Заманауи көзқарас керек

Бөлім:  Білім
| Автор:   25 Қазан 2017
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңында «...ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, білім беруді ақпараттандыру, оқытудың жаңа технологиясы мен инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізу, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деген тәрізді міндеттер атап көрсетілген. Бүгінгі күні білім беру парадигмасы өзгерген, білім беру мазмұны жаңаруда, сондықтан білімді бағалауға жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас қажет екені түсінікті. Осы орайда ҰБТ мен болашақ маман дайындау мәселесі күн тәртібінде тұрғаны анық. Себебі, бүгінгі оқушы – ертеңгі маман, мемлекетіміздің дамуына үлес қосатын жас.
Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуде және мамандық таңдауда ескеретін қағидалар мен жаңалықтар туралы аудандық Мәдениет үйінде «Юстади» тест орталығы оқыту бөлімінің басшысы Әлібек Есенов, облыстық білім басқармасының маманы Жанна Қалбаева және аудан әкімдігі білім беру бөлімінің әдіскері Гүлнар Сүлейменқұлованың ұйымдастыруымен семинар-тренинг өтті. Іс-шара барысында ауданның 26 мектебінен келген бітіруші түлектерге ҰБТ және мамандық таңдау кезінде талапкерлердің мән бере бермейтін ньюанстар туралы айтқан тест орталығы оқыту бөлімінің басшысы жастармен өз тәжірибесімен бөлісті.
– Білім беру саласындағы, соның ішінде ҰБТ байланысты жағдайлар мен заңдылықтарды зерделей келе мынадай қағидаларды атап айтқым келеді. Біріншіден, «кім бірінші тапсырса, сол бірінші түседі» деген қате пікірді ұстану, бір мамандыққа орта есеппен қанша оқушы тапсырғанын білмей сол мамандықты таңдай салу, мемлекет тарапынан оқушыға берілген жеңілдіктерді ескермеу, грантқа түсемін деген үмітпен басқа қалаға барып құжат тапсыру, 1 мамандықты таңдап 4 оқу орнын белгілеу, оның орнына 4 түрлі мамандық таңдауды ойламау, мамандық туралы толық мәлімет алмай тұрып, тек грант үшін ғана оқуға тапсыру, оқу ордасының мамандықтан гөрі университет абыройына көп мән беретіндігін ескермеу жағдайлары жиі кездеседі. 
...Сонымен қатар мате­матика+география таңдаған оқушылар жаратылыстану, әлеуметтік салалар, экономика, бизнес, қызметтер, техникалық ғылымдар мен технология деген салалар бойынша мамандықтар таңдай алатынын оқушылардың көбісі біле бермейді. Сондай-ақ, биология+химия пәндерін таңдағандар білім, жаратылыстану ғылымдарын, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру (медицина), ветеринария, техникалық ғылымдар мен технология, ауыл шаруашылығы саласы бойынша мамандықтардың түр-түрі барынан бейхабар. 
«Серпін» бағдарламасы бойынша қабылдайтын 24  жоғарғы оқу орны бар және олар Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан. Бұның барлығын біле жүрген артық етпейді, – деді Әлібек Қамбайұлы.
Семинар-тренингтен қаншалықты тиімді болғанын қатысушылардың пікірлері арқылы білуді жөн көрдік.
Бауыржан Шырбанов, бітіруші түлек: Бұл іс-шарадан біраз ой түйдім. Расында мектептен алған білімді іс жүзінде пайдаға асыра білу үшін оқуға деген көзқарас дұрыс болу керек. Бұл семинарда жастарға білім алуға зор мүмкіндіктер бар екені тек оны өзіміз бен ата-анамызға да тиімді жолмен жүзеге асырған жөн екенін түсіндірілді. Осындай іс-шаралар бізге керек. Ұйымдастырушыларға рахмет.
Нөсер Қанай, 11-сынып оқушысы: Әлібек Қамбайұлы әрбір сөзін өз өмірімен байланыстыра айтқаны көңілге қонымды болды. Себебі, жастарға нақты адам, нақты жетістігі бар адам ғана үлгі бола алады деп ойлаймын. Мен де болашақта алға қойған мақсаттарыма жеткім келеді. Сол үшін мен бүгінгі іс-шарада білген-түсінгендерімді іс жүзінде жүзеге асырғым келеді. 

Күнзипа Ситалиева,
«Шұғыла».

Super User

Venenatis vitae, justo. Nullam dictum felis eu pede mollis pretium. Integer tincidunt. Cras dapibus. Vivamus elementum semper nisi. Aenean vulputate eleifend tellus. Aenean leo ligula

Сайт: www.joomshaper.com
Осы категориядағы басқа материалдар: « Ұстазым, саған мың алғыс! Өз жылыжайы бар мектеп »
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз

Серіктестер