Ақпараттық пойыз Асаға аялдады Таңдаулы

Бөлім:  Тәуелсіздік
| Автор:   15 Желтоқсан 2017
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Келер жылы Арқа төсіндегі ару қала Астанаға – 20 жыл. Бұл уақыт тарих үшін  қасқағым сәт болғанымен, осынау аз ғана жылдың ішінде елордамыз дәулеті мен сәулеті жарасқан әлемдегі сұлу шаһарлардың біріне айналды. Айтулы мерекеге орай республика аумағында түрлі іс-шаралар биылғы жылдан-ақ басталған.
Арайлы Астананың 20 жылдығы мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай «Тараз» теміржол бекетінен аудандарға жол тартқан «Астана. Тәуелсіздік. Рухани жаңғыру» ақпараттық пойызы кеше Шайқорық-Аса-Жұма стансасына аялдады.
Айтулы шараның мақсаты Астананың 20 жылдық мерейтойын жалпыхалықтық деңгейде өткізу, елорданың Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы ауқымды тарихи рөлі туралы, Астана – өңірлердің серпінді дамуының факторы екендігін шалғай елді мекен тұрғындарына жеткізу, сондай-ақ атаулы мереке аясында тұрғындарды тегін медициналық тексеруден өткізіп, арзандатылған бағамен ауылшаруашылық тауарларын ұсыну, мерекелік концерттік бағдарламалар қойып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау болатын.
Құрамында облыс әкімдігі басқармаларының қызметкерлері мен зиялы қауым, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ардагерлер, дәрігерлер мен мәдениет саласының қызметкерлері бар топты аудан тұрғындары Аса стансасында жылы шыраймен қарсы алды.
Шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова: – Астананың 20 жылдық төл мерекесі жалпыхалықтық деңгейде өткізілмек. Бұл шара Астана қаласына көрсетілген құрмет деп білемін. Тәуелсіз Қазақстан – екі ғасыр тоғысында жаңа астана салған жалғыз мемлекет. Жамбыл облысында Астананың 20 жылдығына арналған мерекелік іс-шара «Астана. Тәуелсіздік. Рухани жаңғыру» атты ақпараттық пойызымен бастау алды. Әрине, тағылымға толы мерекелік шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады, – деді.
Мұнан кейін сөз алған жазушы-драматург Елен Әлімжан (суретте), облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының жанынан құрылған мобильдік топтың мүшесі Қалбибі Жолдасова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев елімізде жүргізіліп жатқан оң істер мен Астана, Тәуелсіздік және Рухани жаңғыру жайында салмақты сөз қозғады.
Салтанатты жиынның ресми бөлігінен кейін тұрғындар ауыл шаруашылығы тиелген вагонға беттесе, енді бірі арнайы медициналық құралдармен жабдықталған вагонда білікті дәрігердің көмегіне жүгінді.
Нұрасыл Сұлтанбаев,
«Шұғыла».

Super User

Venenatis vitae, justo. Nullam dictum felis eu pede mollis pretium. Integer tincidunt. Cras dapibus. Vivamus elementum semper nisi. Aenean vulputate eleifend tellus. Aenean leo ligula

Сайт: www.joomshaper.com
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз

Серіктестер