Тарихтың тағдырлы көшінде

Бөлім:  Елбасы
| Автор:   29 Желтоқсан 2017
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Біз ұзына бойы тарихымызда Ұлы далада небір қиындықтарды басымыздан кешірген, сұрапыл соғыстарды, жойқын жортуылдарды өткерген, сан рет қирап, сан рет бой түзеген, “тарихтың тағдырлы көші” дейтін ұзақ жолда жақсыны да, жаманды да көрген, салтанатты да өмір сүрген, хандары алтын сарайларда да тұрған, алтын тақта да отырған, іргелес елдермен бейбіт өмір сүре де білген елміз.
Тауқыметті соншама көп кешкен, тағдыры аянышты – езіліп-егілген, жабығып жапа шеккен, тарығып-зарыққан халық жер бетінде екеу болса, соның біреуі – қазақ. Сондай сұмдықтардың кесірінен қазақ кезінде атамекенін тастап, тоз-тоз болып жан сауғалауға да мәжбүр болды. Кеңпейіл, аңқау қазақтың мал-жаны тәркіленіп, ашаршылыққа душар болды. Зұлматтың құрығына түсті. Өзгенің тарихын өзімізге теліп оқыдық. Хандарымыз бен билеріміз, бектеріміз бен батырларымыз әжуаға, күлкіге, мазаққа айналды. Ұлт ретінде жер бетінен жойылып кете жаздадық. Ойыңа түссе зығырданыңды қайнататын, досың түгілі жауыңа да тілемейтін осындай қорлықты, сұмдықты басымыздан кешкен, тарихқа есесі кеткен елміз. Қазақтың “Еділді келіп алғаны – етекке қолды салғаны, Жайықты келіп алғаны – жағаға қолды салғаны” деп зарлағаны; “Әдіра қалғыр Үш Қиян” деп Мұрат ақынның күйзелгені; “Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын” деп Абайдың қабырғасы қайысатыны осы тұс еді. “Дәуір алмасып жатқанда өмір сүрме”, – дейді екен қытайлар. Бүгінгі ұрпақтың өмірі дәуір мен дәуір, ғасыр мен ғасыр алмасып, заман өзгеріп жатқан тұсқа тура келді.
 Сенесіз бе, сенбейсіз бе? Аз уақыттың ішінде осы байтақ далада бұрын-соңды болмаған бүтіндей жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан елі көш түзеді. Осы Ұлы көшті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастады. Ол ел тізгінін алмағайып, аумалы-төкпелі, ең қиын кезеңде қолына алған еді, тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өтіп, халқын да қыл көпірден аман алып шықты. Оның теңдесі жоқ осы қаһармандығын, даналығын кейінгі ұрпақтың келешекке аңыз етіп жеткізетіндігінде еш күмәнім жоқ.
Сан ұрпақ аңсаған, мыңдаған жылдар бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік – ел болдық. Тәуелсіздік алған жылдары мемлекет өзінен өзі орнай салғандай, өзінен өзі дами беретіндей даурығысып, қалпағымызды аспанға лақтырып, қуанышымыз қойнымызға сыймады. Сын сағатында, алмағайып заманда екі өмір, екі дүние, екі дәуір арпалысқа түскен шақта Нұрсұлтан Назарбаев осындай қадамға барды. Ештеңеден, ешкімнен қаймыққан жоқ. Қалай барды? Неге сенді? Кімге сенді? Бұл арасы ол кезде тек оның өзіне ғана мәлім еді. Қандай да бір шешім қабылдағанда, нендей бір істі бастағанда Елбасы, үнемі халыққа сеніп, халқына арқа сүйеп келеді. Президентті қолтығынан демеген де, демейтін де, қолдаған да, қолдайтын да – өзінің туған халқы. Біз бұрын толыққанды мемлекет орнатпаған, желбіретіп ту тікпеген, астана салмаған, Орда тұрғызбаған ел едік. Енді міне, Елордалы, Ақордалы, Елбасылы ел болдық, осының бәрін де көрдік, бәріне де куә болдық, мақтаныш сезіміне бөлендік. Елордамыз бүгінде халықаралық қатынастардың да астанасына айнала бастады. Астана салу былай тұрсын, сортаң, қу тақыр даламыз да бүгін жайқалған орманға айнала бастады. Байтақ Қазақстанды орманға, жасыл елге айналдырамын деген Елбасының “Жасыл ел” атты  жобасы “Мәңгілік ел” орнатамыз деген байырғы Түркі қағанаты заманындағы бабаларымыздың асыл мұратын еске салады.
Елбасын көп ретте Абылай ханмен салыстырып жатады. Сөз жоқ, Алаштың айбыны болған Абылай халық жадында, ел тарихында мәңгілік қалады. Дана қайраткер, кемел тұлғаның: “Үш жүздің басын қоссам, қала салсам, сөйтіп көшіп-қонған жұртымды ел етсем” деген арманы асқақ болатын. Абылайдың сол арманын жүзеге асырған, аманатқа адал болған адам – тағы да сол Нұрсұлтан Назарбаев. “Тымақ – төбесінен, ел төресінен тозады”, – дейді халық. Құдайға шүкір, қазақтың тымағы да бүтін, төресі де төрінде.
Еліміздің талантты да алғыр жастарын “Болашақ” бағдарламасымен шетелде оқытып алуға жол ашты. Нәтижеде қазір көптеген технологияның құлағында ойнайтын ойы оралымды, ақылы зерек жастар елдің басқару жүйесінде, ғылыми зерттеу институттарында, өндіріс ошақтарында білек түріп жұмыс жасауда. “Мәдени мұраны” кезең-кезеңге бөліп, қыруар қаржы шығарып, ол қаржыны қандай көздерден алып, қалай жаратуды да өзі белгіледі. Дүниенің ақпарат құралдары: “Өзге елдер ат ізін салмаған бастама”, “Ұлттық құндылықтың қайта түлеуі”, “Тәуелсіздіктің алғышартының игі қадамы” деп дүрілдетіп жазып жатты. Расында ғой! Көп ел 1999 жылғы экономикалық құнсыздану құйынынан, 2008 жылдан басталған дүниелік дағдарыстан қиналып, апшысы қуырылып жатқанда – керісінше, Қазақстан экономикалық шайқалысқа төтеп бере отырып, бабалар ізін, қасиетті тірі сөзін түгендеуді жалғастыра берді.
Елбасының бастамасымен «Адамзатты ядролық қарудың алапат қаупінен құтқарудың» мейлінше өзектілігі жөнінде көптеген басқосулар өтті. Біздің еліміздің аумағында атмосфералық, жер үстілік және жер астылық және «бейбітшілік мақсатында» делінген барлығы 500-дей сынақ өткізілді. Бұл – ядролық қару пайда болғаннан бері әлемде жүзеге асырылған барлық сынақтардың тең жартысы. 2006 жылдың қыркүйегінде біз аймақтағы басқа елдермен бірге Орталық Азияны ядросыз аймақ деп жариялаған Семей келісіміне қол қойдық. Қазақстан бірінші болып ядролық сынақтарға толық және сөзсіз тыйым салу актісін жүзеге асырды. Оған Қазақстан ең алғашқылардың бірі болып қол қойды. Бұл істің басы-қасында, әрине, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жүрді. 
Еліміздің қол жеткізген үлкен жетістіктерінің бірі – «EXPO-2017» халықаралық көрмесі. Біз үшін Халықаралық көрмелер бюросына мүше 160 мемлекеттің басым көпшілігі дауыс берді. Небір алпауыт мемлекеттерінің ішінен Қазақстанды таңдауына көп күш салған – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев.
Президентіміз еліміздің әлемдік деңгейге шығуына себепші болып, халқының дамуы жолында аянбай тер төгіп келеді. Тәуелсіздігімізді баянды етті. Ауыр әрі абыройлы асудан астық. Ел алдындағы аса жауапты міндетті абыроймен орындаған. Елбасы – Алланың қазаққа берген сыйы.
Аяулым ӘБІЛДАЕВА,
Шайқорық орта мектебінің түлегі, «Алтын белгі» иегері, С.Демирел атындағы университеттің І курс білімгері.

Super User

Venenatis vitae, justo. Nullam dictum felis eu pede mollis pretium. Integer tincidunt. Cras dapibus. Vivamus elementum semper nisi. Aenean vulputate eleifend tellus. Aenean leo ligula

Сайт: www.joomshaper.com
Осы категориядағы басқа материалдар: « «Ұлы дала ұлағаттары» кітабы – кемел еңбек
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз

Серіктестер