Өнертапқыш өреніміздің жаңалығы

Бөлім:  Білім
| Автор:   22 Қараша 2017
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Ұлы Абайдың «Ғылым таппай мақтанба...» деген ұлағатты сөзі ұлы даламыздағы әрбір жастың жүрегінен орын тапқанын аңғарасыз. Оған Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің ұйымдастыруымен Қарағанды қаласында өткен «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» атты республикалық байқау дәлел болғандай.
Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 160 оқушы өздерінің 160 ғылыми жұмысын ала келіпті. Әрине, олардың ғылыми жетекшілері де бірге келген.
Ал біздің өңірден Б.Момышұлы атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Қазбек Шаханов «Ағын сулардан электр энергиясын өндіру және тиімді пайдалану» атты жобасымен барған.
Жас та болса ауылдың тыныс-тіршілігімен жақсы таныс жас өнертапқышымыз Қазбектің бұл жобасы – республикалық байқауға апарған алғашқы туындысы.
Қазбектің ғылыми жетекшісі, Б.Момышұлы атындағы орта мектептің мұғалімі Қайрат Отарбаевтан шәкірті Қазбек Шахановтың байқауға апарған жобасы жайлы түсінік беруді өтінгенімізде ол:
– Қазбек – талапты, талантты оқушы. Ғылымға деген ынтасы өте жоғары. Болашағынан көп үміт күтемін. Жобасының аты айтып тұрғандай, бұл мәселе ауыл шаруашылығы үшін таптырмас олжаға айналғалы тұр. Рас, қазір диқандар егін суаруда үлкен қиыншылықтарды бастан кешіруде. Сол үшін де Қазбек ағын сулардан электр энергиясын өндірумен қатар, суды тиімді пайдалану жолын да қарастырыпты. Қазір судың ағу жылдамдығы баяу, су мөлшері аз. Сондықтан бұл жоба-қондырғының басқалардан ерекшелігі – ағыс жылдамдығы баяу және аз көлемдегі сулардан электр энергиясын өндіру. Ол үшін төменде ағып жатқан ағын суға қалақшалары бар қондырғылар орнатылады. Ол білік арқылы генераторға жалғасады. Ағып жатқан судың екпіні қалақшаларды айналдырады да, генератор электр энергиясын өндіреді. Өндірілген тоқ мөлшері ағын судың көлеміне, жылдамдығына, қалақшалардың, біліктердің және генератордың қуаттылығына, пайдалы әсер коэффициентіне тікелей байланысты.
Ағын суды тиімді пайдалану жобасына келсек, Қазбектің осы жолда ойлап тапқаны, ағын суға қалақшалары бар қондырғы орнатылады. Қалақшалар жанына спираль тәріздес түтікше қойылады. Қондырғы судың ағысы мен айналғанда су түтік ішіне кіреді де, ауамен бірге қозғалысқа түсіп, су айналу жылдамдығы арқылы пайда болған қысымның күшімен түтік бойын қуалай отырып жоғары қарай ағады да, тұғырға орнатылған бөшкеге құйылады. Бөшкеге екі түтік орнатылған. Біріншісіне суды тазалайтын фильтр жалғанған. Ол суды ауызсу ретінде немесе тұрмыстық қажеттілікке пайдалануға болады. Екінші түтіктен аққан суды тамшылатып суару тәсілі арқылы бау-бақшаны, егін жайды суаруға немесе басқа да мақсаттарға пайдаланады.
Қазіргі кезде қуаттың баламалы көздерін пайдалану елімізде кенже қалып келеді. Айтпағым, қарапайым қондырғыны ойлап тапқан өнертапқыш өреніміздің жаңалығына бей-жай қарамауымыз, оны қолдап отыруымыз қажет-ақ, – деді.
Ал, сол байқауда қазылық еткен білім министрлігінің өкілі, техника ғылымының докторлары біздің Қазбек Шахановтың ғылыми жұмысын оң бағалап, жүлдегерлер қатарына қосты.
Дүйсенбек ОРМАНОВ,
«Шұғыла».

Super User

Venenatis vitae, justo. Nullam dictum felis eu pede mollis pretium. Integer tincidunt. Cras dapibus. Vivamus elementum semper nisi. Aenean vulputate eleifend tellus. Aenean leo ligula

Сайт: www.joomshaper.com
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз

Серіктестер