Конституция – дамудың негізі

Бөлім:  Конституция
| Автор:   29 Тамыз 2017
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Ата-бабамыз аңсаған егемендікке қол жеткізуіміздің арқасында осыдан жиырма екі жыл бұрын тәуелсіз Қазақстанның жаңа тұрпаттағы Ата Заңы қабылданды. Бодандықтың қамыты біржолата сыпырылды. Азаттықты армандаған қазақстандықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатын қызу қолдай отырып, демократиялық даму жолын таңдады. Еліміздің мәдени, қоғамдық, саяси өмірінде ғасыр жүгін арқалайтын ұлы өзгерістер мен тың бастамалар жүзеге асырыла бастады. Қазақстанның тәуелсіздігін әлем мойындап, тығыз әріптестік қатынастар орнатылды.
Зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекеттің шекарасы бекітілді. Мемлекеттік рәміздер қабылданып, ұлттық валютамыз – теңге айналымға енді. БҰҰ-ның тұрақты мүшесі болдық. ТМД елдері арасынан суырылып шығып ЕҚЫҰ-на, Ислам конференциясының жұмысына басшылық жасап,  еуразиялық кеңістіктегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға, төрткүл дүниедегі сан қырлы саяси оқиғалардың күрмеуін салиқалы шешуге ықпал етуіміз, экономиканың өркендеуі Ата Заңымызбен тығыз байланысты.
Жоғарыда айтып өттік, осыдан 22 жыл бұрын, 1995 жылы республикалық референдумда Қазақстанның жаңа Конститу­циясы қабылданды. Осылай­ша, Қазақстан Респуб­ликасы президенттік басқару нысанын­дағы мемлекет болып жарияланды да, 30 тамыз мемлекеттік мереке –Қазақ­стан Республикасының Конституциясы күні болып белгіленді.
Тәуелсіздігіміздің кепіліне айналған Конституция – бабалардың даналығы мен қазіргі заманның рухын бірлестіре үйлестірген, жүзден аса ұлттар мен ұлыстардың теңдігін тегіне қарамастан бекіткен ұлы құжат.
Ата Заңымыз мемлекеттіліктің барлық арман-мүддесін толық қамтыған, елімізде жүзеге асқан және жүзеге асатын саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңарулар мен жетістіктердің құқықтық тұғыры ретінде бағаланды. Ол Қазақстанның тәуелсіздігін түбегейлі айқындап, мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының қалыптасуы мен бекуінің нық негізін қалады. Ұлттық рухымыздың адастырмас темірқазығындай болған Конституция аясында қабылданған заңдар қоғамдық өмірдің әр саласында тиімді қолданылып, ел тыныштығы мен ұлт бірлігінің бекуіне ықпал етті.
Қазақстан азаматтарының Конституциямен кепілдендірілген құқықтары мен бостандығының аясы кең, ауқымы зор. Тарқата айтқанда, ұлты, тегі, түсі, тілі, діні, әлеуметтік жағдайы, саяси көзқарасы бойынша ешкім қуғындалмауы; сөз және шығармашылық бостандығы; еңбек ету, қызмет түрі мен мамандық таңдау бостандығы; білім алу, отбасы құндылықтарын қорғау, жеке меншігін қорғау құқықтары; жиындарға және шерулерге қатысу, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдарға мүше болу, мемлекеттік басқаруға қатысу, мемлекеттік басқару органдарын сайлау, сайлану және тағы басқа құқықтары халықаралық құқық нормаларына толық сәйкес қорғалады. Яғни, біздің негізгі заңымыз мыңжылдық тарихы мен дәстүрі бар өркениетті мемлекеттердің заңдарымен тұспалдас.
Ата Заңымызды саяси, экономикалық, әлеуметтік жетістіктердің жаңа белесіне құқықтық негіз берген тарихи құжат ретінде құрметтеу – әрқайсымыздың міндетіміз. Себебі, еліміздегі барлық болып жатқан саяси, экономикалық, құқықтық шаралар осы Ата Заң негізінен туындайды. Барлық қоғамдық қатынастар тиісінше заңдармен реттеледі.
Ата Заңымызды қабылдай отырып, біз өз тәуелсіздігімізді одан әрі нақтылай түстік. Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет, республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамти-ды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қадағалайды. Міне, осындай жаңа құқықтық нормалар елдің тәуелсіздігін толықтай құқықтық тұрғыда қамтамасыз етуде.
Конституция – мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі. Осы тарихи құжат арқылы біз еркіндігіміздің негізін, тәуелсіздігіміздің іргетасын бекіте түстік. Бұдан былайғы кезеңде де тәуелсіз ел ретінде өркендей беруіміздің кепілі бола береді. Конституция қағидалары толықтай елімізді демократияландыруға, экономикалық өрлеуге, халықаралық деңгейде өсуге, ішкі деңгейді әлеуметтік, саяси-құқықтық тұрақтылыққа, ауызбірлікке шақырады.
Конституцияда көрсетілген саяси, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған мақсаттар тәуелсіздіктің арқасында еңсесін тіктеген Қазақ елінде қай салада болсын жемісті жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда саясаты салмақты, экономикасы еңселі, әлеуметтік жағдайы әлді, халқы тату, қорғанысы бекем, болашағы жарқын еліміз Ата Заңның аясында өркениетті елдермен терезесі тең мемлекеттің біріне айналды. «Күллі халықтың талқысынан өтіп, ел игілігіне айналған Ата Заңымыз біздің мемлекетіміздің басты төлқұжаты болып саналады. Конституция – арайлы азаттығымыздың айғағы, жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары. Ол – елдігіміздің алтын арқауы, толағай табыстары­мыздың бастау қайнары», – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі – әр қазақстандық үшін айнымас ақиқат.

Эльмира Туркменова,
«Жастар ресурстық орталығы» КММ ақпараттық талдау, мониторинг жүргізу бөлімінің басшысы.

Super User

Venenatis vitae, justo. Nullam dictum felis eu pede mollis pretium. Integer tincidunt. Cras dapibus. Vivamus elementum semper nisi. Aenean vulputate eleifend tellus. Aenean leo ligula

Сайт: www.joomshaper.com
Осы категориядағы басқа материалдар: « Жаңа заң түсіндірілді Ата Заңым – ардағым »
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз

Серіктестер