Шипажай ашылды Таңдаулы

Бөлім:  Денсаулық
| Автор:   06 Қыркүйек 2017
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Қасиетті Құрбан айттың алғашқы күнінде Жамбыл ауданының Қызылтаң ауылынан «Айша бибі» шипажайы ашылды. Шипажай 120 емделушіге арналған. Бұл жер сонау Кеңес кезеңінде емдеу орталығы болған екен, соңғы жылдары №1 жүйке аурулары интернаты атанғаны бар. Ғимарат тозығы жеткен, ескі болатын. Ол мекеме басқа жерге ауыстырылып, екі жыл бұрын осында елімізде теңдесі жоқ шипажайдың құрылысы қолға алынған. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 520,4 миллион бөлініп, мұнда қызу құрылыс жұмыстары жүрген. Мердігер компания «Бином Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – талай құрылысты жауапкершілікпен жүргізген ұжым. Бұл жолы да сапаға көңіл бөлгені көрініп тұр. Ғимараттың сыртқы сұлулығының өзі көрген көздің жауын алады. Шипажай кіші Ақкөл көлінің жағасында қоныс тепкен. Мамандар бұл көлдің табанына жылдар бойы жиналған лай балшықтың емдік әсері өте жоғары екенін айтады. Балшық емес, байлық дерсің.
Шипажайдың ашылу салтанатына ардагерлер, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, мәдениет, өнер саласының өкілдері және журналистер, аудан, ауыл тұрғындары қатысты. Жиналғандар алдында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев сөз сөйлеп, көпшілікті жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
– Біз бүгін көптен күткен «Айша бибі» шипажайының ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Кеңес кезеңінде іргесі қаланған ескі ғимаратты былтырдан бері қолға алып, осында өнімді жұмыс жүргізілді. Заманауи жаңа жабдықтармен, технологиялармен қамтылды. Өзге облыстарда да балшықпен емделетін шипажайлар бар. Алайда, бұл шипажай олардан кем болмайды. Қайта кейбір емдеу түрлері бойынша елімізде теңдесі жоқ емдеу орны болайын деп тұр.
Елбасының дана саясатымен өркендеп келе жатқан еліміз денсаулық саласынан да қаржыны аяп жатқан жоқ. Соңғы 5 жыл ішінде біздің өңірде 30 миллиард теңгеге 29 ірі денсаулық нысандары салыныпты. 2025 жылға дейін облы­сымызда 93 денсаулық сақтау мекемелерін салу жоспарлануда. Бұл ши­па­жай 150 адамды жаңа жұмыс орнымен қамтып отыр, – деді Кәрім Нәсбекұлы.
Мұнан соң сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев шипажайдың ашылуын облыс өміріндегі елеулі оқиға деп бағалап, осы құрылыстың сапалы жүргізілуіне облыс әкімі тікелей ықпал еткенін айтып, жаңа мекеменің жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ол жаңа ашылған шипажайдың балшығына еліміздің аумағын айтпағанда, Иран, Араб елдерінен де қызығушылық байқалып жатқанын, жалпы бұл емдеу орталығының есігі келушілерден босамайтынын тілге тиек етті.
Ресми ашылу шарасынан кейін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, аудан әкімі Бақыт Қазанбасов жаңа ғимаратты аралап көрді. Емдеу, тұзды шахта, физиоемдеу, физитерапевт бөлмелері, бальнеологиялық бөлімше жаңа технологиялармен қамтылып, көпшіліктің қызметіне дайын тұр. Балшықпен емдеу блогы, ішекті тазарту, массаж, гидромассаж, ванна бөлмесі, кедр бөшкелері заман талабына сай. Мұнда 16 білікті дәрігер, 30 орта білімді медициналық қызметкер еңбек ететін болады. Терапевт, ортопед, уролог, гинеколог, дәрігер-реабилитолог, стоматолог, УДЗ дәрігері, кардиолог, невропатолог мамандар еңбек етеді. Ересек тұрғындардың емделу уақыты – 13 күн. Инсульттан кейінгі сауықтыруға да бұл жердің әсері мол екен.  Емделушілер облыстық денсаулық сақтау басқармасының жолдамасымен келеді, кейбір емдеу түрлері ақылы болады.
– Мұнда сүйек-буын, омыртқа сүйектің қисаюы, еркектің белсіздігі мен әйелдің бедеулігі және басқа да сырқаттарға ем жасалмақ. Сондықтан, тұрғындар денсаулығын сауықтыруға үлесі үлкен болайын деп тұр. Оған кіші Ақкөл көлінің түбіне мыңдаған жылдар бойы жиналған минералды балшық мүмкіндік береді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов.
Есет Досалы,
журналист.

Super User

Venenatis vitae, justo. Nullam dictum felis eu pede mollis pretium. Integer tincidunt. Cras dapibus. Vivamus elementum semper nisi. Aenean vulputate eleifend tellus. Aenean leo ligula

Сайт: www.joomshaper.com
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз

Серіктестер