Ел қорғау - ердің ісі

Бөлім:  Қоғам
| Автор:   24 Қаңтар 2018
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Кәмелеттік жасқа толған жастарды әскер қатарына шақыру ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға сәйкес өтеді. Елімізде ҚР Қарулы күштерінің және басқа әскери құрылымдардың бөлімдері мен мекемелерін жас сарбаздармен толықтыру үшін наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында іріктеу жүргізіледі. Өткен жылдың күзгі шақырылымында ауданнан 128 жігіт азаматтық борышын өтеуге аттанған. Оның 16-сы – Жамбыл ауылдық округінің тумасы.
Түрлі ұлт өкілдері тұратын округ жастарының бірі туған жерден жырақтап, Отанын, елін қорғауға аттанса, енді бірі әскери міндетін абыроймен өтеп, туған-туыстарымен дін-аман қауышуда.
Жуырда Шайқорық ауылдық клубында Жамбыл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-әскери есеп жүргізушісі Мейрамкүл Исмайлова ұйымдастырған кездесуге Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен өтеп қайтқан сарбаздармен қатар, аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді қабылдау және әскерге шақыру бөлімшесінің басшысы, капитан Мұхамед-Али Бекбауов, келісімшарт бойынша қабылдау инспекторы Айжан Қарабаева, Ақбастау және Ақбұлым ауылдық округі әкімі аппараттарының бас маман-әскери есеп жүргізушілері Фарида Таңатова мен Гүлдерайым Асқарова және Шайқорық, Ысмайылұлы атындағы орта мектептің жоғары сынып оқушылары арнайы шақырылды.
«Әскери міндет – абырой» атты тақырыпта өткен жиында ауыл әкімінің орынбасары Медет Нұрмаханов ел қорғау – ердің ісі екенін айтып, арамызға әскерден оралған жастарға сәттілік тіледі.
– Ежелден халқымыз қиын-қыстау заманда отансүйгіштігінің, бірлігінің арқасында елін, жерін қорғауға бір адамдай жұмылған. Соның арқасында небір қанды соғыстарда жеңіске жетті. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен ауған жерінде интернационалдық борышын абыроймен өтеп қайтқан жауынгер жерлестеріміздің ерлігі сіздерге үлгі болуы керек. Нағыз ер азаматтың Отан алдындағы борышы – елінің, жерінің, халқының тыныштығын қорғау. Осынау қасиетті борышты абыроймен өтеп қайтқан сіздермен біз мақтанамыз, – деген Медет Сәбитұлы антына адалдық танытқан Искандер Фазлиевті, Мұрат Мамедовты, Елнар Дүйсебаевты, Еркебұлан Әбдірахмановты және Қарағанды қаласында әскери борышын өтеп, келісімшартпен қызметте қалған Болат Ошақбаевтың анасы Меруерт Жұбайділдаеваны ауыл әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Бұдан кейін сөз алған ауылдық ардагерлер кеңесінің торағасы Орынбай Рысбаев жас патриоттардың әскери міндетті мінсіз атқарғаны қариялар үшін үлкен қуаныш екенін жеткізіп, аталық ақ батасын берді.
– Бір жыл деген қас-қағым сәт. Өтеді де кетеді. Бүгінде әскерге барудан жалтаратын жастар бар. Сендердің бүгінгі істерің – арттарынан ерген інілеріңе өнеге-үлгі – деді ардагер.
Жиында Мұхамед-Али Бекбауов пен Айжан Қарабаева аудандағы күзгі және көктемгі мерзімді әскерге шақыру кезінде ауыл-ауылдарды аралап, әскерге жарамды азаматтарды іріктейтіндерін жеткізді.
Жиын соңы мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасына ұласты.

Нұрасыл СҰЛТАНБАЕВ,
«Шұғыла».

Super User

Venenatis vitae, justo. Nullam dictum felis eu pede mollis pretium. Integer tincidunt. Cras dapibus. Vivamus elementum semper nisi. Aenean vulputate eleifend tellus. Aenean leo ligula

Сайт: www.joomshaper.com
Осы категориядағы басқа материалдар: « Азаматтар кеңес алды Отты күндер ұмытылмайды »
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз

Серіктестер