Жаңа жыл – жаңғыру жалғасқан жыл Таңдаулы

Бөлім:  Қоғам
| Автор:   06 Қаңтар 2018
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Өткен жылға лайықты баға беріп, болашаққа тың қадам жасайтын, адамзат баласына рухани серпіліс беретін, жарқын өмірге жол сілтейтін айтулы мереке бұл.
2017 жыл еліміз үшін берекелі әрі жемісті жыл болды. Тарих қойнауына еніп бара жатқан Тауық жылына еш өкпе жоқ. Себебі, бұл жылы еліміз айтарлықтай мол жетістікке қол жеткізді. Еуразияның алып кеңістігінде әлемге танылған құдіретті мемлекет атанды. Шапағаттың шарапатын көрген Жамбыл ауданы да осындай жақсылықтардан кенде емес.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында көрініс тапқан Қазақстанның үшінші жаңғыруы бастау алып, қоғамдық санаға серпіліс әкелген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тарихи мақаласымен жарасымды жалғасын тапты. Даму мен өркендеуді көздеген Ұлт Жоспарының екінші жылы аса зор табыспен аяқталды.
Қуаныш пен шаттыққа, балғындардың бал күлкісіне толы думанды күні, яғни 31 желтоқсанда орталық алаңға жиналған көпшілік жеті қазынаның бірі саналатын Ит жылын ерекше ықыласпен қарсы алды. Көңіл тебірентер «Жыр думан» дуэтінің «Жаңа жыл» әнінен кейін сахнаға көтерілген аудан әкімі Бақыт Қазанбасов аудан халқын Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
– Сіздерді төрімізге шыққалы тұрған Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын. Өтіп бара жатқан жыл ауданымыз үшін де табысты болды деп сеніммен айтуға негіз бар. Жылды әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысында оң көрсеткіштермен қорытындылап отырмыз...
Барлық жетістік – сіздердің ынта-жігерлеріңіз бен еңбектеріңіздің нәтижесі, бейбітшілік пен тұрақтылықтың, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің жемісі. Біз мұны бәрінен де биік қоямыз. Келе жатқан жылда да осы мақсатта қызмет ете бермекпіз. Жаңа 2018 жылы елімізде тыныштық, әлемде бейбітшілік, әрбір отбасында шаттық пен қуаныш болсын! Ортақ шаңырағымыздың жарқын келешегі үшін еңбектеніп жүрген барша жамбылдықтарға амандық пен мол жақсылық тілеймін, – дегені сол еді аспанға атылған отшашулар көздің жауын алып, ерекше назар аудартты. Қызылды жасылды отшашуларды тамашалаған жұрттың қуанышы олардың дауыстап қошемет көрсетуінен байқалып тұрды.
Бұдан кейін сахнада өнер көрсеткен Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің ұжымы ескі жылды есіркеп, жаңа жылды кәдесыймен қарсы алды. Аяз ата мен Ақшақар көпшілікке ізгі тілектерін айтып, бүлдіршіндерге сыйлықтар үлестірді. Сонымен қатар аудандық Мәдениет үйі жанынан құрылған «Дарын» халықтық театры «Төрлет, Жаңа жыл!» атты көрініс қойса, «Сәуле» балабақшасының ұжымы «Жап-жаңа жыл» атты қойылым ұсынды. Ал, бүкіл аң атаулы жиналып, жасыл шыршаны безендіріп, Тауық жылын шығарып салған «Балдырған» балабақшасының қойылымы ең әсерлі және көңілді шықты.
Көпшілікті мерекемен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова «Жаңа 2018 жыл» атты аудандық мерекеде керемет көрініс көрсеткені үшін Б.Момышұлы, Жеңістің 30 жылдығы атындағы орта мектептер мен «Сәуле», «Балдырған» балабақшаларын және сахна сыртында «Частушка» айтып, орыс халқының биін билеген Ю.Гагарин атындағы орта мектепті арнайы дипломдармен марапаттады.
Мереке аудандық Мәдениет үйі әншілерінің әсем әндерімен жалғасын тапты.
Жаңа жылды біз іргесі берік, мемлекеттігі бекем, аты әлемге танылған қуатты ел ретінде қарсы алдық. Осының барлығы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатының жеңісі мен жемісі деп білеміз.

Мақсат ЖҰМАБАЕВ,
«Шұғыла».

Super User

Venenatis vitae, justo. Nullam dictum felis eu pede mollis pretium. Integer tincidunt. Cras dapibus. Vivamus elementum semper nisi. Aenean vulputate eleifend tellus. Aenean leo ligula

Сайт: www.joomshaper.com
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз

Серіктестер