Жемқорлық – қоғам үшін қауіпті құбылыс

| Автор:   11 Қараша 2017
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Жемқор­лық – қоғам өмірінің барлық саласына кері әсер ететін жағымсыз құбылыс. Сол себепті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылы­ғы­мен жемқор­лыққа қарсы жан-жақты жұ­мыстар атқары­луда. Жемқорлық індетіне қарсы күрес те күшеюде. Мәселенің маңыздылығын «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарына енгізілуінен де байқауға болады. 13-қадамда: «Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, сонымен бірге, жаңа заңнамалар әзірлей отырып, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру» керектігі көрсетілген.
Осыған орай «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес өз қызметінде ҚР Конституциясын, Қазақстан Республи­касының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі заңнамасын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, сондай-ақ партия Жарғысын, саяси Доктринасын, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасын және партияның басқа да бағдарламалық құжаттарын, партияның Бюросы мен Саяси кеңесінің қаулыларын басшылыққа алып отыр. Жалпы кеңес отырыстарында кеңес материалдарының нәтижесі бойынша мәселенің мән-жайы негізінде шешім қабылдау үшін тиісті құжаттарды мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың қарауына жолдайды, тиісті мемлекеттік органдарға сыбайлас жемқорлық сипатта құқық бұзушы тұлғаларды жауапқа тарту туралы ұсыныс енгізеді. Кей жағдайда партиядан шығару, лауазымдық сәйкес­тіктерін қарау мәселесі туралы бастама көтереді.
Мемлекеттік билік пен басқару органдарының, сондай-ақ, корпоративтік бизнестің қызметіне партиялық және қоғамдық бақылауды күшейту қажет. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, тәрбие мен білім берудің барлық сатыларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін құру жұмысын жандандыруға тиіспіз. Жемқорлық әрекеттерге көбіне мемлекеттік қызметкерлер бой алдырады. Сондай-ақ, бүгінде  үкіметтік емес сектор жемқорлыққа қарсы іс-қимыл процесіне жұмылдырылмаған. Жемқорлық әрекеттерінен жерінуді мектеп қабырғасынан бастаған жөн. Жемқорлыққа қарсы психологияға бала кезден тәрбиелеген тиімді. Жемқорлықтың алдын алу, қатерін түсіндіру бойынша жастардың сана-сезімінде оған қарсы ой-пікір қалыптастыру үшін білім беру мекемелерінде нақты іс-шаралар өткізіп, дәйекті фактілерді бейнероликтер арқылы көрсету қажет.
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес 7 азаматтан құрылған. Қоғамдық кеңес отырысында жоспардан тыс, яғни тұрғындардан түскен арыз-өтініштер бойынша өзектілігіне сәйкес мәселелер қаралып, тиісті қаулылар қабылданады. Қоғамдық кеңес пен Партиялық бақылау комиссиясының отырыстары көбіне бірлесіп өткізіледі. Себебі, олардың кұрамына аудандық мәслихаттың депутаттары сайланған. Депутаттар өздері сайланған округтер аумағындағы мекеме-ұйым басшыларының жұмыстары туралы, ауылдық округтердегі құрылыстар, жөндеу жұмыстары бойынша күнделікті хабардар. Бірлескен отырыстарда ауылдық округтерде, мекеме-ұйымдарда ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңдарының орындалуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттер жөнінде және өзге де мәселелер қаралады. Қоғамдық кеңес тұрғындар арасында жоғары сенімге ие. Облыстық филиалға тиісті ақпараттар уақытында жолданып тұрады.
Аудан аумағындағы мекеме-ұйымдарда жұмыстардың жүргізілуі туралы қоғамдық пікірді анықтау мақсатында қоғамдық кеңес мүшелері арнайы сауалнама әзірлеп, халық көп жиналатын орындарда сауалдар алынып тұрады. Білім беру мекемелерінде қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен «Жемқорлық және онымен күресу жолдарын мен қалай түсінемін?» тақырыбына эссе жазу байқауы өткізілді. Бұл өскелең ұрпаққа тәлімді тәрбие берудің бір әдісі деп есептеймін.
Біздің ел – ТМД елдерінің ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы арнайы заң қабылдаған бірден-бір мемлекет. Мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмыстарының нысандылығы мен тиімділігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері Елбасының жеке бақылауында тұрғандығына негізделген. Аталған дертпен күрес соңғы уақытта нақты іске көшкені байқалады.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстары сияқты қоғамға қауіпті іс-әрекеттер мемлекетіміздің басқару жүйесіндегі сәйкесті буындарды тұншықтырып, олардың қалыпты, заңды қызмет жасауына кедергі келтіреді. Ал, іс жүзінде бірқалыпты дұрыс қызмет атқаратын мемлекеттік органдардың қызметі ғана қоғамның экономикалық дамуына, оның мүшелерінің құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге қабілетті. Осыған орай мемлекеттік басқару жүйесін қорғау, оған қылмыстық қол сұғуды болдырмау ең маңызды мәселе болып отыр. Өйткені мемлекеттік аппарат қоғамды басқару жүйесіндегі түрлі процестердің реттеушісі болып табылады. Жалпы сыбайлас жемқорлықпен күресу – жеке адамдардың немесе жекелеген топтың ғана емес, «Нұр Отан» партиясының, мемлекеттік органдардың, тұтастай қоғамның басты міндеті мен борышы. Осыны шынайы орындау үшін әрбір лауазым иесі өзінің жан-дүниесін ұдайы таза, адал ұстауы керек. Сонда ғана олар қарапайым халықтың сенімін ақтап, қоғамның тежеусіз дамуына үлес қосқан болар еді.
Мадияр Самбетов,
Жамбыл аудандық мәслихаты аппаратының басшысы, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі.

Super User

Venenatis vitae, justo. Nullam dictum felis eu pede mollis pretium. Integer tincidunt. Cras dapibus. Vivamus elementum semper nisi. Aenean vulputate eleifend tellus. Aenean leo ligula

Сайт: www.joomshaper.com
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз

Серіктестер