Еңбек адамының құқықтарын қорғау бағытында

Бөлім:  Саясат
| Автор:   07 Ақпан 2018
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Таяуда облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Серғали Айдапкелов 2017 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы және алға қойған мақсаттары туралы есеп берді. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысқан есепті кездесуде Серғали Өмірзақұлы басқарманың еңбек қатынастары тараптарының құқықтары мен мүдделерін қорғау барысында атқарған жұмыстары туралы кеңінен баяндады.
Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек испекциясы атқарған кешенді жұмыстардың нәтижесінде 5590 кәсіпорында ұжымдық шарттар мен меморандумдар қабылданып, жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің құқықтары мен міндеттері, әлеуметтік әріптестіктің тетіктері заң талаптарына сәйкес іске асырылуда. Бұл көрсеткіш жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 72,8 пайызын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға жоғары болып қалыптасты. Нәтижеде бас­қармаға жеке және заңды тұлға­лардан келіп түскен арыз-шағым­дардың саны өткен жылмен салыс­тырғанда  571 бірлікке азайып отыр.
8 кәсіпорынның 1159 жұмыскер алдындағы 143,0 млн теңге жалақы қарыздарын өтеу үшін заң талаптарына сәйкес жұмыс берушілер орындауға міндетті нұсқамалар беріліп, әкімшілік шаралар қолданылды, 135,2 млн теңге өндіріліп, 983 жұмыскердің құқықтары қорғалды. 
Жалпы, мемлекеттік еңбек инспекторларымен 312 кәсіпорын мен мекеме тексеріліп, Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын бұзған жұмыс берушілерге оларды жою туралы 153 нұсқама беріліп, 84 әкімшілік шара қолданылды.
Еңбек саласындағы негізгі мәселелердің бірі – еңбек қауіпсіздігі. Жазатайым оқиғаның алдын алудың басты көрсеткіштері – кәсіпорынның өндірістік объектілерінде еңбек жағдайлары бойынша аттестаттаудың сапалы өткізілуі, жұмыс берушілер тарапынан еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдардың оқытылуы, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестердің құрылуы мен өз дәрежесінде жұмыс атқаруы.
Есепті мерзімде өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау мониторингі бойынша 910 жұмыс орындары бар 159 өндірістік нысанда аттестация өткізілді, жұмыс берушілердегі еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты 808 адамның білімі тексерілді. Облыс кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі 913 өндірістік кеңес құрылып, онда еңбекті қорғау жөніндегі 1152 техникалық инспектор, еңбек дауларын қарайтын 926 келісім комиссиясы жұмыс атқаруда.   
Жоғарыда көрсетілген проблемаларды шешу мақсатында өткен жылы басқарма еңбек ұжымдарында «Ашық есік күндерін» және бірнеше тақырыптық семинар-тренинг өткізді. Іс-шаралар барысында жұмыс берушілерге ІТ рыногындағы жаңа технологиялық процестерді енгізу туралы бірқатар нақты ұсыныстар берілді. Нәтижесінде, «Алтыналмас АК» АҚ Ақбақай филиалының «Ақбақай» кенішінде «Цифрландырылған кеніш» атты өндірістік процестерді толық цифрлық жүйеге көшіріп автоматтандыру жобасын 2018-2020 жылдары іске асыру қолға алынды. IT рыногында жаңа технологияны қолданудағы халықаралық тәжірибені зерделей отырып, дайын өнімнің өзіндік құнын 15 пайызға төмендетуге, еңбек өнімділігін арттыруға, ресурстарды тиімді пайдалануға қол жеткізуге болатын жобаны іске асыруға 2018-2020 жылдары 4 миллиард теңге қаражат бөлінді. Цифрлық жүйе «Қазфосфат» ЖШС-нде де енгізілген.
Еңбек кодексінде қаралғандай, жұмыс берушілер қызметі өлшем­дерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының талап­та­ры­на сәйкестігі олардың декларациялауға қатысу шарты болып табылады. Кәсіпорындардың өтініштері негізінде мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек қатынастарының заң талаптарына сәйкестігін тексеріп, тексеру қорытындысын облыстық декларациялау комиссиясының қарауына ұсынады. Ұсынылған­дардың ішінде 9 жұмыс берушінің қызметі Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес деп танылып, үш жыл мерзімге сенім сертификаттары берілді.
Дегенмен, 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, облыс кәсіпорындары мен мекемелерінде 63 жазатайым оқиға  орын алып, одан 67 адам зардап шегіп, 16 адамның өліміне әкеп соққан. Көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға өсіп отыр. Бұл мәселе өткен жылдың желтоқсан айында облыс әкімдігі жанындағы үш жақты комиссияда қаралып, жұмыс берушілерге нақты тапсырмалар берілді.
Жазатайым оқиғалар бойынша заң талаптарына сәйкес арнайы тергеп-тексеру комиссиялары құрылып, жұмыс берушілердің жауапты тұлғаларының қылмыстық жауапкершілігін қарау үшін ішкі істер органдарына материалдар уақытылы жолданып тұрды.
Басқарма өз уәкілеттілігі шеңберінде, ішінара және Жамбыл облысы прокуратурасымен бірлесіп халықты жұмыспен қамту туралы заңнаманың орындалуы бойынша 94 тексеру жүргізіп, 36 заң бұзушылық фактісін анықтады, жұмыс берушілерге ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 98-бабымен 476490 теңгені құрайтын 21 айыппұл салынып, толығымен өндірілді.
Республикада бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көтеру мақсатында «Парыз», жұмыс берушілер арасында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша «Сенім» конкурстары жыл сайын өткізілуде. Бұл конкурстарға Жамбыл облысының кәсіпорындары да қатысып, жеңімпаз атанды.
Еңбек саласының проблемаларын анықтау және алдын алу мақсатында, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен жыл қорытындысы бойынша жасалынған еңбек тәуекелі картасы бойынша Жамбыл облысы өңірлер арасында бірінші орында тұр.
Кездесуде шығып сөйлеушілер жұмыскерге қолайлы жағдай туғызу елеулі экономикалық табыстардың кепілі болып табылатынын айтып, басқарма басшысының жыл ішіндегі жұмысын оң бағалады.

Мақсат ЖҰМАБАЕВ,
«Шұғыла».

Super User

Venenatis vitae, justo. Nullam dictum felis eu pede mollis pretium. Integer tincidunt. Cras dapibus. Vivamus elementum semper nisi. Aenean vulputate eleifend tellus. Aenean leo ligula

Сайт: www.joomshaper.com
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз

Серіктестер