Ауылдық округ әкімдерінің есеп беру кездесулерінен

Бөлім:  Саясат
| Автор:   31 Қаңтар 2018
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Өткен жыл ауылдарымыз үшін өте табысқа толы жыл болды. Бұған біз ауданға қарасты округ әкімдерінің халық алдындағы есеп беру кездесулерінде көз жеткіздік. 17 қаңтар күні басталған есеп беру кездесулері жұма күні аяқталды. Ауыл тұрғындары көкейде жүрген көп сауалды ортаға салып, түйткілді мәселелерді көтерді. Округ әкімдері де өз кезегінде тұрғындардың тілегін елеусіз қалдырмай, әр сұраққа жіті назар аударып, тұщымды жауаптар берді.

Әкімнің жұмысына – оң баға

Өрнек ауылдық округінің әкімі Қанат Темешбаев өзінің есеп беру кездесуін Жұма стансасы тұрғындары алдында өткізді. Аталмыш кездесуге аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспар­лау бөлімінің басшысы Қуаныш Бүркітәлиев, аудандық мәслихат депутаты Талап Әбдібеков қатысып отырды. Округ әкімі өткен жылы тындырылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары жөнінде баяндама жасап, жұмалықтардың талап-тілектеріне көңіл аударды. Зейнеткер Жақсыберген Есембеков стансадан бейітке дейін жол салынса деген ұсыныс білдірсе, ардагерлер кеңесінің төрағасы Оңласын Атыхаев әкімнің жұмысына оң бағасын беріп, ел игілігі жолында жасап жатқан қызметі үшін алғысын білдіріп, рахметін айтты.

Мектеп жайы алаңдатады

Бесжылдық ауылының тұрғындары алдында Жамбыл ауылдық округінің әкімі Бақыт Садырбаев есеп берді. Бұл кездесуге бесжылдықтықтар өте көп жиналды. Алдымен өткен жылдың қорытындысы туралы баяндама жасаған округ әкімі шығып сөйлеушілерге кезек берді. Алғаш боп сөз алған жергілікті тұрғын Күлжамила Байбекова ауылдағы шағын орталықта балалар санының көбеюіне байланысты қосымша бөлмелер қосып беруді сұрады. Бұған жауап берген Бақыт Садырбаев аталған мәселе бойынша аудан әкімдігі білім бөліміне хат жолданып, шешу жолдары қарастырылатынын айтты. Одан соң ауыл тұрғыны Шаяхмет Болысбаев ауыл тұрғындарын алаңдатқан өткір мәселені қаузады. «Бесжылдық ауылындағы Ә.Ысмайылұлы атындағы орта мектептің 4-корпусы апаттық жағдайда тұр. Ол жердегі спортзал, асхана және акт залының жұмыстары тоқтауда. Осы мәселені қозғап келе жатқанымызға біраз уақыт болды, бірақ ешқандай нәтиже болмағаны бәріміздің жанымызға батады. Сондықтан осы мәселені облыс, аудан және ауылымыздан сайланған мәслихат депутаттарымен бірге жұмыс жүргізіп, биылдан қалдырмай шешіп берулеріңізді көпшіліктің атынан сұранамын», – деді ол. Жиын соңында зейнеткер Құлынбет Жүндібаев округ әкімінің есебіне жақсы бағасын берді.

Электр бағандары ауыстырылса...

Тоғызтарау ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Абилаш Жапарқұлованың 2017 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп беру кездесуі Құмсуат ауылында жалғасты. Есепті баяндамасынан соң Абилаш Дәулетқызы тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға назар аударды. Ауыл тұрғыны Мадыхан Мәмбеталиев ауыл ішіндегі электр бағандары мен сымдарының ескіруіне байланысты ауыстырып берсе деген тілегін жеткізді. Жергілікті тұрғынның алаңдайтындай жөні бар. Тозығы жеткен электр сымдары мен бағандары тұрғындардың өміріне қауіп төндіруі әбден мүмкін. Сондықтан бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Алдағы уақытта бұл ұсыныс оң шешімін табады деген сенімдеміз.
Есеп беру жиынына аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Сәкен Нұржаубаев қатысты.

Жолға асфальт керек

Қаракемер ауылдық округінің әкімі Ердос Бейсенов  Сеңгірбай ауылы тұрғындарының алдында 2017 жылы атқарған жұмыстары бойынша есебін берді. Есепті баяндамадан соң Ердос Елібайұлы тұрғындар ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ауыл тұрғыны Ерғазы Альжанов Сеңгірбай мен Шайдана ауылдарының арасындағы 3 шақырым жолды асфальттап беруді сұраса, көпбалалы ана Жаңакүл Мұсабаева: «Мен көпбалалы анамын, қолымда анасы қайтыс болып кеткен төрт немерем бар. Осы немерелерім жартылай жетім болғандықтан, мемлекет тарапынан берілетін тұрғын үй кезегіне тұрғызуға ықпал жасауыңызды сұраймын», – деді.
Жиынға аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасынов қатысты.
Құрбанәлі Шахабай,
«Шұғыла».

Super User

Venenatis vitae, justo. Nullam dictum felis eu pede mollis pretium. Integer tincidunt. Cras dapibus. Vivamus elementum semper nisi. Aenean vulputate eleifend tellus. Aenean leo ligula

Сайт: www.joomshaper.com
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз

Серіктестер