Болашақ бүгіннен басталады

Бөлім:  Білім
| Автор:   30 Қыркүйек 2017
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогикадан, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім.
Ахмет Байтұрсынұлы.
Аудан орталығында орналасқан білім ошақтарының бірі – Аса дайындық білім беру орталығы. Санаулы жылдардың өзінде білім мен тәрбие ошағына айналып үлгерген орталықта бүгінде 40 шәкірт тәрбиеленуде. Білім мен тәрбиеге негізделген мекемеде бала үшін барлық жағдай жасалғанын естіп-білген ата-аналар сонау шалғайдан арнайы келіп, балаларының осы орталықта оқығандарын жөн көреді екен. Оған қоса, былтырғы жылы осы орталықтан түлеп ұшқан жеті түлектің бәрінің де оқу гранттарына ие болуы орталықтағы жұмыстың нәтижесін көрсетіп тұр.
Жуырда ғана мектеп директоры қызметін атқара бастаған Әскербек Нарқұлұлы Құрманбаев биылғы оқу жылының жаңалықтары мен алдағы жоспарлар туралы ой бөліскен еді.
– Ел арасында «бір жылыңды ойласаң – егін ек, он жылыңды ойласаң – тал ек, жүз жылыңды ойласаң – ұрпақ тәрбиеле» деген жақсы сөз бар. Мен ұстаздық жолымды Шымкент қаласында орналасқан Сабыр Рахымов атындағы «Жасұлан» әскери мектебінде бастадым. Мамандығым – география пәнінің мұғалімі.  Осы уақытқа дейінгі педагогикалық тәжірибемді таразылай келе, ұстаздық ең қадірлі мамандық екенін ұғындым. Себебі, ұстаз бала санасын тәрбиелейді. Ал сана-сезім тәрбиесі ұрпақтан ұрпаққа берілетіні анық. Осыдан-ақ, ұстаздық қандай жауапты мамандық екенін біле беруге болады.
Біз үшін орталықта тәрбиеленіп, білім нәрін бойына сіңіріп жүрген әрбір бала – ол болашақ мамандық иесі, ел азаматы, тұлға. Сондықтан, баланың қарым-қабілетінің дамуына, шығармашылық ізденістерінің айқындалуына барлық жағдай жасау мақсатында қазақ тілі, орыс тілі, математикалық сауаттылық, шет тілі, тарих, география, физика сабақтары тереңдетіліп оқытылады. Мұнда 8-11 сынып аралығындағы оқушылар Б.Момышұлы атындағы орта мектепте оқиды және орталықта сағат 15.30-18.30 аралығында қосымша сабақтарға дайындалады. Одан кейін бір сағат көлемінде оқу залында шәкірттер көркем шығармаларды оқып, тәрбиелік мәні мен мазмұнына талдау жасау арқылы тіл байлығын дамытып, ойын дәл жеткізе білуге дағдыланады. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында кіші футбол алаңы салынған, теннис үстелі қойылған, асхана, пәндік оқу кабинеттері, кітапхана, жатын бөлмелер, жуыну бөлмелері мен киімдерін жууға арналған бөлмелер бар. Мұнда балалар төрт мезгіл тамақпен қамтамасыз етіліп, үнемі тәрбиешілерінің қадағалауында болады. Жоғары санаттағы 7 мұғалім сабақ береді.
Жуырда ғана оқушыларды Айша бибі, Қарахан кесенелерінің тарихымен таныстырып, «Көне Тараз» мәдени-тынығу демалыс орнына саяхатқа апарып келдік. Себебі, мұнда шалғай облыстан келген оқушылар көп. Орталықта барлық маңызды даталарға арналған іс-шаралар, байқаулар ұйымдастырылып тұрады. Қайырымдылық акцияларына балаларды қатыстыру арқылы рухани тәрбие негіздерін: ата-ананы қадірлеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіру деген сияқты ұлттық тәрбиеміздің құндылықтарын жандандыру мақсатында еңбектенудеміз. Себебі, адамзат өркениетінің даму тарихында тек жақсы мектебі мен мұғалімдері бар мемлекет қана озып шыққан деген пікір бүгінгі күннің айғағына айналып отыр, – деді Аса дайындық білім беру орталығының директоры Ә.Құрманбаев.
Сонымен қатар, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі және әдебиетінің мұғалімі Гүлжан Үсіпбекова орталықта тәрбиеленуші жастардың көбі аудандық, облыстық, республикалық олимпиадалардың, байқаулардың жеңімпаздары екенін айтып:
– Орталықта Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облысынан және Тараз қаласынан келген балалар бар. Ауыл-аймақтағы жұрттың біреуі білсе, біреуі білмес. Бұл жердегі тәрбие мен білімнің көрсеткіші қалалардағы оқу орталықтарымен бірдей. Бұған дәлел, былтырғы оқу жылында да, арғы жылы да бітірген түлектер оқу гранттарын иеленді.
Биылғы оқу жылында білім алып жүрген оқушылардың ішінен «Ақберен» облыстық байқауының 2-орын иегері Н.Қанай, КИО интернет олимпиадаларының жеңімпаздары Э.Дүйсенбаев, М.Сәткен, Е.Мұсаев, М.Құрбанқожа, А.Құрбанқожа, «Махамбет оқулары» және «Мағжан оқулары» байқауларының бас жүлдегері А.Сұлтанбаев, «Жігіт сұлтаны» байқауының жеңімпазы Б.Шырбановты ерекше атап өткім келеді. Жылдағы дәстүрмен оқу-тәрбие жұмыстары жүйелі түрде іске асырылмақ. Осы бағытта пән мұғалімдері де, балалар да ынтымақтаса еңбектенетініне сенімдімін, – деп ойын қорытындылады.
Болашақтың белгісін бүгіннен көруге болады. Бүгінгі күн – ол адам баласының ертеңі. Сондықтан да, ғылым мен техника көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап дамыған заманға бейім жастарды тәрбиелеу, оларға қажетті бағыт-бағдар беру білікті ұстаз бен заманауи білім ордасының еншісінде екені анық.

Күнзипа Ситалиева,
«Шұғыла».

Super User

Venenatis vitae, justo. Nullam dictum felis eu pede mollis pretium. Integer tincidunt. Cras dapibus. Vivamus elementum semper nisi. Aenean vulputate eleifend tellus. Aenean leo ligula

Сайт: www.joomshaper.com
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз

Серіктестер