиек етті. Ал, Танты ауылының тұрғыны Зиябек Жанбаев Ә.Молдағұлова көшесінде жарық жиі өшетінін алға тартып, қосымша трансформатор қойып беруін өтінсе, Болат Орынтаев биылдан бастап егінсудың тарифі қымбаттағанын сөз етіп, осы мәселенің оң шешім табуына ықпал етуін сұранды. Бесжылдық ауылының тұрғыны Құлынбет Жүндібаев ауылдан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тасжолына шығатын жолды жөндеп беруін өтінсе, Шайқорық ауылының тұрғыны Жанат Иманалиев тау болып үйілген фосфор және гипс зауыттарының күл-қалдықтары жел тұрған күндері ауылды шаң-тозаңға көметінін, осы мәселені жылдамырақ шешпесек, ертең өсіріп отырған ұрпағымызға қауіп төндіретінін жеткізді.

Қаратөбе

Каналдар мен арықтар тазаланады

Кесдесуде Ы.Алтынсарин атындағы бастауыш мектептің меңгерушісі Г.Ниетбаева Бәйтерек ауылына газ тартылғанын айтып, білім беру мекемесінің ғимаратына «көгілдір отын» қосып беруін өтінді. Қызылшарық ауылының тұрғыны Ермек Мырзалиев №27 бағыттағы қоғамдық көліктің Тоқтаров көшесімен жүрмейтінін жеткізді. Бұл мәселе бойынша сөз алған ауыл әкімі: – Биыл Досымбек көшесіне асфальт төселеді. Содан кейін қоғамдық көліктерді Тоқтаров және Досымбек көшесімен жүргіземіз, – деді. Ал, зейнеткер З.Ахметжанова пайдаланған газдың төлемақысы жалпы сомадан жоғары болып келетінін алға тартты. Ауыл тұрғыны Қ.Қасымовтың көктем және күз айларында жер асты суы көтеріліп, көпшілікті әбігерге салады деген уәжіне ауыл әкімі үлкен каналдар (дренаж) мен арықтарды тазалауға биыл 9 млн 635 мың теңге бөлінгенін, наурыз айында жұмыс басталатынын айтты.

Айшабибі

Тұрғындар тілегі назарға алынды

Аудан және ауыл әкімінің жұмысын жоғары бағалаған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Райымбек Мұсатаев аудандық пошта байланыс торабының қызметіне көңілі толмайтынын, мерзімді газет-журналдар уақытылы келмейтінін тілге тиек етіп, осы мәселенің оң шешілуіне ықпал етуін сұрады.
Ауыл тұрғыны Мырзабай Артықбаев Қ.Бүрлібаев және С.Әбішұлы көшелеріне асфальт төселсе деген тілегін білдірді. Тағы бір тұрғын Оразкүл Шайхова Төле би көшесінде кешкісін электр жарығы төмендеп кететінін, салдарынан кейбір тұрғындардың тұрмыстық техникалары күйіп жатқанын айтып, қосымша трансформатор қойып беруін өтінді.
Тұрғындардың бұл тілектері назарға алынды.

Полатқосшы

Заманауи аялдама қажет

Жиында сөз алған ауыл тұрғындары – Рахымберді Саламатов ауылдан жастарға арнайы кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орны ашылса десе, Асан Ізбасаров орталық көшедегі аялдамалар заман талабына сай келмейтінін айтып, төбесі және қабырғалары жабық аялдама орнатып беруін өтінді. Ал, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Абдухалил Маюфи аудан және ауыл әкімінің жұмысын жоғары бағалап, алдағы уақытта ел игілігі жолында атқаратын жұмыстарына сәттілік тіледі.

Гродиково

Трансформатордың қуаты жетпейді

Зейнеткер Айтбибі Омарова қыс мезгілінде Жиделі көшесінде табиғи газдың қысымы төмендеп кететінін жеткізсе, ауыл тұрғыны Николай Тарада Жамбыл, Гагарин, Ақбұлақ көшелерін электр қуатымен қамтамасыз етіп тұрған трансформатордың қуаты жетпейтінін, салдарынан жарық жиі өшетінін сөз етті. Ауылдың тағы бір тұрғыны Халия Асқарова Гродеково орта мектебінің талай жылдан бері күрделі жөндеу көрмегенін жеткізді. Бұл мәселе бойынша сөз алған аудан әкімі Бақыт Қазанбасов: – Гродеково орта мектебін күрделі жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттары дайын. Биыл 131 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деді. «Алтын белгі» өндірістік кооперативінің төрағасы Берік Сапарбаев ауылдық округте құрылған өндірістік кооперативке жемшөп дайындау үшін аудан аумағынан жер сұрады.

Қызылқайнар

Жер телімі берілсе

Қызылқайнар ауылының тұрғыны, қауымдастық кеңесінің төрағасы Бегалы Сқақов пен зейнеткер Қалан Бағысбаев 23 жылдан бері ауыл тұрғындарына тұрғын үй салу үшін жер телімі берілмегенін, салдарынан қаншама азамат үйсіз жүргенін айтып, «Эреке» шаруа қожалығының үлескерлері өздеріне тиесілі жерлерін беруге қарсы емес екенін жеткізді. Осы мәселені тұрғындарға тиімді етіп шешіп беруін өтінді. Қызылқайнар ауылының тұрғыны, зейнеткер Өлмесқамал Сейтқасымова аудан және ауыл әкімдерінің жұмысын жоғары бағалап, Жасөркен орта мектебінің асханасындағы орындықтар мен мектептің сыртқы қоршауын ауыстыру керектігін тілге тиек етті.

Нұрасыл СҰЛТАНБАЕВ,
«Шұғыла».

Super User

Venenatis vitae, justo. Nullam dictum felis eu pede mollis pretium. Integer tincidunt. Cras dapibus. Vivamus elementum semper nisi. Aenean vulputate eleifend tellus. Aenean leo ligula

Сайт: www.joomshaper.com
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз

Серіктестер